Сөз басы
Пушкин туралы жазу – тұтас орыс әдебиеті туралы жазу деген сөз. В.І.Белинский
Ұлы сыншы Пушкин жайындағы мақалаларының бірінде осылай деп жазған. Осынау сөздер біздің кемеңгер Абайға да арналып айтылғандай. Өйткені біз туған әдебиетіміздің өткені мен бүгінгісі, тіпті болашағы жайында сөз еткенде Абай есімін атамай, Абай мұрасына соқпай кете алмаймыз. Сол сияқты, Абайдың ұлылығын терең ұғыну үшін де оның мұрасын қазақ халқының бұрын-соңды рухани мәдениетімен және тарихымен тығыз байланыста алып қарау керек.
Абай тек өз шығармашылығымен, өз мұрасымен ғана ұлы емес. Қазақтың реалистік жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы классигіміздің жалпы ұлттық әдебиетіміздің кемелденуіне, толысып өсуіне тигізген әсері ұшан-теңіз.
Абай мұрасын игеру, оның шығармашылығын терең зерттеу – өткендегі мәдени қазынамызды пайдаланудағы ең түбегейлі мәселелердің бірі болғаны сияқты, біздің әдебиетіміз, әсіресе поэзиямыз өзінің қалыптасып дамуының қай кезеңінде де ұлы ақынның жемісті, құнарлы дәстүрлерінен сырт қалған емес. Бұл – даусыз шындық. Мұны өткендегі және қазіргі әдебиетіміздің даму тарихынан анық көреміз. Қазақтың айтулы, ірі-ірі ақындарының қай-қайсысы да өздерінің іздену жолдарында Абай шығармашылығының тереңіне үңілмей, оның тұнығынан сусындамай кете алмады.
Абай әсері өз тұсындағы ақындарға және ең алдымен өзінің айналасындағы, төңірегіндегі ақындарға мол дарыды. Бұл заңды да еді. Өйткені Абай шығармалары ел ішіне, халық арасына әр кезеңде әр дәрежеде тарады. Ал өз маңындағы талапты жастарға Абай шығармашылығымен де, ақыл-кеңестерімен де тікелей әсер етіп отырды. Бұған – Ақылбай мен Мағауияның, Әсет пен Әріптің және басқа да ақындардың өлеңдері мен дастандары, реалистік-романтикалық поэмалары айқын айғақ.
Абайдың ақындық айналасы мен әдеби мектебі туралы мәселе зерттеушілер назарын әрдайым аударып отырды. Өйткені бұл – Абайдың шығармашылық мұрасын игеру және оның дәстүрлерін дамыту жолындағы ең түбегейлі мәселелердің бірі.
Бұл мәселе М.Әуезов пен С.Мұқановтың, Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайыловтың, Ә.Тәжібаев пен Қ.Мұхамеджановтың, Б.Кенжебаев пен Ә.Жиреншиннің зерттеулерінде әр кезде, әр көлемде, әртүрлі дәрежеде қамтылып отырды. Әрине, олардың еңбектерінде байыпты, байсалды ойлар да, алмағайып пікірлер де, қайталаулар да ұшырасады. Қайткенде де осы проблеманың әрдайым қойылып, қозғалып отыруының ғылыми да, шығармашылық та айрықша маңызы болды. Ал оның қай автордың қай еңбегінде қаншалықты дәрежеде және қалай шешілгендігі – өз алдына басқа, дербес әңгіме.
Абайдың суреткерлік өнегесі оның өз маңымен, ақындық айналасымен шектеліп қалған жоқ. Оның реалистік дәстүрлері қазақтың революция алдындағы демократтық әдебиетінде айрықша күшті үндестік тапты. Тарихи және шығармашылық тұрғыдан қарағанда мұның толып жатқан заңдылықтары бар.
XX ғасырдың бас кезі қазақ халқының тарихындағы ең бір елеулі кезең болғаны баршаға аян. Бұл Ресейде революция дауылдары өршіген, халықтың азаттыққа, жарыққа, өнер-білімге құлаш ұра, жан сала ұмтылған кезеңі. Ресейдегі әлеуметтік жаңғырулар мен өзгерістер, ірі-ірі оқиғалар қазақ даласында да қуатты жаңғырық тауып отырды. Бұл сол кездегі қазақ әдебиетінде де терең көрініс тапты. Сондықтан бұл дәуірдегі қазақ әдебиетін сол тұстағы тарихи-әлеуметтік жағдайлармен тығыз байланыста алып қарау шарт.
