Джек Лондон
I
– Әйткенмен, сен, байқауымша, үйленуге асықпайтын сияқтысың-ау, – деп қалды Тайпақ әлгінде үзіліп қалған әңгімені қайта жаңғыртып.
Жүн көрпенің шетіне жайғасқан Смок үн қатпады; ырылдатып қарға аунатып тастап, итінің табанын мұқият тексеруге кірісті. Ал Тайпақ таяққа кигізілген мәсісін буын бұрқыратып отқа тосып, серігінің жүзіне тесіле қарап қояды.
– Солтүстік шұғылаға көз салшы, – деп сөзін жалғады Тайпақ. – Құбылған бір дүние! Тура әйелдер секілді: бірде олай, бірде бұлай; көңілі нені қалайтынын өзі де білмейді. Шектен асқан ақымақ демесең, ең керемет саналатын әйелдің өзі – қияли. Үлкені мен кішісі, сұлуы мен сұмпайысы – түгелдей мысық тектес. Ал егер солардың бірі соңыңа түссе, онда сені аш арыстан немесе гиена қуып келеді деп есептей бер.
Тайпақтың ділмарлығы қайтадан сап тыйылды. Смок қолынан қауып ала жаздаған итін қағып жіберіп, оның тілімденіп қанталаған табанын қарауды тоқтатпады.
– Түу, сен де! – деп сөзін және жалғастырды Тайпақ. – Көңілім қаласа үйленіп-ақ алмас па едім? Өзімді тізеге салып отырып та көндірулері ғажап емес-тін, тек мен ылғи ор қоянша ырғып құтылып кететінмін. Сондайда не құтқарғанын білесің бе, Смок? Қос өкпем. Желдей жүйіткимін. Мені тұзаққа түсіретіндей әйел кездессе көрер едім.
Итті босатқан Смок та таяқ ұшындағы өзінің дымқыл мәсілерін отқа қарай бұрды.
– Ертең осында жайғасып иттерге арнап башмақ тігуімізге тура келер, – деді ол ақырында. – Мына қиыршық мұз табандарын тілгілеп бітірді.
– Мұнда қалудың қисыны жоқ бізге, – деп қарсылық білдірді Тайпақ. – Кері қайтсақ та азықтан тарығамыз. Екеуміз ертең-бүрсігүні бұғылардың немесе анау ақ үндістердің ізіне түспесек өз иттерімізді кесік табанымен қоса жеп қоюға мәжбүр боламыз. Айтпақшы, сол ақ үндіс дегендерді көрген кісі бар ма екен өзі? Осының бәрі бос сөз. Үндіс қалайша ақ болады? Бұл қара нәсілдіні аппақ дегенмен бірдей емес пе. Жоқ, Смок, ертең ілгері жылжуымыз керек. Айнала төңіректе тіршілік нышаны сезілмейді, аң-құс атаулы қырылып қалғандай. Өзіңе де аян, міне, бір жеті өтсе де ешбір қоян ізін көре алмадық. Мынау қаңыраған орыннан әйтеуір аңы бар жерге шыққанымыз жөн.
– Егер бір күн тынықтырып, аяғына башмақ кигізсе иттер екі есе жылдамырақ жүгірмей ме, – деді Смок. – Сен одан да маңайдағы шоқыларға шығып, айналаны шолып қайтсайшы. Сөйтіп, әне-міне дегенше Лаперль айтқан адырлы қыратқа да ілігіп қалармыз.
– Ха! Лаперль бұ жерден он жыл бұрын өткенмін, әмбе со тұста аштықтан есім ауып, не көріп, не қойғанымды да түсінбеппін деп өзі айтты емес пе. Оның тау басында орасан ту желбіреп тұрғандай еді дегені есіңде ме? Түсінікті нәрсе шығар: мұның бәрі бас айналып, қос көрінгеннен. Және ешбір ақ үндісті байқаған емеспін, түгелдей Энтонның ертегісі ғой деген де сол. Ал Энтон сен екеуіміз Аляскаға тап болардан екі жыл бұрын дүние салған-ды. Мейлі, ертең барып бақылап қайтайын. Бәлкім, бұлан атудың сәті түсер. Енді қазір жатып ұйықтайық, саған айтпағым, міне, осы.
II
Смок күн көтерілгенше станда отырды: итке башмақ тігіп, әбзел-жабдықты жөндеді. Түсте екі кісіге арнап тамақ даярлап, өз сыбағасын ішіп алды да, Тайпақты күтуге кірісті.
Бір сағаттан соң аяғына шаңғы іліп, жолдасының ізімен жөнеген. Одан бұлақ арнасымен көтеріліп тар шатқалдан өткенінде кенеттен кең алқапқа тап болды, – мұнда бұрын бұлан жайлағаны көзге ұрып-ақ тұр екен. Әйткенмен, осы маңайға алғашқы қар түскен күз басынан бері бірде-бір бұлан жоламап еді. Тайпақтың шаңғысының ізі жайылымды ендеп, беткейге көтеріліпті. Қияға шыққан соң Смок аялдады. Белгі әрі қарай еңіске құлдилайды. Бір мильдей жерде өзге бір бастау бойын жағалай өскен аласа шырша тоғайы көрінді және Тайпақтың сол орманды кесіп өткені аңғарылды. Смок сағатына қарап іңірдің тақалғанына, иттері мен иесіз қалған станның да жайына алаңдап, амалсыздан іздеуді жалғастыру ниетінен айныды. Тек артқа қайырылар алдында айналаны мұқият барлаған. Шығыс тұста Құз-жартастың қарлы шыңдары құдды араның жүзіндей боп ыржиып, көкке шаншылып тұр. Атызға атыз жалғасып тау тізбегін құрып, бәрі жаппай солтүстік-батысқа қарай ұмсынып, Лаперль әңгімелеген жазықтың жолын бітейді. Биік шыңдар келімсектің алдын бөгеп, оны батысқа – Юконға қайта оралуға мәжбүр етейік деп уағдаласып тұрғандай көрінді. Смок бұдан бұрын осында келіп, мынау айбарлы көрініске беттей алмағандар көп пе екен деп өз-өзіне сұрақ қойған. Рас, Лаперль тартынған жоқ, алайда ол Құз-жартасқа шығыс тұстан өтті емес пе.
Түн ортасы ауғанша Смок Тайпаққа анадайдан көрінетіндей лаулатып от жағумен отырды. Ал ертесіне таң бозымен станды жиыстырып, иттерін жекті де, серігін іздеуге жөнелді. Қуықтай аңғарда жетектегі иттердің алдыңғысы құлағы елеңдеп, қыңсылап қоя берген. Сәлден соң Смок қарсы беттен тақалған алты үндісті көрді. Жүрістері салт, ерткен иті де жоқ, әрқайсы арқасына жеңіл ғана жолқапшық іліпті. Олар келе Смокты қоршай алды. Мұны қатты таңырқатқаны – бұлар дәл осыны іздеп шыққандай еді. Сондай-ақ ә дегеннен айқындалғанындай, өздері бұл білетін үндіс сөйлеу мәнерінің бірде-бір сөзін қолданбайды. Ақ нәсілді емес-тін, әйткенмен, Юкон алабын мекендейтін үндістерге қарағанда сұңғақ бойлы әрі күштірек көрінді. Бесеуі Гудзонов шығанағы Компаниясының ұңғысы ұзын ескі мушкетімен қаруланыпты; Смок алтыншысының қолынан өзіне жақсы таныс винчестерді байқады – бұл Тайпақтың винчестері болатын.
Үндістер тұтқынмен келіссөзге уақыт шығындамаған. Қаруын сыпырып алғандықтан Смокқа бағынудан басқа лаж қалмады. Әлгілер ит шанада жатқан жүкті сол бойда таратып алып, көбін өз иықтарына артты да, Смокқа Тайпақ екеуінің жүн көрпесін ұстатты. Иттерді жетектен босатты, ал бұл әрекетке қарсылық білдірген Смокқа үндістердің бірі алдағы сапардың шанаға өте ауыр соғатынын ымдап түсіндірді. Смок басқа салған іске мойынсұнып, шананы бұлақ жағасындағы күртік қарға тікесінен қадап жасырған соң өз айдауылдарына ілесті. Солтүстікті бетке алған бұлар жатаған жалдан асып, бағана Смок байқаған шоқ тоғайға қарай түскен. Он-он екі мильдей бұлақ жиегімен жүріп, саға батысқа тартқанда тарлау өзекке бұрылып, шығысқа қарай төтелей салды.
Алғашқы жолы бұлар қону үшін бірнеше күн бұрын әлдекімдер қоныстанып кеткен орынға аялдаған. Бұл жерден кепкен балық пен ет қоры табылды – енді осының бәрін де үндістер өздеріне олжа қылды. Смок тұрақтан шыққан тарам-тарам шаңғы ізінен Тайпақты қолға түсірген дәл сол адамдар екенін түсінді; одан соң ымырт жабылар алдында қар бетінен үндістердің шаңғысына қарағанда біршама жіңішке – таныс ізді ажыратып үлгерді. Ол ымдап өз серіктерінен жөн сұрастырғанда, әлгілер мақұлдап бас изесіп, солтүстікті нұсқаған. Бұлар ертеңіне де теріскей тұсты сілтеумен болды; ығы-жығы сығылысып көкке шаншылған шың-құздар арасындағы сүрлеу-соқпақ қалай шиыршық ата ирелеңдесе де, тек солтүстікке бастай берді. Кейде осынау қаһарлы қар алабында жол түгесілгендей де көрініп қалады, алайда, асу бермес тік қияларды орағытқан соқпақтар оңтайлы бел-белес тауып, бұралаңдап шығып кетіп отырды. Мұнда төмендегі аңғардан гөрі қар қалың түскен еді, сондықтан қасат қабатты шаңғымен таптап, әр қадамды зор күшпен алуға тура келеді. Әмбе Смоктың барлық серігі кілең жас – ойнақтап, ырғып басып жүр; бұл да осыларға қиналмай ілескенін түйсініп, іштей масаттанбасқа лажы қалмайды. Мыналар көшпенді өмір-салтымен шыңдалып, бала жастан қарлы-боранды өткелдерге түрен салып дағдыланса, бұл да жорықта соншалықты мығымдығы мен қарулылығына сай жолдастарынан қалыса қойған жоқ.
Бұлар алты күн арасында негізгі асуға ілігіп, өтіп те үлгерген; кезең айнала қоршаған сұсты шыңдардан аласа жатқанымен де, ересен биікте-тін және мұнда жүк артқан шанамен жүре алмасың аян еді. Ал бес күннен кейін ирелеңдеген қауіпті сүрлеумен төмендей-төмендей он жыл бұрын Лаперль ашқан шекcіз-шетсіз бұйрат алқапқа шыққан. Смок жерді бірден таныды. Осынау ызбарлы күні термометр қырық градус аязды нұсқап тұрды, ал ауаның тұнықтығы соншалықты, айнала-төңірек жүз мильге дейін анық көрінеді. Смоктың көз алдында сол толқынды жазира көсіле шалқып жатты. Шығыс тұста қар құрсауындағы өркеш-өркеш асқақ жалдарын көкке түйреген Құз-жартастар алыстан менмұндалайды. Оңтүстік пен батыс алабына қарай кешелері ғана Смок серіктерімен өткен шатқалды-жыралы тау сілемі созылады. Ал мынау алып аңғарда Лаперль өткен өлке жатыр – қар бүркенгенімен аң-құсының молдығы да анық, ал жазда, әлбетте, күлімдеп гүл жайнап, жасыл-желекке оранады.
Түске қарай бұлар қатқан өзеннің кең сағасы бойымен қар құрсауындағы құба тал, көктеректі жағалай, бітік шыршалы алқапты ендей өтіп, жақында ғана босаған ауқымды жұрт үстінен шықты. Смок жүріп келе жатқан бойда шамалап ошақ орнын санаған – төрт жүздей, бәлкім, бес жүздей еді; мұнда бірнеше мың адам уақытша қоныстанып кеткен-ді. Қаптаған мәсі таптаған сүрлеу жаңа-тын, сондықтан Смок пен оны қолға түсірушілер шаңғыларын шешкен соң жүрісті одан сайын үдетті. Белгінің көбі бұл өлкенің аң-құсқа бай екенін байқатқан; қасқыр, сілеусін секілді жыртқыштар ізі де жиі ұшыраса бастады. Үндістердің бірі шаттана дауыстап, бұғылардың қаңқа сүйегі жайрап жатқан кең алаңды нұсқайды: алқаптағы қардың беті мұнда алапат майдан өткендей астаң-кестең еді. Смок таяуда жауған қардан кейін аңшылардың талай жануарды қырып салғанын аңдаған.
Қас қарайды, алайда үндістердің түнеуге тоқтайтын сыңайы байқалмады. Қайта, қараңғылық қоюланған сайын ентелеп алға ұмтыла берді; аспан арагідік қызғылттанып, түнек сейіліп, жылтылдаған жұдырықтай жұлдыздар солтүстік шұғыласының жасылтым буынан мұнарланып солғын тартты. Смоктың иттері шалғайдағы тұрақтың шуын алдымен естіп сескеніп, дегбірсіздене қыңсылай бастаған. Одан, әдетте, ара-қашықтық тұншықтыра түсетін алыстағы бұлыңғыр гуіл ақырындап кісі құлағына да жетті. Бұл, шындығында, сарнаған жағымсыз шу еді, бейберекет дыбысқа – қисапсыз иттің бұдан да бетер ішегі үзілердей үздіксіз ұлуы қосылады; ал осынау қыңсылауық, зарлауық үннен үрей мен аза, тұнжыр үмітсіздік андыздайды. Қолғабын шешкен Смок қалта сағатының әйнегін ашып, саусақ ұшымен тілін сипап көріп еді – он бір екен.
Мұның қосшылары ширай түсті. Күнібойғы ұзақ жолды өткерген аяқ адымды өз-өзінен тездеткен – енді бұлар жүгіре жөнелгендей-ді. Әп-сәтте қараңғы шырша орманының арасынан шыға келгенде жыпырлаған от жарығы көз қарықтырып, дабыр-дұбыр шудан құлақ тұнды. Қарсы алдыда аумақты қоныс жатыр еді.
Бұлар иқы-жиқы орналасқан күмбез лашықтардың арасынан өтті, шуыл теңіздің соқпа толқынындай маңдайдан есіп, соңдарынан ілескен – қиқу, есендесу, өзара сұрақ-жауап, әзіл-оспақ, қарымта қалжың, ашынған сабалақ бомбаша Смоктың иттеріне бас салатын төбеттердің ызалана ырылдауы, үндіс әйелдерінің балағаты, күлкі, балалардың қыңқылы, емшектегі сәбилердің жылауы, осы дыбыстың бәрінен оянып кеткен сырқат жандардың ыңқыл-сыңқылы – сұмдық шу жүйке дегеннің не екенін білмейтін мынау алғашқы қауым жұртының тұрағын басқа көтереді.
Смоктың серіктері тұс-тұстан тап берген иттерді таяқпен, мылтық дүмімен қақпайлайды, ал осынша көп дұшпаннан үрейленген мұның иттері қатты тіксініп, айбарлана дүрдиіп, артқы аяқтан тік тұрып, өз қорғаушыларын сағалайды.
Жаңадан келгендер сартап қар бетіне жағылған алау түбіне аялдады; мұнда жүрелей отырған Тайпақ пен екі жас үндіс бұғы етін саусақтай ұзынша етіп тіліп, отқа қуырып отыр еді. Және үндістің үш жас өрені шырша бұтағын төсеніш қылып теріге оранып жатқан-ды; бұлар келушілерді байқап, тұрып, шоқиып отырды. Тайпақ от үстінен Смокқа қарайды, алайда өзі көршілерінше еш селт етпей, сабырлы кейіпте қалды; бас изеп ишарат та жасамастан, күлімдеместен етін қуыруды жалғастыра берді.
– Саған не болған? – деп қабаржи сұрады Смок. – Тілің байланып қалған ба?
Тайпақ қулана мырс етті.
– Мүлде олай емес, – деп үн қатты ол. – Мен – үндіспін. Ештеңеге таңырқамауға дағдыланып жүрмін. Мыналар қашан ұстаған сені?
– Сен кеткен күннің ертеңіне.
