Сұңғақ, жіптіктей Нұрханның жүрісі өзіне сенімді, десе де әлдебір үрейден қипақтап қалатыны бар. Аяғын ауыр басып ұзын-сонар шам жанған сорап көшенің бойымен ешкім баспаған қар үстіне жалғыз аяқ жол салып келеді. Ішігінің өңіріндегі бір түйме үзіліп қалған соң, оның орнына түйреуіш қыстырып қойған. Құдай қосқан қосағы әне-міне тігіп берем деп жүріп бүгін, міне, перзентханада босанып, сол бойы қалып қойған. Оған басын қатырып жатқан Нұрхан жоқ.
Ізін жалғастыра түсті. Жүрісі суыт. Қисайған құлақшынын баса кисе де болатын еді, бірақ құлағына ұрған суықты елер емес. Сан-саққа жүгірген ойының түйінінен құтыла алатын емес. Миында қылаң берген сан мың елес пен естеліктердің арасынан өзін өзі алып шыға алмай әлек. Шаршады ма, ауыр тыныстады. Жүрісі де ауырлап бара жатқандай ма, қалай. Шам жарықтарымен жапалақтап, билеп, еркелей жауып жатқан қар ұшқындарын да елейтін емес.
«Біздей сұлуларды қалай ғана елемеуге болады» деп әрбір қар зерресі алдын кескестеп әтір себінген бикештердей жылтырап шыға келгені. Көше шамдарының ар жағында қарауытқан нысандар андағайлап тұр. Бірен-сараңында шам жарығы жанғаны болмаса, қалғаны қалың ұйқыда. Қабат үйлердің айналасын торуылдаған ағаштар – отанын қарауылдаған жауынгер құсап сап түзеп қатар тұр. Ал ағаштардың жалаңаш шыбық-бұтақтары болса аспанның қан тамырындай жайылған. Сол бір қан тамырларға жан бітірген кептер мен қарғалар – бос сахнаға қарап тұрған жалғыз көрерменнің шапалақ ұрғанындай қанаттарын сабалап қою үнсіздік тұнған ауаны тілгілеп аулаққа ұшып бара жатты. Алыстан көз тастасаң шам арасында көлеңкесін сүйретіп бара жатқан мына жалғыз жолаушының басындағы құлақшын емес, қарға ма дерсің. Әні-міні ұшып кететін құсап, әр адымынан қозғалақтап үркіп тұрғандай әсер қалдырады.
«Мен жүре беруім керек, жүре түсуім керек, тоқтауға болмайды» деді Нұрхан аяқ алысын нығарлап басып. Шоқтана бастаған алғашқы отын құсап пұшық мұрнының ұшы қызарып кетіпті, тіпті. «Уақыт. Маған керегі уақыт. Уақыт сатып алу керек. Ана дүкенде де, мына дүкенде де жоқ… Қалашықтағы ана бір көшенің басында бар болуы мүмкін… Сол маңды көрсем, бәлкім табармын…», дейді түнгі қалада ойы жаңғырып.
Көлеңкесі болса аңшының соңынан ерген тазы құсап қалысатын емес. Кей-кейде ілесіп келесің бе-ей дегендей, әлде, менен басқа ешбір жолаушы көрінбей ме дей ме екен, артына лезде көз тастап қояды. Күні-түні жауған қардан жүрісі баяулай түсті. Ғырт-ғырт етіп қарды омбылап басқан ізге құлақ түрсең, аулақта қатқан нан шайнап жатқан қаншық ойға оралады. Қарға қарасаң – ертегі құсап жайнап, аппақ, мұздай гүлдер жерден бұрала өсіп, ауада бүр жарып жатыр ма дерсің! Кім-кімнің болмасын қиялын шарықтатып, зауза арманға менмұндалап шақыратын асқақ, сиқырлы түн. Әйткенмен, Нұрхан ондай ойдан да, қиялдан да аулақ. Есіл-дертінің барлығы уақыт хақындағы қам.