Қазақтың XIX ғасырдағы классикалық әдебиетінде, әсіресе оның Абай мен Ыбырай сияқты өкілдерінің шығармашылығында қалыптасқан дәстүрлер XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінде халықтық бағыттың күшеюіне, оның реалистік сипатының тереңдеуіне әсер етті. Сол сияқты, бұл кезеңдегі әдебиетте орыс әдебиетінің идеялық-көркемдік әсері айрықша күшті болғаны да даусыз. Орыс әдебиетінің көптеген өкілдерінің шығармалары аударылумен бірге қазақ әдебиетінің өзі де жанр жағынан, идеялық ізденіс пен тақырып жағынан молыға, кеңейе түсті. Онда желілі ұзақ дастандар, алуан түрлі лирикалық шығармалар көп туумен бірге роман, повесть сияқты ірі жанрлардың алғашқы үлгілері де бой көрсете бастады.
Сондай-ақ, қазақ тілінде «Айқап» журналының, көптеген газеттердің шығып тұруы да сол кездегі әдеби қозғалысқа, шығармашылық процеске айрықша әсер етті. Бұл әсер жазба әдебиеттегі реалистік дәстүрлердің тереңдей түскендігінен және көркем әдебиеттің сол кездегі өмір шындығын, әлеуметтік сілкінулер мен соларға байланысты туған өзгерістерді барған сайын молырақ қамтығандығынан анық көрінеді.
Алуан түрлі тақырыптарға арналған кітаптар мен шығармалар жинақтарының, ауыз әдебиеті үлгілерінің, жекелеген авторлар шығармаларының басылып шығып, ел арасына таралып отыруы халықтың рухани жағынан сергіп оянуға талпынуының, жарық пен мәдениетке ұмтылуының, оның ой-санасы марқая бастағандығының айқын белгісі еді. Көркем әдебиет туындылары халық арасына молырақ таралумен бірге оның ақыл-ойына әсер ете бастады. Сөйтіп, халықтың рухани жағынан сергіп, көкірек көзі ашылуында, оның өз қасиетін ұғынып, күреске бет бұруында әдебиет те тиісті рөл атқарды.
Бұл кезеңдегі қазақ әдебиеті С.Торайғыров, С.Дөнентаев, C.Көбеев тәрізді белгілі ақын-жазушылардың, М.Сералин сияқты көрнекті публицистің және басқа да демократ-жазушылардың есімдерімен сипатталады. Олар әдебиеттің идеялық-тақырыптық мазмұнын тереңдетуде, оны жанр жағынан молықтыруда айрықша еңбек сіңірді. Мысалы, С.Көбеев қазақ әдебиетіндегі роман жанрын тұңғыш бастаушылардың бірі болумен бірге орыс тілінен қазақ тіліне аударуда да көп іс тындырды. Сәбит Дөнентаев лирика жанрының дамып жетілуіне, әлеуметтік бағыты айқын да өткір сатира мен мысал жанрының қалыптасуына көп үлес қосты. Ал талантты ақын С.Торайғыровтың әдеби еңбегі өте-мөте жемісті. Ол проза мен поэзия саласында, роман, поэма, лирика жанрында бірдей жазды. Оның журналист-публицист, сыншы ретіндегі еңбегі де бағалы. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті – белгілі бір кезеңнің жемісі. Сонымен бірге ол сол дәуір алға тартқан идеялардың жаршы-жыршысы да болды. Демократтық бағыттағы қазақ әдебиеті буржуазияшыл-ұлтшылдық сарындарға қарсы аяусыз күрес үстінде шынығып өсті. Қазақ халқы өзін іргелі ел болуға шақырған, өнер-білімге үндеген демократ жазушылардың үніне құлақ тосты. Өйткені олар өз шығармашылығымен заман талабына, халық тілегіне жауап беруге ұмтылып отырды. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократтық бағыттағы әдебиеті сол кезеңнің ілгерішіл сипатымен, рухани жағынан ояна бастаған халықтың азаттыққа ұмтылған күресімен тығыз байланысты болды. Абай негізін салған сыншыл реализмнің дәстүрлеріне мұрагерлік етті әрі ілгері дамытты, негізгі идеялық тынысымен, өзекті пафосымен болашаққа бет бұрды. Бұл – сол кезеңдегі әдебиеттің ең шешуші, бағалы қасиеттері.
Абай шығармаларының тұңғыш жинағы да XХ ғасырдың бас кезінде (1909) жарық көрді. Бұл халқымыздың рухани өміріндегі, оның мәдениеті, тарихындағы ерекше бағалы оқиға еді.
Ал дәл қазір, яғни ақынның ұлылығын, кемеңгерлігін барша адамзат танып білген шақта оның тұңғыш кітабының туған халқы мәдениетінің тарихындағы сарқылмас ғажайып бұлақ-бастау болғандығын соншалықты терең әрі айқын сеземіз.