– Хм… – Тайпақтың жанары жарқ ете түсті. – Менің халім «тамаша», басқа салмасын. Бізде мұнда бойдақтардың тұрағы, – деді ол осынау «кереметтің» бәрін қолын кеңінен сермей көрсетіп: лаулаған от, қар бетіне шырша бұтағынан жайылған төсеніш, бұғы терісімен жабдықтаған күмбез күркелер және желден қорғану үшін сонау шырша бұтағы мен тал шыбығынан тоқып алған қалқа. – Ал мынау сол бойдақтардың өздері. – Тайпақ жас үндістерді нұсқап, солардың тілінде көмейден шығатын бірнеше сөз айтты; әлгілер де жауап орнына көзі күлімдеп, тісі ақсия жымияды. – Бұлар өзіңмен танысқанына қуанышты, Смок. Жайғасып, мәсіңді кептіріп ал, мен қазір ас әзірлей қояйын. Мыналардың тілінде керемет сөйлей ме екем? Саған да үйрену керек. Тәрізі, екеуімізге осында ұзағырақ қалуға тура келетін секілді. Мұнда тағы бір ақ нәсілді бар, ирландиялық, бұлардың қолына алты жыл бұрын түсіпті. Оны Үлкен Еріксіздер көліне бара жатқан жолда ұстаған екен. Аты – Дэнни Мак-Кен. Осы жерде үйленіп те алған көрінеді, екі баласы да туып үлгеріпті, әйткенмен, ыңғайы келсе зытуға даяр жүрген сияқты. Әне, анау кішкене отты байқайсың ба? Қасындағы – соның өзі.
Аңдағанындай, Смок дәл осында орналасатын тәрізді: қосшылары мұны да, иттерін де қалдырып, өздері лашықтардың арасына сіңіп кетті. Смок аяқ киімінің жайын ыңғайлаған соң буын бұрқыратып кесек-кесек етті асап жеуге кіріскен; ал Тайпақ тамақты үсті-үстіне қуыра отырып жаңалықтарын баяндай бастайды:
– Байқауымша, Смок сен екеуміз тұзаққа мықтап түскен сияқтымыз. Мына жерден құтылу оңайға соқпас. Бұлар – нағыз, ең жабайы үндістер. Өздері ақ емес, бірақ көсемдері ақ нәсілді. Бірдеңе айтса, аузына ыстық ботқа толтырып алған кісіше сөйлейді; егер шотландтық болмай шықса, онда мен шотландиялықтардың қандай болатынын, тіпті, білмейді де екенмін. Мұндағы патша да, құдай да сол, бәрін бір өзі басқарады. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Осы есіңде болсын. Дэнни Мак-Кен алты жыл бойы осыдан жыта қашудың амалын таппай жүр. Дэнни тәуір-ақ жігіт, тек дәрменсіз. Қандай жолмен таю керек екенін біледі, аңға шыққанда барлап байқапты: сен екеуіміз осында келетін бағыттан сәл батысырақта. Ол жалғыз қаша алмайды, көптен тәуекелі жетпеген. Ал үшеуіміз бұл істің бір лажын табамыз. Сақал да мығым, айтулы азамат, бірақ мінезі біртүрлі.
– «Сақал» деген кім? – деп сұрады Смок аузы астан босамаған күйі бір мезет аңтарылып.
– Әлгі көсем ше. Шотландиялық. Бірталайға келген жасамыс адам, қазір ұйықтап жатқан болар; ал ертең әңгімелесіп, тамырыңды басып көреді де, өз иелігінде сенің құныңның жер құртындай ғана екенін екіні екіге қосқандай қылып дәлелдеп береді. Барлық билік жалғыз соның қолында. Осыны миыңа мықтап шегелеп алуың қажет. Мұндағы аймақ зерттелмеген, тылсым, тың өлке, сол себепті қожайын да бір өзі. Және ол осыны ұмытпайтындай етіп санаңа сіңіріп тастайды. Мұнда, шамамен, жиырма мың шаршы миль аңшылық жер-су алқабы бар – бәрі соныкі. Міне, нағыз ақ үндіс сол және оның қызы да сондай. Ха! Маған көзіңді бақырайтпа. Тұра тұр, өзің-ақ байқайсың әлі. Сүп-сүйкімді және аппақ, яғни, әкесі Сақалдан аумайды. Ал мұндағы бұғы дегенің!.. Өз көзіммен көрдім ғой. Күйлі, семіз, табын жүз мың бас – он мың қасқыр мен сілеусін өкшелеп ілесіп, артта іркілген нашарларын бас салады және қалған-құтқан сүйек-саяқпен қоректенеді.
Иә-иә, бізде сарқынды да қалады. Табын шығысқа беттеді, енді біз де өне бойы сол ізбен жылжимыз. Бұғының еркегін жейміз, жемеген етті ыстап, қақтап, арқан балық аулайтын көктем маусымына дейін қорға сақтаймыз. Саған бір айтатыным: Сақалдың сол ақсерке балық пен бұғы жайында білетінін дүниеде ешкім білмейді…
III
– Әне, Сақал келе жатыр, түріне қарағанда, шаруамен жүргендей, – деп сыбыр еткен Тайпақ жетектегі ең жақын тұрған иттердің біріне созылып, қолының майын соның сабалақ жүніне сүртті.
Таңертеңгі мезгіл еді, жүрелеп от жағалай жайғасқан бойдақтар бұғы етін қуырып, сүйсіне жеп отырды. Смок шекесін көтергенде алауға беттеп келе жатқан орта бойлы, арықша адамды көрді – әрбір үндістей теріден киініпті, алайда, ақ нәсілді екені анық еді; соңында шанаға жегулі иттер мен ілескен оншақты үндіс бар. Смок қолындағы жілікті шағып, оның ыстық майын сора отырып, осынау аймақтың қожайынына таңдана қараған. От түтінінен ысталған қаба сақалы мен бозғылт-жирен шашы бұ кісінің бет-пішінін мүлдем көлегейлеп көрсетпейді, әйтсе де, сопақ жүзінің омсырайғаны, ұртының суалғаны байқалды. Смок оның делдиген танауы мен терең тыныс алдыратын қос өкпенің күштілігінің белгісіндей жалпақ кеудесін аңдап, бұ кісі қалай болғанда да, қу сүйек арықтығына да қарамастан денсаулығы мықты екен деп түйді.
– Амансыз ба, – деді биялайын шешіп, қолын созған Сақал. – Мені Снасс деп атайды.
Екеуі қол алысқан.
– Ал мен Белльюмін, – деді Смок Снасстің өңменнен өткен өткір қара көзінен қаймыққандай әлдебір беймәлім қолайсыз күйге түсіп.
– Байқауымша, мұнда ас-ауқаттарыңыз жеткілікті сияқты.
Смок бас изеп, жілікке қайта жармасқан; неліктен екенін, осынау міңгірлеп әндеткендей шотландтық сөйлеу мәнері құлағына жаққан еді.
– Құнарсыздау тағам. Есесіне аштық дегеннің не екенін біле қоймаймыз. Бұл қалалықтар ішетін әралуан жеңсікас, таңсықастан әлдеқайда сіңімді.
– Байқауымша, сіз қаланы ұната қоймайсыз-ау, – деді әлдене айтуды міндет санаған Смок әзілдеп; сөйтті де сөйлесіп тұрған кісінің өңі кілт өзгергенін аңдап қайран қалды.
Ол әлдебір сезімтал өсімдіктей қалтылдап, ұнжырғасы түсіп кеткен еді. Одан көзіне үрей, сұмдық жиіркену, шырқыратқан жан жарасындай күйінішті өшпенділік оты анталап шыға келді. Сөйтіп жалт бұрылды да, сабырға келіп, иығынан:
– Біз әлі кездесеміз, Беллью мырза. Бұғылар шығысқа бет алды, өзім орнығатын жер таңдау үшін күнілгері аттанамын. Ал сіздер бәріңіз ертең шығасыздар, – деді.
– Міне, саған Сақал! – деп күбірледі Тайпақ Снасс пен оның серіктері кішкене ұзаған кезде өзінің үстіндегі майды рахаттана жалай бастаған төбеттің жүніне қолын қайтадан сүртіп.
IV
Біразырақтан соң Смок күнделікті күйбең тірлігін күйттеген қонысты аралауға шықты. Аңшылардың үлкен тобы жаңа ғана оралған еді, ерлер қауымының әрқайсысы өз отының басына тарады. Әйелдер мен балалар иттерді жеңіл шаналарға жегіп, солармен бірге кететін-ді, ал кері оралғанда бәрі жабылып құстың тоңазыған жас еті артулы көлікті тартатын. Ерте көктемдегідей ызғарлы күн еді, осынау алғашқы қауымдық өмірдің бәрі отыз градус аязда өтіп жатты. Маңайда ешкімнің үстінде бір жапырақ та мата жоқ: жұрт жаппай киімге тері немесе сарғыш күдеріні қолданады. Ұлдар қолына садақ пен ұшы сүйек жебе тізулі қорамсақ ұстайды; көпшілігінде тері өңдеу үшін белбеуіне қыстырған немесе кеудесіне ілулі былғары қындағы сүйек яки тас пышағы бар. Әйелдер отқа иіліп ет ыстап жатады, ал шешелерінің арқасына таңылған сәбилер бір-бір май кесегін сорып, төңірекке көздері дөңгелене қарайды. Дәу-дәу төбеттер – кісі жеуден тайынбас нағыз бөрілер шолақ шоқпарлы жат адамды көргенде ызалана дүрдиіп, иісін қабылдай алмағанымен, анау күрзі таяқтан қаймығып, Смокқа шабаланудан амалсыз тыйылады.
Қоныстың қақ орта тұсында Смок нақ Снасстікі-ау дейтіндей баспанаға тап болды. Тұрғынжай уақытша болғанымен де өзгелеріне қарағанда кеңірек, әрі берігірек еді. Қатталған тері мен өзге де түрлі керек-жабдық ит жетпейтіндей тұғырға жинастырылыпты. Ауқымды кенеп шатыр – жататын да, жайлайтын үй міндетін атқарады. Қасында, әдетте, адам аяғы баспаған өңірлерді зерттеуші саяхатшылар мен аңқұмар қауым ұнататын жібек шатыр тұр еді. Мұндай баспананы бұрын-соңды кездестірмеген Смок жақынырақ келді. Бұл аңыра қарап тұрған сәтте кенет есік орнындағы жамылғы айқара ашылып, іштен жас бикеш шыққан. Қимылы өте шапшаң екен, ойда-жоқта жарқ еткені сонша, Смок елес көргендей қатты абдырады. Тәрізі, мұның кескіні де қызды естен тандырған секілді, екеуі едәуір уақыт бір-біріне үн-түнсіз қадала қарап қалыпты.
Бойжеткеннің киімі аң терісінен тігілген еді, алайда Смок мұншалықты ғаламат шеберлікпен дайындалған былғары киімді ешқашан көрген емес-ті. Қайырма күләпаралы ұзын бешпеті бұл білмейтін әлдебір ашық күміс түсті теріден пішілген екен. Морж ұлтанды сұрғылт муклуки етігі бірнеше сілеусіннің табан терісінен тігілген. Ұзын биялай, етіктің салпыншақтары секілді былғары костюмнің әрбір ұсақ бөлшегіне дейін аязды күнгі сәуледе жылтылдаған бозғылт күмістей көрінеді; және осы нұрлы дүниеден сұңғақ мойын мен әсем бас жалғасады – көгілдір көз, гүлдей албыраған жүз, қызғылт қабыршақтай кішкене құлақ, аяз буынан жалтылдап қырау ұшқындаған ашық-қоңыр шаш.
Смок түс көріп тұрмын-ау деп ойлады; ақыры есін жиып, құлақшынына жармасқан. Осы кезде қыздың жанарындағы таңданыс күлкіге алмасты; ол шапшаң қимылмен биялайын сыпырып, қол ұсынады.
– Сәлеметсіз бе, – деді ол сабырлы қалыпта ақырын ғана ерекше тартымды акцентпен; бикештің бұл үні үндіс әйелдерінің қатқыл даусына үйреніп қалған Смокқа кенет өзінің тері киімдерінше күмістей сыңғырлап естілді.
Ол заманында өзінің ақсүйектер рухында тәрбиеленген жан екенін бұлдырата еске түсіретіндей бірдеңені міңгірлей салды.
– Сізбен танысқаныма қуаныштымын, – деп сөзін жалғады қажет сөздерді қинала іздеген кейіпте күлімдеген қыз жәйімен. – Кешіруіңізді өтінемін, ағылшынша онша жақсы сөйлей алмаймын. Мен де өзіңіз секілді ағылшынмын. Әкем – шотландтық. Анам қайтыс болған. О кісі француз да, ағылшын да және аздап үндіс әйелі де еді. Шешемнің әкесі Гудзонов шығанағы Компаниясында ірі тұлға болған адам… У-уу! Қандай суық! – Бикеш қолғабын киіп өзінің бозара бастаған қызғылт құлағын ысқылай бастады. – Жүріңіз, от басында әңгімелесейік. Менің атым Лабискви. Ал сіздің есіміңіз кім?
Смок осылайша Снасстің қызымен танысты; әкесі оны Маргерит деп атайтын-ды.
– Әкемнің аты Снасс емес, – деп мәлімдеді бойжеткен Смокқа. – Снасс – оның тек үндісше аталатын есімі.
Смок сол күні де, тайпа бұғылар соңынан ілескен кейінгі кезде де талай жәйтке көз жеткізе түскен.
Иә, бұлар біршама жыл бұрын Энтон ұшырасып, қашып құтылған нағыз жабайы үндістер-тін. Осы жерге бұлардың аң аулайтын алқаптарының батыс шекарасы жақын жатқан-ды, ал жаз жайлауға теріскейге, тундраға, Мұзды мұхит жағалауларына көшетін, ал шығыс бағытында Лускваның өзіне дейін барып жығылатын. Смок Лусква дегеннің не өзен екенін ақыры түсінбеді, мұны бұған Лабискви де, Мак-Кен де ұқтырып бере алмаған. Оқта-текте Снасс ең кәнігі аңшыларын алып шығысқа аттанатын, Құз-жартас Тауларынан өтетін, көлдер мен Маккензи өзенін жағалап, Құнарсыз жерлерге дейін баратын. Соңғы мәрте сол аймақ сапарында жібек шатыр табылып, Лабисквидің жайына айналды.
– Ол Миллисент пен Эдбери экспедициясына тиесілі еді, – деді Смокқа Снасс.
– Ә, есімде! Олар жұпарлы өгіздерді аулаған. Құтқарушы экспедиция әлгілердің екеуінің де ешбір ізін таба алмады.
– Мен таптым оны, – деді Снасс, – алайда олар өліп те қалыпты.
– Мұны бүгінге дейін жан баласы білмейді. Хабар жеткен жоқ.
– Хабарлар ешқашан жетпейді, – деп байымдады Снасс сыпайгершілік пейілмен.
– Бұл егер әлгілерге тірі кезінде жетіп үлгергенімде ғой дегіңіз келгені ме?..
Снасс бас шұлғыды.
– Олар менімен және менің жұртыммен бірге қалар еді.
– Әйткенмен, Энтон кетіп қалды емес пе, – деді Смок қарсылық білдіріп.
– Ондай ат есімде қалмапты. Қай кездегі жағдай?
– Он төрт-он бес жыл бұрын, – деп жауап берді Смок.
– Демек, қалайда, өткен екен ғой… Соның жағдайы не болды деп өз-өзімнен талай сұрадым. Біз оны Сойдақ Тіс деуші едік. Ол мығым адам еді, өте мығым.
– Он жыл бұрын осы жерден Лаперль де өткен.
Снасс бас шайқады.
– Ол сіздердің тұрақтарыңыздың ізін көріпті. Жазда болған ахуал.
– Онда түсінікті, – деп үн қатты Снасс. – Біз жаз айларында жүздеген миль солтүстікке қарай отырамыз.
Смок қанша талпынса да Снасстің өткен өмірінің кілтін таба алмады. Өзі мынау жабайы теріскей аймағына қоныс аударғанша немен айналысқан жан? Сөзсіз білімді адам талай жылдардан бері кітап та, газет те оқымағаны анық. Осынау кезең аралығында дүниеде не өзгеріс болып жатқанын білмейді де, білгісі де жоқ. Алтын іздеушілердің Юконға жорығы туралы, Клондайк алтын дүрлікпесі жөнінде естігені де сөзсіз. Әйтеуір, алтын іздеушілер мұның иелігіне киліге қоймапты, міне, ол осыған қуанатын. Ал шексіз сыртқы әлем тірлігіне мүлде қызыққан емес. Снасс ол туралы тыңдағысы да келмейтін.
