Бар мен Жоқ
Көшелерге қараңдаршы, жарандар,
Көрген кісі мұнысы не деген жоқ.
Чаплин бар, Наполеон бар, Таран бар,
Наурызбай би, Тоқсан би мен Шеген жоқ.
Жолға шықсаң алды-артыңды абайла,
Әлі ерімей, қатып жатқан мұзы көп.
Ыбырай мен Ахмет бар, алайда,
Басқа Алаштың арысының ізі жоқ.
Екі көзің жан-жағыңа алақтар,
Жақсылардың бағы неге жанған жоқ.
Октябрь бар, Бәлшебек бар, Совет бар,
Мырзағазы, Ғаббас, Елдес, Әлжан жоқ.
Қостанайда үш күн қонған Гашек бар,
Ақсұлудың есімі де тұрған жоқ.
Матросов, Гастелло мен Чайкин бар,
Тәтіқара, Сейітжан мен Нұржан жоқ.
Жауратпай ма денеңді де кешкі ызғар,
Төсек болса жамылатын көрпе жоқ.
Толстой бар, Чехов пенен Пушкин бар,
Елубай жоқ, Қапан менен Серке жоқ.
Көп деседі елдегі игі жақсылар,
Адам да көп айтып жүрген ақыл көп.
Генерал бар, министр бар, басшы бар,
Жерімізді қорғап қалған батыр жоқ.
Қарның ашса сорпа орнына борщ бар,
Болатындар бар соған да шала мәз.
Елімізде толып кеткен орыс бар,
Бірақ, жерді қоңыс қылған қазақ аз.
Келешектен үміт күтем, алайда,
Өткен күнді сағынатын жөнім жоқ.
Елге елеулі есіл ерлер – бәрі ойда,
Ойлап тұрсам барымнан да жоғым көп.
* * *
Жер бетінде пенделердің неге көбі таза емес,
Таусылмайды туыстың да арасында ерегес.
Хауа анаға сыңар болған Адам-сынды еркек көп,
Хауа анадай күнә жасап жүрген әйел аз емес.
Жара орнын абайламай қасып қалсаң қан шығар,
Үлкен көлге айналмай ма тасты тескен тамшылар.
Мұса-сынды қырық жылдай жол іздеген көп емес,
Нұх пайғамбар кемесіне кешіккендер бар шығар.
Пайғамбарлар ғұмырының өнегелі мәні бар,
Бұл жалғанда қуаныш та, қасірет те жолығар.
Ұлдары өлген Сүлеймендей жабырқаған тіпті көп,
Құранды да Дәуіт-сынды оқитындар табылар.
Исаның да кісілерге жанашырын аңғардың,
Мүміндерді адасқанда тура жолға салған кім?
Хақ-Тағала жолыменен құрбандыққа барған кім,
Ибраһим пайғамбардай оттан аман қалған кім?!
Шайтандардың азғыруы жатқан кезде елде үдеп,
Фәни дүние қызығына алданатын пенде көп,
Мұсылманға Мұхамбеттей жол сілтеген адам аз,
Қиналғанда Әйіп сынды сабыр қылған мүлде жоқ.
* * *
Жыламауы мүмкін деп, тұрса біреу күңкілдеп,
Шерлі кісі жылайды мұңын айтып еңкілдеп.
Кейбіреудің мұндайда шықпаса да дауысы,
Жанарында жиналған жас тұрады мөлтілдеп.
Асқар асу, өткелек, таусыла ма жол, сірә,
Тас теседі түбінде көзден тамған тамшы да.
Бейтаныс па, таныс па, жас па, әлде кәрі ме,
Тұрса көзі жасаурап, жағдайын біл, хал сұра!
Көре тұра елемей арқалаймыз біз күнә,
Көздің жасы мөп-мөлдір соншама ащы, тұзды ма?
Су секілді тазалар өкпеңді де кеудеден,
Көздің жасы ерітер жүректегі мұзды да.
* * *
Судай ағып, құмдай сусып өтіп жатқан күндерім
Қайта оралып келмейтінін білдім бе, әлде, білмедім.
Аққан селдей, соққан желдей, көшкен елдей қырдағы –
Өз бетіммен тірлік қылып, менің өмір сүргенім.
Тасым өрге домалаған, өрістеген кезім бар,
Жамандықты көзім көрген терістеген кезім бар.
Ағаш еккен, тұқым сепкен, еңбек еткен кезім бар,
Жайнап тұрған бақшадан да жеміс терген кезім бар.
Ғұмыр кештім ешкімге де көзім сүзіп, жалынбай,
Соның бәрі өтті, кетті көрген түстей, сағымдай.
Құмырсқадай қыбырладым шама-шарқым келгенше,
Неге, бірақ, әлі күнге таппай қойды жаным жай.
* * *
Балта менен балғаның басы темір, сабы ағаш,
Егер сабы болмаса қалғандайын жалаңаш.
Қылпылдаған қанжар да қанша өткір болса да
Сабы қолдап тұрмаса өзі ешкімге жоламас.
Жер қыртысын қопарған темір күрек десе де,
Егер сабы болмаса пышақ затты кесе ме?
Қылшылдаған қылышқа, ұстара мен ораққа,
Ие болған темірге сапта екен ғой мәселе.
