Қорқамын
(Сақташы, Құдай, ол қызды мұңнан,
Бар оның ізгі арманы).
Қорқамын сенің жалғыздығыңнан
Жанымда отырғандағы.
Сезім де терең тілсіз білінген,
Тыныштық – жанның арманы.
Қорқамын бірақ үнсіздігіңнен
Жанымда отырғандағы.
Жасқанба тіпті жылап қалудан,
Жұбату – жардың арманы.
Қорқамын сенің жырақтауыңнан
Жанымда отырғандағы.
* **
Кейде жоққа бекіткен тұтқадайсың,
кейде жарық мезгілде шыққан Айсың:
Көкке қарап кекіріп жатқан елдің,
Қай жеріне жырыңды тықпалайсың?
Анау да жыр бұл күнде мынау да жыр,
Бәрі әйтеуір бір өлең құрауға әзір.
Кеш кезелген мылтықтай,
Сұлу қыздың
үстіндегі жыртықтай жырау қазір.
Есті адамның енді қол соқпасы анық,
Мән таптық па мәстекті топқа салып?
Қаламымды қолға алсам іркілемін,
Қылышымды қалғандай боққа шауып.
Саған дейін
Құдай-ау, қалай сүргем осы өмірді?
Үй күңгірт, жұмыс қатал, көше мұңды.
(Бүгінің қайталаса кешегіңді,
Неліктен жинау керек төсегіңді?!)
Құдай-ау, қалай сүргем осы өмірді?
Оятқыш, ванна, таңғы ас, киім сәнді,
Қорқатын есептеуге тиын соңғы.
Аялдама, автобус, талас-тартыс,
Қол қысқа, ойың «озық», миың сорлы.
Жолығар жолдар, жүздер таныс тағы,
Өткенмен бара жатсың қауышқалы.
Білім бар бүгініңе жеткілікті,
Дінің бар жүрегіңде ауыспалы.
Күнде осы көретінің, әлем де осы,
Әлемің көрінеді «көлемде» осы.
(Бүгінің қайталаса кешегіңді,
Керек пе адамдармен сәлемдесу?!)
Ырықсыз тағдырың бар жел көшірген,
Құлайсың (шығармайсың Жерді есіңнен).
Құдай-ау, қалай сүргем осы өмірді?
Құдай-ау, осы өмірді мен бе сүрген?
Елетпей ермеліктен «ермекті» өзге,
Жадау күн жатып алған шел боп көзде.
Жарығым, қалай сүргем осы өмірді,
Қалай мен сүрдім екен Сен жоқ кезде?
Түкпір бөлме
Ұмыта алман ешқашан, ұмытпадым әлі оны,
Бала кезім болса да ішке жұттым «бәлені».
Біздің үйде – ескі үйде үлкен әрі әдемі,
Маған жұмбақ, құпия түкпір бөлме бар еді.
Түкпір бөлме ішінде көкем, жеңгем, қос інім,
Той тойлатып жатқандай жауып алып есігін,
Ынтық қылған. Ол мейлі болмаса да мұратым –
Бір тылсым күш сол жаққа тартатын да тұратын.
Іштей тынып, содан соң «кеткендігін есемнің»,
Ұмытамын ұйықтап құшағында шешемнің.
Қос ініме «заң» «жұмсақ», маған «қатал» неге тым?
Сонда әйтеуір баруға кедергілер көп-етін.
Мысалы, әжем ентелеп ене кетсем бөлмеге,
«Емешегің үзіліп бара ма?» деп сөгетін.
Ашу келсе әжеме жағдайың қиындар,
Кіргенменен ол жақта қалуға ұзақ тыйым бар.
Қайтып шығам түсінбей, сол тыйымның сырын түк,
Көңілімде қалатын басылмаған бір ынтық.
Ешкім жоқта кіремін, аласы бар адамдай,
Дал боламын ішінен жоқ нәрсені таба алмай.
Бозбала шақ келгенде, (өкінерім сол, әттең)
Көшіп кеттік басқа үйге әкем, анам және әпкем.
Жұмбақ болып қалды ойда ескіргенше сол бөлме,
Жұмбақ болып қалды ойда ес білгенше сол бөлме.
Кейін білдім, қиыны, жеңге менен көкенің
мені өмірге әкелген әке-шешем екенін.
Сырын білдім, о, солай, маған кемшін теңдіктің,
Әжем неге ұрысты? Ұрысыпты (енді ұқтым):
«Жеңешесі құшаққа алып қояр ма екен деп,
Байғұс бала екеуін танып қояр ма екен деп».
Той тойлатып жатса да жауып алып есігін,
Бір тылсым күш сол жаққа жібермейді осы күн.
Жасырғаны секілді түкпірдегі бөлменің,
Тұншығады бір ойлар түкпірінде кеуденің.
Ер жеттім де, ел кезіп, тұрақтадым жыраққа,
Түк бір маза бермеді түкпірдегі ой бірақ та.
Бәрін тастап өзіңе барам десем, Сыр елім,
Бір тылсым күш ұстайды перзентіңнің жүрегін.
Саған барсам, туған жер, болатындай «ұятты»,
Ескі үйдегі баяғы түкпір бөлме сияқты.