• Кіру
«Жазушы» әдеби порталы
  • Әдебиет әлемі
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Дайджест
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
    • Сұхбат
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
«Жазушы» әдеби порталы
  • Әдебиет әлемі
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Дайджест
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
    • Сұхбат
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
«Жазушы» әдеби порталы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Ерболат Әбікен. Кіші ғылыми қызметкер

Ерболат Әбікен. Кіші ғылыми қызметкер

14.07.2025
- Проза
Оқу уақыты: ~ 19 минут
A A
Ерболат Әбікен

Сарыжазықтың болашағы бұлыңғыр, Сарыжазықтың адамдары үмітсіз… Мұнда қайың өспейді, шырша көгермейді, сосын болар ешкім ағаш екпейді, егуге құлықтары да, уақыттары да жоқ. Әзірше Сарыжазықта қарағаш та, бұта-бүрген де жоқ. Мұнда ешкім қуанбайды, мұнда ешкім күлмейді, күлсе де шынайы емес… тек қана беті күледі.

Сарыжазықтың жазы қағыр, жері шөлейт, күн ысыса шыжыған аптап ыстығы адамның миын қайнатады. Жаз баласы Сарыжазықтың аспанында бұлт болмайды. Жаз баласы Сарыжазықта көлеңке жоқ. Көлеңкесіз жердің адамдары бұйығы, көнбіс келеді. Көлеңкесіз жердің адамдары құсалы болады. Ал қысы аязды, боранды, тентек желі бар қытымыр келеді. Қыс баласы Сарыжазықтың аспанында күн шықпайды. Шықса да сирек шығады. Қыс баласы Сарыжазық қалың қар жамылып ұйықтап жатады. Қыс баласы Сарыжазықта жөңкілген көліктер жүрмейді. Дерттібек, Дәурен сияқты бірен-саран адамдар болмаса, Сарыжазықтың адамдары қыс бойы жұмыс істемейді. Ұйықтап пеш түбінде жатады. Биыл да қарлы, бұрқасынды, қатулы көкезу қыстың бір еді.

Сарыжазықтың болашақ құрметті азаматы, болашақ ғалымы Дерттібек ұйқысынан оянғанда тұманданған аспан жерге ақ мамық қар бүркіп тұрған. Таң намазының азаны әлі шақырылмаған тұғын. Басын көтермекке ұмтылып еді, бес жасар қызы мойнына орала кетті.

– Әке, кетпеші, – деді Балауса.

– Жаным, мен жұмысқа барам, – деді әке.

– Кетпе, әке, – деді ол тағы да, – ып-ыстық алақанымен әкесінің мойнын, бетін сипалап, – мен сені сағынам ғой! – Балаусаның тәп-тәтті демі, ыстық алақаны оны маужыратып бара жатты.

– Мен бүгін көп ақша алам, – деді кенет ол қызына. – Саған не әкелейін?

– Байимыз ба онда? – деді Балауса ұйқылы-ояу, – Анашым, біз байитын болдық, – деді басын көтеріп.

– Маған ермексаз керек әке, тура Перизаттыкіндей. Саған машина жасап берем. Су жаңа аппақ машина. Сонымен жұмысқа барасың. Аяғың тоңбайды. Белің де ауырмайды әке. Әкесі мырс етті.

– Әкелем, су жаңа сумка әкелем тағы, – деді әке, жүзі жайнап.

– Алақай, – деді Балауса. Сосын ұйықтап кетті.

Олар бір бөлмелі жалдамалы лашықта тұратын. Әйелі ортаға кішкентай жер үстел қойды. Үстелдің үстіне көнетоз шәугім, ішіне қара шәй құйылған екі кесе, бір бөлке нан, қант, сосын бармақтай ғана сары май салынған алақандай тәрелке қойылды. Ол әлгі бармақтай сары майды нан тіліміне еппен жақты да, үстіне қант сеуіп, асықпай дәмін ала шайнап, қара шәйді сораптап іше бастады. Сөйте отырып, төрдегі бір кісілік төсекте пысылдап ұйықтап жатқан қызына сүйсіне қарады (Өздері көбінесе матырас төсеп, жерде ұйықтайтын). Аузы-мұрнынан шыға әр-әр жерде ұйлығып жатқан киім-кешекке, бұрыш-бұрышта, ішіне тырсита зат толтырылған Қытайдың ала дорбасына көзі түсе кетіп көңілі құлази қалды. Тура қол созым жерде ғана гүрілдеп жанып жатқан пештің қасындағы жаңқалар мен бір шелек көмір, лас су толы тегене мен құман оның көзіне тым сөлекет көрінді. Тек сол пештен шыққан жылу ғана, сәл де болса оның жүрегіне шуақ сыйлағандай.

Осы бір құйрық айналмайтын лашықта қалай өмір сүріп жатқанына ол таң қалды. Әуелі сенгісі келмеді. Құдайдың құтты күні осы бір қуықтай лашықта өмір сүретін, мәңгі бақи ретке келмейтін, іздеген дүниең табылмайтын осы бір қуықтай лашықты жинастырумен күні өтетін әйеліне жаны ашыды. Жұбатқысы келді.

– Мен саған бұйырса күміс алқа ап берем, – деді әйеліне, – Әуелі көріп те қойдым. Он мыңға саған күміс алқа ап берем. Он-он мыңнан екеуміз екі пар жып-жылы аяқ киім алып киеміз. Аяқ киімді де көріп қойдым. Қалған он мыңның бес мыңына қызымызға ермексаз, сумка, дәптер, қарандаш алып береміз. Соңғы бес мыңға ұн, сұйық май, күнделікті тамаққа қажет картоп, сәбіз аламыз. Сөйтіп, айлыққа жетіп қалармыз, – деді. Әйелі:

– Демек, мерекелік сыйақы аласың ғой!

– Иә, қырық мың ақша тиейін деп тұр! Айлықтан сырт. Сен ылғи айлық жетпейді деуші ең. Ал осы ай жетеді.

– Бәрін қоя тұрып көмір алайықшы, – деді әйелі. – Өмір бойы алған көміріміз қыс соңында бітіп қап, қолымда жыртық шелегім бар үй аралап, көмір сұраймын да жүрем. Тым болмаса осы жылы бір қысқа толық жететіндей көмір алайықшы.

– Көреміз, – деді ол шығып бара жатып.

Білдей бір ғылыми мекеменің атағы дардай кіші ғылыми қызметкері үйінен міне, осылай торығып шықты. Осы шақ жер жүзін қымтаған аппақ қар толассыз қапалақтап оның бетіне, кірпігіне қонып лезде еріп кетіп жатыр. Ол суыт жүріспен жаяу тартып келеді. Жер жүзін әлі де қараңғылық басқан. Бұлтты аспаннан бірді-екілі жұлдыз ғана бозара жылтырайды. Ай көрінбейді. Оның ойы орталыққа жетіп ап, ары қарай Алматы бағытындағы автобусқа отыру. Дегенмен қозы көш жерге жаяу жүруге тура келетін. Ол қалың қарды омбылай басып, сүріне жаздап тартып келеді. Ұлтарағының дымдана бастағанынан туфлиінің суға шыланғанын сезіп, абыржып келеді. Кенет Кейқуат болып ән салғысы келді. Қыстың ала көлеңке таңында, жападан-жалғыз келе жатқан ол сызылтып ән салды. Тура Кейқуат айтатын «Елім менің аңсаған, Тас бұғаудан босаған, Құтты болсың отауың оу» деп келетін әнеу бір әнді бар дауысымен шырқады. «Берік болсын о-о-о-о» деген жеріне келгенде шәңкілдек дауысы құдды тасқа қамалған ешкінің дауысындай аянышты шықты. Дегенмен өзіне ұнады. Кейқуаттан кем айтпаймын деп түйді іштей. Қалаға жетіп, тағы бір көлік ауыстырып жүріп жұмыс орнына да келді. Есік алдынан еңгезердей боп ғылым докторы, аға ғылыми қызметкер Шәйхан ханым кезіге кетті.