Лабискви де Смокқа әкесінің бұрынғы өмірі жайында мандытып ештеңе айта алмас еді. Ол осында, аңшылар тұрағында туған. Анасы бүлдіршін қыз алты жасқа келгенде дүниеден озыпты. Шешесі сұлу адам-ды – Лабискви бүкіл өмірінде көрген бірден-бір ақ нәсілді әйел. Қыз мұны мұңая еске алды және өз әкесі біржола безіп кеткен әлем туралы қайта-қайта айтып, қамыға толғанды. Иә, бойжеткен өзге бір үлкен ғалам бар екенін біледі, бірақ бұл – жеке құпиясы. Бұл жөнінде жай еске салудың өзі әкесін қатты ашуландыратынын баяғыда түсінген.
Энтон әлдебір үндіс әйеліне Лабисквидің атасы – қыздың шешесінің әкесі – Гудзонов шығанағы Компаниясында жоғары лауазымды қызмет атқарғанын баяндапты. Кейінірек сол үндіс әйелі мұны Лабисквиге жеткізеді. Бірақ бикеш өз анасының есімін сол бойы біле алмады.
Дэнни Мак-Кеннен де ешбір пайдалы мәлімет іліп алу мүмкін емес. Шырғалаңды жаратпайды. Жабайылар арасындағы кезбе өмір сұмдық нәрсе, ал ол мұндай тірлікті тоғыз жыл бойы бастан өткеріп келеді. Оны Сан-Францискода тұған кезінде ішкізіп, кит аулайтын кемеге алдап мінгізеді; Барроу мүйісінде мұнымен бірге командадағы үш адам қашып шыққан екен. Екеуі өледі, үшіншісі зор қиындықпен оңтүстікке жеткенде тастап кетеді. Нартәуекелмен оңтүстікке қарай қайтадан жөнеп, азапты да, қатерлі жолға шығардың алдында екі жыл эскимостар арасында тұрды, ал Гудзонов Компаниясының ең жақын бекетіне тек бірнеше күн қалған кезде оны Снасстің жас аңшылары қолға түсірген. Мак-Кен көзі ауыратын, шәпеті ғана келген ақылсыздау жан еді, оның арманы да, айтатыны да: сүйікті қаласы Сан-Францискоға, жанына жақын тас қалаушылық кәсібіне оралу болатын.
V
– Әйтеуір, бізге ақылды адам тап болды, – деді бірде Снасс Смокқа кешкісін от басында. – Сізге дейін жолымыз бола қоймапты. Әйткенмен, Төрткөз шал бар-тын. Үндістер солай атап кеткен-ді, алыстан нашар көргендіктен көзәйнек тағатын. Зоология профессоры еді. (Смок Снасстің осы сөзді мейлінше дұрыс айтқанын іштей түйіп қойды). Менің аңшыларым оны Поркьюпайн өзенінің бастауы тұсында ұстапты, адасып, өз экспедициясынан қалып қойған көрінеді. Дау жоқ, есті кісі-тін, алайда оған әлдене жетіспеді. Ылғи жолдан жаңылысады да жүреді. Геологияны жақсы біліп, металдармен «тілдесе» білгені де рас. Лусква жағасында көмір бар, Төрткөз сонда бізге арнап тамаша ұстахана салды. Өзі біздің қаруымызды жөндеді, осы іске жастарды да баулыды. Былтыр қайтыс болды, біз үшін орны қатты ойсырап тұр. Адасып кетіп, қоныстан әлденеше миль жерде үсіп өліпті, – міне, жағдай осылай жалғасты.
Сол кеште Снасс Смокқа:
– Сізге өзіңізге әйел таңдап алып, жеке шаңырақ құрғаныңыз жөн болады. Жас аңшылармен араласқаннан гөрі сол ыңғайлырақ. Білесіз бе, бізде қыздар мейрамы бар – бикештер алау жағады да, болашақ күйеуін күтеді. Бұл, әдетте, арқан балық көбейген жаз айында өткізіледі, әйткенмен, қаласаңыз, оны ертерек ұйымдастырта аламын.
Смок күліп, бас шайқайды.
– Есіңізде сақтарсыз, – деді Снасс байыпен сөзінің соңында, – Энтон – мына жерден шығудың сәті түскен жалғыз адам. Оның бағы бар екен, керемет жолы болды.
Лабискви Смокқа әкемнің ерік-жігері темірдей деген-ді.
– Төрткөз оны Мұздай Пират дейтін, мұның мәнін де білмедім, – Салқынқанды Жендет, Үңгір Аюы, Алғашқы қауымдық Жыртқыш, Бұғы Королі, Сақалды Қабылан, тағы да басқа аттармен атайтын. – Төрткөз осындай сөздерді ұнататын. Маған ағылшын тілін үйреткен сол кісі. Әр кез әзілқой еді. Оның ойыны мен шыны қайсы екенін ажырата бермейтінбіз. Ашуланған кезімде – менің гепард достым дейтін. Ал гепард деген не? Ылғи осылай келемеждейтін-ді.
Смокты Лабисквидің ересек қыздың келбетіне сәйкесе қоймайтын албырт та аңғырт, қызу шатпақтары таңырқататын.
Иә, оның әкесі қайсар адам. Одан бәрі сескенеді. Қабаржыса өте үрейлі. Мұнда Жайра тайпасы бар. Осылар мен Лусква тайпасы Снасске делдалдық қызмет көрсетіп, осы үшін факторияларда тері сатып, оқ-дәрі мен темекі алып келеді. Бұл әрқашан адалдық танытса, Жайралардың көсемі мұны алдауға кірісті. Снасс екі мәрте ескерту жасаған, одан әлгінің мекен-тұрағын өртеп, Жайралар тайпасының он бестей адамы шайқаста өлтірілді. Бұдан кейін ешкім Снасске өтірік айтуға тырысқан емес.
Бірде қыздың тіпті кішкене кезінде ақ нәсілді әлдекім осы жерден қашып кетуге әрекеттеніп еді, оның да көзі жойылды. Жоқ, оны әкесі өзі өлтірмеген, тек жас аңшыларға бұйрық берді. Бірде-бір үндістің әкесінің айтқанын орындамаған кезі жоқ.
Бойжеткен баяндаған сайын Смок үшін Снасстің құпиясы тереңдей түсті.
– Маған айтып беріңізші, – деп сұрады Лабискви, – жер бетінде Паоло және Франческа* деген ер мен әйелдің болғаны, олардың бір-бірін сүйгені рас па?
_______________________________________________________
* (Паоло мен Франческа – италиялық ұлы ақын Данте (1265-1321) өзінің «Таңғажайып комедия» шығармасында еске салатын ортағасырлық италиян ескі тәмсілдерінің кейіпкерлері. Онда Паоло өзінің ағасы Джангалеаццоның әйелі Франческуді сүйіп қалады. Өз қызметшілерінен жағдайға қаныққан Джангалеаццо ғашықтарды өлтіреді. Данте Паоло мен Франческидің махаббаты жайында асқан аяушылық сезіммен баяндайды).
Смок бас изегенде қыз гүл-гүл жайнап кетті.
– Маған олар жайында Төрткөз әңгімелеп берген еді. Демек, ол қалайда ойдан шығармаған болып тұр. Білесіз бе, өзім біртүрлі сенбегенмін-ді. Әкемнен сұрағанымда оның қалай ренжігенін көрсеңіз! Үндістер маған әкемнің Төрткөзге сұмдық ұрысқанын айтып берді. Бұдан соң Тристан мен Изольда бар… Тіпті, екі Изольда. Бұл өте мұңлы тарих. Әйткенмен, өзім осылай сүюді қалар едім. Ал сіздердің сонау әлемде барлық ерлер мен әйелдер бір-бірін бұлайша сүйе ала ма? Мұнда ондай – жоқ. Мұнда тек үйленеді. Бәлкім, бұлар өзге бір шаруалардан босай алмайтын болар. Мен ағылшын қызымын, үндіспен ешқашан тұрмыс құрмаймын – сіздіңше қалай, осыным дұрыс па? Сондықтан мен өзімнің бойжеткендік алауымды әлі жаққан жоқпын. Бірнеше жас аңшы әкемнен мені алау жағуға мәжбүр етуін қаншама мәрте өтініп те үлгерді. Либаш та. Ол жойқын аңшы. Ал Махкук әлі күнге дейін айналсоқтап ән салумен жүр. Өзі сондай күлкілі! Бүгін іңір қараңғысында менің шатырыма келіңіз – соның қалай ән шырқағанын көресіз. Күн аяз, ал ол айнала жағалап өлең айтады. Әкем маған: өз көңіл қалауың білсін дейді, сол себептен алау жаққан емеспін. Түсінесіз ғой, қыз күйеуге шығуды ұйғарған кезде жас жігіттерге белгі ретінде от жағады. Төрткөз бұл тамаша дәстүр деген. Ал өзі ақыры өзіне әйел таңдамады. Мүмкін тым кәрі болғандығынан да шығар. Басындағы шашы да өте сирек еді, әйткенмен, өз ойымша, ол соншама қарт та емес-тін. Ал сіз ғашық екеніңізді қалай білесіз? Паоло мен Франческаға ұқсап біреуді сүйіп көрдіңіз бе?
Смок қыздың жарқыраған көгілдір көзі алдында абдырап қалды.
– Былай ғой… – деп кібіртіктей үн қатты ол. – Жұрттың айтуынша… ғашық адам… Махаббат өмірден де қымбат дейді. Ер мен әйел дүниеде әлдекімнің өзіне сонша аяулы екенін сезінген сәтте… міне, ендеше, бұлар ғашықтар. Шынында да, солай, тек осыны түсіндіру өте қиын. Мұны іштей білесің, сол ғана.
Қыз алаудың түтіні арасынан алыс қиырға көз тікті, одан ауыр күрсініп алып, қайтадан ине-жібін қолына алды (ол тері биялай тігіп жүр еді).
– Қайткен күнде де, – деп кесіп айтты бикеш, – мен ешқашан тұрмысқа шықпаймын.
VI
– Егер қашатын болсақ, алды-артқа қарамай зымырау керек, – деді түксиген Тайпақ.
– Иә, біз мұнда алып қақпандамыз, – деп келісті Смок.
Жалаңаш дөңге көтерілген екеуі қар құрсауындағы Снасстің патшалығын шолып тұрды. Шығыстан, оңтүстіктен, батыстан да бұл орынды алыста мұнартқан таулардың найзадай шыңдары мен өркеш-өркеш жоталары қоршап жатты. Солтүстікке қарай дәл сонау шетсіз-шексіз адырлы қырат созылады, бірақ екеуі онда да жолды бес немесе алты тау тізбегі кес-кестейтінін білді.
– Жылдың осы мезгілінде сіздерге үш күн мұрсат ұсына аламын, – деді Смокқа Снасс сол кеште. – Өздеріңіз түсінерсіздер, сіздерді іздеріңіз ұстап береді. Энтон қар жоқта қашқан еді. Менің сайыпқырандарым кез келген ақ нәсілдіні қуып жетеді; оның үстіне олар үшін сайраған соқпақты өздеріңіз салып бересіздер. Ал қар ерігенде мен де сіздерді Энтонша қашып кетпеудің лажын қарастырармын. Біз көшелі, дархан өмір салтын ұстанамыз. Ал анау әлем тез ұмытылады. Сол дүниесіз-ақ күн кешудің оп-оңай екені мені осы күнге дейін таңырқатады.
– Дэнни Мак-Кен мазамды алып бітті, – деді Тайпақ Смокқа. – Оның нашар жолсерік екені түсінікті, әрине. Бірақ ол батысқа бастайтын жолды білетінін айтып ант-су ішіп отыр. Сонымен келісуімізге тура келер, Смок, әйтпесе саған қиын тиеді.
– Неліктен тек маған қиын тимекші? Бәріміздің жағдайымыз бірдей.
– Мүлде олай емес. Әсілі, дәл саған сақ болу қажет шығар.
– Бұл не сөзің?
– Немене, ештеңе естімегенсің бе?
Смок бас шайқады.
– Маған бойдақтар айтты, – деп жалғастырды Тайпақ. – Өздері де кейінде ғана біліпті. Бұл өз мерзімінен жарты жылдай ерте жасалатын секілді.
Смок иығын қушитты.
– Сөздің не туралы екені де қызықтырмай ма өзіңді? – деп әжуаға басты Тайпақ.
– Құлағым сенде.
– Қысқасы, Дэннидің әйелі бойдақтарға әлгінде ғана айтыпты… – Тайпақ әңгіме мәнін арттыра түсу үшін біршама үнсіз қалған. – Ал оны бойдақтардың маған жеткізгені түсінікті шығар. Бүгін кешке қыздардың алауы жағылады. Міне, осы ғана. Бұған қалай қарайсың?
– Сөзді қайда бұрып бара жатқаныңды түсінсем бұйырмасын.
– Аһ, міне қалай! Түсінбейсің бе? Бұл, тіпті, өте айқын да ұғынықты нәрсе. Бір жас қыз соңыңа түсіпті, енді сол алау жақпақшы; ал ол бойжеткеннің аты – Лабискви. Еһе, сен өзін елемеген кезде оның саған қандай көзбен қарайтынын байқадым мен! Бұрын-соңды алау жаққан емес. Ешқашан үндіске тұрмысқа шықпаймын деп қайталаумен жүретін. Ал енді жеке от тұтатпақшы және мұны сөзсіз сен үшін жасайды, ғазиз достым.
– Иә, пайымың қисынды, – деді Смок, сөйтті де Лабисквидің соңғы күндері өзін қалай ұстағаны есіне түсіп, зәресі ұшып кетті.
– Бұл сөзсіз, – деп қайталады Тайпақ. – Ылғи осылай болады. Зытайық деп ойлағанымыз сол-ақ еді – міне сендерге, қайдағы бір қыз килігеді де бәрін аласапыран қылып жібереді. Сәттіліктен дәмеленбейік… Еһе! Естимісің, Смок?
Үш кемпір бойдақтар тұрағы мен Мак-Кеннің алауы арасындағы орта жолға тоқтады да, ішіндегі ең кәрісі шаңқылдаған ащы дауысқа салып әлденені бажылдай бастады.
Смок кісі есімін ажыратса да, айтылған сөзді толықтай түсіне қойған жоқ еді, мұны Тайпақ тұнжырап, бір жағынан мысқылды кескінмен аударуға кіріскен:
– Ұлы Көсем, Бұлт Әміршісі Снастің қызы Лабискви бүгін кешке өзінің алғашқы қыз алауын жағады. Мака – Қасқырлар Тажалы Оуитстің қызы…
Осылайша он, әлде он екі бикештің аты аталды, бұдан соң үш жаршы жаңалықты өзге оттардың маңайында жариялау үшін әрі қарай ілбіген.
Ешқашан қызбен сөйлеспеуге ант берген жас жігіттерге алдағы бұл мейрамның қатысы жоқ еді, – бұлардың «бойдақтар» деп атануы да осыдан; олар Снасстің бұйрығы бойынша таңертең алыс сапарға аттануға тиіс-тін, ал енді мына жағдайды ұнатпайтындықтың дәлелі ретінде жолға дәл қазір шығу ұйғарылды.
Снасске қарт аңшылардың есебі ұнай қойған жоқ: егер соңынан тайпа ілескен бұғы саны, шынында, осынша шағын болса, онда табын арасы бөлініп қалыпты деген байламға келді көсем. Сөйтті де, үлкен табынның екінші жартысын іздеп табу үшін солтүстік пен батысқа бойдақтарды барлауға жөнелтті. Лабисквидің алау жағу ниетінен дегбірі қашқан Смок бойдақтармен бірге кеткісі келетінін мәлімдеді. Тек алдымен Тайпақ пен Мак-Кенмен ақылдасқан.
– Бізді сонда үшінші күні күт, Смок, – деді Тайпақ. – Ал біз керек-жарақ пен иттерді ала шығамыз.
