• Кіру
«Жазушы» әдеби порталы
  • Әдебиет әлемі
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Дайджест
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
    • Сұхбат
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
«Жазушы» әдеби порталы
  • Әдебиет әлемі
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Дайджест
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
    • Сұхбат
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
«Жазушы» әдеби порталы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Тынымбай Нұрмағамбетов. Ақ көңіл ұры

Тынымбай Нұрмағамбетов. Ақ көңіл ұры

16.07.2025
- Проза
Оқу уақыты: ~ 15 минут
A A
Тынымбай Нұрмағамбетов

Жас кезінен көңілінде жүріп, бірақ жөндеп айналыса алмаған кәсібін пенсияға шыққан соң біржола жалғастыру Бошайдың көптен бергі ойы-тын.

Ауыл маңынан ұзап шығып, баяғының ұрыларынша күн қатып, түн қатып жортуылдауды армандаушы еді. Сол арманына енді, тәңірі жеткізсе, жеткендей-ақ болды…

Ұрының мекенінің оңашалау жер болуы керек екендігін де Бошай көңіліне түйіп жүретін. Қалың ел ішінде отырып, көп көзден жалтаңдап, жасқанып өмір сүрген ұрының күні күн бе, тәйірі… ұрының ісін біреу біліп, біреу білмей… асылы ешкімнің де сезбей, аңырып қалғаны абзал ғой… Сол үшін оңаша ауылды да қолайлаған. Сегіз-тоғыз үй ғана мекендейтін тоғай арасындағы Жиделі ауылы расында да ұрының қонысы-ақ еді. Қалың елді шулатпағанымен, өз қоңсыларын күңкілдететіндей халдегі ұрлықпен айналысып жүрген Жарғақ деген нанталапкер ол ауылда да бар-тын. Тіпті сондай бір азаматтың келешекте көрші тұруын Бошай неқолай көрген де жоқ. Өйткені мұндай кәсіпте бірі асырып жіберіп, бірі жасырып, ымдасып-жымдаса қимылдаса, нұр үстіне нұр екенін іші сезеді. Жарғақтың арба айдауының өзі осы кәсіпке қолайлы-ақ секілді.

Бір жиында кездесе қалып, Жарғаққа:

– Пенсияға шыққан кісіге шаруашылығына қолайлы, оңаша жерде тұрған оңтайлы ма деп қалдым. Ойлап-ойлап, сіздің ауылға көңілімнің құлап тұрған жайы бар, – дегенде, Бошайдың осылай деуін өліп-өшіп күтіп жүрген адамша:

– Бошеке-ау, сөзіңіздің садағасы кетейін… Сіздей қоңсым болса, арқамды жарға тірегендей болмаймын ба? Тіпті мұндай ойыңыз болса, көші-қон жайын ұзата көрмеңіз. Қар түскенше жайласып алған жөн деп әңгімені тіпті тездетіп жіберді. «Сіздей қоңсым болса, арқамды жарға тірегендей болмаймын ба» деген сөзі арқылы мұның түпкі ойын да дөп басып аңғарғандай ыңғай танытты. Жарғақтың бұл зеректігіне Бошайдың іші жылып қалды.

Сонымен, Бошай қар түспей көшіп алуға, ал Жарғақ бұған қоржын тамының қарсы бөлмесін босатып, әзірлеп қоюға уәде етісті.

… Бұтақ басын бозқырау шалысымен, Бошай әуелі жеке малдарын баласына айдатып жіберді де, артынша «К–700»-бен үйін де көшірді. Жарғақ туған ағасы көшіп келгендей қуана қарсы алды. Қарсы бөлмесін де сылап, әктеп, жылтыратып-ақ қойған екен. Жүкті де өзі түсіріп, өзі тасып, абы-гүбі аңқылдай сөйлеп, қарқылдай күліп, мәре-сәре болып жүрді. Мұнысына Бошайдың іші тағы жылып қалды. «Серігі үшін жан пида ететін нағыз азамат осы болып шықты білем» деп ойлады, жүк кіргізіп жүрген Жарғаққа көңілі тола қарап, мұртын сипап тұрып. «Нағыз азамат» деп ойлағанымен, көңілінде «нағыз ұры» деген сөз тұрды.

Жарғақ ерулігін де көшіп келген күні берді. Малын қай уақытта сойып, жайғап үлгергенін кім білсін, әйтеуір күн батысымен-ақ:

– Уа, Бошеке, жек көрген кісім көшіп келгендей, ерулігімді қай күні берсем екен деп ойланып жүрейін бе? Асқа жүріңіздер, – деп өзі шақырып кетті.

Бошай әйелін ертіп, Жарғақтың үйіне кіріп келе жатып та: «Жолда көшіп келе жатқан болашақ қоңсысына ерулік үшін мал сойып, қазан қайнатып қоятын қазақ әлі де бар екен-ау. Қалған екен-ау біреу-жарымы тұқымдыққа» деп ойлады шын бейілмен риза болып. «Менімен шын ымыраласқысы келгендігі-ау» деген тағы бір ой бүйрегін бүлк еткізіп өтті. Өтті дегенімен, ол ой өтіп те кеткен жоқ еді. Төрге барып жайғасқанда да, дәм ауыз тиген сәтте де, Жарғақ бұрынғыша абы-гүбі аңқылдай сөйлеп, қарқылдай күліп отырғанда да балық қапқалы тұрған қармақтың қалтқысындай бүлкілдеді де отырды.

… Содан шай жинала берген кезде Жарғақ:

– Уа, Бошеке, бәрін айт та, бірін айт деген… Қар түспей келіп алғаныңыз қандай жақсы болды. Ұры ұры боп жаралғалы серігі аласапыран боран, із жасырар тілекшісі әрі қамқоршысы ақ қар емес пе? – дегені. Және «тауып айттым-ау» дегендей, бұған мол бұрылып алды. Бұл Бошай күтпеген жай еді… Қармақтағы жемге қорқау балық ауызды салып жібергендей, әлгіндегі көңілін алдап отырған қалтқы – үміт шым батып кетті.