– Әй, Дерттібек мына жүрісің не, – деді. Қарсы алдынан шубасының етегі қар сыпыра ентігіп жеткен ол, – Келе жатқан комиссия анау. Сенің жүрісің мынау. Хаттама болса толтырылған жоқ. Ерте кел дегенім қайда.

– Апай, – деді ол зәресі қалмай. – Қар деген тізеден келеді. Көліктер жылжымайды. Әрең жеттім.

– Алтыда шықпадың ба үйіңнен. Жап-жас болып алып не деген ұйқы.

– Бесте шықтым апай, өте алыста тұрам. Үш сағатта әрең жеттім. Жолдың бәрі жабық.

– Не дейді ойбай? Сендім ал. Тез кір де қағаздарды дайында. Мен келгенше бітіріп қоятын бол, – деді де, адымын әрең ала қиралаңдап кете барды.

Ол үсті-басының, шәпкісінің қарын қағып болып ішке енді. Өн-бойын жып-жылы ауа балқытып ала жөнелді. Еріксіз бетін сипап көріп еді, қатқан бауырдай алақанын қарыды. Теңселе басып жоғары көтерілді. Суықтан әрең икемге келетін саусақтарымен кілтін әрең тауып, есіктің құлпын әрең бұрады. Сырт киімін шеше сала үстеліне отырды. Кәбинеттің жылы ауасына бойы бірден үйрене қоймады. Башпайлары шымырлап, еріндері тыртысып, саусақтары аши бастады. Бір шыны шай ішкісі келіп еді. Жүрегі дауаламады. Қысқа уақыт қуырып жеп барады. Компьютерге тесіліп, қағаз ақтаруға кірісті.

Сол кезде есік оқыс тарс етіп ашылды да, ұзынтұра біреудің төбесі көрінді. Бұл ит басына төгілетін ғылым докторларының бірі, мекеменің бас ғылыми қызыметкері Тұрағалды болатын. Ол үнемі өз көлеңкесінен қорқып қуыстанып жүретін. Ширақ қимылдайтын. Суыт жүретін. Ентігіп кіріп, ентігіп шығатын. Жау қуып келе жатқандай шапқылайтын. Бар-жоғы білінбейтін. «Айтпа» дейтін. Дәретханаға немесе асханаға бара жатса да, түгесіліп болмайтын, директормен болатын жасырын кездесуге бара жатса да саусағын шошайтып «айтпа, мені сұрағандарға білмедім де» дейтін.

Ол генерал көрген солдаттай орнынан атып тұрды. Тұрағалды болса, оның алдынан көз ілестірмес жылдамдықпен, терлеп-тепшіп, лыпылдап өтіп бара жатып,
– Шәй құйшы, – деді.

Ол орнынан тұрып шкафты ашып, ыдыс-аяққа қол соза беріп танауын басты. Мұндағы хатшы қыз Құлпынай асқан жалқау әрі былапыт болғандықтан ыдыс-аяқтар уағында жуылып, кеңсе уағында реттелмейтін. Шкафтан сасыған тамақтың мүңкіген иісі бұрқ етті. Тарелкалардың бетіне сарғайған тамақ қалдықтары қайқиып-қайқиып, ағаш боп қатып, жабысып алыпты. Кей жерлері теңбілдене көгеріп тұр. Бокалдардың ішінде құрысып, құрғай бастаған самалар мен көрең тартқан сарқындар аса жиіркенішті еді. Өйткені сол сарқындардың бетіне көк көрпешелер пайда бола бастаған. Ол іштей қатты кейісе де, сыр білдірмей лезде ыдыс-аяқты жуып келді. Тұрағалдыға шай құйды. Тұрағалды көзілдірігін мұрнының ұшына іліп ап, компьютерге тесілді де отырды. Сәл үнсіздіктен кейін тіл қатты.

– Сен барып «Дамыған ел» газетінен он бес тал алып келші, – деді саусақтарын санамалап, өзінше аса маңызды бір істің байыбына енді жеткен адамдай қабақтары түйіле, оған ұсақ қағаз ақшалар ұсынып жатып.

– Мақалам шығыпты, бірақ тіс жарып ешкімге айтушы болма, ішіңде болсын, – деді. Дерттібек дүңгіршектердің әлі ашылмағанын біле тұрса да, сөзге келместен сыртқа ұмтылды. Сыртта ақша қарлар теңселе билеп, баяу қапалақтап тұр. Оның бойы жылып, денесіне қан жүгіргендіктен, су-су етіктің ішіндегі аяғы аздап тоңғаны болмаса, өзі тоңа қоймады. Төңіректі тынбай төрт айналып шығып, ақыр айтқан газетін тауып келді. Қытайдың сарай әтектерінше аяғын еппен басып газет пен артылған темір теңгелерді Тұрағалдының алдына қойып жатты. Тұрағалды көзілдірігінің үстінен газетке сосын теңгелерге әрі таңдана әрі сұқтана қарап:

– Ақша артылды ма? Әй тағы біреуін ала салмадың ба? Тағы біреуін сатып ал, – деді.

Осы сәт Шәйхан да ішке оралған еді. «Тыс» деді Тұрағалды, сұқ саусағын ерніне тигізіп. Шәйханды нұсқап. «Білдірме» деді.

Дерттібек басын изеп-изеп қойып, сыртқа тоңқаңдап қайта ұшып бара жатты. Екі өкпесін қолына ала дүңгіршекке дереу жетіп, жалғыз газетті ала сала қайтып оралды. Тура хабарландыру текшесінің қасында оны Тұрағалды тықырши күтіп тұр екен. «Бері кел» деді бәсең дауыспен, қолын жамбасына жасыра бұлғап. Анау екі-ақ аттап жетіп барды. Қолындағы газетті ұсына беріп еді: «мұнда іліп қой» деді сыртын беріп жан-жағына жалтақтай қарап.

– Маған берме, мұнда іл, – деді, – Жақындама деймін маған, мен кеткен соң іл. Сосын мына газеттердің барлығын әрбір бөлім меңгерушілерінің алдына білдіртпей қойып шық, – деді. Осыны айтты да, бөксесін артына, қарнын алдына тастап, өз кәбинетіне қарай атақаз құсап балпаңдап бара жатты.

Ол бұйрықты бұлжытпай орындағаны соншалық, еш шиын шығармай, ым-жымын білдіртпей істеді. Сосын бөліміне қарай өкшесін сырпылдата басып бара жатыр еді. Алдынан Құлпынай шығып, оған өзін Шәйхан апайының іздеп жатқанын, қабағының тым қатулы екенін жеткізді. Оның жүрісі өзгеріп кетті. Жәй аяң емес, шипақ жүріске басты.