«Уақыт керек… Уақыт керек» деп зікір айтқан дуанадай қайталай береді. Қар ұшқындары да айтылып жатқан зікірдің заттанған сұлбасы құсап ерніне, мұрнына, ашық маңдайына қона кетуде. Қонған соң «уақыт та осындай» деп дереу еріп кеткеніне не дерсің! Мызғып, дамылдап жатқан атырап, қалашық, аула, жалғызаяқ көше барлығы да бұған бөтен көзбен сығырая қарап тұрғандай. «Түн баласы тыныштықты бұзған қайсысың» дегендей аулақтағы үйлерден шам жарықтары ма екен, тұтанған темекі ме, қызғылттанып жанады. Сол бағыттан ұзағанша итқұстың қарағындай аңдып, біршама жолға дейін қызыл көз шоқ шығарып салады. Ішігінің қалтасынан қолғаптағы қолын құлақшынын түзеймін деп ала бергенде әлдебір соқыр тиындар мен қағаз пұлдар саудырап қар ұшқындарына араласа түсті. Сыңғыр етіп бір-біріне тиген таныс бақыр дыбысынан құлағы қайта елең ете қалды. Әйтпегенде, не ақша, не басқа жоқ, қара басып қалатын ба еді. «Қалай түсе қалды бұлар» деп ойлар-ойламас манадан бері қалтасында жоғалтып алмайын дегендей қолғап киген қолымен қатты қысып, ұстап келе жатқанын енді аңғарды.
«Бұл соңғы ақша… Мен бұған шақалақ балам мен қатыныма уақыт сатып аламын. Ақымақ басым, қалай ғана түсіріп алуға дәтім барды… Балам мен келіншегім перзентханада, екі көзі төрт болып мені күтіп тұр… Уақыт апаруым керек… Есейген соң өз уақытын өзі тауып ала жатар… Ал әзірге менің мойнымда» деді осы сөздерді дұғасындай ішінен қайталап. Адымы жеделдей түсті. Біршама қала ішіне жақындаған соң, шет-шетте, бұрыш-бұрышта жарқ-жұрқ еткен дүкен, баққал, дүңгіршектер көздің жауын алады. Жаңа жылдық безендірулер бала күнін көз алдына әкелгендей. Қойшының баласы болған соң, аяз ата деген көз алдына сақал-мұрты қардан жасалған, бірақ, ауыл басында тұратын ақсақал Рахметбай елестейтін. Ол жығылып күндіз-түні намаз оқып жататын. Есейе келе аяз ата мен Рахметбай атаның үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын ұғынған-ды. «Құдайға шүкір, жеттім-ау мына дүкендерге», деді Нұрхан ентігіп, алғашқы тап болған ләпкенің баспалдағын басып жатып. – Біздің ауданға да түнімен ашық дүкен бе, маркет пе ашып қойса қайтеді-ей, – деді артынан табалдырықты аттай беріп. Іштен орта жасқа келген, етжеңді, көкшіл орамал таққан, сығыр көзін тік қадаған әйел қарсы алды.
– Қош келдіңіз! – деді сөйлегенде күрек тісі көрініп және арасындағы қарауытқан құрты да білінді. – Сізге қанша уақыт қажет?
– Маған мынаның барлығына қанша уақыт келетін болса, сонша уақыт берсеңіз… – деді жас әке қалтасындағы бар тиыны мен мыжылған қағаз ақшаларды сыры кеткен үстелге шашып жіберіп.
– Мырзам, ақырын, – деді әйел шамданғандай еденге домалап түскен бір-екі теңгеліктерді көтеріп жатып. – Байқаймын, алыс жолдан келесіз?
– Ит арқасы қияндағы 34 шақырымдық ауданнан келемін, көлік қымбат. Одан да сол ақшаға балама уақыт сатып алайын дедім де, жаяу тарттым. Алты сағат болды жүргеніме. Балам бүгін өмірге келді.
– О, керемет жаңалық қой! Құтты болсын, – деді әйел әлсін әлі жымиып.
– Келгені бүгін, ал бізде сатып алып қойған дайын уақыт қарты жоқ. Кедейдің күнін білесіз. Уақыттың күндегісін күнде сатып алып жүрген соң, жағдай белгілі…
Кедей екенін түсінген әйел енді бұған жақтырмай қарады. «Жетпесе, қарызға сұрамақ па, тонамақ па» деген күдік-күмән басым.