* * *
Кейбір кісі асығыс бағалайды,
Қабаған деу көп итті жарамайды.
Кейбірі оның жай ғана қыңсыласа,
Өршеленіп кейбірі абалайды.
Кейбіреуі жалайды табағыңнан,
Кейбіреуі тістейді балағыңнан.
Кейбіреуі батпайды үруге де,
Қаймығады қатулы қабағыңнан.
Кейбір төбет үйдің де айбыны еді,
Көлеңкеде жатады жай біреуі.
Мәз болады кейбірі сүйек берсе,
Кейбіреуі жайылған қойға үреді.
Ит ұстайды күзетке небір кісі,
Бөрібасар арланның көп үлгісі.
Қоян қуар болады жүйрігі де,
Адал достай болады сенімдісі.
Канден бе, тазы ма әлде елге жайлы,
Алабайды мықты деп жұрт атайды,
Ит ұстаған кісілер түсінеді,
Иттердің де болады итақайы.
* * *
Болса адамда адалдыққа құштарлық,
Арам шөптей кетер қаулап іштарлық.
Жалған өмір басқа түссе зобалаң,
Достарды да жібереді дұшпан қып.
Кісіні алға жетелесе кіл намыс,
Жұртқа қанша ұнаса да қылған іс.
Обыр сынды пайда болған денеде
Жабысады екен жебір қызғаныш.
Тағдыр солай көнбесең де, көнсең де,
Сабыр сақта қиянатты көрсең де.
Қуыс кеуде кеңеймейді ешқашан,
Іші тарға шәрбат құйып берсең де.
* * *
Қыс та, күз де ұзақ уақыт болмайды,
Көктем менен жаздың қысқа ғұмыры.
Мезгіл шіркін шапқан аттай зулайды,
Құлағында қалады тек дүбірі.
Күн үнемі ашық болып тұрмайды,
Толастамай жауа бермес жауын да.
Қара бұлттан кейде тамшы тамбайды,
Бір қалыпта тұра алмайды қауым да.
Өз жұмысын меңгерген жан бақытты,
Санаулы ғой әр күнің мен әр сағат.
Сондықтан да босқа өткізбей уақытты,
Мақсат болсын пайдалы іске жұмсамақ.
* * *
Жым болмай ма торға түскен бұлбұлың,
Жүйрік болмас жем берсең де есекке.
Ашу қысса жұлып жейді бір бірін
Аққуды да құс төресі десек те.
Қылтанағы жабысар деп қойға да
Өскен шөпке керегі не өкпелеп?
Жердің беті гүл болсын деп ойлама,
Арасында мал жайылар шөп керек.
Кім біледі не боларын артында,
Кісілерден тек жақсылық күтпе сен.
Бірақ, ізгі іс жасаудан тартынба,
Қағазда да із қалады бүктесең.
* * *
Жүнін киіп, сүтін ішіп, етін жеп
Халық едік төрт түлігін өсірген,
Келер ұрпақ қалай дамып, жетілмек,
Кейінгіге қалар екен не бізден?!
Жүрдік білем бірде жанып, бір сөніп,
Қабырғаны қайыстырар жетер жүк.
Сиыр-сынды жұтқан жемді күйседік,
Түйе-сынды соның бәрін көтердік.
Қаншама жас еркінсіген, еріккен
Кетті жанып тұтанған бір шырпыдай.
Айтыңдаршы, бола алмадық неліктен
Тебінде де шөбін тапқан жылқыдай.
Бақташысы айдағандай басқа ұрып,
Бір қораға опыр-топыр қамалдық.
Жалғастырмай қасиетін қасқырдың,
Қой аузынан шөп алмайтын боп алдық.
Қанағатын ұстап тұрар құлық жоқ,
Ел аманда кей адамға ес кірмей
Тауға шығып, жас талды да жұлып жеп,
Айдалаға кетті лағып ешкідей.
Мәз болады күн шығып, таң атқанда,
Көп кісінің келешекпен ісі жоқ.
Бір бүйірде бота боздап жатқанда,
Шалғай жақта құлын жатыр кісінеп.
* * *
Генералды көрген кезде мундирмен,
Полицейді көрген кезде формамен,
Кімге қалай әсер етер, кім білген,
Жүйкем тозып отырамын зорға мен.
Бәлкім, жеткен жері шығар миының,
Арып-ашқан, құты қашқан елден біз
Атаманның киіп алған киімін
Патшаны да, басқаны да көргенбіз.
Омонмын деп шіреніп тұр жас ұлан,
Намыс, қайрат бар ма, жоқ па бойында?!
Қара киіп жүзін жұрттан жасырған
Келіншектің не бар екен ойыңда?
Сауалы сол бізге қояр достың да,
Бола алды ма ел-жұртының қорғаны?!
Жүрек бар ма киімінің астында,
Соны ғана біліп алсақ болғаны.
* * *
Сен туралы не ойлайды ел енді,
Барша жұртқа бола алмайсың сүйікті.
Биіктесең есіне алғын төменді,
Төмендесең ұмытпағын биікті.
Бел ортада жүрсен жақсы болады,
Оған сенің жетеді әбден өрең де.
Тым биікте ауа жетпей қалады,
Тұңшығасың барсаң да тым тереңге.