Ол кеңсеге кіргенде Шәйхан оған сұсты да, үмітсіз көзбен тесіле қарады. Алдына шақырып алды да, хаттаманың дайын, дайын еместігін сұрады. Әлі дайын еместігін естігенде қатты кейіді. Оны ауыр сөздермен кінәләй бастады. Ол болса бейне төсекке жіберіп қойып, кінәсін мойындаған жас баладай, басын төмен салып, тершіген мұрнын тартып-тартып қойып, көзін бір нүктеден алмай тұра берді. Ол оның ұзақтан бергі қорғану тәсілі еді. Бірдеңе деп ақталайын десе, алдында Тұрағалды отыр. Оған жала жапқан болып қалады. Ақырын көзінің қиығын салып еді. Ол ештеңе білмейтін, ештеңе сезбеген, ешкімді танымайтын адамдай тұқырайып алып бірдеңесін сүйкектетіп жатыр. Арада шай қайнатымдай өткесін Шәйхан апай жағы талды ма, жоқ, мынауыңнан ештеңе шықпайды деді ме, Тұрағалдыға бұрылды. Оған көңілді жүзбен жымиып:

– Мақалаң шығыпты, құтты болсын, – деді. Анау болса «рақмет» деді.

– Мықтысың ә!?

– Өзім де білмеймін. Мен өзім аңғал, момын адаммын. Айналамда тіпті не болып жатқанында кейде білмей қалам. Менің мақалам шығыпты. «Тоқтарәлі Таңжарық поэзиясындағы, көбелектің қанатындағы түстердің символдық мәні» деген мақалам. Мұның көбелегі қызық өзі. Не шамды айналып ұшпайды. Не сүтке түспейді. Соған қарағанда жынды көбелек емес-ау деймін. Көбелекті көп зерттедім. Ол өзі сондай әсем құбылыс қой! Ал мұндай әсем құбылысқа тек ақынның көзімен қарау аздық етеді. Арасында мен сықылды ғалымның көзімен де қарап қою керек. От. Нағыз ғылым сонда жасалады. Негізі «Айтыстың бірдеңесі» яки «Төлеген Меллатұлы поэзиясындағы іңірдің контекстегі қолданылу тәсілі» деген мақалам шығу керек болатын. Білмей қала жаздадым. Әгәрәки, Құдайға қараған біреу столыма әкеп салып қоймағанда… Сонда бір-ақ білдім, біреу суырмама әкеп салып қойыпты, кім екен, ә? Қайта жастар осындайды біліп, іздеп, зерттеп жүруі керек қой. Біреу-міреудің суырмама газет салып жатқанын көрмедің бе, балам…? – деп, енді ол Дерттібекке жабыса кетті.

– Көздерің өткір көреді ғой! Қырағы ғой! Ештеңе байқамадың ба? –деді.

Дерттібек басын шайқады. Есесіне жауапты Шәйхан қайтарды.

– Бұлар біледі деймісің? Нені біледі бұлар. Біз кезінде ғылым докторларының басынан құс ұшырмаушы ек. Құс түгіл мұрнына қонған шыбынды қағып түсіретінбіз. Жатса жастық, отырса төсек болатынбыз. Бұлардың жүрісі мынау, отырсаң опақ, тұрсаң сопақ боп жүрген, – деді. Сосын тағы Тұрағалдыға бұрылды.

– Менің алдыма да біреу газет қойып қойыпты. Содан оқыдым, – деді. Анау болса:

– Сөйтеді, ылғи сөйтеді. Алдымдағы календардың бір бетін әр күні біреу жыртып кетеді, иттің күшіктері – деп кеңк-кеңк күлді.

– Дәріханаға лып етіп барып, келші, – деді Шәйхан оған. Сабырлы да, бәсең үнмен. – Қаным өрлеп кетті-ау деймін. Басым ауырып тұрғаны. Бүйте берсеңдер ұстаздарыңды өлтіріп тынасыңдар ғой! Сосын сендерді кім сүйрейді. Қамдарыңды кім ойлайды, – деді аянышпен ыңырана сөйлеп. Оған дәрінің шіріткісі мен қоса ақша ұстатып жатып. Дерттібек мына қамқорси айтылған жылы сөзге не дәуір желпініп, көңілденіп қалды. Көзді ашып-жұмғанша дәріні алып жетіп келді.

– Ойб… ойбой… суды ұмытыппын ғой! Маған енді дәрі ішетін су әкеп берші, дүкенннен, – деді.

Дерттібек сәл кідіріп тұрып қалды. Көзі босаға жақта тұрған төк шәугімге, сол шәугімнің қасында аузы сағыздан босамай отырған Құлпынайға түсті. Оны шынымен де жек көріп қалды. «Атып тұрып су құйып берсе несі кетеді екен» деп ойлады іштей. Және өзі соны істегісі келді. Егер апайы бұйырса солай істейтін де еді. Бірақ жұмсамады. «Қайнақсумен ішсеңіз болмай ма?» деп сұрауға оқталып еді. Апайының түнере қарап отырғанын көріп жым болды.

Тәйірі бұл да қиын іс боп па деп ойлады іштей. Барып жүрген дүкен ғой! Аяғым сынып қалмас. Қайта жаяу жүрген пайдалы емес пе деп өз-өзін жұбатты.

Бұл жолы дүкенге тіпті де тез барып келді.

– Мынауың газды су ғой, – деді Шайхан, таңырқап, – Менің дәрі ішетінімді білмейтін бе едің? Тасбақаныкіне ұқсастау мойны алға екі елі созылып кеткен еді. Желкесін, құлағын, екі бетін жапқан жалбыраған қою қара шашы дір ете түскен. Ол ашуланса болды шашы дір ете қалушы еді.

– …

– Сен жас ғалымсың. Ғалым басыңмен газды сумен дәрі ішуге болмайтынын ойламадың ба? Денің сау ма өзіңнің?

Денің сау ма деген сөзді ол ұнатпай қалды. Әсіресе, асқар тауға балап жүрген ұстазынан, мәдениетті адамның сөздік қорында болмауға тиісті тұрпайы сөзді естігеніне қатты қынжылды. Шәйхан енді Тұрағалдыға қарады.

– Мына баланы жұмысқа алғанда байқамадың ба? Газды сумен дәрі ішуге болмайтынын білмейтін адамның болашағынан ертең қалай үміт күтуге болады. Мұндай адамнан қайбір жетіскен ғалым шығады дейсің, – деді.

Осы тұста Дерттібектің жүрегі дүрсілдей бастады.

Тұрағалды Құлпынайға қарап, қаламының ұшымен нұқи сөйлеп:

– Мекемемізде газды сумен дәрі ішуге болмайтынын білмейтін жас ғалымдар бар деп түртіп қой, – деді. Осыны айтты да әуелгі қалпына көшіп, жазуына кірісті. Құлпынай компьютеріне әп-сәтте теріп үлгерді. Мұны көріп Дерттібектің жүрегі тіпті де атқалақтай бастады.