– Сонда да жиған тергенім бар еді. Соның барлығын балама… көп бөлігін балама, – деп қайта түзеді, – қалғанын әйеліме, – деді де үстелдегі ақшалардың көп мөлшерін бір шетке, аз мөлшерін бір шетке ығыстырып, – уақыт сатып алсам деп ем…
– Қарағым, – деді әйел мұрнын тартып, – бұған көп болса үш ай қыс пен екі ай көктем келеді…
– Мейлің қанша болса да бергін, оларды перзентханадан шығарып алуым керек, ертерек… Қалайда оларға уақыт табамын…
– Мейлің, өз еркің, – деді сатушы әйел, сөредегі балаларға арналған уақыт қартын алып, ішінен әйелі мен баласына бөліп берді. Нұрхан дереу қалтасына уақыт қартын сала салып шығуға ұмтыла бергенде әлгі әйел қызық көрді ме, оған:
– Әй, пақыр-ау? – Нұрхан қисайған құлақшынын түзеп, бозарған жүзі мен мұңайған жанарын оған қадады.
– Балаң мен әйеліңе уақыт қартын алған екенсің… Ал өзіңе ше? – деді оның төс қалтасындағы жіңішке әмиәнына көз тастап. Нұрхан кеберсіген ернін жалап, нәркес жанарын жан қалтасындағы әмиәнға назар аударды. – Қанша уақытың бар? Күнде келіп жатқан жоқсың… Алмайсың ба?
– Менде қалғаны сағаттар ғана… – деді де әр секунд маған қымбат дегендей дүкеннен шығып кетті.
Нұрхан дүкеннен шығып отбасына алған уақыт қарттарын түймесі бар төс қалтасына салып қойды. Үйіне қарай асығып кері өзі салған жалғыз аяқ жолға қайта түсті. Алдынан ызығырық-жел соқтығып «өмір үшін күрес, соғыс» дегендей кедергі боп, аяқ алысы баяулай берді. Толқынға қарсы жүзгендей оюланған, иректелген ызғар қойны-қонышын аралап, жіп-арқандай аяқ-қолына оратылып келеді. Кенет санасында бір ой жылт ете қалды: «Қалаға күнде келіп жатқаным жоқ, бірнеше ғасырдан бері өмір сүріп келе жатқан туысқан ағама соға кетсем, күй-хәлімді айтсам, бірер жыл уақыт қартын беретін болар…». Осы ойдың жетегімен ол бағытын өзгертті де, «тума қайдасың» деп тесік бәтіңкесінен өткен сызға қарамастан алға тартты. Қалаған межесіне жеткенде оны төбесі көкке шаншылған алып дарбаза қарсы алды. Аттар табалдырықтың өзі кісі бойындай. Қоңырауды басты. Жауап жоқ. Осылай бірнеше мәрте қайталады. Ақыры, қоңырауға жауап қатқан ер адамның дауысы естілді.
– Кім бұл? – деді қоңыр, тәкәппар дауыс.
– Мен ғой нағашың?
– О, нағашы, аман ба? Не жаңалық?
– Аман-есен… Бүгін әке атандым…
– Құтты болсын? Жуу керек қой, қашан жумақ ойың бар?
– Реті келгенде… – деді Нұрхан тоңғанына, жиенінің есікті ашпай бұны мазақ еткендей сөйлесіп тұрғанына налып.
– Түн баласы қалада не істеп жүрсің?
– Сөздің ашығы жиеншар, қарызға уақыт керек…
– Енді-і-і…
– Өзіме емес… Балама…
– Қап, бұл бір қызық болды ғой… Өзім де енді… – не сылтау айтсам екен деп ұзақ ойланды ма, әр сөзінің әр әрпін созып, кідіре берді. Ақыры таптым дегендей, жылдам жауап қатты. – Жиналған барлық уақыт қарттарымды «Уақыт сақтау банкіне» өткізіп тастаған едім. Оны бүгін алған былай тұрсын, арыз жазып бір айда әзер алады екем. Үйде сол бірер айға ғана, өзімізге жетерлік уақыт қалған. Ренжіме, әкем… – деді де тұтқаны қоя салды.