Ұрылар оңаша отырып та ойланып айтатын жайды Жарғақтың әйелдердің көзінше ақтарып-ақ салғаны қайран қалдырды. Абырой болғанда, үйді жинаймыз деп келіні мен баласы келмей қалып еді… Болмаса, мына көршісі «сенің абыройың төгіледі екен-ау» деп аяғалы отырған жоқ. Әйеліне қарап еді, төмен қарап, тұқиып қалыпты. Жарғақтың әйелі бұл әңгімені қаперіне де алмаған секілді.

Бошай іштей: «Әй, мынау өзі… Мен серік тұтып келгенде… – дей отырып, сонда да сыр бермеген болып: – Күн суымай жайғасып алғанға не жетсін, – дегенді айтты. Жүзі аз-кем сұрланып, дауысы сызданып алды. Мұртын саусақтарын батыра сипады.

… Содан алдарына буы бұрқырап ас келе берген кезде:

– Бошеке, өзіңізге деген аппақ көңілімнің айғағы болсын деп, ерулікке ақ қой сойдым. Болмаса, шүкір, қара қойлар жетеді ғой, – деп, «мұнымды да елеп қойыңыз» дегендей, Жарғақ өзінше маңызданып қойды.

– Е, бізді сыйласаң… Сені ел сыйласын!

Жарғақ сияқты абы-гүбі сөйлеп, қарқылдай күлмегенімен, мұның сөзге сараңдығы жоқ еді. Дегенмен, әлгі әңгімеден кейін сақтанып, салқын отырды. Салқын отыруының тағы бір себебі: «Бұл маңайда ақ қой сирек болушы еді» деген ой түскен. Ойы құрығыр да тегін түсе ме, Бошайдың қойлары түгелге жуық құйрығы тегенедей аппақ, қазақы еді.

Ет жеу кезінде Жарғақ кәдуілгі әдетімен абы-гүбі аңқылдай сөйлеп, қарқылдап күліп отырды да, Бошай кейде ғана амалсыз жауап беріп, көбіне басын сараң изеп, әңгіме легіне ілескен болды. «Ерулігіңізге ақ қой сойдым» деген әлгі сөз көңіліне майша кілкіп тұрып алғаны. Оның үстіне, ет желініп бола берген кезде Жарғақ: «Осы күні жоқ іздеп, жоқ сұрастырып сабылған біреу ғой, Бошеке… Соған қарағанда, ұрлық істегеннің де айыбы болмай қалды ма, немене…» – деп тағы да қоқытқаны. Бошайды таңқалдырғаны – күнделікті шаруа жайын, бала-шаға қамын айтып қана отырған кісідей еркін… ашық… және осы әңгімесіне жауап күтіп, көз алмай отыратынын қайтерсің. «Қой, әлі мынауың шикі екен» деп ойлаған Бошай тісін шұқылаған болып, сырт бұрылып отырды. Тіпті үйінің ұрлығын ел-жұртқа жайып бітер шалдуар баладай. Бала дейін десе, бұл да өкшесін қуып келе жатқан кісі.

Ас жиналып, алғыс-ризалығын айтып, сыртқа шыққан соң Бошай қақырын, түкірінген болып жүріп, ай жарығымен жаюлы теріге қарады. Теріге көз салуы-ақ мұң екен, іші мұздап жүре берді. Өзінің қойы. Көшер алдында ғана өз қолымен қырқып еді. Алдыңғы аяғының балақ тұстарында қалып қойған жүндерінен-ақ айнытпай таныды.

Күзгі түннің салқын ауасын жұтып тұрып, Бошай қоңсысынан біржола суынып алды. Төсекке жатар алдында әйелінің:

– Тәңірі жарылқағыр… Көңілін кір шалмаған ақ көңіл екен, – деген сөзіне де жауап берген жоқ.

Сол түннен кейін-ақ Бошай көшінің бетін бөлек бұрып алды. Көшінің бетін бөлек бұрып алғандағы тындырғаны – маңайды шолды. Қай малдың түр-түсін, қайсысының иесі қайда, кім деген жайларды білді. «Зәуіде мал жасыруға бола ма?» деген оймен тоғай арасының жықпыл-қуыстарын байқады. Осының бәрінің ұры үшін ұсақ-түйек еместігін де ол жақсы білді.

Дегенмен, ауыл маңына ауыз салған жоқ. Ол ой Бошайдың ойына кіріп те шықпады. Сыртқа ғана айбат жасайтын текті ұрыларға сай мінез көрсетіп, алғашқы қарда ұзаққа жортып барып, етке айдалып бара жатқан жерінен бір өгізшені қымқырып қайтты. Өгізшені жетекке алып, ауылға түнделетіп-ақ келіп еді. Тап бір осының жолын тосып ұйықтай алмай отырған жандай, Жарғақ аспалы шамды қолына ұстап, мал қораның аузында күтіп алды.

– Бошеке-ай, көзін мөлдіретіп алып-ақ жеткен екенсіз. Қанын жерге тигізбей сойып алуға… әттең, еркек екен. Оның үстіне, тарттырылмағанын көрмейсің бе? – деді қолындағы шамның жарығымен өгізшеге сұқтана қарап алып. – Ойбай-ай, мынаның құлағында үкіметтің ені тұр ғой! – деді сәлден соң шошына сөйлеп. – Ойпырмай, мынауыңыз-з… Тәуекел, енді ойлана тұралық.

Жарғақ шамның жарығын бір үріп өшірді де, өгізшеден шегініңкіреп тұрды.

Әрине, Бошай одан ақыл сұраған жоқ. Дегенмен, әліптің артын бағып, ойлана тұратындығы өзіне де аян еді.