– Тек есіңде болсын, – деп ескертті Смок, – егер бізге әлдеқалай кездесудің сәті түспесе сендер өз жолдарыңмен жүріп, Юконға шығуға тиіссіңдер. Бұл – шешілген мәселе. Құтылып шыға алсаңдар – жазда мені құтқаруға келесіңдер. Ал мен ыңғайы келсе қашып, кейін сені әкету үшін қайта ораламын.
Өз отының қасындағы Мак-Кен көзімен нұсқап батыс тұстағы жазыққа қарай заңғар шыңдар тізбегінен әріде өңкие түнерген алып тауды көрсетті.
– Әне, анау сол, – деді Мак-Кен. – Оңтүстігінде шағын бұлақ бар. Біз сол арқылы көтерілеміз. Сіз үшінші күні бізді күтіп аласыз. Онда сол уақытта жетеміз. Әлгі бастауға қай тұстан шықсаңыз да, бізге жолықпағанмен, ізімізді табасыз.
VII
Алайда Смоктың көздегені болмады. Бойдақтар барлауды өзге бағытта жүргізуді ұйғарды, ал Тайпақ пен Мак-Кен өз иттерін ертіп бұлақ сағасымен дәл жоғары көтерілген кезде Смок сонау сыбай-салтаң жігіттермен бірге бұлардан солтүстік-шығысқа қарай алпыс миль қиыс екінші бұғылар табынының ізіне түскен-ді. Бірнеше күннен кейін бұлар қар жапалақтаған алакөбең ымырт қараңғысы мезгілінде қонысқа оралған. От басында еңіреп жылап отырған үндіс әйелі кенет атып тұрып, Смокқа бас салды. Көзіне қан толған қатын жаңада келуші шаналардың бірінде үнсіз сілейіп денесі теріге ораулы жатқан әлдекімге қол созып, бұны қарғап-сілеп, жекіп ұрсып, жеп қоя жаздады.
Мак-Кеннің ошағы басына таяған Смок не жағдай болғанын жобалап қана сезініп, іштей кезекті нәлеті-лағынетті естуге даярлана берді. Бірақ ол жұдырықтай бұғы етін сүйсіне жеп отырған Мак-Кеннің өзін көрген.
– Менің ерлігім жетпеді, – деді ол міңгірлей ақталып. – Ал Тайпақ қашты, алайда қуғын әлі аяқталған жоқ. Өзі аянбай-ақ шайқасты. Бәрібір құтылмайды, қолға түседі. Екі адамды атып кетті, олар оңалар. Тағы біреуін қақ жүректен атыпты.
– Білемін, – деп жауап қатты Смок. – Оның жесірімен жаңа ғана жолықтым.
– Снасс сізбен сөйлеспекші еді, – деп жалғастырды Мак-Кен. – Оралған бойыңызда өзінің алауы басына келуіңізді бұйырды. Мен сізді сатқам жоқ. Сіз ештеңеден хабарсызсыз. Осыны мықтап жадыңызға тұтыңыз. Тайпақ жанын шүберекке түйіп менімен бірге қашты.
Смок Снасстің ошағы қасында Лабисквимен ұшырасқан. Оның өзіне қарағандағы көзінен төгілген нұрлы шуақ мұны, тіпті, қорқытып та жіберді.
– Қашуға әркеттенбегеніңіз үшін өте қуаныштымын, – деді бикеш. – Көрдіңіз бе, мен… – Қыз қызарақтап бөгелді, тек көзін түсірмеген, оның жанарынан құйылған сәуленің мәнін түсінбеу мүмкін емес-ті. – Мен өз алауымды жақтым, әрине, сізге бола тұтаттым. Менің де сәтім келді. Сіз маған дүниеде бәрінен де қымбатсыз. Әкемнен де аяулысыз. Мыңдаған Либаш пен Махкуктен де ардақтысыз. Мен ғашықпын. Бұл өзі қызық. Франческадай, Изольдадай сүйемін. Төрткөз шал шындықты айтыпты. Үндістер бұлайша сүйе алмайды. Әйткенмен, менің көзім көгілдір, терім – ақ. Біз екеуміз де ақ нәсілдіміз, сіз де, мен де.
Бұрын-соңды бірде-бір әйел Смокқа ниет білдіріп, сөз салып көрмепті, сондықтан бұл өзін қалай ұстауды білмей дағдарды. Дегенмен, осы тіпті ұсыныс та емес-тін. Оның келісетініне әркім сенімді еді. Мұның бәрі Лабискви үшін оп-оңай, түсінікті жәйт-тін, көзінің нұрлана елжірегені сонша, Смокты енді оның өзін құшақтап, иығына басын сүйей қоймағаны ғана таңырқатқан. Соңыра қыздың ниеті қаншалықты адал, риясыз болғанымен, оның ғашықтардың бір-бірін емірене аялау қимылымен таныс еместігін түсінді. Алғашқы қауымдық жабайылар одан хабарсыз-ды. Лабисквидің де ондайды көріп, үлгі алатындай жері болмаған.
Бойжеткен жан-жүрегінен асып-төгілген шаттық пен сүйіспеншілік сезімін ағыл-тегіл баяндап былдырлай берді, бір кезде Смок батылданған, – әлдекімнің қызға ащы шындықты ашуы қажет емес пе… Сондай мүмкіндік осыған бұйырған секілді.
– Тек тыңдаңызшы, Лабискви, – деп бастады ол, – сіз Төрткөздің өзіңізге Паоло и Франческидің махаббаты туралы тарихты түгелдей айтып бергеніне сенімдісіз бе?
Қыз қос алақанын шарт еткізіп, шаттана күлді:
– Аяғы айтылмаған ба! Бәсе, махаббат әңгімесі толықтай бітпегенін біліп едім! Өз алауымды жаққалы бері ұзақ ойладым. Мен…
Алайда осы кезде жауған қар шымылдығы арасынан отқа қарай Снасс адымдай тақалды, сөйтіп оңтайлы сәт кейін серпілген.
– Қайырлы кеш, – деп күңк етті Снасс. – Сіздің досыңыздың не сұмдыққа ұрынғанын білесіз бе. Әйтеуір, өзіңіздің естілік танытқаныңыз тәуір болды.
– Мүмкін, не жағдай өткенін өзіңіз айтарсыз маған? – деп сұрады Смок.
Снасс ызбарлана күлгенінде, түтінге ысталған сақалы арасынан таңқаларлықтай аппақ тісі жарқ еткен.
– Әлбетте, айтамын, – деп жауап қатты ол. – Сіздің жолдасыңыз менің адамдарымның бірін өлтірді. Анау сүйкімсіз байғұс Мак-Кен алғашқы оқ атылғанда-ақ зәресі кеткен. Енді қашпайды. Досыңызды аңшыларым тау арасында өкшелеп қуып барады – және ол қолға түседі. Юконды көру оған бұйырмаған. Ал өзіңіз менің ошағымның басына жайғасасыз, енді аңшылармен бірге шықпайсыз. Сізді өзім қарай бастаймын.
VIII
Снасстің алауы қасына көшкен Смок күрделі жағдайға тап болды. Енді оған Лабисквимен бұрынғыдан да жиі ұшырасуға тура келді. Ал қыздың аяулы, бейкүнә сезімін ешбір жасырмауы мұның берекесін қашырады. Бойжеткен бұған ынтызарлықпен қарайды және әрбір көзқарасы – көл-көсір мейірім. Бұл оған батылын жинап, Джой Гастелл туралы айтуға қайта-қайта оқталды, бірақ әр жолы қорқақпын деген ұйғарымға келген. Және ең қиыны, Лабискви ғажайып жан! Сүйсінбеуің мүмкін емес… Оның жанында өткізген әрбір минут мұны өзін жек көруге мәжбүрледі – қалай дегенмен, бұл сәттердің бәрі ғанибет еді. Өзінің алдында алғаш рет әйел жаны ашылды – Лабискви жан-жүрегінің мөлдіреген тазалығы, қайран қаларлықтай аңғалдығы мен кіршіксіздігі сонша, Смок оны түбіне дейін көріп, ашылған кітаптай оқыды. Лабисквиде жалғандық пен әлдебір қағида шарттарынан ада пәк ішкі әлемімен бірге әдепкі әйелдік мейірім бар еді.
Бұл өзі кезінде оқыған Шопенгауэрді* есіне түсірді де, сол тұнжыр философтың қатты қателескенін пайымдады. Смоктың Лабисквиді танығанындай, әйелді тану – әйел атаулыны жек көретіндердің бәрінің есі ауысқанын түсіну деген сөз еді.
____________________________________________________________
* (Шопенгауэр, Артур (1788-1860) – немістің философ-идеалисі. Шопенгауэр іліміне сай, әйел ер адамдармен салыстырғанда – төменгі сатыдағы жаратылыс).
Лабискви ғаламат-тын, алайда сүйек-еттен жаралған оның да бет-бейнесімен қатар әрдайым отты елестей болып Джой Гастеллдің кескіні көлбеңдейді. Джой қашанда байсалды еді, өз-өзін солай ұстады, өркениеттің әйел алдына қойған барлық тыйымдарына бағынды; ал енді қазір Смоктың қиялы Джой Гастеллді өзінің Лабисквидің бойынан тапқан жан әлемі қазынасымен байытты. Бұлар бір-бірін биіктетті әмбе Смоктың көз алдында осынау қарлы аймақта, Снасстің алауы қасында Лабисквидің ішкі дүниесінен байқаған қасиеттері әсерімен бүкіл әлемнің әйелдері асқақтап бара жатты.
Ол өзі жайында да талай жәйтті ашқан-ды. Джой Гастелл туралы білетін барлық жағдайды еске түсіріп, оны сүйетінін пайымдаған. Оған қоса Лабисквидің жанында өзін сонша жайлы, керемет рахат сезінеді. Бұл махаббат болмаса не сонда? Осы сезімді аласартпай басқаша атауға бола ма? Жоқ, бұл – махаббат. Әрине, махаббат. Сөйтсе, бұл көп некелілікке бейім екен ғой! Осы жаңалық жан әлемін дүр сілкінтті. Кезінде сан-франциссколық дегдарлар арасында тұрғанында ер адам бірден екі, тіпті, үш әйелді қатар сүйе алады деген әңгімені естігені бар. О кезде сенбеген. Мұндайды өзі бастан кешпеген соң қайдан илансын? Ал қазіргі жағдай басқаша. Енді ол, расында да, екеуін бірдей сүйеді – әрине, Джой Гастеллге деген сезімі күштірек болуы мүмкін, ал кей сәттерде Лабисквиді артығырақ сүйемін деп ант ішуге даяр.
– Дүниеде әйелдер көп шығар, – деді Лабискви бірде. – Және әйелдер ерлерді сүйеді. Өзіңізді, бәлкім, көптеген әйелдер жақсы көрген болар. Солар жөнінде айтып беріңізші.
Смок үндемеді.
– Әңгімелеп беріңізші, – деп қайталады қыз.
– Мен ешқашан үйленген емес едім, – деп жалтара жауап берді бұл.
– Сонда сіздің басқа ешкіміңіз жоқ па? Сонау жақта өзге бір Изольдаңыз болмаған ба?
Міне, осы кезде Смок өзінің қорқақ екенін ұққан. Сөйтті де өтірік айтты. Еріксізден, бірақ, жалған сөйледі. Ол бас шайқап, ақырын ғана, мейірлене жымиды – Лабискви шаттықтан нұр жайнап кеткен сәтте бұл өзінің оған қаншалықты аялай қарағанын білмеген де.
Ол өз-өзін ақтауға тырысып, өзін көрінеу монтаны сылтаумен жұбатқан, әйтсе де, әсілі, осынау жас қыздың жүрегін жаралайтындай сонша тасжүрек жан емес-ті.
Смок Снассқа бола тіптен абыржи түскен. Қара көзі ешбір құбылысты қалт жібермейтін шотландтықтың айтылған әр лебізі белгілі мағынаға толы еді.
– Қызының тұрмысқа шыққанын көру кімге қолайлы дейсіз? – деді ол Смокқа. – Есті адам қандай жағдайда да мұндайға ұмтылмайды. Бұл ауыр. Сізге айтайын, тіпті, осы жөнінде ойлаудың өзі жанға батады. Бірақ амал не, өмір солай: Маргерит те күйеуге әйтеуір бір шығуға тиіс емес пе.
Арада үнсіздік орнады, осы сәтте Смок Снасстің өткен өмірінде не бұғып жатыр екен деп өз-өзінен жүзінші мәрте сұраған.
– Мен дөрекі, қатал адаммын, – деп сөзін жалғастырды Снасс. – Алайда заңның аты заң, мен – әділмін. Оның үстіне, осында, мынау алғашқы қауым адамдарының арасында заң да, сот та менмін. Бәрі де менің еркіме бағынады. Және мен әкемін, болжампаздық қасиет әрдайым өзімнің сорым да еді.
Бұл сөздің нендей бағытта айтылғанын Смок ақыры біле алмады, – оны шатыр ішінен шыққан қатты ырыл мен саңқ еткен күміс күлкі бөліп жіберді, Лабискви таяуда қолға түскен бөлтірікпен ойнап отырған-ды. Күйзеліп ауырсынғаннан Снасстің өңі бұзылып кетті.
– Оқасы жоқ, өткеремін мұны, – деп күбірледі ол түнеріп. – Маргериттің тұрмыс құруы керек, бұл жерден сіздің табылуыңыз маған да, қызым үшін де бақыт. Төрткөзге үміт артқан жоқ едім. Ал Мак-Кеннің тұрлаусыздығы сонша, мен оны жиырма жыл қатарынан өз алауын жаққан үнді әйеліне қосып құтылдым. Егер сіз болмағанда қызымды үндіске ұзатуыма тура келер еді. Менің жиендерімнің әкесі Либаш болуы мүмкін-ді!
Осы сәтте шатырдан қасқырдың күшігін көтерген Лабискви шығып, өзін магниттей тартқан жанды көру үшін отқа жақындады; көздері сүйіспеншіліктен нұрлана жайнайды, оған мұндайды жасыруды ешкім үйретпеген.
IX
– Құлақ салыңызшы, – деді Мак-Кен. – Көктем де келді, жылымық басталды, қар бетін қабыршақ мұз жапты. Жолға шығудың нағыз сәті жетті, тек тау ішінде жазғытұрымғы ақ боран жүреді. Оны жақсы білемін. Өзге біреумен қашуға бел байламас едім, ал сізбен аттануға даярмын.
– Қашу қайда сізге, – деп қабаржыды Смок. – Кімге болса да тек масыл екеніңіз белгілі. Босбелбеулігіңіз сонша, сұйық ботқадай былжырап жүрсіз. Қашсам, жалғыз қашамын. Әсілі, мүлде шықпаймын, ешқайда аттап басқым жоқ. Бұғы еті таңдайыма татиды, жаз да алыс емес, арқан балықтың етін жейміз.
– Сіздің досыңыз қайтыс болды, – деді Снасс. – Оның ажалы менің аңшыларымнан келген жоқ. Өліп жатқан жерінен тауыпты, тау арасында үсіп қалған, көктемгі бұрқасын астында қалған көрінеді. Бұл жерден ешкім де кете алмайды. Сіздің үйленуіңізді қашан тойлаймыз?
Ал Лабискви айтты:
– Қараймын да, сіздің жүзіңіз бен көзіңізді торлаған мұңды көремін. Мен сіздің бет-пішініңізді жақсы білемін! Мойныңызда, құлағыңыздың дәл түбінде кішкене тыртық бар. Көңілі күйіңіз жақсы кезде езуіңіз жоғары көтеріледі. Ал уайымға берілгеніңізде төмен түседі. Жымиған шақта көзіңізден үш немесе төрт сәуле ұшқындайды. Күлгенде – алтау. Кейде, тіпті, жетеу, мен санадым. Қазір соның біреуі де жоқ. Кітап оқыған емеспін. Хат танымаймын. Бірақ Төрткөз маған көп нәрсе үйретті. Ағылшынша дұрыс сөйлеймін. Мұны да маған сол сіңірген. Оның көзінен тура аш адамдікіндей зарығуды – үлкен әлемге деген сағынышты көретінмін. Ол сол дүниені жиі көкседі. Ал өзі бізде етті тойғанша жеуші еді ғой, о тұста балық та, жеміс-жидек, түрлі тамыр мол-тын, тіпті, ұн да болды, – оны Жайра мен Лусква теріге айырбастап әкелетін-ді. Бәрібір оған сонау үлкен ғалам жетіспеді. Әлгі әлем сонша керемет пе, сіз де соны аңсайсыз ба? Төрткөзде ештеңе жоқ еді. Ал сізде – мен бармын. – Қыз күрсініп, бас шайқады. – Төрткөз үзілерінде де қамықты. Сонда, егер осында біржола қалған жағдайда, сізді де сонау елге деген сағыныш өлтіре ме? Мен ол әлемді мүлде білмеймін бе деп қорқамын. Солай қарай қашқыңыз келе ме?
