ФАРИЗА:
Ей, өнер қуған жарқыным!
Өлең қуған жарқыным!
Жатқаның мынау тұнжыр түндерде,
Ұйқыға батып балбырап.
Осындай дәурен туғанда саған
Хақың жоқ сенің қалғымақ.
Ұйқынды аш, кәне,
Сөзіме менің сал құлақ.
Ақ найза алмас жырымды менің
Қалғандай бүгін тот басып,
Тұратын еді-ау от шашып…
МЕН:
Апа-ау, саған не дейін?!
Ауызыңды ашсаң –
Көрінеді көмейің
Апа-ау, саған не дейін?!
Сауыт киген сіз Махамбет болсаңыз
Атыңды ерттеп,
Садағыңды берейін.
Қолтығыңнан демейін
Қиқу салып шаба бер.
Құйыныңа ерейін.
Түсіп қалған қоржыннан
Сарқытыңды терейін.
Жанарымнан жасыл жалын жарқылдап
Жүректен күй төгейін.
Сіз сияқты мұң жазып
Мен де мұңды шегейін.
ФАРИЗА:
Өрім жас албырт ұрпағым,
Өмірдің құштың нұр таңын,
Азаттық, еркін заманда,
Еркелей қарап ғаламға
Қатыгез қабақ-тірліктің
Көрмедің боран-бұрқағын
Бақытыңа мынау мас болып
Ұмытпағайсың жыр қамын…
МЕН:
Жалғанын сездім жалғанның,
Жанына жақын барып ем.
Қаңғырып қайда қалған мұң
Жерініп кетті бәрінен.
Сүйгені оның биік-ті,
Биікте күні күйіп тұр.
Арқасын ысып ызғырық
Қанаты сүйем сыныпты.
Күндікшіл – тілек арымай,
Қос өкпеден қысты ма?
Қауызға сыймас тарыдай
Желпініп желге ұшты ма?
Жоғалды, бәлкім сүрінді,
Көз байлап көздер бұрымды.
Жағыңды жұтып жырынды
Сенімі кімге бұйырды?
Төзімді үрлеп, ұр қамшы,
Қасарып қайта қарғы үміт!
Сырғыған сырын бір тамшы
Сия сауытта қалдырып…
ФАРИЗА:
Балауса балғын лапылдап тұрған шағың бұл,
Айналаң тұнған сағы-нұр.
Қара халықтың қамы үшін жауға
Жалын жастығын ұрлатып,
Егеулі найза қолға алып жортқан түн қатып,
Бабаңды бүгін, ұрпағым болсаң табындыр!
МЕН:
Қара түн!
Қабағыма қара мұң ілген,
Көзімнен сырғып барасың.
Тарғыл тастар-ай!
Табаным күйген
Тар мекеніңде қаласың.
Жұлдыз сырғанайды.
Қансырай жаңбыр.
Жүректің тырнап жарасын.
Жанардан аққан тамшыдай – тағдыр
Қып-қызыл оттай жанасың.
Қарашық қаңғып. Қаңтарылған ой,
Қақсыған қара қазандай.
Көк кезіп жерде аңтарылдым ғой
Арманды жырды жаза алмай.
Қызынды тәнім, өртенді жаным,
Дүрсілдей соқты қу жүрек.
Зарлы көңілді – запырандарым
Удай ашытып күйдіред.
Қара түн! Маған қанжарыңды бер!
Өз ішімді өзім жарайын.
Ағыстай аққан арманымды көм
Өз қанымды ішіп қанайын.
Қамсыз қара түн! Кірпігіңді қақпа!
Құсамды саған ақтарам.
Арғымақ-ойлар жүргеніңді сақта
Алысқа мен де аттанам.
Таң қалармысың таңдайды қағып,
Жанары жасыл тағыдай әлем.
Қызыл тілімнің қаймағын жағып
Қанымнан өндірем, Өлең!
ФАРИЗА:
Ей өлең қуған жарқыным!
Өнер қуған жарқыным!
Өтпесін сенің дұшпан ұйқымен әр түнің
Мен үміт еткен ұрпағым болсаң, қалғыма
Өнеріңнің көрсет алмас қылыштай жарқылын.
Бұл жұмыр жерде ұлымын дейтін халық көп.
Көрсеткін сен де еліңнің айбат, ауқымын.
Сенің қамыңмен рахаттан безген бабалар
Тым болмағанда көрінде тыныш
Жатсын-ау десең, шалқығын…
МЕН:
Құртамын деп көзімнің қарашығын,
Қайғы деген қаптады қара шыбын.