Ол қайтадан сыртқа ұмтылды. Өзінің дүкенге нешінші рет бара жатқанын есіне түсіре алмады. Балтырдан жауған қар адымын аштырмады. Осыған ызасы келді. Аяғы шылқып, башпайлары тоңа бастады. Табанын суық қарып барады. Терлеп кетті. Шәпкісін шешіп маңдайының терін сүртті. Арықтан аттай беріп тізесінен жоғары қарға батты да қалды. Арықтың шеті деп топшылаған жері арықтың шеті емес дәл ортасы екен. Сазға батқан қарасан келгірдей, болмаса қақпан қапқан аюдай, бір орнында жұлқынып біраз әлектенді. Көше бойында кетіп бара жатқан екі-үш қыз ішек-сілесі қатып, күліп бара жатты. Намысқа тырысып, бар қайратын бойына жинап жұлқынды. Абырой болғанда ербеңдеп жатқан оң қолы жақтаутасқа іліне кетіп, содан ұстап әупірімдеп әрең шықты.

Қатты жабырқады. Жылап жіберуге шақ қалды. Көзі жасаурай бастаған. Қарсы алдында жылтырап таныс көздер келе жатты. Солардан жасқанды. Жасаураған жанарын көрсетпеуге тырысып, шалбарының балағындағы қарды қаққан болып, еңкеңдеп өте шықты. Жаңа арыққа батқанда өз бетімен жұмыстан кетуді ойлаған. Енді ол ойынан дереу айныды. Себебі сол бір азғантай сыйақы көз алдына елестей бастаған.

Бірнеше дүкенді аралады. Газсыз су тапты. Ол жылы су сұрады. Дүкеншілер сәл жақтырмай жауап қайтарды. Қыстың күні жылы су болмайтынын сөгіспен жеткізді. Бұл болса сәл жылымшы су керек екенін, керек десең қан жылым су іздеп тұрмағанын, мүмкін болса мұздатқышқа салынбаған су берулерін сыпайылап айтты. Сары бас, семіз қатын судың бәрі қыстың күні мұздатқышқа салынатынын, бірақ тоққа қосылмайтынын айтып ақталды. Керек қылған адамның мұздатқыштан өзі барып алу керектігін ескертті. Ескерте кеп, әлгі сары бас, семіз қатын сөзінің соңын «жынды ғой деймін» деп аяқтады. Ол салғыласып тұрмады. Ең жылы деп тапқан суды алып тайып тұрды.

Кеңсеге кіргенде Шәйхан оны тықырши күтіп отыр екен.

– Оң қолыңмен бер, – деді суды ұсынар, ұсынбас бұрын. Ол су ұстаған оң қолын соза беріп еді, – Қақпағын ашып берсеңші, – деді, – Мен әйел адаммын ғой!

Ол қақпағын ашып стаканға енді құя беріп еді:

– Қолың таза ма? Жуып па едің? – деді. Ол басын изеді. Стакандағы суды аузына апарып, дәмін татып көрді де:

– Мынауың мұздай ғой, – деді. Анау қапелімде төтеп бере алмай, сазарып тұрып қалды.

– Мен саған ренжідім. Сен маған мұздай су әкеп отырсың. Өзіңнің ұстазыңа мұздай су әкеп отырсың. Мен сені апарып бақшама жұмысқа салғам жоқ. Бар-жоғы суға жұмсадым. Тек бір ұрттам суға ғана. Онсыз да бүгін жайсызданып отырмын. Тымаурататын түрім бар. Ал сенің миыңа ол кіріп те шықпайды. Өзім әлсіз, аурушаң адаммын. Немене мұрның пысылдайды ғой? Ауырып жүрген жоқсың ба? Менің иммунитетім төмен ғой. Өте төмен. Сен тымауыңды жұқтырмақсың! Маған жақындап алыпсың. Алыс тұр. Орныңа барып отыр, – деді есік жақты нұсқап. Сосын стақандағы суын, алдындағы гүлге селқос құя салды.

Дерттібек шегіншектеп отырып, өз орнына барды. Енді онымен ешкімнің шаруасы болмады. Тек бөтелкедегі суды, жұптаған екі алақанының арасына салып алып, баяу сипалап, жылытқан болып отыра берді. Хатшы қыздың үшкірейген мұрнымен өзіне әлсін-әлі сығалай қарап, күлкісін әрең тыйып отырғанын сол жақ бетімен сезді.

Түскі асқа дейін ол әлденеше рет жұмсалды. Тұрағалды оны кітапты көшірмеден өткізіп келуге орталық кітапханаға жұмсады. «Бәріміз бір кеменің адамымыз» деп қарайтындықтан, тиын берген жоқ. Дерттібек лажсыз, өзінің түскі асқа самса алып жеуге сақтаған, азғантай ақшасын жұмсап еді, жетпей қалды. Сосын әйелінің жолыңа деп берген, үнемдеп жүрген тиынын қосты. Бухгалтер директорға ыстық шөшіре алып келуге қолына ыдыс беріп, дәмханаға жұмсады. Директордың орынбасары «ұлтарағымды түнде жәйіп қойып ем, тас есімнен шығып салмай кетіппін» деп жүз теңге беріп, дүкенге жұмсады. Кітапханашы қыз бөлімшеден шкаф алып келуге жұмсады. Есік қақпастан кіріп келді де, Тұрағалдыға бейне көршісінен майысқан қасық, сыры ұшқан тегеш немесе алжыған мысық сұрағандай-ақ,

– Ағай, Дерттібекті маған беріп тұрыңызшы, – деді. Әдетте көршілер бір–бірінен,

– Майысқан қасығыңызды немесе сыры ұшқан тегешіңізді он минутқа әлде жарты сағатқа беріп тұрыңызшы, – деп сұрайтын. Болмаса: «Құдайы көршім-ау! Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген ғой! Ертең құдалар келмекші еді. Қырсыққанда үйде тышқан қаптап кеткені. Айып етпесеңіз алжыған мысығыңызды тек бір түнге бере тұрасыз ба? Өлсе төлеймін» деуші еді. Ал ол қыз өйтпеді. Жәй ғана қасқайып тұрып:

– Дерттібекті беріп тұрыңызшы, – деді.

Ал Тұрағалды болса:

– Ал, бірақ өзімізге әкеп беруді ұмытпа, – деді мысқылдап. Оған барлығы тырқылдап тұрып күлді. Дерттібек осы жерде ғана, жалғыз-ақ ауыз:

– Мен де адаммын ғой, – деп мыңқ етті.

Ол хатшы қызға еріп кітапханаға кіргенде өзі сияқты әр бөлімнің кіші ғылыми қызметкерлері жиналып қалған екен. Солармен бірге баспадан келген әлденеше мыңдаған кітаптарды тірсегі дірілдей жүріп үстіңгі қабатқа тасыды. Осы жерде денсаулығының сыр бере бастағанын сезді. Жәшік толы зілдей кітапты көтеріп сатыдан өрлегенде бүйрегі шаққылап, белі қақсай бастаған. Алғашқы кездер демалмайтын, кейін бір рет, сосын екі рет демалатын болған. Бұл жолы үш рет демалмасқа амалы қалмады. Сөйтіп жүріп кітапты бітірді. Өзі де әбден қалжырады.