Біздің арғы-бергі ақын-жазушыларымыздың ішінде шығармашылығы ең көп зерттелгені де – Абай. Оның күрделі де бай, өзгеше көркем шығармашылығының тұтас сипатын, әр кырын арнайы зерттеген том-том кітаптар, жүздеген мақалалар жазылды. Сөйтсе де, Абайдың өлшеусіз терең, ұлан-ғайыр мол шығармашылығы қапысыз қамтылды, сарқа зерттелді деп үзілді-кесілді айту қиын. Мұның да бір сыры Абайдың өзінде, оның алыптығы мен ұлылығында.
Абайдың шығармашылық мұрасының осындай көп зерттелсе де, ғылыми тұрғыдан толық та терең шешімін түгел тауып болмаған бір қыры – оның ақындық дәстүрлері туралы мәселе. Біздің де арнайы сөз етпегіміз – осы жай. Бірақ осынау күрделі, қиын мәселені шештік деген ойдан, шешеміз деген дәмеден біз де аулақпыз. Мұндай мақсатты ада қылу үшін көп зерттеушілердің қосыла ізденулері, әр тараптан еңбек етулері қажет.
Абай өзіне дейінгі ақындардың және халық поэзиясының құнды дәстүрлерін, көркемдік тәжірибесін мансұқ еткен жоқ. Өйткені оның шығармашылығы төркінсіз, тексіз емес еді. Бірақ сонымен ғана шектелсе, Абай ұлы ақын дәрежесіне, классик-ақын дәрежесіне көтеріле алмайтын да еді. Ол туған халқының және басқа да жұрттардың сөз өнерінен нәр алып, үйренудің және өз тарапынан толассыз ізденіп, шығармашылық ерлік жасаудың арқасында қазақ әдебиеті тарихында жаңа дәуір ашты, нағыз жаңашыл ақын болды. Сондықтан да оның шығармашылығының дәстүрлік және жаңашылдық сипаттары туралы мәселеге соқпай өтудің орайы, жөні жоқ екендігі даусыз. Сондай-ақ Абайдың өзінің ақындық дәстүрлері оның жаңашылдығымен тығыз байланысты, тура содан өрбиді. Мұны елемеуге, ескермеуге болмайды.
Әдебиет пен өнердегі дәстүр мен жаңашылдық – шығармашылық, эстетикалық және тарихи категория. Өйткені ол қатып қалған құбылыс емес. Абай дәстүрлерінің ұлы ақынмен тұстас және кейінгі қазақ поэзиясында дамуы, орнығуы, өсіп өрбуі туралы мәселеге де осы тұрғыдан қарау шарт. Сондықтан мүмкіндігінше біз де солай етуге, яғни Абайдың ақындық дәстүрлерін шығармашылық құбылыс ретінде әрі әр кезеңдегі жанды әдеби процеспен тығыз байланыстыра алып зерттеуге ұмтылдық.
Сол сияқты, орыс әдебиетінен үйрену, оның әр алуан үлгілерін аудару және ақындық шеберлік, поэтикалык форма туралы мәселелердің де осы тақырыпқа тікелей қатынасы, жанастылығы бар. Өйткені бұл мәселелердің де түбегейлі, түпкі шешімі, берік қазығы Абай шығармашылығында жатыр. Мұны да естен шығармау керек.
Пушкиннің мәңгі-бақи жасайтындығы туралы айта келіп, Белинскийдің өзі де мынадай өлмес-өшпес ой қалдырды: «Пушкин ажал тап болысымен ұмыт болып қалмайтын, қайта қоғамның санасында өркендете беретін, мәңгі өшпей, өрістей түсетін тұлғалардың қатарына қосылады. Олар жайында әр дәуір өз пікірін айтатын болады».
Абайдың ұлылығын да осы тұрғыдан, осы биіктен ұғыну қажет. Өзінің көзі тірісінде-ақ Абай шығармалары ауыздан-ауызға көшіп, жан сергітер самалдай бүкіл сахараға кең, бірақ баяу ғана таралса, ал кеңес дәуірінде оның шығармашылық мұрасы лайықты бағасын алды, шын мұрагерін тапты. Ақынның аяулы аты бар ғаламға мәшһүр болды. Оның шы- ғармашылық тағдырының болашағы да осындай даңғыл, осындай шексіз. Келер күндер мен туар дәуірлерде де талай ұрпақтар мен буындар Абай мұрасының тереңі мен тұнығына үңілмек және үңілген сайын сол тереңнің сарқылмас қайнары мен ғажайып сырларын мол танып, айқынырақ аша түспек.