Смоктың жауап беруге дәрмені жетпеді, тек езуі дір ете қалды – қыз жағдайды түсінді.
Үнсіз минуттер орнаған; Лабисквидің іштей арпалысқа түскені байқалды, Смок та өзін тайғанақтығы, дәрменсіздігі үшін сыбап тұрды: қызға өзінің еркіндікке, кең әлемге деген аңсарын қалай байқатып алды және өзге әйелді жақсы көретінін неге айтпады!
Лабискви тағы да күрсінді.
– Жақсы, – деді ол. – Сізді сүйетінім сонша, ашуланса таудың алапат боранынан бетер әкемнен де қорықпаймын. Сіз маған сүйіспеншілік дегеннің не екенін баяндап бердіңіз. Бұл – махабаттың сынағы. Мен өзіңізге мына жерден қашып шығып, үлкен әлемге оралуыңызға жәрдемдесемін.
X
Смок оянды да, тып-тыныш, қимылсыз жатты. Кішкене жылы қол жүзінен сырғып барып, жайлап қана ерніне аялдады. Аяз лебі ескен тері бетін қытықтап, әлдекім құлағына тек бір сөзді сыбырлаған:
– Жүрейік.
Ол басын көтеріп, абайлап отырып, төңірекке елегізіді. Жүздеген ит бүкіл қонысты басына көтеріп, түнгі «әнін» гулетіп үлгерген; Смок ұлыған, үрген дыбыс арасынан жақын тұстағы Снасстің бәсең, біркелкі демін естіді.
Лабискви ақырын ғана жеңінен тартты да, қыздың соңынан ілесу керектігін түсінді. Ол өз мәсісі мен жүн шұлығын алып, ұйықтарда киетін башмағымен жайлап тысқа шықты. Бикеш от қоламтасы қасында бұған қызара жылтылдаған көмірдің шала шоғы жарығымен ымдап, кебісін киюді нұсқады да, өзі Снасс ұйықтап жатқан шатырға қайта еніп кетті.
Смок сағат тілін сипаса – түнгі бір бопты. Тіптен жылы екен деп ойлады ол, аяз он градустан төмен емес сияқты. Лабискви қайта оралды да, мұны ұйқыдағы тұрақтың қараңғы соқпақтары арқылы жетелей жөнелді. Қаншалықты аңдап басқанмен де, табан астындағы қар бәрібір сықырлайды, әйтеуір, бұл дыбыс жүз дауысты ит «зарына» көміліп қалғаны түсінікті: төбеттер екілене ұлиды, олар тұстарынан өтіп бара жатқан ер мен әйелге үріп әуреленген жоқ.
– Енді сөйлесуге де болады, – деді Лабискви соңғы алау жарты мильдей артта қалған шақта.
Қыз өзіне қарай бұрылды – Смок сонда ғана жұлдыздардың әлсіз жарығымен оның қолының бос емесін аңдаған; жүгін сипалап қараса – мұның шаңғылары, мылтық, оқ-дәрі тізілген екі оқшантай және жүн көрпелер бар.
– Мен бәрін де ойластырдым, – деп бойжеткен шаттана күлді. – Екі күн бойы құпия орын әзірледім. Онда ет апардым, ұн да, сіріңке де, қатқақта жүруге ыңғайлы жіңішке шаңғы, тіпті, қар әбден жіпсіген кезде салмағымызды жақсы көтеретіндей тоқыма шаңғы да жеткіздім. О, мен соқпақ салуды да білемін, біз жүйіткіп тез жүретін боламыз, сүйіктім.
Смок не дерін білмей, аңтарылды. Бұған қашуға көмектесуінің өзі таңғажайып әрекет, ал қыз мұнымен бірге кетеді дегенді ешбір күтпепті. Абыржып, енді қайтерін білмеген ол жайлап бикештің жүгін алды. Бұдан соң ойын жинақтауға мұршасы бола қоймай, бір қолымен қызды құшақтап кеудесіне қысқан.
– Жаратушы мейірімді, – деп күбірледі Лабискви. – Ол маған сүйгенімді жіберді.
Смоктың жалғыз кеткісі келетіні туралы ниетін іркіп, үндемей қалуға ерлігі жетті. Алайда ойын қайтадан жинақтағанша алыстағы мың бояулы әлемнің, қиырдағы күн сәулетті елдердің кескіндері жадында жылт етіп қайта өшкен.
– Кері қайтайық, Лабискви, – деді ол. – Сен менің әйелім боласың, сөйтіп біз әрдайым Бұғышылар халқымен бірге тұратын боламыз.
– Жоқ, жоқ! – Қыз бас шайқап, жігіт құшағында тұрған бойы денесін тіктеп қарсылық білдірді. – Білем мен. Көп ойланғанмын. Сені үлкен әлемге деген сағыныш діңкелетіп бітеді, ұзақ түндерде жүрегіңді боршалайды. Ол Төрткөзді құртқан. Сені де өлтіреді. Мұнда үлкен ғаламнан келгендердің бәрі құсадан күйрейді. Ал мен сенің өлгеніңді қаламаймын. Біз оңтүстікке жетеміз де, қарлы шыңдар арқылы өтеміз.
– Тыңдашы мені, аяулым, – деп жалынды бұл, – қайтайықшы!
Қыз биялай киген қолымен мұның ернін басып, сөзін жалғастыруға мүмкіндік бермеді.
– Сен сүйесің бе мені? Айтшы, сүйесің бе?
– Сүйемін, Лабискви. Сен менің сүйіктімсің.
Қыздың қолы қайтадан үпілеп жігіттің аузын жапты.
– Жасырын орынға барайық, – деді сеніммен Лабискви. – Оған дейін әлі үш мильдей бар. Жүр.
Смок орнынан қозғалмады, қыз оның қолынан тартқанымен, жылжыта алар емес. Жігіт сонау оңтүстікте өзін басқа бір бикеш күтіп жүр деуге шақ қалған…
– Саған станға қайтуға болмайды, – деді Лабискви бастырмалатып. – Мен… мен тек жабайымын, анау үлкен әлемнен сескенемін, ал одан да бұрын сен үшін қорқамын. Байқайсың ба, барлығы маған өзің айтқандай екен. Дүниеде мен сені бәрінен де жақсы көремін. Өзімнен де артық сүйемін. Бұл жөнінде баяндайтындай үндіс тілінде сөз жоқ. Ондай сөз ағылшын тілінде де кездеспейді. Жүрегімнің бар зейілі – сен туралы, бәрі жұлдыздай жарқын, жұлдыздардай қисапсыз және оны әңгімелеп беретіндей сөз табылмайды.
Жүрегімде не бар екенін қалай түсіндіре аламын саған? Міне, көр!
Бикеш мұның қолын алып биялайын шешті де, өзіне қарай, бешпетінің жылы терісінің астына тартып, дәл жүрегінің тұсына тосты. Ұзақ үнсіз қалған Смок қыз жүрегінің әрбір дүрсілі махаббат екенін естіп, сезінген. Бойжеткен одан жігіттің қолын босатпаған бойда ақырын ғана, байқатпастан бір жағына жылжып, алға аттады. Ол мұны құпия жерге бастаған еді – бұл қарсылық көрсете алмады. Қолында соғып тұрған қыздың жүрегі мұның жүрегін жетелеп бара жатқандай көрінді.
XI
Таяуда еріген қар түн арасында аязға ілікті де, шаңғылар қатқақ мұз бетімен лыпылдап жылдам сырғи жөнелді.
– Әне анау ағаштардың сыртында құпия жер бар, – деді Смокқа Лабискви.
Қыз кенет ошарыла селк етіп, жігіттің қолынан шап берген. Тал ортасында шағын алаудың жалыны шалқып тұр, ал от алдында Мак-Кен отыр. Лабискви тісінің арасынан үндісше әлдене айтып еді, онысы осып жіберген шыбық дыбысындай естілгенде Смок қызды Төрткөздің гепард деп атайтынын еске түсірді.
– Сіз мені тастай қашады деп бекер қауіптенбеппін – деді Мак-Кен Смок пен Лабискви жақын келген кезде өңменнен өтетін жылмысқы көзі жылт етіп. – Тек осында шаңғы мен тамақ әкеліп жасырған қызды бақылап жүрдім де, өзім де жолға жиналдым. Мен де шаңғы, ас-ауқат әзірлеп алдым. Алауды айтасыздар ма? Қорықпаңыздар, бұл қауіпті емес. Қоныстағы жұрт тырп етпей ұйықтап жатыр, ал от болмаса мұнда сіздерді күтемін деп қатып қалар едім ғой. Қазір аттанамыз ба?
Лабискви Смоктың көзіне шошына бір қарап алды да, сол бойда батылдана үн қатты. Смок балаң қыз деп қабылдайтын ол енді ешкімнің ақыл-көмегіне жүгінбейтін адамдай қатқыл сөйлеген.
– Сен Мак-Кен ит, – деді ол тістеніп әлгіге ызбарлана қарап. – Не ойластырғаныңды білемін: егер біз ертпесек, бүкіл станды аяғынан тік тұрғызасың. Амал не, жақсы. Сені алуға тура келеді. Бірақ менің әкемді білесің. Мен де тура сондаймын. Бізбен бірдей жұмыс істейсің. Және айтқанды орындайсың. Ал егер әлдебір аярлық жасауға тырыссаң – біліп қой, бізге ілескенің үшін қатты өкінетін боласың.
Мак-Кен қызға бұрылғанда оның шошқа көзінде үрей мен өшпенділік ізі қатар жылтылдап өтті, ал Лабискви Смокқа қараған кезде жанарындағы ашу нұрлы назға алмасқан.
– Мынаған дұрыс айттым ба? – сұрады ол.
Бұлар Снасстің тайпасы жайлаған жазық дала мен асқар шыңдар ара жігіндегі тау бөктеріне жеткенде таң атты. Мак-Кеннің ертеңгі ас ішетін уақыт та болды деген тұспалына құлақ асқан жоқ. Тамақтануға кейінірек, түс әлетінде қабыршақ еріп, әрі қарай жүре алмайтын кезде отырса да кеш емес.
Тау беткейлері біртіндеп биіктей түскен, ал бұлар жағалап жүрген қатқақ жылғаның сағасы өзегі терең сайларға бастады. Мұнда көктем лебі аса сезіле қойған жоқ-ты, әйткенмен, шатқалдардың біріндегі мұз астынан бүлкілдеген су ағыны көрінді және бұлар аласа тал бұтақтарының алғашқы бүршік бөртпесін екі мәрте байқады.
Лабискви Смокқа қандай жерлермен жүруге тура келетінін әмбе өзінің қуғыншыларды қалай адастырмақ ойы барын айтып берді. Бұғышылар мекенінен екі ғана жолмен шығуға болады – бірі батысқа, бірі оңтүстікке бағытталады. Снасс жас аңшыларды екі жолды да қарауылдауға жөнелтеді. Алайда оңтүстікке жеткізетін тағы бір сүрлеу бар. Рас, ол орта межеде, заңғар таулар арасында батысқа қарай бұрылып, үш шың тізбегімен қиылысады да, негізгі оңтүстік жолға барып түйіседі. Қуғыншылар сол басты бағыттан ешбір із таппаған соң қашқындар батысқа беттеді деген сеніммен кері шегінеді; ешкім бұлар ең ұзақ, ауыр айналма жолды таңдапты деп сезіктенбейді де.
Лабискви артта келе жатқан Мак-Кенге иығынан қайырыла қарап ақырын ғана:
– Анау тамақ жеп келеді. Жарамайтын іс, – деді.
Смок бұрылды. Қалтасын бұғы майына сықап алған ирландтық енді соны жол-жөнекей жасырып жеп келе жатқан-ды.
– Тек дамылдаған кезде тамақтанасыз, Мак-Кен, – деп бұйырды Смок. – Алдыда ешбір аң-құс болмайды, барлық азықты әуелден тең бөлуіміз керек. Адалдықты сақтаңыз, әйтпесе сіз бізге жолдас бола алмайсыз.
Күндізгі сағат бірге қарай қатқақ қатты жіпсіп, жіңішке шаңғылар батуға айналды, тағы бір сағаттан кейін тоқылған жалпақ шаңғының өзі ұстауды доғарған. Жолаушылар алғаш мәрте аялдап, жүрек жалғады. Смок азық-түлік қорын есептеген. Сөйтсе Мак-Кен тамақты өте жартымсыз мөлшерде алып шыққан екен. Ол қабын қара-бурыл түлкінің терісіне сықап алыпты, басқа нәрсеге орын да қалмаған.
– Мен бұлардың мұнша көп екенін байқамай да қалыппын, – деп ақталды өзі. – Түнде жиналдым ғой. Есесіне бұлар бірталай ақша тұрады. Қаруымыз бар, оқ-дәрі жеткілікті, аң-құсты керегінше қырып алмаймыз ба.
– Қасқырлар қылғытып алады сені, міне, керегінше деген сол, – деді ызамен Смок, Лабисквидің де көзі ызғар шашты.
Екеуі қатты үнеммен, тарта жесе азықты бір айға жеткізуге болатынын есептеп шығарған. Лабискви жүктің бір бөлігін өзіне көтертуді талап етті; ұзақ даудан кейін Смок көніп, әрбір теңнің көлемі мен салмағын жіті саралай келе барлық бунақ-түйнекті үшке бөлді.
Келесі күні бұлақ жиегі жалпақ тау қыратына шығарған; мұнда қар езіліп үлгерген екен, бұлар батпақтап көп қиналып, ақыры табандағы мұз қабаты біршама қалың тау бөктеріне көтерілді.
– Енді он минут кешіккенде жазықтан өте алмас едік, – деді Смок дамылдау үшін қия басындағы тақыр алаңқайға тоқтаған сәтте. – Қазір, шамасы, мың футтай биікке шықтық.
Осы кезде Лабискви ымдап, төмендегі қыратты нұсқады. Ағаш маңайында аралары сирек тізілген бес ноқат қарауыта көрінді. Өздері бір сәт қимылсыз секілденген.
– Бұлар – жас аңшылар, – деді қыз.
– Олар белуардан лай кешіп жүр, – деді Смок. – Бүгіндікке табаны қатты жерге шыға алмайды. Бұлардан бірнеше сағат озып кететін болдық. Жүріңіз, Мак-Кен. Тездетсеңізші. Аяқ амалсыз тұсалған кезде тамақтанамыз.
Мак-Кен ауыр күрсінді, қалтасында бұғы майы қалмаған да еді, ол алға түспей, соңдарынан сүйретіле ілесті.
Тағы да аңғар бойымен жылжыған, тек бұрынғыдан едәуір биік межемен аяңдады; мұнда күн сәулесі мұз қабыршағын тек түстен кейін, сағат үш кезінде қыздырады, оғанша бұлар қар қайтадан қата бастаған тау көлеңкесі аумағына еніп үлгереді. Бір сәтке ғана іркіліп, Мак-Кеннен тартып алынған бұғы майын шығарып, жүре жеген. Тоңазыған ет тастай болып қатып қалған еді, оны отқа жылытпай қаузау да қиын, әйтеуір, ауызда үгітіліп, аш қарынды жұбатты.
Тек сағат тоғызда ұзақ елең-алаң аяқталып, түнерген аспан астына қараңғылық орныққанда аласа шырша орманы түбінде тізе бүкті.
Мак-Кен қыңқылдап, зарлана берген. Поляр шеңбері сыртындағы тоғыз жыл өмір оған ештеңе үйретпеген еді, жол бойы қар жеген оны күнұзақты жүрістен шаршаумен бірге таңдайдағы шөл кенезесін кептіріп азапқа салды. Смок пен Лабискви тұрақ құрып жүргенде ол от түбіне бүрісіп жатып алып аһылап-уһілеумен болған.