Кезінде ол да қысылып, қиын жағдай басына туғанда Нұрхан жетпей жатқан уақыт қартын оған ұсынып, аман сақтап қалғаны мына пәтшағардың есінен тарс шығып кетті ме, әлде айтқаны шынында рас па, ол жағын Нұрхан білмейді. Іштей қапа болып, кері бұрылды. «Ең болмаса «шәй іш, тоңған шығарсың» деп табалдырығын аттатпады да. Туысқандар-ай, сендермен қалай жақсы қарым-қатынас жасауға болады» деген оймен қарда еріп кететін сәттер ізін омбылап бара жатты. «Енді не істесем екен? Қайтсем екен» деген шеменді ой кеудесін тырнап, жанын жегідей жеп жатыр. Еңсесі түскен қалпы, әлиф пішінде немесе сұрақ белгідей бүкірейіп аяғын сүйреп келген жолымен кері қайтып келеді. Көлеңкесі де соңынан амалсыз еріп келе жатқандай сүйретіліп барады. Қалтасынан баулы сағатын алып бақса түнгі 1:43 болған екен. Ал өзінде уақыттан қалғаны бес сағаттың ар жақ, бер жағы ғана. Былай тартса өгіз өліп, олай тартса арба сынадының кебі.
«Отбасым», дей берді ішінен, «Соларды аман алып қалуым керек. Қырсыққанда такси де жоқ. Сағатым таяу. Асығу керек, мүмкін үлгеріп қалармын» деген соқыр үміт қияннан жылт еткен жалғыз жұлдыздай кеудесінде мөлт етті. Адымы да жеделдей түсті. Бойына соны күш, тың қуат жинағандай шапшаң қимылдап барады. Кенет әлдене ұмытып кеткендей тұралап қалды. Бірдеме жетіспейтін сияқты, анығын тап басып өзі де айта алмайды. Қалталарын қарманып, қағып көріп жатыр. Бау сағаты, отбасының сүгіреті, әмиәны, «Уақыт қарталары» орнында. Енді не жоқ?! Сонда да бірдеме жетпейтін сияқты. Қайтадан ақырындап жүре бастады. «Не ұмыттым? Не жоқ? Неге жаным жайсыз?» деп өз-өзіне сауал тастап келеді. Аппақ қарға, жерге қарап қалғаны мұң екен, көзі шарасынан шығып кете жаздады. Ақ қардың үстінде манадан бері сүйретіліп келе жатқан көлеңкесі ұшты-күйлі жоқ. «О, тоба, қайда кетеді мына қара басқыр», деп соңына көз тастады. Ізі де білінбейді. «Әнтек қана жапалақтап жауып жатқан мына қар жамылғысының астында көміліп қалмады ма екен» деп қорықты. Артқа қайта шегініп, біраз жерге шейін әр жерді тіміскілеп, шарлап келеді. Кенет көше шамының бағанасының тұсына келгенде өз даусынан аумаған бір үн естілді.
– Кімді іздедің?
Нұрхан селт ете қалды. Қараса айналасында кісі баласы көрінетін емес. Жынданып кеткеннен саумын ба деп ішінен дұғасын оқып қояды. Аңдап қараса шам бағанасына сүйеніп тұрған өз көлеңкесі. Қолын қолына байлап, бойын тік, кербез ұстайды. Аяқ-қолы үсіген Нұрхан бүрісіп, тіпті, башпайларын да сезетін емес.
– Неге менен қалып қойдың, көлеңкем? – деді оған, ілес соңымнан дегендей ишарат етіп.
– Сенің сағатың таяу. Соңыңнан ілескенде нендей опа, қандай дауа? Сенің көлеңкең болғаннан гөрі жансыз заттың көлеңкесі болғаным мың есе артық.
– Олай демегін. Менен нендей зиян шегіп, қандай қасірет тартып едің? Қиналған мен, ал сен қасымда жүрдің де қойдың. – деді Нұрхан ашуланып.
«Басыңа күн туғанда көлеңкең де қасыңда қалмайды» деген нақыл рас екен-ау деп есіне түсіріп.