Қалтыраған кезімде қайрат қосқан
Қазақтың қара өлеңі жанашырым.
Қап, қап-ай!
Қай заманда үйеледің,
Қарғып тұрып өзіңе сүйенемін.
Қаратаудың басынан ауған кезде
Қаусап қалған екен-ау түйелерің.
Көздің жасын бекерге ағызбадық,
Бар сендерге беретін қарыздарым.
Атандардың белінде ажал тапқан
Аталарым ақ басты абыздарым!
Аялап жүруші едік бір үмітті,
Аталар да, атан да тіріліпті.
Салт-дәстүрім сарбаздай сақтап тұрып
Жасап жатыр жасампаз ірілікті.
Тарихымды таптаған тау бұзылды,
Санап шығу мүмкін бе сан тізімді.
Бабасының тымағын баса киіп
Науша жігіт бастап жүр Наурызымды.
Бірегей ғып өткіз деп бір күніңді,
Тағдыр маған сыйлаған тірлігімді.
Қаратауға өкшемді қадатқызып
Қара өлеңге байлатты кіндігімді.
Боз дала анасы ғой – жаны жақсы,
Бота көңіл боздасын жамыратшы.
Қайта туған қазақтың қара өлеңін
Қалқам-ай, қорқасың ба, аңыратшы…
ФАРИЗА:
Намысқой, өршіл асқақтығымды менің,
Ұрпағыма мәңгі мұра ету –
Осы емес пе еді бабаңдағы арман, бар мұрат?
Отты үнің қайда, өртті үнің қайда?
Жүректі асаудай тулатқан
Кеудеңді соғып «ақынмын» дейсің
Сандырақ!
Сандырақ!
МЕН:
Өртенді ғой өзегім,
Өлең де бір, сел де бір.
Келген шығар кезегім
Сөйлейінші мен де бір.
Үлкенде де, кіші де
Осы күні айқай көп.
Жөнін айтқан кісіге
Қол сілтейді қайқай деп.
Қызып тұрған қызыл сөз,
Жанға салып жараны.
Ащы ішектей ұзын сөз
Шұбатылып барады.
Ақсақалдың алдына,
Бала шықса тепсініп.
Қиқулайды қарлыға
Қызық қуған көпшілік.
Бар ма еді бұл ғұрыпта,
Ұмыттық-ау ұятты
Балапанға жұмыртқа
Ақыл айтқан сияқты.
Неге керек көкбеттік,
Жөн-жосықсыз желпініп.
Тыңдамайтын боп кеттік
Сөз атасын өлтіріп.
Көк мылжыңдар көкіме,
Сендерсіз де ұрыс көп.
Бөлем сөзді екіге
Дұрыс және бұрыс деп.
Хабар-ошар тасқынмен,
Жақ ашпайтын адам жоқ.
Қысыр сөзден қаштым мен
Қырсығына қалам деп.
Есем кеткен жерде де,
Мына біреу кім демей?
Өзі ұрынған пендеге
Кеттім талай үндемей.
Жан-жүрегім дүрсілдеп,
Жөні бар ма жүдеудің.
Неге үндемей жүрсің деп
Тілі тиер біреудің.
Обалы не, одан да,
Өзім сөйлеп қалайын.
Шешені көп заманда
Қалай ауыз бағайын!..
ФАРИЗА:
Қай заманға да дауылпаз екпін үн керек,
Найзағай – сынды жыр керек –
Сол болсын сенің халқыңа деген тартуың…
МЕН:
Кеудемде – от
Көзім – жалын.
Сезінбеймін жел ызғарын.
Өзегімді өртей өтіп
Тепкілеші теңіз-дарын.
Табиғатпен егіз жаным,
Әзір аман! Сезім! Халім!
Асқартаулар ұғыңдаршы
Айтылмаған сөзім барын.
Үмітіме үкі тағып,
Келем таңды күтіп алып.
Пейілімді ағартады
Ай бетінің сүті тамып.
Аямасын бағын Құдай,
Жоғалмаспын қағынғыдай.
Ақша бұлтқа оранамын
Анам берген жамылғыдай.
Түн. Мінезін құбылтады.
Түс көріппін бүгін тағы.
Қыдыр Атам аян беріп
Құс жолымен қыдыртады.
Ұнатамын сұрапылды,
Табам содан мұратымды.
Көсегемді көгерте гөр!
Жасаған-ай! Рахымды!
Қара жерде – қалы кілем,
Тозаңданса қағып ілем.
Өлеңімді көкке жазам
Жұлдыздардың жарығымен!.