Арада бір жеті өтпей аласапыран боран болды. Сол боранда Бошай тағы да ұзақ жортып барып, әуелгі бағытынан тағы бір сиыр алып қайтты. Тоғай арасында жайылып жүрген табыннан қақпайлап алып шығуын шыққанмен де, аласапыран боранда ауылға қайтып жету оңай болған жоқ. Еркінше жайылып, қайыру көрмеген сиыр айдауына көнбей, жетекке де бой ұсынбай әуре еткені. Бір жетелеп, бір айдап жүріп, ауыл шетіне іліккен соң да, тапа-тал түсте ауылға кіріп барудың жөні келмеді. Айдап келе жатқаны қозы емес… тым болмаса қой да емес, кәдімгі мама сиыр. Сиыр болғанда да, жөнге көніп жүретіні болса бір сәрі еді-ау… Қағу көрмеген шу асау. Қараңғы үйіріліп, ел орынға отырғанша тоғай арасын паналай тұруға тура келді.

Қанша жылы киініп шықтым дегенмен, боранның аты боран ғой. Қол-аяғы сақиып қатып қалған. Кешке қарай тіпті жансызданып бара жатқанына қарап, «оң аяғым үсіп кеткен жоқ па екен» деген қауіпті де ойлады.

«Аяқтан айырылдым білем» деп ақыры осы ойына өзі біржола иланғандай да болды. Өйткені оң аяғының бар-жоғы білінбейтін халге жетті. Дегенмен, мал қызығы оң аяқтан гөрі тәттілеу болып шықты, антұрған. Сонша еңбегін далаға тастап кеткісі келмей, сиырды қалыңның арасына байлап қойып, өзі оң аяғына жан кіріп, жылынам ба деген үмітпен атын жетелеген күйі әрлі-берлі жүрді де қойды.

Ел орынға отырды-ау деген шақта Бошай сиырды әрі жетелеп, әрі айдан ауыл шетіне кірді. Жарғақ пен екеуіне ортақ қораға таяп келіп, енді атынан түсіп, ауыр саптама етігін әзер көтеріп басып, әбден жаураған денесімен қолайсыз иіліп, қора есігін ашпаққа еңкейе бергенде, үйден аспалы шамын көтеріп, Жарғақ шыға келді.

– Ойбай, Бошеке-ау, қораның есігін мен-ақ ашамын ғой. Мынадай боранда сіз сиыр айдап келгенде, мен қораның есігін ашуға жарамасам, не болғаным? Кім болғаным?!

Жарғақ сиырды да, атты да қораға өзі кіргізіп, есікті де қайтып өзі жапты. Үйге қарай келе жатып, Бошайдың қолтығынан демеуді де ұмытқан жоқ.

– Бошеке, тезірек үйге кірейік… Үсіктен аман болсаңыз етті, әйтеуір. Мынадай суықта… Құдай сақтасын… менің жүрегім дауаламайтын іс. Жо-жоқ! Батылым жетпейді.

Әйелі де отты жағып, асы мен шайын әзірлеп-ақ отыр екен. Әуелі Жарғақпен екеуі екі жақтап жүріп Бошайды шешіндіріп жатты. Екеулеп шешіндіргені әуелде ерсілеу көрінгенімен, саптама етігін шешерде екеуі аздық еткендей болды ма, қалай?

Бошайды шешіндіріп жүріп те, шешіндіріп болған соң да, тіпті аяғын уқалап отырып та Жарғақтың аузында дамыл болған жоқ.

– Алдыңғы күні таңертең шықтыңыз ғой үйден. Терезеден қарап тұрып, сонда-ақ ойланып едім, «Бошекең тағы да ұзаққа жортты-ау» деп… Мен жаңылмасам… тағы да сол бағытқа бардыңыз білем. Әлгінде көзім шалып қалды, сиырыңыздың ені өгізшеңіздің енімен бірдей екен. Өкіметтің малына әуестеу екенсіз. Әйтеуір, ақыры қайырлы болғай да…

Бошай сонша жерден алып келгенімен, сиырдың еніне назар аудармаған екен. Жарғақтың мына хабары ойландырып тастады. «Екеуінің де жоқшысы бір адам болып жүрмегей де» деді, іштей секем алып.

– Осындай бір әдет шығарып… Аш-жалаңаш отырғандай, – деп әйелі де пештегі отты көсеумен қағыстырып отырып күңкілдеген болып еді, оған жауапты Жарғақ берді:

– Е, ұрлықпен кісі аш-жалаңаш болғандықтан айналыса ма екен? Есіңізде болсын, жеңеше, Құдай тағалам ұрының қарнын тойғызғанымен де, көзін тойғызбай қойған. Ұры ашкөз болады. Ұрлықты өле-өлгенше тастай алмайтыны да содан. Бошекең ит өлген жерге еріккеннен жортты дейсіз бе? Ойбай-ау, кісі дәретке ойланып, қиналып шығатын мынадай боранда-а… Әттең, айдап келгені бір-ақ сиыр. Біреудің аты біреу ғой, тәйірі… Бөшекеңнің мына еңбегіне тағы бір сиыр қосып берсе де болар еді, оны білетін кім бар? Шіркін, Бақтығұлдың заманы – ұрының заманы ғой. Үйірімен айдап келіп, тоғайдың бір жықпылына тастап, сыртынан бағып жүргенің өзі не тұрады? Көз тояды… Көз қанады ғой, шіркін…

Мына сіз нағыз ұрының әйелісіз. Бошекеңнің қайда кеткендігі жөнінде бір адамға сыр білдірген жоқсыз. Жаурап, қарны ашып келер-ау деп дайындалдыңыз… Бірақ ұрының жанын шын ұғу үшін, бәрібір бір төсекте жату аздық етеді, жеңеше. Солай. Ұрының жанын… Бөшекеңе ілесе алмасақ та, ұрлықтың ырымын жасап жүрген мына біз түсінеміз… Екі күннен бері Бөшекеңнің жолын тосып жүрмін. Түнде ұйқым, күндіз күлкім шала… өйткені жаман да болса ұры атым бар. Түсінемін… Сеземін…

Е, жеңеше, отты жаға бер пешке, жаға бер… Өрте… аяма… Бошекеңнің денесі жылысын… Мен қора жақты тағы бір шолып қайтайын. «Жоғы табылғанша – мал иесінің көңілі жарым. Ұрлығы сіңгенше, ұрының көңілі жарым» деген осы… Қалай жайғаудың жайын да ертең шешерміз, – деп Жарғақ сыртқа шығып кетті.