– Сен бір бейшара адамсың. Жыртық-жамау ішігіңді киіп ап, арбакеш болдың, құрылыста істедің, жұмыссыз қалдың, бірде тоқ, бірде аш жүрдің, қоғамда қысылып, қымтырылып жүрдің. Сондайда мен сенің істегеніңді қайталап, мына паң басым иіліп, сүмірейіп соңыңнан ілестім де қойдым.
– Қайт дейсің енді маған? – деді Нұрханның дауысы жарықшақтанып қаттырақ шықты. Шытымыр аяздан ұшқындай бастаған қар түйіршіктері – жанған аппақ білтедей сөнуге сәл қалғаны секілді, сілкініп барып қайта түзелді. Артынан шарасыз халде:
– Менің ұстанатын жалғыз ұстанымым бар: қолыңнан келгенін жасап, қалғанын құдайға тапсыру, сонсоң соңғы деміңе дейін күресу! Міне, осы жолда жүрдім. Кісі баласының ақысын жемедім, жалпақтап, жалтақтамадым. Арымды сақтаймын деп ашыққаным рас, абыройымды қорғаймын деп, қамыққаным да шын. Бірақ, әділет жолынан тайқыған емен, – деді Нұрхан қолын бір сілкіп, қасымда қалмасаң одан әрмен дегендей жолына қайта түсіп.
–Тұра тұр, – деді көлеңкесі соңынан айқайлап. Ол бұрылып, тоқтамаған соң қуып жетті де, – Мен бақытты адамның көлеңкесі болғым келеді, – деді.
– Олай болса жолың ашық!
– Менің осындай пақыр ғұмырым үшін сен кінәлісің, – деді көлеңкесі соңынан қалмай ілесе беріп.
– Сонда өмірдің мәні даңқ пен мансап, байлық пен билік пе?! Бай да болғым келеді, ғұмырымның ұзақ болғанын да қалаймын, қолым қысқа болса, енді қайт дейсің?
– Өзгелер құсап мансап қу. Керек жерінде қалтаңа басып қал, қағып қал! Мәдениетті ұры бол! Міне, сонда көктейсің, өсесің! Бастық көрсең жалпақта, иіліп төсек, жайылып жастық бол! Басқалардан қай жерің кем. Анау зәулім сарайы бар туысқаның құсап сен де бір күні мәңгілік өмір сүрерсің. Уақыт қарттарыңды арнайы банкте сақтайсың. Қай күні мүрдем қатам деп қам жемейсің…
– Жо-жоқ, мен бай әрі, адамгершілігі мол адамдарды да кездестіргенмін. Бәрі де мына жанның тазалығына байланысты. Мынадай аппақ әлемді қалай кірлетем, айтшы, мына жаратылысты қалай былғамақпын? Қолымыз тиген затты күйретуге құмар біздер неткен қатыгез ек? – деді Нұрхан өзінің өткен өмірі көз алдына елестеп, жанары суланып, – Шынында, өмірде жасаған қателігім аз ба?
– «Күнәм» де! – деді көлеңке оның ар жақ, бер жағына бір шығып, айналсоқтап, – Күнәң аз ба? Бәріне мен куәмін. Кейбір адамдардың күнәсінің үлкендігімен – өрлігі мен ерлігі өлшеніп жатады. Сен неге солай мақтанбайсың? Мақтан, кеудеңді қақ. Мен бүйттім, сөйттім де…
– Жап ауызыңды… – деді Нұрхан онсызда салы суға кеткен қалыпта, құлақшынын түзеп қойып. Көзі шүңірейіп кеткен. Сонда да мұңлы жанарының ар жағында үміттің соңғы, әлсіз жарығы бозғылт түнде көкжиекте әлсін әлі көрініп жылт еткен жалғыз жұлдыздай қылаң береді.
– Кеудемді тырнаған өкініштен басқа менде не қалды дейсің? Осындай қара бас халімде қасымда дос-жаран, жар мен бала емес, қаймана да емес, мына сен – сорлы көлеңкем қалғаның нендей өкініш!