Лабискви жігерлі еді, Смок оның ширақтығы мен шыдамына, жан-тәнінің қуатына таң қалумен жүрді. Жаратылысынан сергек. Көзі түйіскен сайын жымиып, бұған абайсыз қолы тиіп кетсе, айырылғысы келмейді. Ал Мак-Кенге қарап қалса жақтырмай, түсі суып, қатуланып, айбаттанып шыға келеді.
Түнде жел тұрып, қар жауды; бұлар бұрқасын көз аштырмай, жолдан жаңылып, батысқа бастап асуға шығаратын бұлақ сағасынан адасып күні бойы жүрді. Тау ішін бір көтеріліп, бір ылдилап, екі күн шарлағанда көктем артта қалыпты – мұнда, жоғарыда әлі де қыс ысқырынып тұр еді.
– Енді аңшылар ізімізден көз жазып қалды ғой, бір күндей тынығып алсақ қайтеді? – деп жалбарынды Мак-Кен.
Бірақ демалыстың реті жоқ еді. Смок пен Лабискви қауіп-қатерді жақсы сезінді. Бұлар аң-құстың із-белгісінен жұрдай тау асқарында адасты. Бірнеше күн батыс бағытына шығаруы неғайбіл жықпыл-жықпыл, ызғарлы тас арасында, шатқалдар мен аңғарлар шытырманында сенделді. Мұндай бей-берекет жартас ішіне тап болған соң аяғына дейін жылжуға мәжбүр еді: қос қапталдан да мұз құрсаулы заңғар шың, аспанмен тілдескен сеңгір құз сереңдейді. Адам төзгісіз сапар қатты діңкелетті, аяз да әлсіреткен, сонда да күндізгі ауқат мөлшерін тағы да азайтпасқа болмады.
Бірде Смок әлдебір арпалыс дүбірінен оянған. Ол тұста Мак-Кен ұйықтайтын еді, енді соның қырылдап, тұншығып жатқаны естілді. Смок аяғымен түртіп, шоқты қопарыстырып жібергенде лап еткен от жалыны Лабисквидің жүзін көрсетті: ирландтықты алқымнан буындыра қысқан бикеш әлгінің аузынан бір кесек етті жұлып алуға әрекеттенеді. Смок Лабисквидің қолы мықынына қарай жүгіргенін көрді, сол кезде пышақ жүзі жарқ еткен.
– Лабискви! – деп дауыстады бұл өктем үнмен. Қыздың қолы ауаға ілініп қалды.
– Өйтпе, – деді ол қызға тақалып барып.
Ашудан қалшылдаған қыз тағы бір мезет бөгелді де, қолын ықылассыз түсіріп, пышақты қынына салған. Өз-өзін ұстай алмай қаламын ба деп сақтанғандай, алау қасына өтіп, отқа шөпшек тастады. Үрей мен долығудан жұлма-жұлмасы шыққан Мак-Кен отыра кетіп жыламсырап, маңайына өшіге жалтақтап, өзінің кінәсіздігі туралы түсініксіз бірдеңені былдырлай берді.
– Етті қайдан алдыңыз? – деп сұрады Смок.
– Тінтіп байқа, – деді Лабискви.
Бұл оның алғашқы сөзі-тін, дауысы ызадан үздік-создық шықты, ол өзін зорға тежеп тұр еді.
Мак-Кен жұлқынып, ұстатпауға тырысқанмен, Смок оны шеңгелдей бүріп, қойын-қонышын қарап, бір кесек бұғы етін суырып алған – Мак-Кен оны жылыту үшін қолтығының астына жасырыпты. Осы кезде Лабисквидің оқыс ышқынған үні бұрылмасқа қоймады. Қыз Мак-Кеннің қабын жұлқып тартып, аузын ашқан. Қаптан еттің орнына мүк, қылқан, жоңқа ақтарылды – осы көр-жердің бәрін анау әбден жеңілейген жүктің сыртын қампайтып, әуелгі көрінісі мен түрін сақтау үшін нығыздағаны түсінікті.
Лабискви қайтадан пышағына жармасып, ұрыға ұмтылғанда Смок бөгей берді, ашудан булығып солықтаған қыз жігіт құшағына көміледі.
– Сүйіктім, мен тамақ үшін арпалыспаймын ғой! – деді ол ентігіп. – Мен өзіңе бола алаңдаймын, бұл – сенің өмірің. Ит! Бұл сені… сені жалмап тынады!
– Оқасы жоқ, өмір әлі алда, – деп жұбатты оны Смок. – Енді бұл ұн арқалайтын болады. Шикідей жемейтін шығар, егер өйтуге тырысса, мұны өзім жайратамын, өйткені бұл менің ғана емес, сенің де өміріңді жалмайды. – Ол Лабисквиді кеудесіне қысты. – Жаным, адам өлтіруді ерлерге қалдыршы. Кісі өлтіру – әйелдің ісі емес.
– Егер мына төбеттің көзін жойсам мені сүймей кетер ме едің? – деп таңданды қыз.
– Сүйер едім, бірақ аса қатты емес, – деп бұлтарды Смок.
Лабискви күрсінді.
– Жақсы, – деді бойұсынып, – мен оны өлтірмеймін.
XII
Аңшылар бұларды талмай қуды. Олар осы өңірді бес сауақтай білетін еді, оның үстіне іс ыңғайын тапты; бұрқасын бітеген ізге бір түскен олар енді содан айырылмады. Ал қар жауған кезде Смок пен Лабискви қуғыншыларды барынша шатастыруға әрекеттенді, алдыда оңтүстікке немесе батысқа апаратын жол жатқанымен шығысқа қарай жөнеді, тік қияларға шығудың қажеттігі болмаса да биік тау басына өрмелеп кетті. Бәрібір емес пе, ақыры өздері де адасып жүр ғой. Тек қуғыннан біржола құтылудың ыңғайы келмеген. Кей кезде бір-екі күн үндістерден ірге ажыратқанмен, Снасстің жас қырандары әрдайым қайтадан сап ете түседі. Жапалақтап қар жауып барлық із бітелген кезде олар тазы иттердің тобынша жан-жаққа бытырап кетеді де, тағы да табан таңбасын бірінші болып тапқан аңшы от жағып, өз жолдастарына түтін арқылы белгі береді.
Смок уақыттың, күн мен түннің, боранды шақтар мен дамылдайтын сәттің есебінен жаңылысты. Бұл – азап пен бейнетке толы бітпейтін бір сұмдық еді, сонда да алға жылжып жүре берді, жүре берді; Мак-Кен де сүріне-қабынып өзінің аңсаған арманы Сан-Франциско туралы әлденені міңгірлеп, арттан ілбиді. Бұлар аяңдаған сайын мызғымайтын алып та үрейлі шыңдар сүйір төбелері мұздай аспан көгіне шаншылып, үстіден төнеді. Жүргіншілер тіпті жарқабағына қар жабыспайтын тік құздар арасындағы тұнжыраңқы шатқалдарда тайғанаған да, одан мұзды ойпаттан, қатқан көлдерден қиналып зорға өткен де кездері болды.
Бірде түнде, екі қарлы бұрқасын арасындағы қысқа үзілісте алыстағы жанартаудың көктегі отты шұғыласын байқағаны бар. Кейін соны ешқашан көрмегендей, тіпті, өз-өздерінен әлгі жолғы құбылыс елес емес пе екен деп сұрап қоятын.
Қарақатқақ бетін қалың күпсек қар бүркеді, одан қарды мұз қабыршақ жапты, оны соңыра және қар басқан. Кейде терең шатқалдар мен аңғарларда олар бірнеше жүз фут қалың қар үстімен, кейде шағын мұздықтар қиылысып, тас құбырдай жел үрлеп, ең соңғы қылау қиыршығына дейін сыпырып тазалап тастаған тар өзек арасымен жүрді. Бейне үнсіз елестей, салбырап, әр секундта сырғыма боп опырылуға даяр тұрған қар сеңінен жылжып өтті немесе түн ортасында көшкін гүрсілінен оянды. Орман да, шілік те жоқ асқар шың басына аялдаған шақтарда от жаға алмағандықтан, өзек жалғау үшін тоңазыған етті әркім денесімен жылытты. Осындайда Лабискви әр кез өзіне адалдығынан айнымаған. Ылғи елгезек, көңілді жүреді, тек Мак-Кенге салғырт қарайды, әмбе оның Смокқа деген сүйіспеншілігін алапат аяз да, естен тандырған жол азабы да ешбір суыта алмады.
Тақыл-тұқыл азықты бөлуді ол мысықтан бетер қырағы қадағалады және Смок оны Мак-Кеннің әрбір татқан дәмі қатты ызаландыратынын байқады. Бірде Лабискви тамақты өзі үлестіруге кіріскенде Мак-Кен сұмдық назаланды: ол асты Смокқа қарағанда бұған ғана емес, өзіне де өте аз бөлген еді. Бұдан кейін Смок ауқатты әрдайым өзі жіктейтін болған. Бірде түнімен қар жауды да, таңға жақын шағын көшкін бұларды тау бөктеріне жүз ярдтай лықсытып түсірді; өздері қар астынан тұншығып зорға шыққан, әйтеуір, аман-есен. Алайда сөйткенмен бұлардың барлық ұны салулы Мак-Кеннің қабы жоғалды. Іле-шала екінші опырылған сырғыма сол қапты қар астына біржола жұтып әкеткен. Содан бері Лабискви осы қырсық үшін Мак-Кен кінәлі болмаса да, ол жаққа қарамауға айналды; Смок қыздың өз-өзін ұстай алмай қалудан қорыққанын түсінді.
XIII
Таңертеңгі мезгіл еді, айналада ешкім бұзбаған әлдебір ерекше тыныштық бар, төбеде бұлтсыз аспан көгереді, күн астында көз қарықтырып қар жарқырайды. Бұлар шеті-шегі көрінбейтін қатқақ қия бойымен өрлеп, осынау мұз шеңгеліндегі өлі әлемде әлсіреген көлеңкедей мимырт ілбіп, сенделіп бара жатты. Не бір дыбыс, не үп еткен жел жоқ, бар маңай ұйып, тына қалғандай. Жүздеген мильдегі көкжиекте Құз-жартасты Таулардың шыңдары үшкір жоталары сереңдейді; көріністің анықтығы сонша, аралық әлдебір бес мильдей ғана сияқтанған.
– Қазір бірдеңе болады… – деп күбірледі Лабискви. – Сезесің бе? Әлдене жылжып келеді… Қарашы, айнала біртүрлі боп кетті!
– Қалтырап барамын, – деп жауап қатты Смок, – бірақ бұл суықтан емес. Және аштықтан да емес.
– Діріл – мида, жүректе! – деп іліп әкетті Лабискви. – Міне, мен де сөйтіп тұрмын.
– Жоқ, іште емес, – деді әсерін негіздеген Смок. – Құдды денеңді мұз инемен піскілеп жатқандай. Мұны бүкіл теріммен, әрбір жүйке талшығыммен сезінемін.
Он бес минуттейден соң бұлар дамылдауға тоқтаған.
– Алыстағы таулар көрінбей қалды, – деді Смок.
– Ауа да қоюланып, ауырлай түскендей, – деді Лабискви. – Дем алу қиын…
– Күн – үшеу! – деп қырылдай міңгірлеген Мак-Кен тәлтіректеп кетті де, құламау үшін қолындағы таяққа жармаса түсті.
Нағыз күннің екі жағынан екі жалған күн пайда болған.
– Бесеу, – деді Лабискви.
Бұлар қарап тұрғанда көз алдарында тағы да бірнеше күн лапылдап шыға бастады.
– О, жасаған ием, мынаны санап болмайды ғой! – деп айқай салды үрейленген Мак-Кен.
Расында да, қайда қарасаң, аспанның жартысы қаптаған жаңа күннің көз шағылыстыратын шұғыласынан алаулап, жарқылдап кетті.
Кенет Мак-Кен абдырап, ауырсына, қатты шыңғырып жіберген.
– Күйдіріп барады! – деп ышқынған ол қайтадан зар қағып.
Одан Лабисквидің жан даусы шықты, Смок та бетіне құдды мұз ине қадалып, күйдіргі қышқыл шашылғандай тіксінген. Ол ертеректе теңізде шомылып жүргенде улы сифонофора медузасы шағып, күйгенін еске түсірді. Мына әсер де дәл соған ұқсағандықтан, дереу, зәрлі жіпті сыпырып тастамаққа қолын бетіне жүгіртеді.
Аңдаусызда біртүрлі тұншыға шыққан мылтық даусы естілді. Төменде бөктер етегінен қашқындарға кезек-кезек оқ атып тұрған шаңғылы жас үндістер екен.
– Тараңдар! – деп айқай салды Смок. – Жоғары өрлеңдер, сонда ғана құтыламыз! Қазір шың басында тұрмыз деуге болады. Аналар ширек мильдей аласада, енді қайқаңнан асып беткейге түсеміз де, алысқа ұзап, жеткізбей кетеміз!
Жан-жаққа шашырай жүгірген үшеу ышқына тырбанып, қарлы қияға өрледі. Көзге көрінбейтін әуе безгегі бұлардың бетіне қадалып, күйдіре берген. Мылтықтың бәсең үні құлаққа тосын естіледі.
– Құдайға шүкір, – деді алқынған Смок, – төртеуіндегі – мушкет, тек біреуінде ғана винчестер бар екен. Және мына жыпырлаған күн оларға көздеуге мұрша бермейді. Есептеуге мүмкіндік жоқ. Жүз футтай айдалаға атады.
– Байқайсың ба, әкем қаһарына мінген екен, – деп үн қосты Лабискви. – Ол бізді өлтіруге бұйрық беріпті.
– Қалай қызық, – деді Смок, – дауысың өте алыстан естілетін сияқтанады.
– Аузыңды жап! – деп айқайлады кенет Лабискви. – Сөйлеме, үн шығарма! Мен білемін мұның не екенін. Аузыңды жеңіңмен былай бүрке де, үнсіз қал.
Мак-Кен бірінші болып құлады да, әрең деп түрегелді. Бұдан соң бәрі де шың басына жеткенше қайта-қайта жығылған. Өздері аяқ-қол неліктен икемге келмей қалғанын түсіне алмады, тұла бой ұйып, қимыл тежеліп, ауыр тартты. Жоғарыға шығып, кейін бұрылып қараған сәтте бұлар үндістердің әлсін-әлсін сүріншектеп құлап, өздерінің ізімен тырбаңдап келе жатқанын көрді.
– Олар мұнда жете алмайды, – деді Лабискви. – Бұл – ақ ажал. Оны өзім ешқашан көрген емеспін, бірақ білемін. Ол жөнінде ақсақалдар айтып берген. Көп ұзамай тұман көтеріледі – кеште немесе таң алдында, болмаса қатты аяздарда болатын өзге тұмандардай емес. Оны көріп тірі қалғандар аз.
Мак-Кен тұншығып, аузымен ауа қаба бастады.
– Аузыңызды жабыңыз! – деп жекіріп қалды оған Смок.
Айнала түгел көз қаратпай жарқыраған сәулеге малынды да, Смок тағы да қисапсыз күнге қарады. Олар жыпылықтап, буалдырланады. Әуеде ұсақ-ұсақ от ұшқыны ойнақшиды. Тау шыңдары, тіпті, ең таяудағыларының өзі мынау тосын да қорқынышты мұнардан көрінбей қалды; жоғарыға, қашқындарға қарай өршелене ұмтылған жас үндістер де сол тұманға жұтылып кетті. Мак-Кен қар бетіне шығып, жүресінен отыра қалды да, жүзін алақанымен бүркеді.
– Тұрыңыз, жүрейік, – деп бұйырды оған Смок.
– Шамам келмейді, – ыңырсыды Мак-Кен.
Ол еңкелектеп, екі жағына кезек теңселді. Смок тұла бойды сірестірген дел-салдықты тырбана, жанталаса жеңіп, ақырындап соған қарай беттеді. Сана-сезімінің тұнық екенін пайымдайды. Тек денесі әлдебір түсініксіз кеселден сал болып қалғандай.
– Қайтесің оны, – деп ренжи күбірледі Лабискви. Бірақ Смок қайтпады; ирландтықты аяғына көтеріп, бетін өздері түскелі тұрған баурайға бұрды. Одан қолтықтан демеп итеріңкіреп жібергенде Мак-Кен таяғымен тепе-теңдікті ыңғайлап алып, шаңғысымен төмен заулап, алмаз тозаңы нұрына сіңіп көзден таса болды.