«Жатарда қора жақты өзім бір байқап қайтармын» деген ой Бошайда оң аяғына жан кірмей жатып-ақ болған. Бірақ сол оң аяғы түспегірі оңтайға келіп, жұрт қатарына қосылудың өзі мұң болды да, қатарға қосылдым-ау деген кезде, әйелі берген ас-су аш өзегіне түскендей әлі құрып, пора-пора терлегені… Терлеп отырып: «Ұзаққа жортып барып ұрлық жасамағанымен, ырымын жасап жүрген көрінеді ғой. Қораға кірген малға иелік ете алар» деп біржола Жарғаққа сенім артып, төсегіне қисая кеткен.

Содан елең-алаңда бір-ақ тұрып, киініп сыртқа шықты. Көңілі тоқ күйде аяздаған қарды қарш-қарш басып барып, қораның есігінің ілгегін ағытып кеп жіберсе, сиыр да, түнеугені алып келген өгізшесі де жоқ.

Тоқ көңілі басылып, Бошай аласұрған күйде жан-жағына алақтай қарап, сиыр қора түгілі, ат қораны да, қой қораны да тінтіп шықты. Аласұрған күйі Жарғақтың малын да аралап кеткенін білмей қалды. Жоқ…

Бошай далбаса көңілмен сиыр қамаған қораға тағы кірді. Бұл жолы асықпай зер салып еді, шөптің тасасынан, балшықпен сыланған қамыс дуалдың бір қабырғасы опырылып қалыпты. «Шығып кеткен жерін әзер таптың-ау» дегендей өз сиыры бұған қарап мөңіреді.

Бошай енді аласұрып сыртқа шықты. Аласұрып шыққанда не істей қойсын. Ашудан түтіккен жүзін аязға сорғызып, қорадан кіріп, қорадан шыққан шұбырынды ізге қарап тұрғанда пышақ-балтасы мен қайрағын ұстап, үйден Жарғақ шықты.

Жарғақтың ойында ештеңе жоқ сияқты. Абы-гүбі аңқылдай сөйлеп келді.

– Бошеке, «жоғы табылғанша – мал иесінің көңілі жарым, ұрлығы сіңгенше – ұрының көңілі жарым» дедім ғой түнде. Сол дегенім – деген. Сиырыңызды тезірек сойып, жайғап алайық. «Мынау қайдан келген ет?» деп көзін сүзгендерге «бәлен жердегі жегжатым беріп жіберіпті» деген сөзі я сіз айтарсыз, я мен айтармын. «Сойған сиырыңның терісін көрсет» деген жоқшы болса, тәуекел, көріп алалық.

Бошай жауап орнынан: «Қамыс дуалдың бір қабырғасы опырылып қалыпты», дегенмен, осы бір істің шикілігі болмады ма екен» дегендей оған әуелі тыжырына қарады.

– Ау, Бошеке, малды жиендік жасап, нағашыңыздан алып келгендейсіз ғой, тіпті.

– Мен жасаған жиендікті біреу маған жасаса, қайтейін?!

– Не дейт-т?!

Осылай деді де, Жарғақ пышақ-балта, қайрақтарын тастай салып, қораға кіріп кетті. Бірақ Бошайға ұқсап, қора біткенді аралаған жоқ. Балшықпен сыланған қамыс дуалдың опырылған қабырғасын көрді де:

– Алда, иттің малы-ай, қорамды құлатып кеткенін қарашы, – деп шөптің үстіне отыра кетті. – Бошеке-ай, совхоздың малына әуес екенсіз дедім ғой сізге. Соны тегін айтқан жоқпын. Жекеше мал болса ғой, берген шөбіңді бырт-бырт шайнап тұрар еді. Совхоздың малынан көрген опаңыз, міне… Ақырында менің қорамды құлатып кеткені. Қыстың көзі қырауда қораның опырылып жатуы да оп-оңай тіршілік емес.

Қорасының бұзылғанына шын қиналғандай, Жарғақ бірсыпыра уақыт үнсіз отырып қалды да, оқыс қозғалып, жан-жағына алақтай қарап:

– Ойбай, екеуі де жоқ қой өзі… Қол ұстасып кетіпті ғой, – деді Бошайға айран-асыр күйде қарап. Сосын Бошайдың онсыз да терісіне сыймай тырсиып тұрған халін байқағандай орнынан тұрып, аяғын ілби басып, қорадан шықты.

– Ұрлық деген осы енді. Бұл да бір – құмға төгілген су. Міне, нағыз бейопа тіршілік. Көріп, естіп жүрміз ғой. Жаурап ит өлген жерден алып келгеніңді бір ұрлығың – бір ұрлығыңның қолынан жетелеп кетеді. Сөйтіп азаматтың ұнжырғасын түсіріп, мәртебесін жермен-жексен ететінін қайтерсің. Бәрібір бетің қайтпайды. Осыдан кейін де ұрлық жасағың келеді. Бәрібір… Бұл құрығыр ұрлық дегеніңіз түпсіз үміт қой. Үміт!

Бошайдың жанына таяй беріп, Жарғақ та шұбырынды іздерден үміттенгендей үнсіз қарап қалды.