– Мен қалды деп кім айтты саған? Мен кетіп бара жатырмын, аулаққа… Бақытқа… Сенен де пысықай, дәулетті, тәкәппар бірінің есігін сығалап, соның көлеңкесі болмақ ойым бар. Сенен түк те пайда жоқ. Саудасы біткен жансың. Айтшы сенде не бар өзі? Мынау жапанда сұп-суық қарға оранып соқа басың сорайып қалғаның қалған… – деді көлеңкесі оған мысқылдап, аулақта мазақ қып, – Мынау шексіз аспан астында тынып жатқан қар құсаған өмірің тыныш, қызықсыз. Ал ду-думан, жарқ-жұрқ еткен түнгі сауық, жалынды жастық қайда?
– Менде мағыналы ғұмыр мен соңымда ұрпақ қалды, – деді Нұрхан оның алдында ақталып шаршағандай, ауыр күрсініп, әзер жауап қатып. Кенет түн ортасында ұшқындап жауған қарды елемей қою қоңыр көше шамының астында баққалға тап келді. Шәй, кофе, тәтті тоқаштар мен бөлішкелер көз жауын алады. Сатушы – көсе қария аспандай терең, тұнық жанарын аулаққа аударып ып-ыстық буы ұшқан шәй ішіп отыр. Қар ұшқындары «суытуға көмектесейік» деген сыңайда шәйіне қонып, еріп кетуде. Ызғырық пен суықты елейтін емес. Ойы аулақта. Нұрхан оған қарап: «Түн баласы клиент аз. Неге сонша әуре болды екен. Мен ғой ол қу жан деп зыр жүгіріп жүргенім, бұл кісінің орнында болсам үйде тып-тыныш жатпас па едім» деп ойлады. Қасынан өте бере қара торы, қыр мұрынды қарияға бас изеп қойды. Шәй ішкісі, нан жеп әлденіп алғысы келеді, асқазаны да сезіп қойды ма ұлып қоя бергені. Бірақ уақыт тапшы, әрі артық ақшасы да жоқ. Қария да оған жымиып қарап, басын изеп қойды. Нұрхан жанай өте бергенде, қарттың қоңыр дауысы шықты.
– Бейтаныс мырза, шәй ішіңіз, тоңған боларсыз?
– Рақмет, ағасы! Асығыс едім… Жаяу қайтып барам, қырсыққанда көлік те жоқ…
– Уайымдама, міне қасымызда аялдама бар… Түнгі уақытта жалғыз автобус қатынайды. – Қол сағатына көзін сығырайтып көз тастады. – Бәсе, 15-20 минутта келіп қалады.
– Рас па? Бұлай соңғы рет қашан қуанғаным есімде жоқ, мерейімді өсіріп қойдыңыз ғой…
– Соның құрметіне кел, шәй іш…
– Мені қуантқан сіздің көңіл-күйді түсірейін деп тұрмын… Ақшам жоқ! – деді аялдамадағы орындыққа жайғасып жатып.
– Сенен ақша сұрап отырған ешкім жоқ, айналайын. Түн болса суық, жаурап қалған боларсың деп ұсынған түрім… – деді де самаурынынан бір кесе шәй құйып берді. – Мә, ал!
Басын изеп кесені алған Нұрхан, ең әуелі ыстық кесені айнала алақанымен ұстап, үсіген бармақтарын жылытып алды. Артынан үрлеп тоңған, кеберсіген ернін ыстық шәйға тигізді. Ыстық шәй қанына тарап бойы жылына бастағандай. Жапалақтап жауып жатқан қарға қарап ұзақ отырды. Қасынан бейтаныстың үні шықты.
– Қалай балам, жылынайын деді бе? – деді қария өзі де шәйін ұрттап қойып.
– Иә… Автобус келетін уақыт болды ма? – деді дегбірсізденіп аяғын бірінің үстіне кезек-кезек ауыстырып.
– Келеді, сабыр ет… Уақыт зымырап барады. Тіпті біз мына баяу қонған қар ұшқындарына қарап отырып уақытты соншалықты баяу екен деп ойлап қалуымыз мүмкін. Ал шынында мына қар дегенің көзбояушылық. Бұл сені мен мен сияқты сабырсыз адамдарды сабырға шақыру үшін жаратылғандай. Кейде өмірдің жарысына бойлап кеткен, тіршіліктің қамымен өмірдің шын мәнін ұмытып кеткен жандарға арналғандай. Бір сәт өзіне үңілу үшін, бір мезет өмірдің тереңіне бойлау үшін жаратылғандай, дәп мына қар!