Смок Лабисквиге бұрылғанда, қыз аяғынан әрең тұрса да жымия қарады. Жігіт оған түсейік деп ымдап иегін көтерді, алайда бикеш өте таяу – әрі дегенде бір-біріне он футтай жақын келді де, қанаттасып, етіңді қарып, шымшылап піскілейтін ызғарлы жалын арасына сүңгіп, төменге қарай жүйткіп берді.
Смок қаншалықты тежелгенімен, Лабисквиден көп ауыр-тын, сол себепті, одан оза, тау етегіне құйғытып түскен соң түптегі мұз қатқан тегіс үстіртте ғана кідірудің сәті келді. Осында Лабисквиді күтіп алып, әрі қарай бірлесіп жаяу кетті; өте баяу жылжып, ақырында аяқтарын зорға қозғай бастады. Жанқиярлықпен қалай тырмысса да, бойды біртіндеп енжарлық билеп, ұлуша қыбырлайды. Бұлар тағы да қар бетінде шаңғысын да шешпей жиырылып жатқан Мак-Кеннің қасынан өткен; Смок оны жол-жөнекей орнынан таяқпен нұқып тұрғызды.
– Тоқтау қажет, – деп қинала сыбырлады Лабискви. – Әйтпесе құримыз. Қымтану қажет деуші еді қарттар.
Ол түйіншектерін шешіп жатпады, жылдамдық үшін қаптарын қысып таңған белбеулерді қиып-қиып жіберді. Смок та өз қабының жіптерін кесіп, жойқын отты тұман мен жарқыраған қисапсыз күнге соңғы мәрте бір қарап алып, басқа дейін көрпелеріне оранды да, бір-бірін қатты құшақтап жата кетісті. Одан соң әлдекім екеуіне келіп соғылып сүрініп құлаған, бұлар арасында қиқылдап азаптана жөтеліп, еңкілдеп жылаған, боқтанған дауысты естіді де, қастарына Мак-Кеннің келіп жығылғанын түсінді.
Бұдан кейін бұлар дем жетпей қиналды, кенеттен қысқан тоқтаусыз құрғақ жөтел кеудені жырмалап, тұла бойды қалшылдатты. Смок ыстығы көтеріле бастағанын сезінді, Лабискви де қалтырай түскен.
Уақыт ұзаған сайын күшейген жөтел азапқа салды, тек кешке қарай ақырындап жан тыншыды. Тыныс алу жеңілейіп, демікпе саябырлаған аралықта әлсіреп барып, көз ілді.
Ал қатты күркілдеп, ыңырсып, ыңқылдауды жиілеткен Мак-Кеннің халінен бұлар оның ес-түссіз жатқанын ұқты.
Бір жолы Смок үстіндегі теріні ысырып тастағысы келіп еді, Лабискви оны қос қолдай құшақтай алған.
– Жоқ, жоқ! – деп жалбарынды ол. – Ашылуға болмайды, бұл – өлім. Міне, былай жат, маған бет жағыңмен сүйен де, ақырын тыныста, жай ғана, міне, тура мен құсап, сөйт те, үндеме.
Бұлар қараңғыда қалғып-мүлгіп жатты, жөтел қысуы сиреді, сонда да арагідік бір-бірін жөткірініп оята берді. Түн ортасы ауған шақта, Смоктың есебінше, Мак-Кен соңғы рет дүркін-дүркін жөтелді. Одан ол ауырған жануардай үздіксіз ыңырсыған ыңқылға ауысты.
Смок өз ерніне тиген Лабисквидің ерні табынан оянған. Екі қолы мұны орап алыпты, жігіттің басы қыздың кеудесінде жатыр. Лабисквидің даусы қашандағыша сыңғырлап, көңілді естіледі, онда енді ешбір құмыққан бейтаныс дыбыс жоқ еді.
– Міне, күн де шықты, – деді қыз бетті жапқан теріні көтеріп. – Қарашы, сүйіктім, таңға да жеттік. Екеуміз тіріміз, енді жөтелмейміз де. Кәне, тұрайық, өзіңмен осылайша мәңгі-бақи қала бергім келсе де, төңіректе не болып жатқанын көрейік. Соңғы сағатта керемет рахаттандым. Ұйықтамай, саған қарадым да жаттым, өзіңді қаншалықты жақсы көретінімді білсең ғой.
– Мак-Кеннің үні мүлде өшіп қалыпты, – деді Смок. – Аңшыларға не болды екен, бізді неге тауып алмады?
Ол теріні серпіп тастап, жан-жақты шолып, көктегі бір ғана кәдімгі күнді көрді. Ақырын лекіп самал желпіді, әлі де салқын, дегенмен, таяу маңда күннің жылитынын аңдатады. Бүкіл дүние қайтадан үйреншікті қалпына түсті. Мак-Кен шалқадан жатыр, оның жуылмаған, түтіннен қарайып кеткен жүзі мелшиіп, мәрмәр тастай сіресіп қалыпты. Бұл көрініс Лабисквиге ешбір әсер еткен жоқ.
– Мынаны қара! – деп саңқ етті ол. – Сары торғай! Бұл – жақсылықтың нышаны.
Ешқайдан қуғын белгісі байқалмайды – жас үндістер не сонау асу сыртында өлген, не кейін қайтқан.
XIV
Азық өте аз қалған еді, сондықтан бұлар қажет ауқаттың – оннан бір, ал жегісі келген астың жүзден бір бөлігін де тұтына алмады; бірнеше күн құз-жартасты құла далада топастанып, түс көргендей өлімсіреген күйде тентіреп жүрді. Смок ара-арасында өзінің мынау шетсіз-шексіз, сүйкімсіз қарлы шыңдарға тесіле қарап, мән-мағынасы жоқ бірдеңені былдырлап келе жатқанын аңдайды. Ол қайтадан – ғасырлар тезі арқылы әлденені міңгірлеп келе жатып өз даусынан ес жиғандай болады. Лабискви де өне бойы дерлік талықсып, шалықтап жүргендей күйде еді. Бұлар ештеңені түсінбей, ойланбай сүйретіле берді. Әр кез батысқа қарай ұмтылады және үнемі мұз құрсанған асқар шыңдар жолды кес-кестейді, мызғымас тас қабырғалар көлденеңдеп тұрып алып, біресе терістікке, біресе күнгейге бұрылуға мәжбүр етеді.
– Оңтүстікте шығатын жол жоқ, – деді Лабискви. – Қариялар біледі. Батысқа қарай жүру керек, тек – батысқа.
Снасстің аңшылары соңға түсуді доғарды, бірақ аштық өкшелеп қалар емес.
Бірде қайтадан күн суытты, толассыз қар жауды, тіпті, қар да емес, әлдебір аяз тозаңы, құрғақ, әмбе құм секілді сусыған бірдеңе. Өстіп бір күн, бір түн, одан және екі күн, екі түн жалғасқан. Осы үгілгіш жамылғы көктемгі күн астында ерігенше, не түн ішінде мұзқатқақ болып қабыршақтанғанша ешқайда аттап басу мүмкін болмай қалды, – содан екеуі терілеріне оранып дамылдады, сол себепті бұрынғыға қарағанда тамақты да аз ішті. Күндізгі ішкен ас мөлшерінің аздығы сонша, енді асқазанды бүрістіріп, аш қарынды алдамауымен қоса миға да тыныштық бермеген. Сонымен әдеттегі үлесі – титтей ет кесегін бірден қылғытып алған Лабискви, – кенет шаттана айқайлап, ықылықтағандай үнмен әлденені былдырлай, кішкене жыртқыш аңша ертеңгі ауқат сыбағасына бас салып, құмарлана шайнай бастады.
Осы сәтте Смок тосын тамашаға куә болды. Еттің дәмі Лабисквидің есін жинатқан. Қыз бір түйір дәмді түкіріп тастады да, ызалана жұдырық түйіп, бар күшімен өзінің «күнәһар» аузынан бір қойды.
Сол күндерде Смок басқа да көптеген таң қаларлық жәйттерді көрген-ді.
Тоқтамай жауған қардан кейін құйын көтеріліп, шөл далада құм үйірген ыстық аңызақтай, құрғақ қар қылауын іліп алып, ұйытқытып жіберді. Боран түнімен долданған; одан күн ашылып, өкпек жел соқты, Смок жарықта төңіректі шолады; көзіне жас толып, басы айналды, сол сәтте ұйықтап жүрмін бе, әлде қиялға батып кеттім бе деп елегізіді. Тұс-тұсынан найзадай тікірейіп биігі мен бәкенесі аралас шың-құз сораяды, ішінде сақшыдай селтиген даралары да, кеңесуге жиылған дәулердей ірі шоғыры да бар. Әмбе зеңгір аспанда әрбір тау күмбезінің ұшар басынан ұзақ-сонар мильге созылып күннің күміс сәулесі шаншыла, жарық пен көлеңкеден құбылған сүттей аппақ, көкшіл-мұнар алып қар жалаулары жалпылдай желбірейді.
– «Құдайдың құдыретіне көзім жетті», – деп әндетті Смок осынау ескек жел тербеген көктегі жібек жалаудай нұрлы қар тозаңының пердесіне қарап тұрып.
Ол талмай қайта-қайта көз тігеді, тек төбесіне ту байлаған қарлы шыңдар мызғыр емес, сонда да бұл мұны түсім шығар деп ойлады, осы кезде Лабискви тұрып келіп, қасына жайғасты.
– Мен ұйықтап, түс көріп отырмын, Лабискви, – деді ол. – Қарашы. Мүмкін саған да осы түс көрінер?
– Бұл түс емес, – деп жауап берді қыз. – Қарттар бұл жөнінде маған айтып берген-ді. Ендеше көп ұзамай ақ самал еседі, біз тірі қаламыз, сөйтіп батысқа қарай қозғаламыз – жетеміз.
XV
Смок сары торғай атып алды да, оны екеуі бөлді. Одан алқаптағы қар қоршауында тұрса да, бүршігі бөртіп үлгерген тал арасында қоян атты. Және арық ақ қалақ сусар өлтіргені бар. Бірақ осыдан кейін бұларға жан-жануар, өзге ешқандай тірі жаратылыс ұшырасқан жоқ, тек бірде ту төбелерінен батысқа, Юконға ұшып бара жатқан жабайы үйрек тобын көрді.
– Етектегі аңғарға жаз да келді, – деді Лабискви. – Таяуда осында да жетеді.
Қыздың жүзі жүдеу тартқан еді, бірақ жарқыраған баданадай көздері одан сайын үлкейіп, одан сайын нұрланып, Смокқа бір қарағаннан жайнай түсіп, жігітті әлдебір таңғажайып сұлулығымен тамсантты.
Күн ақырындап ұзарып, қар шөге бастаған. Күндіз бетіндегі мұз қабығы еріп, көбе сөгіліп, осы анжыр түнгі аязда қайта қатады; сондықтан қашақтар таң алагеуімде немесе кештен түн ортасына дейін жүруге мәжбүр; сөйтіп қарақатқақ жіпсіп, салмаққа шыдамай опырылып, аяқ байлаған түскі кезеңде аялдайды.
Смок қар жарығынан көзі қарығып, бірталай уақыт көруден қалды, оны осы кезде белдік байлап, баржа сүйреген кемедей Лабискви жетектеп жүрді. Ал шағылысқан қар сәулесінен өзі соқыр болып қалған шақта мұны енді белбеу тартқан жігіт жетектеді. Аштықтан шалажансар екеу ояу келе жатып түс көретін әлдебір есалаңдық халмен жазғасалымғы түлей бастаған осынау иен даладағы жалғыз тірі жан иелері ретінде ілініп-салынып жылжи берді, жылжи берді.
Смок қаншалықты титықтаса да, енді үреймен ұйықтайтын болған, –мынау есеңгіреткен күңгірт аймақта оны азапты, қорқынышты түс иектеді. Түсіне үнемі тамақ кіреді, ылғи сол ас аузына тие берген сәтте анау аяр түс әміршісі жұлып әкетеді. Ол өзінің сан-францисколық ескі достарына түскі асқа тапсырыс береді де, барлық әзірлеу ісін шыдамсыздана жаныға жүріп өзі бақылайды, дастарханды күзгі шымқай қызыл жапырақты жүзім шоғымен өзі безендіреді. Кешігіп жеткен меймандармен есендесіп, мәз болып, олармен өзара әзілдесіп жүргенде мұны үстелге тезірек жайғассақ екен деген бір ғана тілек мазалайды. Міне, ол ешкімге байқатпай ұрлана басып дастарханға тақалды да, піскен бір уыс қара зәйтүнді шап берді, – сөйтіп айналған кезінде қарсы алдындағы жаңа қонақты көрді. Қалғандары қоршап алып, қайтадан у-ду күлкі, өткір әзіл жалғасады, тек үнемі мұның есі-дерті – жұдырығына қысулы піскен зәйтүнде!
Осындай қонақасының талайын берді, бірақ әр кез өзіне түк бұйырмайды. Топырлаған меймандар зор табада қуырған тұтастай өгіз етінің майлы кесегін өткір пышақпен буын бұрқырата тіліп, тойғанша жеп жататын Гаргантюаға лайықты аста-төк думандарға да барды. Бұл аузын ашып, биікте ілінген күркетауық етінің ұзақ тізбегіне төменнен қарап тұрады, – оны ақ алжапқыш байланған дүкеншілер сатады. Сол етті Смоктан басқаның бәрі сатып алады, ал мұның ығы-жығы ел толы көшеден өтуге ыңғайы болмай, қақшиып, аузының суы құрып етке еміне қарағаннан өзге лажы жоқ. Міне, қайтадан бала қалпына түскен ол қасығын бұлғаңдатып тым биік орындықта отыр, алдындағы тегенеде сүт пен нан бар, бірақ соған қанша ұмсынса да қолы жетпейді. Немесе тау қойнауындағы жайылымдарда үргелек қашарларды қуып, ұзақ жылдар сүтке бір жарысам деп ит-әуреге түсіпті, кейде күлімсі үңгірлерде қалған-құтқан жемтікке таласып егеуқұйрықтармен айқасып жүреді. Кез келген қорек атаулы есін кетіріп, ұзақ мильдерге созылған мал қотанындағы кең атқорада сенделді, онда жемделген жылқы тұрады, бұл сол жануарларға кебек, сұлы салатын шелек пен астауды іздеді, – әйткенмен, таппады.
Тек мұны көрген түсі бір ғана мәрте алдамаған. Кеме апатынан аман қалған екен, бәлкім, содан елсіз аралға түсіріп кеткен бе, әйтеуір, әбден ашыққан ол тынықмұхиттық алапат соқпа толқынмен арпалысады; жартастан қос қақпалы қабыршақты сыпырып, бұларды теңіз жалдары лақтырып тастаған кебу балдыры мол қайраңға тасиды. Сөйтеді де от жағып, өзінің қымбат олжасын шоқ бетіне жаймалайды. Қабыршақтан бу атқылап, жарма ашылады да, арасынан тура бұғыныкіндей қызғылт ет көрінеді. Ендігі пісіп те үлгерді, мұнда аузындағы тағамды ешкім тартып ала алмайды. Ақырында түсім орындалатын болды-ау деп ойлады. Иә, осы жолы өзек жалғаудың сәті келгендей. Бұған сонша сенімді еді, дегенмен, күдігі де жоқ емес-ті: аяқ астынан бүкіл елес ғайып болса, жер сипап бармақ шайнауға да іштей әзір-тін… Бірақ ақырында сөлі уылжып қызара үлбірген ыстық ет аузына түсті-ау! Тісті салып кеп жіберді. Жей бастады! Сиқыр іске асты!
Ол осыдан оянып кеткен. Қараңғыда шалқасынан жатыр екен, өзінің қуаныштан сүйсіне тамсанып, аузын сылпылдатып, қыңсылап, ыңылдағанын білді. Жақ сүйегі бұлтылдап, шайнаңдап жатыр, ұртында ет бар. Бір сәт қимылсыз қалғанында әлденендей сүйрік саусақ ерніне жұғысып, таңдайына титтей ет кесегі тағы ілікті. Дереу шайнаңдауды доғара қойған. Мұның ренжігенінен бұрын етті жемегеніне бола Лабискви қатты жылап, жігіттің құшағында бұйығып, ұйықтап кеткенінше ұзақ өксіді. Ал бұл ояу жатып, әйел махаббатының қуаты мен әйел жанының құдыретіне қайран қалды.
