Бір Жарастың барар жері белгілі,
Бір Жарастың барар жерін кім білсін?
Ж.Әбдірашев
Тарамыс
Ерлан Бағаев екеуміз тал түсте кафеде самса жеп, лимонад ішіп, жүрек жалғап отырдық. Екеуміз де абитуриентпіз. Құрдаспыз. 1971 жылдың жазы. Алматы ерекше сұлу. Табиғат тамылжып тұр. Мен журналистикаға құжат өткізгенімді айттым.
– Мен де сенімен бірге журфакқа барсам деп едім. Бірақ әкем: «Бір үйге бір журналист жетеді. Сен точная наукаға бар» деп жатыр. Мәскеудің Менделеев атындағы химия-технология институтына тапсыратын болдым. Емтиханды осы Алматыда қабылдайды екен, – деді Ерлан. Мектепті алтын медальмен бітірген оған бір «бестік» алса жететін еді.
– Шіркін-ай, екеуміз бірге оқып, бірге жүреміз ғой деп ойлап едім. Енді кездестік пе дегенде жолымыз тағы айырылатын болды-ау, – дедім мен.
– Пошта бар ғой, хат жазып, хабарласып, өлең жолдап тұрармыз, – деп Ерлан алдарқатып жатыр. Осы кезде кафеге жасы үлкен үш жігіт кіріп келді. Үшеуі бірінен-бірі өткен сыптығыр. Ішіндегі ең арығы кірген бетте:
– Ерлан, хал қалай? – деп бізге бұрылды. Мен оны қазақша білетін кәріс шығар деп ойладым. Әлгі кәріс қос сызықшадай екі көзі күлімдеп, қыстан шыққан сағдар сабандай қоңырқай шашы жалбырап, ерні жыбырлап, жақындап келеді.
– О, Жарасқан ағалар келді! – деді Ерлан қуанып. Орнымыздан атып-атып тұрып амандастық. Кәріс пе дегенім атақты ақын Жарасқан Әбдірашев болып шықты. Ерлан таныстырғанда Жарасқан бетіме жалт қарап:
– Ұлықбек сенбісің? Өзіңбісің? Оқуға келдің бе? Мынау миллион халықтың ішінде екеуің бір-біріңді адаспай қалай тауып алдыңдар? – деді жымиып. Мен оны бірден жыға танымай қалғаныма ішімнен қысылып, бірдеңе деп міңгірлегендей болдым. – «Жалын» журналындамын. Кіріп шық. Өлең әкел. Бірге келсеңдерші, – деп Жарасқан қолын ұсынып, бетіме сынай қарап тұрып, өз үстеліне кетті. Кішкентай көздері суынса кісінің өңменінен өтердей өткір екен. Қасындағы достары даяшыға не алдырғанын білмеймін, ол сол орнынан бізге:
– Әй, жас перілер, бірдеңе ішесіңдер ме? – деп дауыстады. Дауысы ашық екен.
– Жо-жо-жоқ! – дестік екеуміз жарыса. – Оларың жақсы екен, – деді Жарасқан. Одан ары оның бізбен ісі болған жоқ.
«Жас перілер» дегені маған ұнап қалды. Кенет менің көзім оның бокал ұстап отырған ақ сидам білегіне түсіп кетті. Жас баланың білегіндей шілбиген, жіп-жіңішке, ашаң екен. Жалпы, бұл жағынан менің өзімнің қолдарым да жетісіп тұрғаны шамалы еді. Бұдан да бетер жіптіктей қолды тұңғыш кездестірген шығармын деп мырс ете қалдым. Ерлан иек қағып, неге күлгенімді сұрады.
– Қарашы, Жарасқанның қолы менің қолымнан да өткен шидей екен, – деп едім, ол салыстыра қарап отырып, басында дыбысын шығармай, аузын баса, тұншыға күліп еді, аяғында қарқылдап қоя берді. Мен де қосыла күлдім. Бір жақсысы, өзімен-өзі дуылдасқан басқа жұрт бізге назар аудара қоймады.
– Сендердікі не? Сондай да білек бола ма екен? – Ерлан үстел үстіне маңғаздана шынтағын тіреді. – Міне, білек деген қандай болуы керек?! Қол күрестіремісің өзі? – деді. Екеуміз ойламаған жерден қол тірестіре кеттік. Ол қолы сүйектілеу, білегі жуандау болғанымен әлжуаз екен, тез-ақ жығылып қалды. Қолы жығылғанмен, жүні жығыла қойған.
– Әй, сен өзің тарамыссың ғой? – деді таңырқап. Бірінші сыныптан бастап турникке асылып, күресіп өсіп, аудан жүлдегері болғанымды қайдан білсін? Бірге күресетіндер мені бала кезден «тарамыс» дейтін еді.
Мықты ақындар тарамыс келетінін көріп тұрған жоқсың ба деп, Жарасқан жаққа иек қағып, сидиған білегімді білеп, әзіл-шынын араластыра мен де бір мардымсып алдым. Жарасқан ағаны да өз қатарластары «тарамыс» деп атайтынын ол кезде мен қайдан білейін? Оның жас ақындардың арасына кең таралып кеткен: Мен өзім жастайымнан арақ іштім, Қанша ішсем де мас болмас тарамыспын! – деп басталатын әзіл өлеңін кейін өзіміз де жатқа айтып жүрдік.