Соңында кадр бөлімінің меңгерушісі Пістегүл оны қара құрым жастардың арасынан суырып алып, қасына жасы елуді еңсергенмен ешбір кітабы шықпаған, отыз екі жыл бойы осы мекеменің отымен кіріп, күлімен шықса да, қорғау бақытына ие бола алмаған, ұшан теңіз білімі бола тұра, тырнақтың қиқымындай ғылыми атағы жоқ, ешбір жиналыста жылтырап отырмаған, шетел тұр ғой, қақырық жетер Қапшағайға да іссапарға жіберіліп көрмеген, соңғы он жыл бойы мекеменің титімдей сыйлық ақшасын қанжығалай алмай мысы әбден құрыған Ұлтанқұл деген не жас ғалым, не кәрі ғалым екенін өзі де білмейтін біреуді қосып беріп бөлімшеден шкаф әкелуге жұмсай қойды.

– Ұшып барып алып келіңдерші, – деді бұйыра сөйлеп.

Екі дос оның қандай шкаф екенін сезді. Осыдан бір күн бұрын өздері тасыған жиһаздың ішінен қалайша екен, орын бола тұра машинаға сыймай қалған шкафты көтеруге бара жатқанын білді (Негізі шаруашылық бөлімінің меңгерушісі өте қыңыр ит мінезіне басып бұл шкафты машинада орын болса да, әдейілеп қалдырған болатын. Сондай-ақ неге қалдырғанын өзі де білмей дал боп жүрген. Бұл мекеме осындай есі ауысқан адамдарға толы болатын).

Олар бөлімшеге келгенде шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Дағарбек екеуін әдірең-әдірең етіп қарсы алды. Әдеттегідей, аузынан арақтың иісі мүңкіп тұрған. Қырсыққанда шкаф бұлың-бұшпағы таусылып болмайтын, ирелеңдеген жер асты қоймасында еді. Қойма өте жиіркенішті тұғын. Атам заманнан бері көк сасып тұратын. Жарық толық түспегендіктен кірген адамдар сөзсіз бетонға маңдайын ұрып алатын, болмаса бетіне өрмекшінің торы жабыса кететін. Қойшы әйтеуір, бір кірген адам да, екі кірген адам да, тіпті үш кірген адам да, сөзсіз киімін ауыстыруға тура келетін. Кез-келген затты ұстап қалсаң болды, өкпеңді шаң қауып қақалатынсың. Ауылдағы қайын атаңның арбасына бір доңғалақ керек болса немесе нағашы апаңның көзілдірігінің бір әйнегі түсіп қалса, болмаса жездеңнің бәтіңкесінің сыңары жоғалып қалса, оң жақ яки сол жақ сыңары болса да, осы жерден табылатын. Керек қылғандар мынау шаруашылық бөлімінің меңгерушісімен дәмханаға бармай-ақ, осы көк сасыған жер асты қоймасының кез-келген бұрышында екі рюмка ішсе мәселесі шешілетін. Қалаған затыңды алып кете беретінсің. Меңгеруші деген аты болмаса, шаруашылық бөлімінде жалғыз өзі істейтін.

Десе де кіші ғылыми қызметкерлерді, әуелі десең өзінен он жас үлкен Ұлтанқұлды оңды-солды жұмсауға өзін құқылымын деп есептейтін көк соққан есуастың өзі еді. Оның негізгі кінәсі заманынан сексен екі жыл кейін туылғандығы болатын. Егер ол осыдан сексен екі жыл бұрын туылғанда, қаншалықты надан, қаншалықты топас, қаншалықты көрсоқыр болған сайын тасыңды өрге домалататын сұм заман оны үлкен мансаптыға айналдырып, Дерттібек пен Ұлтанқұл секілді сан-мың зиялыны алдына қойша үйріп әкеп беретін еді. Сонда ол шолақ бесендіге айналып, «Дағарбек деген белсенді кедейің менмін» деп, жалбыр тымағын баса киіп, кір-кір мақтасы салбыраған жыртық тонының етегі бір төреден тартып алған жараулы атының сауырын жауып, шоқырақтатып келген бетте, өрімі тарқатылған қисық сапты қамшысымен кез-келген байдың басынан салып қалып, малшы кемпірдің қаймағын тартып жеп жүре берер ме еді, кім біледі? Әй, сөзсіз сөйтеді-ау!

Сөйтіп, екі дос Дағарбектің зілді-зілді бұйрығының астында көздеріне құм құйылып, бір бұрышқа кептеліп қап, енді бір бұрышқа төбесін немесе тізесін соғып, кезек-кезек жығылып жүріп жарық дүниеге шықты.

Осылайша, екі дос шамамен бір шақырымнан асатын мекемеге табыттай ауыр шкафты көтеріп, ілбіп бара жатты. Дерттібек өзінің алдында шкафтың бір басын көтеріп пыс-пыс етіп, бүкшеңдеп бара жатқан Ұлтанқұлдың жіп-жіңішке боп, үзілейін деп тұрған желкесіне, жарғанаттың қанатындай ғана жұп-жұқа құлағына, қудай боп ағарған шашына көзі түсті. Қысы-жазы етегіне жел толып, қомпиып желпілдеп жүретін қара плащын үстінен тастамайтын, қырынан қараған адамға қағаздай болып көрінетін, қатқан қайыстай қатпыш, қаңылтырдай жұқа, осы бір міскін адамға таң қалды. Әрдайым жел соқса ұшып кетердей боп теңселе адымдап, адымдаған сайын алға қарай серіппедей созыла түсетін, кім-көрінгенге екі қолын алып ұшып, баладай қауғалақтайтын бейнесін есіне алды. Езуі ыржиып, сол ыржиған езудің арасынан, тілінің қызыл еті жылт етіп көрініп қап жүретін, соншама үнемдеп жаратылған бет пішіні, сол бет пішінде тек қана ұстауға келетіндей боп, үшкірейіп тұрған мұрын көз алдына келді. Құныса түсіп, ақ шаштары бір-біріне қосылмай дір-дір етіп, бір жағына қарай қисайып алып, тарамыстай боп қатая түсіп, мұрттай ұша жаздап бара жатқан түрін көріп аяп кетті. Жиырма жылдан кейінгі өзін оның орнына қойып көріп еді, зәресі қалмады.

Олар тар көшенің шетіне тоқтап дем алды. Бір-біріне тіл қатпады. Тіл қатуға тіпті шамалары жоқ болатын. Анау сірескен екі қолының алақанын бір-біріне үйкеп қойып, көңілді көркін бұзбай, әлі де езуі ыржиып тұрған. Кенет екеуі де «әкетіңдерші ей», деген дауысқа жалт қарады. Сөйтсе қастарына бір көлік кеп тоқтап тұр екен. Мұнымен қоймай, жүргізуші терезеден басын шығарып, «одан да, мына жерге қойсаңдаршы» деді тура жолдың ортасын нұсқап. Ұлтанқұл шетке қарай алып тастамақшы болып, шкафқа қарай тұра жүгірді. Дерттібек машинаның онсыз да өте алатынын, одан ары шкафты қоятын орын жоқ екенін байқап, ызасы келді. Сегіз жылдан бергі жеген таяқ, көрген қорлық жалғыз минутта көкірегіне шемен боп байлана қалды. Бірдеңе деу керектігін білді. Неден? Қалай бастарына миы жетпеді. Сосын жалғыз-ақ ауыз, түйеден түскендей етіп,

– Доктор болғанда көресің, – деді.

– Не? – деді анау аң-таң боп.

– Доктор болғанда көресің деп тұрмын ғой! – деді Дерттібек.

– Ақымақ, – деді анау тағы да.