Міне, енді соңғы азық қоры да бітті. Беттетпейтін асқар шыңдар артта қалды, ал алдағы қия-кезеңдер аса тік емес, ақыры батысқа бастайтын жолдар ашылды. Алайда әл-дәрмен де түгесілген еді, бір түйір тамақ жоқ, ертеңіне оянғанда екеуі орындарынан тұра алмады. Смок әупірімдеп тізеден көтерілгенінде құлап түсті де, төртаяқтап еңбектеп барып от жағуға кірісті. Лабисквидің әрекетінен түк өнбеді, – қанша талпынса да, әбден әлсірегендіктен қайта-қайта құлайды. Қыздың жанына жығылған Смоктың езуіне әлжуаз мысқыл үйірілді, – біреу қыстағандай ешкімге қажетсіз отты жағуға несіне әуреленеді? Істейтін ас таусылған, қыздырынайын демейді – күн жылы. Шырша бұтақтарында майда самал сыбдырлайды, көз алдында айналадан көшіп бара жатқан қар астындағы жасырын жылғалардың сылдыр-әуені естіледі.
Лабискви қыбыр етер емес, демі де білінбейтіндей, арасында Смок оны өліп қалмады ма деп күдіктенді. Кеш қарсаңында мұны тиіннің тықыры оятқан. Ауыр мылтығын сүйрете, жіпсіп, езілген қар бетімен солай қарай еңбектеді. Біресе төрттағандап, біресе тұрып тиінге қарай аттап, қайтадан сүріне-жығыла ұзынынан керіледі, – ал тиін ашулы кескінмен тісін сақылдатқан күйі мұны мазақ қылғандай асықпастан ұзай берді. Мылтығын лезде серпи кезеніп оқ ататындай дәрмені жоқ еді, ал тиін бір сәт те тыныш отырмаған. Лайсаң, былжырақ қарға былш-былш құлаған Смок шарасыздықтан жылап жатты. Кеудесінен өмір оты әне-міне өшуге сәл-ақ қалып, қара түнек қайта-қайта қаумалады. Ол соңғы шақта талықсып қанша уақыт жатқанын білмеген, дірдек қағып оянса, ымырт үйіріліп үлгеріпті, су киімі қабыршақ мұзға жабысып қатып қалған екен. Тиін көрінбейді, тамтығы қалмай діңкелеп, тұралап қажыған бұл, әйтеуір, тырбанып жер бауырлап Лабисквиге қайта оралды. Қалжырағаны сонша, түнімен ешбір түс те мазаламай, тырп етпей ұйықтапты.
Бұл өзінің бетіне тиген Лабисквидің қолының табынан оянған кезде күн көтерілгенін, сонау тиіннің бұтақта сыртылдап жүргенін аңдады.
– Қолыңды жүрегіме қойшы, сүйіктім, – деді қыз ап-анық, бірақ тым шалғайдан естілгендей бәсең үнмен. – Жүрегімде іңкәрлік тұнып тұр, менің махаббатым – сенің қолыңда.
Қыз қайтадан сөйлегенше арада бірнеше сағат өткендей болды:
– Жадыңа тұт, оңтүстікке жол жоқ. Мұны Бұғышылар халқы жақсы біледі. Батысқа қарай жүр… жол сонда… жетіп те қалдың… сен жетесің…
Смок өлімге ұқсайтын түс әлеміне еніп, талықсып кетті, бірақ тағы да Лабискви оятқан.
– Сүйші мені, – деді қыз. – Сүй, сосын мен өлемін.
– Біз бірге өлеміз, аяулым, – деп жауап қатты бұл.
– Жоқ! – Қолын ақырын ғана созып, әлсіз қимылмен мұны үндетпеді.
Күбірлеген даусы әрең шығады, әйткенмен, Смок әрбір сөзді анық естіді. Қыз өз бешпетінің қайырма күләпарасын зорға тартып, соның қатпарынан шыққан шағын қалтаны мұның қолына ұстатқан.
– Ал енді сүй мені, жаным. Сүй де, қолыңды жүрегімнің тұсына қой.
Жігіт қыздың ернінен өпкен сәтте көзі қарауытып қайта талықсыды, ес жиғанда енді өзінің жалғыз екенін, ұзамай үзілетінін түсінді. Сөйтіп діңкелеген халде жатып қазір өлетініне қуанды.
Қолының астындағы дорбаны сезінді де, өзінің қазымырлығына миықтан күліп, қалтаның жібін шешті. Ішінен тамақ қалдығы шашылып түскен. Азықтың әрбір кесегін, әр қиқымын жазбай таныды – осының бәрін Лабискви өз аузынан жырыпты. Мұнда сонау баяғыда Мак-Кен ұн салулы қапты жоғалтпастан бұрын жасырылған жұқа нан қалдығы, аздап жұлмаланған бұғы етінің тілігі мен жұқанасы, сол бұғы майының жұрнағы, тіпті, қоянның тұтастай артқы сирағы, ақ қалақ сусардың артқы сирағы мен алдыңғы аяғының бөлігі, сары торғайдың табаны мен Лабискви шетінен тістеп жемеген қанаты жүр… аз ғана сарқыншақ, қасыретті қайырымдылық: ол өз ғұмырын құрбан етті, аштықпен азаптап мына ас қалдығы мен шексіз махаббат өмірін жалмады.
Жігіт жындана күліп әлгінің бәрін мұз бетіне лақтырып тастады да, қайтадан талмаусырады.
Түс көріпті. Юкон кеуіп қалған екен. Бұл қаңғырып, жалаңаш өзен табанында сең талқандап өткен жұлма-жұлма жартастар мен лас шалшықты жағалап, дәу-дәу сомтума алтын кесегін жинап жүр. Ауыр салмақ ығыр қыла бастаған кезде олжасының жеуге келетінін байқады. Сөйтіп ашқарақтана асай бастаған. Әрі-беріден соң тоя жеуге жарамаса, жұрт сонша жоғары бағалайтын алтыннан не пайда бар?
Смок оянған шақта таң атты. Санасы шайдай ашылыпты. Көз алдын ешбір перде тұмандатпайды. Тұла бойынан өзіне таныс аштық дірілі де кілт тыйылған. Кеудесіне көктем нұры құйылғандай, бүкіл болмысымен сылаң қаққан ширақтықты сезінді. Жан-жүрегін масайраған шаттық билейді. Ол Лабисквиді ояту үшін кері бұрылды да, қызды көріп, бәрін еске түсірді. Шола қарап, алдында өзі қар үстіне шашып тастаған ас қалдығын іздеді. Жым-жылас. Оны өзінің түсі мен сандырағының алтын сомтумасы екенін түсінді. Сөйтіп түс пен шалықтаудың арасында жарық дүниеге қайта оралыпты, өйткені Лабискви бұған өз өмірін сыйлады, осылайша жүрегін мұның алақанына салып, «әйел жаны» деп аталатын құпияға көзін ашып кетті.
Өзінің жеп-жеңіл қимылына таңырқайды – теріге оралған денесін күн жалаңаштаған құмдауыт бөктерге апарып, жерді балталап қазып, Лабисквиді жерлеуге дәрмені жеткен еді.
Осыдан кейін үш күн бойы бір түйір нәр татпай, тырбанып батысқа өтті. Үшінші күні мұздан ада үлкен өзен жағасындағы жалғыз шырша түбіне жетіп жығылып, Клондайкқа келгенін ұққан. Әлсіздік пен есеңгіреу етектей бастағанымен, ол бунақ-түйнегінің бауын шешіп, жайнаған әлеммен қоштасу ретінде күлімсіреп, көрпесіне қымтанып үлгерді.
Ақырын шықылықтаған үннен оянады. Алагеуім шақ орнаған екен. Төбесіндегі шырша бұтағына қоналқаға қаптап ақ шіл жайласыпты. Жалаңдаған аштық әрекетке көшіреді; әйткенімен, бүкіл қимылы соншама сылбыр еді. Ақырында қыбырлап, мылтығының дүмін иығына тірегенінше ұзақ бес минут өтті, арқадан жатып жоғарыға мұқият көзденгенінше және бес минут жылжыған, сонда да шүріппені басар-баспасын білмей дағдарды. Одан атқан оғы нысанаға дарымады. Бірде-бір шіл құлаған жоқ, бірде-біреуі ұшып та кетпеді. Олар тек бұта арасында мең-зең халде мән-мағынасыз ыбыр-жыбыр сыбдырлады да қойды. Мұның иығы ауырған еді. Екінші оқ айдалаға кетті, өйткені шүріппені басарда ауырсынғаннан жұлқынып қалды. Тәрізі, анау үш күннің бірінде құлап, иығын жарақаттап алған секілді; алайда бұл жағдайдың қалай, қашан болғанын есіне түсіре алмады.
Топ шіл ұшпаған. Бұл көрпесін шиыршықтап, оны ақырындап оң бүйірі мен қолының арасына қыстырды. Мылтықтың дүмін осы бумаға тіреп тағы бір атқанында, ағаш басынан құстың бірі домалап түсті. Қомағайлана бас салса, еті жоқтың қасы, – ірі бытыра қанатының жұлма-жұлма жұрнағын қалдырып, талқанын шығарыпты. Ал шілдер сонда да қашпады, бұл енді тек бастан ату керек екен деп ұйғарған. Сөйтіп бастан ғана көздеді. Мылтықты гүрсілдете атты… Бос кетті… Тиді! Ұшуға ерінген ақылсыз шіл үстіне сауылдай құлайды – бұл оларды өзінің аш қарынын жұбатып, тірі қалу үшін өлтірген еді. Құлаған құс саны тоғыз екен, міне, ақыры тоғызыншысының да басын жұлды. Қимылсыз ұзақ жатқан, одан біресе күліп, біресе жылады, – бірақ неліктен бүйткенін өзі де түсінбеген.
Алғашқы шілді шикідей жеп алды. Одан қисайып жантайды да, ұйқыға шомды, ал әлгі құстың өмірі мұның тәнін тіршілікке жалғады. Түн ортасында аш құрсағы шыдатпай оянып кетіп, әупірімдеп жүріп от жақты. Таң атқанша шіл қуырып жеп отырды, ал көптен іссіз қалып «қышыған» тісі кемік сүйекті диірмен тасындай күтірлетті. Бұдан кейін күні бойы тынығып, түн ортасында бір оянды да, қайтадан ұйқыға кетіп, көзін таңертеңіне шекесіне түскен күн шапағынан бір-ақ ашты.
Жаңа салынған бір бума шөпшекті жалмап лаулай жанған отты көріп қайран қалды, ал бүйірдегі шоқта буы бұрқырап, сырты күйелеш кофе шәйнегі тұр. От басында, тіпті, қол созым жерде ораған темекісін тартып, досының бетіне тесіле, еміне қарап, Тайпақ отыр еді. Смоктың ерні дір ете түсті, бірақ ештеңе айтуға шамасы келмеді: тынысы тарылып, кеудесіне жас кептелді. Темекіге қол созып, түтінді қайта-қайта құныға жұтты.
– Көптен шылым шекпеппін, – деді ол ақырында жай ғана байыппен сөйлеп. – Тым, тым ертеден…
– Және, байқалып тұрғанындай, тамақ та ішпепсің, тіпті, қу сүйегің қалыпты, – деп қосып қойды Тайпақ жекіңкіреп.
Смок иегімен нұсқап маңайда жайрап жатқан шілдердің ақ қауырсынын көрсетті.
– Есесіне жаңа біразда ғана тамақтандым, – деп жауап берді ол. – Әрине, бір шыныаяқ кофеден бас тартпас едім. Оның дәмінің қандай екенін де ұмытып қалыппын. Жұқа нан мен еттің майынан да кетәрі емеспін.
– Және атбас бұршақтан? – деп кеңес қосты Тайпақ.
– О-о, бұршақ – бұл енді құдайлардың тағамы ғой! Бәсе, мен қайтадан әжептәуір ашығып та қалыппын.
Серігі асты әзірлеп, бұл оны жеп – іс арасында екеуі өзара бөлініп кеткеннен кейін әрқайсы бастан кешкен жәйтті бір-біріне қысқаша баяндады.
– Клондайктің мұзы сөгілді, – деді соңында Тайпақ, – сеңнің жүруін күту керек болды. Кілең ерен алты жігіт жинап алғанмын, сен бәрін де танисың, – солайша екі қайық жабдықтадық. Көлікті ыңғайына қарай сырықпен де серпіп, арқанмен де тартып, сүйрейтін тұста сүйретіп, барынша қарқынды екпінмен тартып бердік. Әйткенмен, сарқырамаларда тура бір апта бөгелуге тура келер еді. Содан қайықтарды жартастан көтеріп өткізу үшін жігіттерді қалдырып кеттім. Жеделдету қажет екенін жүрегім сезіпті. Ас-ауқатты молырақ салып алып жөнеген едім. Сені осы маңайдан өлімші халде тауып алатынымды өзім де біліппін.
Смок бас изеп, Тайпақтың қолын қатты қысты.
– Ендеше жүрейік, – деді ол.
– Е, қоя тұр, достым! – деп қарсылық білдірді Тайпақ. – Бұл орыннан кемінде екі күнсіз қозғалмаймыз. Саған тынығып, әлдену қажет.
Смок бас шайқады.
– Ойбай-ау, мына сықпытыңа қарасайшы, – деді ыңғайға көндіру ниетімен Тайпақ.
Көрініс, расында, сұрықсыздау еді. Смоктың сақал-мұрты қатты өсіп кеткен, бірақ бетінің қара-күрең түске еніп, оңбай үсінгені көрініп тұр. Және қабыршақ-қабыршақ. Ұрты суалған, тіпті, сақал-мұртқа да қарамастан, тартылған терісінің астынан барлық тісін санауға болатындай. Шүңірейген көз айналасындағы бет сүйек пен маңдай да шодырайып-ақ қалыпты. Жалбұр-жұлбырлау сақал әуелгісіндей алтын түстес емес, қара-қожалақ, аялдаған орындардағы алау басында үйітілген, күйе, ыс сіңген.
– Кәне, заттарыңды жинастыр, – деді Смок. – Маған жүру керек.
– Жас сәбидей әлсізсің ғой. Аттап басуға жарамайсың. Және сонша асыққаның не?
– Тайпақ, мен Клондайктегі бәрінен де қымбат жанға барамын, бөгеле алмаймын. Сол ғана. Мына дүниеде одан асыл ештеңе жоқ. Мұның алдында алтын көлдер мен алтын таулар да, шырғалаңға толы өмір де түкке тұрмайды, бұл тіпті, нағыз ер жігіт болып аю етін жегеннен де артық.
Таң қалғаннан Тайпақтың көзі алақандай болды.
– О, шапағатты құдай! – деді ол қырылдап. – Саған не болған? Есің ауысқан ба?
– Мүлде олай емес. Бәлкім, адамға жақсылап ашығудың да зияны тимес еді, сонда көзі ашылады. Қайткенмен де, өзім көруді үйрендім. Егер байқағанымды айтсам… Бұрын ондай жағдай болуы мүмкін деген ой түсіме де кірмепті. Ал қазір әйел дегеннің не екенін жақсы білемін.
Аузы аңқиған Тайпақтың көзі күлімдеп, мысқылды кейіппен ерні жыбырлай бастап еді, Смок оның әжуасына жол бермеді.
– Қажет емес, – деді ол жайлап. – Сен білмейсің, ал мен білемін.
Сөйтіп Тайпақ әзілін тыйды.
– Ха, – деді ол, – мен сәуегейлік жасап та әуре болмай-ақ қояйын, оның кім екенін былай да белгілі. Жұрт жаппай Тосын көлді құрғатуға лап қойды, ал Джой Гастелл орнынан тырп еткен жоқ. Өзі Доусонда менің сені алып келуімді күтіп отыр. Егер жеткізбесем, қолындағы дүниенің бәрін сатып аңшылардың тұтас әскерін жасақтап Бұғышылар еліне аттанып, Снасс шалды барлық ордасымен қоса тас-талқан қылуға ант-су ішті… Бірақ тұра тұршы, қайда барасың, жинақталуға мұрсат берші, бірге кетейік!
Аударған Мирас Мұқаш