– Сонымен қатар күнәміздің қаншалықты көлемде екенін ұғыну үшін де қарға қарау керек сияқтымыз. Қар – жан тазалығына шақыратын табиғаттағы ең байсалды жаратылыс, – деді Нұрхан қасында тұрған көлеңкесіне өкпелей. – Ата, сағатым таяп қалды, – деді артынан қатты жабырқап, ауыр күрсініп… –Өзім үшін қорықпаймын, отбасым үшін ғана… Ерте кетсем оларды кім бағады деп қам жеймін…
– Аш құрсақ құсқа, жайбасар тасбақаға, әлжуаз ұлуға, нәзік көбелекке, жатыпжер құртқа ризық берген жаратқан сен болмасаң отбасыңа ырзық бермес деп ойлайсың ба!? Сенсіз олардың күні қараң деп қам жесең –қателескенің. Олар сенсіз-ақ жаңа өмір бастап, содан мән-мағына табатынына күмәнің болмасын. Қам жейтін жалғыз нәрсе болса, ол – мына тіріңде алған әр тынысыңды қалай, кім үшін алғаның? – деді әжімнен көз қарасы көрінбеген қария жүзін жауған қарға тосып. – Мен жәй ғана шәй сатушымын. Қарапайым қала тұрғынымын. Мен де асып тасып жатқан уақыт қарты да, пұл да жоқ… Бірақ, одан маңызды дүние бар – жан тыныштығы…
– Ақшасыз-уақытсыз адам жан тыныштығына жетуі мүмкін бе? – деді мысқылдаған боп өз көлеңкесіне ұқсап, оған көз тастап. Көлеңкесі де бұны қостағандай басын изеп қояды.
– Мүмкін, қалайша мүмкін болмасын… Бәрі бірдеңе істеп, ақшадан уақыт жасап қалайық деп жан алып, жан берісіп жатқанда менің жәй ғана шәй қайнатып отырғаныма қара. Сеніңше кімнің жаны тыныштықта?
– Дұрыс қой, бірақ…
– Жан тыныштығы – қолыңнан келместі мойындау, көну…
– Жоқ, мен олай ете алмаймын, – деді бірден Нұрхан жан дауысын шығарып.
– Онда текетіреске, қамығу мен қалың мұңға, құрдымға дайын бол!
– Әсілі, ақиқатқа көнідігіп, ақымақтыққа қарсы тұру – жан тыныштығының төте жолы емес пе!?
– Әй, анау көлеңкең қайда бет алып барады? – деді қарт аппақ ізсіз жолда кетіп бара жатқан Нұрханның көлеңкесін нұсқап. Нұрхан бір қарап қойды да мұрнын тыржитып:
– Кетсе жолы болсын! Оны ұстап қалатындай менде уақыт та, билік те жоқ…
– Уақытың аз болса, әне, сен күткен автобус та келе жатыр… Мына үнсіздік жұтқан, уақыт тоқтап, қар басқан мекенде қарға айналып кетпей тұрғанда ертерек асыққан жағыңа жедел жет! Үлгер, балам, – деді қария шәйін сораптап ішіп. Нұрхан автобустың жарығын көре сала жүрегінде жалынды үміт жарқ ете қалғандай болды.
– Сіз кім боласыз, таныспаппыз ғой…
– Жаурағанды жылытатын жәй ғана бір шәй сатушымын…
«Үлгерем», деді Нұрхан іштей, «Аз ғұмырда көптеген ізгі іс істеп үлгерем». Автобусқа отырғаны сол, ішінде шопыр мен өзінен басқа кісі қарасы жоқ екен. Терезеден самаурынын қайта тұтатып, от салған қартқа тағы бір көз тастады. Ол бір орнынан тапжылмай, өз ойымен өзі әлек күйінде қалың ойға шомған. Аңдаса оның да көлеңкесі жоқ. Нұрхан орындыққа жайғасып, терезеге қарап тұрып ендігі атқарар істерін жоспарлай бастады.