– Маңайды шолып қайтамыз ба, қалай? – деді бір кезде Бошай шарасыз халін байқатып.

– Шолуын шоламыз ғой. Мұндайда дөп басып, бағытын біліп қумасаң, тағы әуре ғой. Әуелі балгер кемпірге кіріп шығайықшы.

– Оның кім еді тағы?

– Е, ауылда балгер кемпіріміз бар ғой. Малыңның қайда кеткенін, қандай адам әкеткенін айта қояды осындайда. Осы ауылдан ұрламағаныңызға да шүкір, Бошеке… Бәрібір тап бастырмайды.

Балгер кемпірдің мына мінезі Бошайға аса ұнай да қойған жоқ. Дегенмен, «бармаймын» деуге де батылы жетпей, әліптің артын баққан күйі Жарғақтың соңынан еріп, балшы кемпірдің үйіне қарай кете барды.

«Балгер» деп Жарғақтың дәріптеп жүргені шүңірек көз, арық қара кемпір екен. Пеш түбінде қабаттап төселген көрпешенің үстінде қаққан қазықтай қақшиып отырып, есіктен кіре бергеннен-ақ Бошайдан көзін алмай қойды. Жаратпай қарап отырғанын бірден байқады да, бұл да сыр бермей, сыздана қалды. Жарғақ кемпірге екі қолын бірдей ұсынып, үй ішінің аман-саулығын, көңіл күйін, тамақ алысын сұрап далбырап-жалбырап жатқанда, бұл есік аузында тікесінен тік тұрып, ернінің ұшымен ғана амандасты.

– Құдайы қоңсым ғой, жеңеше, – деп, мұны да Жарғақ таныстырып жатты. – Өзіңізге ана бір жолы айтып едім ғой… Көңілі жақын бір кісіні көшіріп алдым деп…

Кемпір Жарғақтың сөзін елең-құлаң етпестен, қаққан қазықтай көрпешенің үстінде қақшиып отырып, шүңірек көзін Бошайға қадаумен болды.

– Жеңеше, бүгін түні қоңсымның екі бірдей қарасы жоғалып… Із кесейік десек… Өзіңіз білесіз, маңай түгел малдың ізі. Көптен бері қар түскен жоқ қой. Сонымен, жеңеше, сізге абдырап келген жайымыз бар. Тым болмаса қайда, қалай кетіп бара жатқанын айтсаңыз да.

Кемпір пүліш камзолының ішкі қалтасына қолын салды. Бірақ камзолының ішкі қалтасына қол салып жатып та шүңірек көзін Бошайдан тайдырған жоқ. Қалтасынан алған түйіншегін асықпай шешті де, бір уыс жүгері дәнін текеметтің үстіне шашып жіберді.

Бошай білетін балгерлер жүгері дәндерін бөліп, әр жерге тігіп жатушы еді. Мына кемпірдің бір уыс дәнді шашып жіберуі оқыс әсер етті.

– Е, өзі де ұрлықы сиырлар екен ғой, – деді кемпір шүңірек көзін шашылған жүгері дәндеріне қадап отырып.

– Енді-і… былайша… сондай бір…

Жарғақ ұстаз алдында кінәлі болған шәкірт баладай сасқалақтады да қалды.

– Ұрлықы екені рас болса, малды қайдан әкелгенін ұрының өзі де білмей ме? Мал келген жағына кетеді ғой.

– Дегенмен… мал деген жүре береді ғой, жеңеше-ау, ұрлықы деп енді… азаматтың басын кемсітесіз. Осы заманда ұрлық істеу дегеніңіз де оп-оңай ма? Ақ қар, көк мұзда азаптанып, шаршап-шалдығып алып келгенінде…

– Әуелгі әкелгені бұзау, кейінгісі енесі екен. Бірін бірі ертіп кеткені содан.

Кемпірдің мына сөзіне Бошайдың өзі де таңырқап қалды. Жарғақ тіпті ыршып кетіп, орнынан көтеріліп барып, қайта отырды. Бірақ Бошайға бұрылып қараған сәтте: «Ой, сіздің ісіңіз бар болсын» деген ренішті кейпін жасырған жоқ.

– Сиырларың қазір орта жолға жетіпті.

– Қарасан келгірлер, қорадан шыққан бойда-ақ жөңкіген екен-ау, – деп Жарғақ тыржиып, жақтырмаған болды.

– Қуғанмен жете алмайсыңдар!

Кемпір енді шашылған жүгері дәндерін жинай бастады.

– Жеңеше-ай, Құдайы қоңсым еді… Уақытыңыз болса, жүгеріңізді тағы бір шашып жіберіңізші, – деді Жарғақ жүгері дәндерін кемпірмен қосыла еңкеңдей жинап жүріп:

– Нанталап тілекпен ауылымызды пана, мені ес тұтып көшіп келе қалып еді, жолының сәтсіз басталғаны маған да батып отыр.

Кемпір жүгері дәндерін уыстап отырып, шүңірек көздерін Бошайға қадады. Көршісі «нанталап тілекпен» деген тұста Бошай ұялғандай болған. Соның әсері ме әлде кемпірдің осы жолғы қарасы суықтау болды ма, немене… Бошай қипақтап, төмен қарады. Ол төмен қарай берген кезде-ақ кемпір қолындағы жүгері дәндерін қайта шашып жіберді.

– Аталарыңда текті ұрылар болған екен, – деді кемпір тағы да шашылған жүгері дәндеріне қарап отырып.

