Маусым. Лев Толстой өткеніне көп өкінді бұл айда. Анығы қылған күнәлары өкіндірді оны. Жүрегін тілгіледі. Алайда сол жырым-жырым жүректің саңылауына түскен нұры да бар-тын құдайдың. Баянсыз дүниеден бақ таппаған Арыстан ақсақал енді сол нұрға ғана жүгінді. Сол нұрға ғана жылынды.
Осы һәлде хатқа түскен хакім ойларын ақын Абзал Мақаштың тәржімесінде ұсынамыз.
***
Жақын адамыңның алдындағы жауапкершілік болады. Дәл сол сияқты өзіңнің алдыңдағы, яғни сенің ішіңде өмір сүріп жатқан рухыңның алдындағы жауапкершілік және болады. Ол жауапкершіліктің мәні – рухыңды кірлетпеу, төмендетпеу, қапасқа салмау һәм оны өсіруді ешқашан тоқтатпау.
***
Нәпсің не қалайды, соның бәрін жаса: атақ-абыройды көксе, шен-шекпенге жет, байлық жина, өмірің тозаққа айналады. Рухың қалағанды және жасап көр: мүміндікке, ізгілікке, махаббатқа ұмтыл, саған ешқандай жұмақ қажет болмай қалады. Өйткені жұмақ сенің ішіңе орнап қояды.
***
Адам бақытты халқына қызмет еткенде ғана сезінеді. Өйткені, басқаларға қызмет ете жүріп, ол бәрінде бірдей өмір сүретін рухпен тұтасады.
***
Сайтан иектеген сәттерде сен құдайды сезінбейсің. Оған күмәнданасың. Бұдан құтылудың бір ғана дұрыс жолы бар: құдай туралы ойлауды сол сәтте доғару керек те, оның бұйыртқанын орындап қана жүр. Яғни айналаңдағы жаратылыстың бәріне махаббатпен қара. Сол сәтте-ақ күмәнің сап тыйылып, құдайыңды қайтадан табасың.
***
Адам өзінің ауа жұтып жатқанынан сезбейді, бірақ тұншыққан кезде міндетті түрде оны байқайды. Құдайын жоғалтып алған пенде де осындай күйге түседі.
***
Құдайды толық танып біле алмаймын. Бірақ бір білетінім – оған жеткізер жолды көріп тұрмын. Барлық білімімнің ішіндегі ең дұрысы – осы.
***
Кімнің көтеріп, кімнің жылытып, кімнің тойдырып жатқанынан нәресте бейхабар. Бірақ сол әлдекімді ерекше жақсы көретінін анық біледі ол. Адам да дәл солай.
***
Құдай маған ғана емес, бәріне жақсы болғанын қалайды. Сондықтан біз бәріміз бір-біріміз үшін тілектес болуымыз керек.
***
Жемісі жетілгенде, мезгілі жеткен ағаштың жапырақтары түсе бастайды. Сол секілді руханиятың жетіле бастағанда, сенің де әлсіздіктерің өзінен өзі ажырай береді. Иненің жасуындай сәуле түскенде мың жыл торлаған түнек те жарқырайды. Жаның да дәл сондай. Қоп-қою қараңғылыққа қанша жұтылса да, рухыңның жарығымен ол да нұрланып сала береді.
***
Адамдар бір-бірін пайдасы болғандықтан сүймейді, одан бақыт тапқан соң сүйеді.
***
Күнәһар болмау – мүмкін емес. Бірақ жыл өткен сайын, ай өткен сайын, тіпті күн өткен сайын күнәһарлығы кішкентай адам болуға болады. Уақыт өте бере күнәснің көлемі азая беретін ғұмыр – адамның нағыз игілігі.
***
Күнәм жоқ деп ойлау – жаман. Онда адам өзін не үшін кемелдендіру керектігін білмейді. Сол секілді «күнәлі болып тудым, күнәлі болып өлемін» деген ой да – жақсы емес. Ондай кезде де адам не үшін өмір сүру керектігін білмейді.