Ботам
Ботам,
Мен кіммін,
Адасқан пенде ме екем?
Қу басымды қай тұсқа дөңгелетем.
Жарығым-ау жалғанға жарты күндік,
Мен де бөтен, Ботам-ау, сен де бөтен.
Ботам…
Не білесің?
Не білем?
Не білеміз?
Өзі жұмбақ өмірге көнігеміз.
Өткеннің өрттей ыстық өкінішін,
Еміс-еміс еске алып егілеміз.
Ботам…
Бесігінде даланың тербетілмей,
Қиял кешіп жүрсің бе сен де түнде.
Ой…
Басымның аяқ асты ауырғаны-ай,
Кешкілік бөлмем іші желдетілмей.
Оны қойшы!
Келмейді шерден өлгім,
Бір адамдай шаттыққа шөлдегенмін.
Өзіміз дәл осылай өтеміз-ау,
Тілеуін тілеп жүріп өлмегеннің.
Ботам…
Телміреміз неліктен түнгі аспанға?
Түн қойнында не жетсін сырласқанға.
Дәл сендей сенеді екен кім құрбыға?
Дәл мендей сенеді екен кім достарға?
Ботам…Тағдыр деген шимай ғой!
Маңдай-дәптер!
Сол үшін де санаңда сарнайды, «әттең!
Сәтінен сол жазмыштың бақыт таппай,
Дәл өзіңдей дерттенер жанды ойлап па ең?
Ботам…
Жаза басып жазықсыз жылайды арым,
Кімге керек түн іші мұңайғаның(м).
Алданышы көп екен адамзаттың.
Ұмытып кете берем құдай барын.
Ботам, түс көрдім мен,
Өлеңдерім бүктеулі қалтаңызда!
Өлең қайдан түскені қалтаңызға?
Жағалауда біз тұрмыз тас лақтырып.
Ертіс ағып барады ортамызда.
«Ботам…
Ботам…
Ботакөз,
Көзі мөлдір.
Сағынған
Өз жағамды жалау қып жыртып бердім емес пе?
Жағамменен жасыңды сүртіп бердім емес пе?
Өз отымды жалаң қолмен көсегенім болсын деп!
Маңдайымды жолыңа төсегенім болсын деп!
Жасағаным емес пе?
Үнім менің неліктен анамдыкі секілді ?
Сөзім менің неліктен анамдыкі секілді?
Сол көктемде қанатсыз, қара торғай мен едім?
Өзі жарым жанына, жара толған мен едім?
Сол көктемде үсік шалған алма ағашы мен едім,
Жалғыз қалған жалғанда жан баласы мен едім!
Аттандырып анамды қалып кеттім емес пе?
Көз жасы боп әкемнің тамып кеттім емес пе?
Алақаным ып-ыстық, анам өпкен емес пе?
Маңдайымда сары гүл, анам еккен емес пе?
Қара жерге қарғыс деп, тепкіледім емес пе?
Тас астына бастырған, ет-жүрегім емес пе?
Ақ шүберек қолымда, топырағы емес пе?
Емірене иіскеп отырамын емес пе?
Жан әпкеме «сен» десем, жылатқаным емес пе?
Анашыма ұқсатсам жұбатқаным емес пе?
Жүрегімді қолға алсам, шаршағаным емес пе?
Анашымды аяулы аңсағаным емес пе?
Ел сыртында азынақ, боздап отқан мен емес?
Дүниені бесіктей қозғап отқан мен емес?
Бейітінің басында,
біреу отыр мен емес?
Табылмақ
Қараша құс секілді, немесе мен секілді,
Егіліп зар жылайды көрсе кімді!
Қанаты қиылмаған, қырқылмаған,
Бірақ, бірақ бір дүние кем секілді…
Домбырам мойны сынған,
Күйі кеткен,
Жымиған боп жүремін жиі көппен.
Құшақтарға сыя алмай көлеңкелі,
Сырттай берем адамдай сыйы кеткен.
Ынтығып мен отырам неге желге?
Мөлиген көздер қарар тереземнен.
Табанымның астына үңілемін.
Қабірімді табардай көне жерден!
Ашылмайтын есік пе, көңіл ме екен?
Жан баласын көргім жоқ менің бөтен!
Жалғыз түскен соқпағым түзу ме екен?
Жалғыз жету соңына жеңіл ме екен?
Білмедім,
Кеше мен де едім ғой, ел баласы
Тым болмаса көзіме сен қарашы,
Дүние-ай,
көре алатын түк те жоқ қарашықта,
Өлетін болдым түбі мен де адасып.
Қараша мен секілді…
Мен торғаймын
Мен торғаймын,
Қанатын суға малған, отқа малған.
Ұясы қырық бөлініп жатта қалған.
Сайрағаным өзімнің үнім емес,
Кешегі халық әні жаттап алған.
Жанымды аясаңшы дірдектеген,
– Дүние, – дейсің бе, – іштей кім кетпеген.
Құдайдың жаратқаны екеумізде,
Бізге һәм қарасаңшы құрметпенен.
Үсті-үстінен қайтара қырсық ұрды
Тасқа соғып сындырдым тұмсығымды,
Уыстай жан иесі саған келді,
Сенен өзге ұғады кім сырымды.
Шырылдап айнала ұштым төбеңізде,
Мейіріңді төкпейсің неге бізге.
Қалтыратты қаңтардың сары аязы,
Қар астына көміліп өлеміз бе?
Мен торғаймын,
Қанатын суға малған, отқа малған,
Ұясы қырық бөлінген жатта қалған.
Сайрағаным өзімнің үнім емес,
Кешегі халық әні жаттап алған.