Жарғақ кемпірдің осы сөзін зарыға күтіп отырғандай жанұшыра сөйлеп кетті:

– Жеңеше-ау, ол не дегеніңіз! Текті деп қана қоясыз ба? Мен де кім көрінгенді әкеліп, қарсы бөлмеме кіргізе бермеймін ғой. Естуіңіз, бәлкім, бар шығар, Қошамбай деген осы өңірдің байларын қалтыратқан кісі. Қошамбай келе жатыр дегенде марқасқа байларыңыз оң аяғының етігін сол аяғына киіп алады екен. Қошекең туралы әңгімелерді мына құлағымызбен шалдардан талай тыңдағанбыз. – Жарғақ оң құлағының қалқанын оң қолының сұқ саусағымен бір қағып қойды. – Жеңеше, сөзіңізді бөлейін… кеңес өкіметі орнағанда бір жолдасы Қошекеңе: «Ұрлығыңды қоймасаң болмайды енді. Байларға жасағаныңызды кеңес өкіметіне жасай алмайсың» деген екен. Сонда Қошекең еңгезердей болып орнынан тұра беріп: «Ендеше, аяғыма кісен сал. Қолым мен аяғым сау тұрғанда, ұрлықты қалай қояйын» депті.

Кейінгілерге айтсаң, ертегі естігендей таңданады. Сонда жұрт Қошамбайдың аяғына кісен салған екен. Кісенін сылдыратып Қошекең әрлі-берлі жүріп, ашудан түтігіп тұрып: «Кеңес үкіметі мені тыюын тыйды-ау, ал қасқырды қалай тыяр екен», депті. Жеңеше-ау, мына тұрған Бошай сол Қошамбайдың немересі ғой.

Балгер кемпір қазықтай қақшиып отырып, шүңірек көзін Бошайға тағы қадады.

– Тектілігі демей, не дейін… Мына мен құсап ауыл маңының қой-ешкісін айналдырмай, түн қатып, күн қатып барып ұзақтан мал… мал болғанда да, қара жетелеп келіп жүргенін.

Жарғақ оң қолының сұқ саусағын Бошайға қарай екі рет сілтеді де, «ал енді сіз сөйлеңіз» дегендей, кемпірге бар ынтасымен бұрылып отырды.

– Тектілігінде дауым жоқ. Әттең, заманына кеш туған ұрысың, – деді кемпір шашылған жүгері дәндеріне жіті қарап отырып.

Жарғақ тағы да шыдай алмай, қосарланып кетті:

– Жеңеше, мынауыңыз аталы сөз… Тіпті қосып-алары жоқ. Мен де осылай ойлап, бірақ айта алмай жүруші едім… Сіз айттыңыз… және тауып айттыңыз…

– Бұл ауыл саған құтсыз болады. Көшіп келуің қателік болған, – деді кемпір енді жүзін Бошайға бұрып. – Қайта көш деу халқымыздың салты емес. Ар жағын өзің білесің, азаматым.

Бұл жолы да «тағы да тауып айттыңыз, жеңеше» деуге Жарғақ оңтайлана беріп, Бошайдан қысылғандай, амалсыз төмен қарап, бүгежектеп қалды. Дегенмен, кемпірді жақтайтындығын аңғартып үлгерді.

Бошай бір қызарып, бір бозарып, ашу мен намыстан тырсиып тұрды. Өмірде естімеген сөзін мына бір шүңірек көз, арық қара кемпірден естігеніне таңданып та тұрған жайы бар еді. Қолынан келген ерлігі – сыр берген жоқ. Текті ұрының тұқымы екендігін танытып, бір орнында міз бақпай тұрды да қойды. Ендігі жерде балгердің шүңірек көзінен де жасқанған жоқ.

Балгер кемпірдің үйінен шыққаннан кейін, Жарғақ өзін ақтап, Бошайдың күнәсін жеңілдеткісі келгендей болып:

– Бошеке-ай, әр ауылдың… Тым болмағанда әркімнің малын ұрлаған да айналайын екен ғой. Бір барып бұзауын… екінші барып енесін ұрлап әкелген сізді көрдім. Ұрының әпендесі болмайды деуші еді жұрт. Сізді білмей айтып жүр екен де, – деді.

Бошай үндеген жоқ. Қарды қарш-қарш басып, алабұртқан жүзін ұятқа шымшытып, аязға сорғызып, Жарғақтың соңынан еріп келе жатты…

– Иттің малының өгізшеге тақай беріп еміреніп-мөңірегінен-ақ шошып едім, – деді Жарғақ үйінің жанына келе бергенде, қорасының опырылған жері көзіне түсе кетіп.

Бошай тағы да тіл қатқан жоқ.

… Содан кейін-ақ Бошайдың ісі ілгері баспады. Қыс ортасы ауа ұзақ жортып барып, бір буаз биені жетекке алып келе жатқанда, биесі түспегір жолда туып қалып, жас құлынды бір атына өңгеріп, бір жетелеп, ит әуресі шығып жүргенде, иесі соңынан қуып жетіп, ақырында: «Биеңнің туып жатқанының үстінен шығып, құлыны жаурап өлмесін… Обал болар деген оймен айналшықтаған едім» деп әзер құтылды.

Биенің әлегінен енді құтылып, үйіне келсе, үш тауығы мен бір ешкісі жоқ. Үш тауықты елең-құлаң еткен жоқ. Ешкісі түбітті әрі сүтті еді. «Аяқ астынан ол қайда кетеді» деп, соны көбірек ойлады. Қанша елең-құлаң етпеймін дегенмен де, дүниенің аты дүние ғой. Көрген адам түгел таңданатындай, тауықтарының да жұмыртқасы айрықша үлкен еді. Жұмыртқасын жеп көріп, Жарғақтың да жағасын ұстағаны бар.

Жарғақ демекші. Ана жолы балгер кемпірдің үйінде отырып: «Мына мен сияқты ауыл маңының қой-ешкісін айналдырмайды» деген сөзі есіне түсіп, «осы Құдайы қоңсымның өзінен бір кәкір болмады ма» дейін десе, ұрлық үстінен ұстамаған соң, тағы ыңғайсыз. Бошай кәдімгідей дал болды.