Дерттібектің тіпті ызасы келді. Тағы бірдеңе деуім керек деп ойлады. Оның үстіне, Ұлтанқұлдың алдында недәуір беделі түсіп қалды. Сосын «өмірімде жігіт боп менде ашуланып көрмеймін бе? Тіпті төбелесіп көрсем, таяқ жесем жеп қалайын» деп шешті. Сөйтіп, бір кезде директордың орынбасары Шойынқұлақтың жастарды кәбинетіне жиып ап, қолын шытыр-шытыр еткізіп, мойнын қисайтып-қисайтып қойып, «ей сүмелектер, егер төбелескілерің келсе, ашығын айтыңдар, сегіз жыл бойы боксқа бекер ақша шашқам жоқ. Мен сотыңнан қорықпаймын. Түрмеңнен тіпті де қорықпаймын, жынды деген куәлігім бар. Пәле іздеп жүрмін» деп зәре-құттарын алғанын есіне алды.

Сосын оған жақындап барды да, қолын шытыр-шытыр еткізіп, мойнын қисайтып-қисайтып қойып, «ей сүмелек, егер төбелескің келсе, ашығын айт, сегіз жыл бойы боксқа бекер ақша шашқам жоқ. Мен сотыңнан қорықпаймын. Түрмеңнен тіпті де қорықпаймын, жынды деген куәлігім бар. Пәле іздеп жүрмін», деп тап берді. Анау алақ-жұлақ етті де, зәре-құты қалмай, көлігін оталдыра сап (ол көлігінің отын өшіріп қойған еді. Өйткені ол да пәле іздеп жүрген болатын) тайып тұрды. Ұлтанқұл таңдай қақты. Дерттібек болса, сыртына ештеңе білдірмесе де, ішінен қатты күлкісі келді. Өзін өмірінде бір ұлы іс тындырғандай сезініп, бойы жеңілдеп қалды. Шкафтың ауыр жағына қарай жүгірді. Шкафты көтеріп келе жатып та, тырқылдап күліп қойды. Егер Ұлтанқұл өкпесі сырылдап, шиық-шиық етпегенде, Дерттібек ендігі демалмайтын да еді.

Екі дос шкафты сол көтергеннен мол көтеріп, мекемеге бір-ақ келді. Қос айрықтарынан тер сорғалап, белдері майыса сатыдан өрлеп келе жатқан екі бейбақты сыртынан көрсең, бейне дән тасыған екі қызыл құмырсқаға ұқсатушы ең. Ал дәлізде жүрген аз санды қызметкерлер ол екеуінің жүдеу-жадау түрлерін көріп, соғыста быт-шыты шығып, жеңілген қолдан бастығының табытын көтеріп тірі қайтқан көңілсіз екі солдатқа, ал көтерген шкафтарын табытқа ұқсатқандай мүсіркей әрі кекесін көзбен қарады. Шкафты дәлізге қойып, ентігін баса алмай, маңдайының терін сүртіп тұрып Дерттібек доктор бола алмағанына дәл бүгін өмірінде ең қатты қайғырып, сол қайғыдан жылағысы келді. Қарсы алдында өкпе тұсын ұстап күрк-күрк жөтеліп, жөтелген сайын бар денесімен еңкеңдеп, қып-қызыл болып қинала жанталасып жатқан Ұлтанқұлға дәрменсіз көздерімен мұңая қарады. Осы сәт жиналыс залынан Кейқуаттың дарылдаған тарғыл дауысы, Жәйқуаттың домбырасының қаңғырлаған үні бір ауық естіліп тұрды да, артынша әр тұстан шіл үркіткендей шытырлап шыққан шапалақ дыбысы шықты. Демек жаңа жыл мерекесін қалай қарсы алу туралы жиналыс өтіп жатыр деп түйді олар.

Екі дос жасқана-жасқана жиналыс залына кірді. Іштен жасы бар, жасамысы бар, мекеменің күллі ғалымдары екеуіне үдірейе қарады. Жиналысты директордың орынбасары Шойынқұлақ жүргізіп отыр екен. Директор көзге шалынбады. Олар төмен жақтан орын тауып құйрық қоя берген еді, Нұрәли мен Дәурен кіріп келді де, Шойынқұлақ Дәуренге сұқ саусағын шошайтып

– Дәрігерден анықтама алып, жүк көтергеннен қашатынның бірі мына сұмырай, – деді. Хатшысы оның айтқанын қағазға түсіріп жатты.

– Әй, Шөке, – деді Дағарбек дауыстап, – Ол жаңа бар ғой! Нәйім, нәйім, нәйм… ап, ап, ап… арақ әкелді. Зал қыран топан күлкіге қарық болды.

– Дағарбек, тыныш отыр. Дәл қазір жиналыстан қуып шығамын, – деді Шойынқұлақ. Дағарбек жым болды. Көзі бәрін тіміскілеп өтті де:

– Дерттібек, – деді Шойынқұлақ. Дерттібек жасқана орнынан түрегелді.

– Сен алдағы жаңа жыл мерекесіне қатыспаймын депсің ғой, бұл рас па? – деді. Дерттібек үнсіз мелшиіп тұрды.

– Бері кел, – деді Шойынқұлақ, алдындағы орынды нұсқап. Дерттібек жақындап барды.

– Сен қоғамдық жұмысқа қатыспағандардың сыйақыдан қағылатынын білесің ғой, – деді. Дерттібекте үн жоқ. Терши бастаған мұрнын пыс еткізіп бір тартып қойып тұра берді. Дегенмен жүрегі, бойы қалтырап кетті.

– Болды. Іс бітті. Сен Ұлтанқұл екеуің дуэт боп ән айтасың былтырғыдай, – деді Шойынқұақ бұйырып.

– Елдер күледі, – деді Дерттібек күбір етіп.

– Мен айтпаймын. Кейқуат айтсыншы, – деді дауысы жалынышты шығып. Отырғандар әр тұстан гу-гу етіп Дерттібекті сөге бастады. Бұл сөгістер Шойынқұлаққа қанат бітірді білем, қабағы түйіле түсіп, айбаттанып, бүкіл кіші ғылыми қызметкер атаулыға үрей тудырғысы кеп:

– Бүгінгі жиналысқа неге қатыспадың? – деді Дерттібекке қыранның көзіндей ойнақшыған дөп-дөңгелек отты жанарын қадап.

Дерттібек өзі күтпеген сұраққа не деп жауап берерін білмеді. Тек қана үмітті көзбен Тұрағалдыға қарап еді, ол ештеңе білмейтін адамдай момақан бола қалыпты. Дерттібек үмітке толы көзін одан әлі де аударғысы келмей, бір ауық қарап тұрды. Кенет Тұрағалды екеуінің көзі түйісіп қалып еді, Тұрағалды не үшін қарайсың дегендей кейіп танытты да, Дерттібектің көзі тайқып кетіп, енді қайтып ол жаққа қарауға дәті шыдамады.

Шойынқұлақ үстелді бар пәрменімен тарс еткізіп бір қойып, Дерттібекті селк еткізді. Залдағы өзге жастар да шошып қалды.