Бір жағынан: «Ақ сарайдай алты бөлмелі үйіңді тастап, біреуге кірме болып мінгесіп отырғандағы ойың не? Бірде ешкіңді, бірде қойыңды ұрлатып жүріп ұры атанғаның мынау» деп әйелі де мазасын май ішкендей етті. Дүниедегі бір жаман нәрсе – жақыныңның табасы ғой. Қошамбайдың немересі екенмін деп іштей марқайғанмен, әйелге айтар уәж тағы керек.

Бошай енді қатты сасайын деді. Ойланып-ойланып келіп, Бошай қайта көшуге бел байлады…

… Көшетін күні Жарғақ тағы да мал сойып, Бошайға айырылар асын берді.

– Бошеке, көшіп келген ауылың құтсыз болды ма, Құдайы қоңсың – мен құтсыз болдым ба, ұстаған жолың құтсыз болды ма? Оны жата-жастана ойлана жатарсыз, – деп, Жарғақ шәй үстінде-ақ Қошамбай заманының рәсімімен баппен сөйлеп кетті. – Әйтеуір өз көңілім ақ. Дастарқан үстінде… Түн жамылып отырып айтайын, Бөшеке… Ақ-қ! Қайдан тапсам да… көшіп келген күні ақ көңілімді білдіріп ақ қой сойып, басын алдыңызға тарттым. Кетеріңізде де ақ қой сою ниетім болып еді-ақ… Біздің ауылда ақ қойдың тұқымы жоқ екенін өзіңіз көрдіңіз. Ақ қойдың тұқымы болуы үшін, біреудің қошқарын жетелеп келсем ғой, жұрт мені ұры атайды. Не дерсің?

«Жаман шынын айтамын деп сырын айтады» деген, Бошеке… Қошамбайдың немересімен қатар ас ішіп отырып жаман атансам, арманым жоқ. Енді айта берейін… Қой қораңыздың тура аузынан қайтқаным тап рас. Ұятым жібермеді. «Қой-ешкімді Жарғақ ұрлап тауысты» дегеннен гөрі, «кетерімде қара қой сойды» деп ренжіп-ақ аттансын дедім.

Бошай бір қызарып, бір бозарды. Талай ұрымен сөйлесіп көріп еді, Талай ұры туралы естіп те еді, бірақ мынаның әдіс-айласындай әдіс-айланы көріп те, естіп те отырғаны осы. Бәрінен қызығы – Жарғақтың састырып, өзінің сасып отырғаны еді. Осындай халде баласы мен келінінің ере келмей, жүкті теңдеп-жинай беруі үшін қалып қойғандығына да шүкіршілік етті.

– Текті ұрыға тексіз ұры ақыл айтса, Бошекем, мұны да заманыңнан көр. Екі-үш рет «өкіметтің малына әуес екенсіз» дедім, жадыңызда қалса… дегенім деген… Ойбай, Бошеке-ау, бұл заманның ұрысына жекеше мал оңтайлы ғой. Аз уақыт кетісесіз, әрине. Одан әрі ұзағанда, сыртыңыздан күңкілдеп жүрер. Тіпті қиындатқанда, теріс айналып кетер… Ал өкіметтің малы үшін ай-шайға қаратпай соттап жібереді. Түсініп отырсыз ба? Соттап!

Мен өзге түгілі, балгер кемпірдің де қойын ұрлаймын кейде. Соны білмейді деп отырсыз ба? Бір қараны бір қара жетелеп кеткенін білгенде.

Жарғақ «өзге түгілі» дегенде «сіз түгілі» дегендей айбатпен айтып, Бошайға ожырая бір қарап алды.

– Біледі. Білгенмен, үндей алмайды. Өйткені менің уәжім бар. Ау, жылына бір қойын я қасқыр, я ұры алуы керек қой. Қайыр-садақа, шығасы деген болмас па? Оның үстіне, менің де ұры атым бар ғой. Ал қасқырмен екеуміз қабат келсек – жақсылықтың нышаны! Өйткені екеуміз де бар жерге түсеміз. Жоқ жерден не жейміз…

Бәрі де «Ұрласаң – жекені ұрла» дегеннен шығып жатыр-ау. Сол балгер кемпіріңіз кейде «ұрласаң – ана қойымды ұрламай, мына қойымды ұрлашы» деп өзімізге өтініш айтады. Е, кісінің күні кісімен деген, айтқанын орындай саламын.

Бошайдың өзгеге таңдануы, әсіресе ұрлық жөнінде елеңдей қалуы бұрын-соңды болмаған жай еді. Жарғақ «қасқыр екеуміз» деп сөйлегенде аң-таң қалып, аузы ашылып кетті.

– Жарғақ маған ұрлық жөнінде ақыл айтады. Жарғақ мен отырған жерде сөйлейді деп ойламаған да боларсыз, Бөшеке… Мен қайтейін? Мұны да заманыңнан көр.

Қатындардың көзінше Жарғақтан мынадай сөздер есту Бошайға сойылға жығылудан әрі болды.

… Ертеңіне Бошай көшті. «К-700» сұратып, оны күтіп отыратын жағдай қайдан болсын. Малын баласына айдатып жіберіп, жүгін Жарғақтың өгіз арбасына артты.

Жарғақ біраз жерге дейін шығарып салды. Шығарып салып келе жатып та аузы абы-гүбі сөзден босаған жоқ:

– Орталықта бір үйіміз бар дейміз енді. Барсақ, атымызды сіздің үйдің қазығына байлаймыз.

– Е, ол не дегенің… Әрине… – деп Бошай да кішіпейілдік танытты.

Шүңірек көз, арық кемпірге бал аштырған күннің ертеңіне Бошай немерелі болған. Сол нәрестені алдына алып арба үстінде отырған Бошайдың әйелі Жарғақтың әлгі сөзіне көңілі босап, жылап қалды.

– Біздің ауылдан малыңызға мал қосылды демеймін, Бөшеке. Бірақ жаныңызға жан қосылды. Осы ауылдан жамандық көрдім деп айтып көріңізші, қәне… Әй, жаман, сен аман болшы енді. Сен-н…» – дей беріп, Жарғақ еңкейіп барып сәбидің аузына түкірді. – Ұзап жортып қара жетелеп келе алмасаң, мен сияқты ауылдың қой-ешкісін айналдырар біреу боларсың. Әйтеуір бар болшы… Аман болшы…

Бошай Жарғақтың бұл ісіне «мұның қалай» дей алған жоқ. Қостамады да. Мырс етіп күлді де қойды.

– Ал Бошеке, қош енді… Төлдеген малды айдау тасбақа айдағаннан да әрі ғой. Малыңыз кейіндеп қалды. Мен біраз жерге дейін айдасып жіберейін. Арбаны баладан беріп жіберерсіз.

Осылай деді де, Жарғақ ойға қарай жүгіре басып бара жатты. Жүгіріп бара жатқан екпінмен жыңғылдың бұтағын сындырып ала беремін деп қарға бір аунап түсті. Бірақ аунап алдым екен деп жатып алған жоқ. Домаланып тұра беріп, үстін де жүре қағып, «Ойда-жоқта неге көшесің? Не болып қалды?» дегендей, улап-шулап келе жатқан қойларға қарай жүгіре басып бара жатты.

Осы қалпында ол ұрыдан гөрі жоғын таба алмай шерменде болған кісіге көбірек ұқсаушы еді.

– Ұрымын дейді өзі. Бұл байғұстың ұрлық қай жерінен шықсын. Әпенде болмаса, соны айтар ма еді? – деп әйелі оған соншалық жылы мейіріммен күлімсірей қарап отырды.

Өзін риза еткен әрі таңқалдырған бір қасиетті соның бой-басынан тапқандай Бошай да көпке дейін Жарғақтан көзін алған жоқ. «Талай ұрыны естіп, көріп едім, бірақ ұрының ақ көңілін көргенім осы шығар» деп ойлады іштей, бір қолына бұтақ, екінші қолына тымағын ұстаған күйі малды балаша үркітіп бара жатқан Жарғаққа қарап отырып мырс етіп еріксіз күліп жіберіп.

* * *

Ақ сарайдай алты бөлмелі тамына жайғасып болған соң, Бошай қораға кіріп малын түгелдесе, бір қошқары жоқ болып шықты. Қошқар болғанда да қандайы… Біреу өгізше әлде қашар беремін десе, ойланып айырбастайтын асыл тұқымды еді. Жаңылдым ба деп қайта түгелдеді. Қорасының жықпыл-жықпылын түгел тінтіді.

Бұл істің Жарғақтан болғанын әрине, білді. Бірақ тап осы жолы оқыс жай бола қояр деп әсте ойламаған. Тіпті күтпеген тұсы еді…

Бошай бір қызарып, бір бозарды. Соңғы бес-алты айда реніш-наласы көп те еді. Бірақ тап осы жолғыдай батқаны болған жоқ. Батты деу әншейін ғана ғой… Бошай бұл жолы шын түңілді.

Қошамбай атасына ұқсап: «Аяғыма кісен салыңдар, қәне!» деп айқай салатын-ақ жері-тін. Бірақ табыла салатын кісен қайда?! Ақ сарайдай алты бөлмелі тамын айналып жүріп: «Ұрлық та әбден азған-ақ екен» деп ойлады Бошай. – Ұры азған соң, ұрлық азбай қайтсін… Ұрлықты тастасам, бір тастайтын жерім… тоқтайтын тұсым осы ара ма екен?

Бәрін де көрдім, білдім деп жүргендегі Бошайдың көріп-білгені де дәл қазір шамалы-ақ сияқты сезілді. «Қошекеңнің қасқыр мен ұрыны аталас деуі рас-ақ болар. Бірақ мына Жарғақтың атасы бөлек шығар».

Бошайдың әзірге бір шешкен түйіні осы еді.

FacebookVKX (Twitter)WhatsAppTelegramE-mail
Алдыңғы жазба

Бауыржан Омарұлы. Астананы аялаған ақын (қысқы элегия)

Келесі жазба

«Абайдың жұмбағы» не үшін жазылды?

БөлісуБөлісуТвитергеЖолдауБөлісуЖолдау
Алдыңғы жазба

Бауыржан Омарұлы. Астананы аялаған ақын (қысқы элегия)

Келесі жазба

«Абайдың жұмбағы» не үшін жазылды?

ТАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ БОЛУЫ МҮМКІН
Нұрбек Нұржанұлы. Қашқан көлеңке
Проза

Нұрбек Нұржанұлы. Қашқан көлеңке

08.08.2025
Абай тойы: Қос туындының тұсауы кесілді
Әдебиет әлемі

Абай тойы: Қос туындының тұсауы кесілді

08.08.2025
Дүйсенәлі Әлімақын. Кафка соты қалай аяқталды?
Әдебиет әлемі

Дүйсенәлі Әлімақын. Кафка соты қалай аяқталды?

05.08.2025
Келесі жазба
«Абайдың жұмбағы» не үшін жазылды?

«Абайдың жұмбағы» не үшін жазылды?

Джек Лондон. Әйел жанының құпиясы

Джек Лондон. Әйел жанының құпиясы

Мирас Асан. «Ұлы Сталин кім?» деді, «Ағзам!» деді балалар…

Мирас Асан. «Ұлы Сталин кім?» деді, «Ағзам!» деді балалар...

«Жазушы» әдеби порталы

© Жазушы порталы

  • Біз туралы
  • Редакция
  • Байланыс

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы
  • Әдебиет әлемі
    • Сын
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Сұхбат
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
  • Дайджест

© Жазушы порталы