– Қоғамдық жұмыстан қашқандарға сыйақы берілмейді. Жақында тағы да қысқарту болады. Сол қысқартуға қарсы қара тізімге енеді, – деп бар даусымен айғайлады. Сосын төмен жақта отырған кіші ғылыми қызметкерлерге жағалай көз жүгіртіп еді, олар ұялас балапандардай бір-біріне жабыса түсіп, енді-енді қорқа бастапты. Ол тіпті желігіп кетті. Дерттібекке қарады да:

– Сыйақыдан қағылдың, – деді зілдей қып. Сөйтті де бухгалтерге бұрылып,

– Мынаның сыйақысының жартысын Кейқуат пен Жайқуатқа, жартысын бүгінгі мерекелік дастарқанға жұмсаңыз. Үлкен бір торт алыңыз, – деді екі қолымен ауаға дөңгелек шеңбер сызып.

Осы сәт Дерттібектің көзі жасаурап, ерні дір-дір етіп, бір сәт аспан төңкерілгендей боп, көз алды тұманданып, ештеңе көрінбей кетті. Тіпті үйіндегі кішкентай қызы мен әйелін ойлауға да шамасы келмеді. Шойынқұлақтың ербеңдеген қолын, жыбырлаған аузын ауық-ауық көріп қалса да, шыңылдаған құлағы дым естімей, шуылдаған миы дым сезбеді.

Шойынқұлақ бұл кезде тіпті де еліре түскен тұғын. Аузына келген бірдеңелерді көкіп те алған. Кіші ғылыми қызметкерлердің көздері бақырайып, ауыздары аңқиып, денелері ұйи бастағанын, Дерттібектің көзі жасқа толып, кірпіктері дір-дір етіп тұрғанын көріп қап, ләззаттанғаны сонша, не айтып не қойғанын өзі де ұқпады.

Кенет алдындағы гүлдің қисайып қалғанын көзі шалды. Сөйтті де шала бүлінді.

– Мына гүл неге қисаяды, – деді ол кәрлене. – Сендер неге осыны реттеп қоймайсыңдар, – деді жастарға қарап.

– Бұл сендердің міндеттерің еді ғой, – деді тағы да. Өзін салмақты көрсеткісі келді. Жеті секунд демалып алды да, кейбір адамдарға түсініксіздеу тілде мынаны айтты:

– Гүл, – деп бір тоқтады. Сосын нығызданып тұрып ары қарай сөзін сабақтады.

– Гүл бар ғой ауадағы көміртегі қос тотығын сіміріп, оттегін бөліп шығарады. Яғни ауаны тазалайды. Бұл ғылымда фотосинтез деп аталады. Бұл біздің өкпе-бауырымызға, ағзамызға, жүрегімізге өте пайдалы. Әсіресе біз сияқты ғалымдардың миының сергек жүруіне, ойлау және есте сақтау қабілетіне айырықша әсерін тигізеді. Егер бұл жүйе бұзылса мынадай қасиетті қарашаңырақты, қасиетті ғылым ошағын кім көтеріп тұра алады. Сталиннің өзі кезінде ұлы отан соғысына ғалымдарды жібермеген. Ал өзі қан кешіп соғысқан. Не деген қарапайымдылық, не деген ұлылық десеңші. Сендер мұны неге түсінбейсіңдер? Ғалымдарсыз отанымыз қалай гүлденіп, көркейеді? Екі мың отызыншы жылы жағдайымыз не болмақ? – деді.

Осыны айтқанда өзін құдды «Артымызда Москва, шегінерге жер жоқ» деп айғайлаған батырдай сезініп, мойнына шейін қып-қызыл болып, жүзі әлемтапырық өзгеріп кетті. Сөйтті де жағалай көз жүгіртті. Бұл кезде барлығы үнсіз тыңдап отырған. Залда тіпті шыбынның ызыңы да жоқ болатын. Бұл көрініс оған ұнады. Алдындағы судан бір ұрттап қойды да, ары қарай сөйлеп кетті.

– Гүлдің жапырақ алақаны болады. Сол жапырақ алақаны осы процесті атқарады. Егер сол жапырақ алақаны қисайса, не үзілсе не болады. Гүлде жан болады көкелерім-ау, оны мына секілді миғұлалар білмейді, – деді-дағы, алдында тұрған тақта өшіргішпен тура Дерттібектің маңдайын көздеп тартып кеп жіберді. Өшіргіш ес-ақылы кіресілі-шығасылы болып тұрған Дерттібектің маңдайына емес, тура оң жақ көзіне оңбай тиді. Тигенде де тура оң жақ көзінің отын жарқ еткізді. Ол байғұс кескен теректей, түп-түзу боп бұрқ етті де, бауыздалған қойдың бос жатқан жалғыз сирағын сілкігендей оң аяғын ербең еткізіп екі сілкіді де талықсып кетті.

Дерттібек есін жиғанда жиналыс залындағы үлкен үстелдің үстінде шалқасынан жатыр екен. Ол бір ауық өзінің қайда жатқанын есіне түсіре алмады. Ақшамның қызыл шапағы залды қараңғылыққа көме бастапты. Көзі біртіндеп үйірлескендей болды. Қабырғадағы ұлы адамдардың портреті енді-енді анық көріне бастады. Алдымен Абылайханды, Сосын Абайды таныды. Ал Байтұрсынұлын есіне түсіре алмай шырамытып барып таныды. Қалған портреттер бұлдырап анық көрінбеді. Сөйтіп ол есінің дұрыс екеніне көзі жетті. Іштей Ербол есіне түсіп, «мына қатарға Ерболдың портретін іліп қойса да жаман болмаса еді» деп ойлады. Оны көргісі, оған барып мұңын шаққысы келді. Қайда жатқанын, осының алдында не болғанын біртіндеп есіне түсірді. Басын көтерді. Екі шекесі, қарақұсы, төбесі шыңылдап өлтіріп барады. Қарсы алдында тұрған Ұлтанқұлды таныды. Күлімсіреп, тісінің қызыл еті жылт етіп көрініп қап ол сөз бастады.

– Жағдайың жақсы ма Дерттібек? – деді ол. Дерттібек су ішкісі келетінін айтты. Ұлтанқұл жиналыстағылар ішкен сусындардың ішінен қақпағы ашылмаған, бір бөтелке мөлдір су тауып, қалбалақтап жүріп қақпағын ашып стаканға құйып, оның аузына төседі. Дерттібек оны сіміріп тастады. Сосын мелшиіп отырды да, өз-өзінен боқтана бастады. Сөзінің астары түсініксіз болса да, Ұлтанқұл оның кімді боқтап жатқанын іштей сезді. Ол біраз тулады. Кілең «сабатам», «өлтіртем», «кек алам», «қайтпаймын» деген сыңайдағы, бастауышы жоқ түсініксіз тіркестерді бірінің артынан бірін шұбыртты. Сосын бір ауық тас мүсіндей үнсіз сазарып қатты да қалды. Өз-өзіне жаны ашыды. Өз-өзін жек көрді. Өзінің енді мәңгі-бақи диссертация қорғай алмайтынына көзі жетті. Өзінің енді бақытты бола алмайтынын мойындады. Тіпті үйінің болмайтынын, бала-шағасының кедей боп өсетінін, әйелінің бір бала, сосын тағы бір бала, сосын тағы бір бала туатынын елестетті. Оның алқаға жарымай, ошақтың басында ескі киіммен күлдікөмеш боп өтетінін, сөйтіп тез кәртейетінін ойлады. Екі алақанымен бетін басып, еңкілдеп тұрып сүт пісірімдей жылады. Ұлтанқұл оны тек қана таяқ жеп, құсадан жылады деп ойлады. Тым болмаса оның таңертең ғана қызы мен әйеліне берген уәдесін орындай алмайтынын, үйіне бару ол үшін ауыр қасірет екенін, дәл қазір асылып өлгісі келетінін бірақ кішкентай періштесін қимайтынын ол түсіне алмайтын еді. Тек қана жақындап кеп:

– Дерттібек жылама. Қой. Сен деген батырсың ғой! Батыр жылай ма екен, – деуге шамасы келді. Қолтығынан демеп тұрып:

– Мен де сыйақы алмадым, – деді. Дерттібек еріксіз оған бұрылды. Тап осы сәт ол Ұлтанқұлдың көзінен тілмен айтып жеткізуге болмайтын, сұмдық бір мұңды, сұмдық бір қайғыны көрді. Асқан шеберлікпен үнемдеп жаратылған, қасіретке толы осы бір бет пішінге қарап тұруға дәті шыдамай көзі тайқып кетті. Бейне Тұрағалдының көзінен көзі тайқып кеткені сияқты. Бірақ дәл осы жерде қорқудан туған тайқу емес, елжіреуден туған тайқу болатын. Әрі оның «де» шылауы бар сөз ләмінен өзінің де сыйақы ала алмағанына күмәні қалмады.

Олар сыртқа беттеді. Дәлізден қолдарында пакеттері бар, дүкеннен келе жатқан кіші ғылыми қызметкерлердің біраз легін көздері шалды. Олар бұл екеуіне ұры ит құсап көздерінің үстімен қарады. Сыйақыларын алып тойлатып жүрген жастар шоғыры екенін бұлар сезді. Әлдеқашан ақшам ауса да, сыйақы бұлардың біразын осында жіпсіз байлап қойған сияқты. Пакеттерінен шараптың бөтелкесінің сыңғыры естіліп қап қастарынан өтіп кетті.

Тура хабарландыру тақтасының алдынан Тұрағалдының саңғырлаған дауысын құлақтары шалды. Тіпті жақындап қалды. Тұрағалды бұлардың келіп қалғанын сезген жоқ.

– Өзім де білмеймін. Мен өзім аңғал, момын адаммын. Айналамда тіпті не болып жатқанын да кейде білмей қалам. Менің мақалам шығыпты. «Тоқтарәлі Таңжарық поэзиясындағы көбелектің қанатындағы түстердің символдық мәні» деген мақалам. Мұның көбелегі қызық өзі. Не шамды айналып ұшпайды. Не сүтке түспейді. Соған қарағанда жынды көбелек емес-ау деймін. Көбелекті көп зерттедім. Ол өзі сондай әсем құбылыс қой! Ал мұндай әсем құбылысқа тек ақынның көзімен қарау аздық етеді. Арасында мен сықылды ғалымның көзімен де қарап қою керек. От. Нағыз ғылым сонда жасалады. Негізі «айтыстың бірдеңесі» яки «Төлеген Меллатұлы поэзиясындағы іңірдің контекстегі қолданылу тәсілі» деген мақалам шығу керек еді. Білмей қала жаздадым. Әгәрәки құдайға қараған біреу тура осы тақтаға әкеп іліп қоймағанда… Сонда бір-ақ білдім, – деп қасындағы егде кісіге тақтадағы өз мақаласы шыққан газетті саусағымен көрсетіп жатты.

Кенет бұл екеуімен бетпе-бет ұшырасып қап,

– Жағдайларың қалай? Дерттібек сыйлығыңды алдың ба, – деді. Бұлар сырт айналып өте берді. Сыйлық дегені, қызметкерлердің өз ақшасынан қордың атынан жырымдап жинап, соны әр жылы жаңа жылға қарсы тек қана баласы барларға тарататын бір қорап кәмпит болатын. Ал үйленбеген немесе үйлене тұра баласы жоқтарға бұл сыйлық берілмейтін.

Сыртта қар басылған. Сүттей жарық ай қар жамылған даланы аппақ нұрға бөлеп тұр. Қыраудың, су болып көгерген ағаш жапырағының иісі аңқыған ауада дір-дір еткен жып-жылы сарғыш сәуле ойнайды. Қайыңның, шыршаның бұтақтары күміс көбікке оранып бусана демігеді. Аппақ Алматы ұйқыдағы ақ аюға ұқсайтын.

Дерттібек алды-артына қарамай суыт адымдай бастады. Ұлтанқұл қара плащының етегі желпілдеп оның білегінен шап берді де қолындағы бір қорап кәмпитін ұсынды.

– Мә, мынаны сен ал.

– Жоқ. Өзің ал.

– Менің балам есейіп кеткен, кәмпит жемейді. Сенің кішкентай қызың бар ғой! Соған апарып берші!

– Жоқ. Керегі жоқ…

Дерттібек енді Ұлтанқұлдың қолын сілкіп тастап жүгіре жөнелді. Ұлтанқұл біраз жерге дейін қуалады да, ырс-ырс етіп отыра кетті. Тек жүгіріп бара жатқан Дерттібектің соңынан:

– Әй, ешқайда бұрылмай үйіңе қайт… Ақшаң бар ма өзіңнің… Дерттібек… – деп айғайлауға шамасы әрең жетті.

Дерттібек оның көз алдында қара ноқатқа, сосын бір нүктеге айналды да, тура өшіргішпен өшіргендей ғайып болды.

FacebookVKX (Twitter)WhatsAppTelegramE-mail
Алдыңғы жазба

Иесіз қалған раушан гүл мен жапон жаулығы

Келесі жазба

Әзиз Бейшенәлиев. Менің екі әкем жайында

БөлісуБөлісуТвитергеЖолдауБөлісуЖолдау
Алдыңғы жазба

Иесіз қалған раушан гүл мен жапон жаулығы

Келесі жазба

Әзиз Бейшенәлиев. Менің екі әкем жайында

ТАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ БОЛУЫ МҮМКІН
Дүйсенәлі Әлімақын. Кафка соты қалай аяқталды?
Әдебиет әлемі

05.08.2025
Айқын Нұрқатов. Абайдың ақындық дәстүрі
Әдебиет әлемі

Айқын Нұрқатов. Абайдың ақындық дәстүрі

04.08.2025
Ақылбек Шаяхмет. «Толстой бар, Чехов пенен Пушкин бар, Елубай жоқ, Қапан менен Серке жоқ…»
Поэзия

Ақылбек Шаяхмет. «Толстой бар, Чехов пенен Пушкин бар, Елубай жоқ, Қапан менен Серке жоқ…»

04.08.2025
Келесі жазба
Әзиз Бейшенәлиев. Менің екі әкем жайында

Әзиз Бейшенәлиев. Менің екі әкем жайында

Жазушы Нұрғали Ораздың оқырмандарға ұсынатын үздік 5 романы

Бауыржан Омарұлы. Астананы аялаған ақын (қысқы элегия)

Бауыржан Омарұлы. Астананы аялаған ақын (қысқы элегия)

«Жазушы» әдеби порталы

© Жазушы порталы

  • Біз туралы
  • Редакция
  • Байланыс

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы
  • Әдебиет әлемі
    • Сын
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Сұхбат
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
  • Дайджест

© Жазушы порталы