Қазір кітап клубтары көбейді. Бұл, әрине, қуантарлық құбылыс. Сондай рухани ортаның бірін Мақсат Талғатұлы қалыптастырып отыр. Ол құрған «Өзгер» кітап клубының мүшелері әр айдың соңғы жексенбісінде кездесіп, екі сағат бойы алдын ала оқуға берілген кітапты талқылайды.
«Хюггеден» «Өзгерге» дейін
Ашылғанына 9 ай ғана болған шағын клубтың санайғағы тәп-тәуір: қазірге дейін Instagram парақшасында мыңға жуық жазылушы тіркелген, ал WhatsApp чатында жүзден аса оқырманы бар. Кітапталқыға тұрақты түрде 20-30 адам жиылатын көрінеді. Таңдайтын жанрлары да әр алуан. Көркем әдебиеттен басталып фантастика, философия, бизнес, психология жанрларындағы үздік деп танылған шығармаларды оқиды.
«Бала күнімізде жаз айларында атамыздың үйіне баратынбыз. Сол үйде үлкен қызғылт сары шкафта кітап лық толы болатын. Туысқан бауырларыммен соларды оқып жарысатын едік. Сол кезде «Менің Париждік нағашым» атты кітапты оқыдым. Жеті жастағы бала үшін бұл күрделі кітап десек те болады. Осылай бала кезім өзгелермен жарысып, жатпай-тұрмай кітап оқуға кетсе, есейе келе оқу мен жұмыс уақытты тапшы етіп, кітапқа көңіл бөлінбей кетті. Бірақ одан мүлде қол үздім деп айта алмаймын. Бұл өмірлік дағдымның бір бөлігі болып қала берді», дейді Мақсат Талғатұлы.
Сонымен қатар ол нақты кітап клубын ашу идеясына қалай келгені туралы да баяндады.
Мақсат 2021 жылы Диана есімді құрбысының «Хюгге» атты кітап клубына мүше болған. Бірақ өткен жылы клуб ұйымдастырушысы басқа жұмысқа ауысып, клуб жарты жылдай басқарылмай қалады. «Өзгер» осы кезде дүниеге келген. Сөйтіп, жаңа клубқа Хюгге оқырмандары да қатыса бастайды.
«Клубтың атын «Өзгер» деп қоюымның себебі – адамдар кітап оқу арқылы жақсы жаққа бет бұрса, өзгерсе екен деймін», дейді клуб басшысы.
Клубта кітапталқы қалай жүреді?
Клуб мүшелері WhatsApp чатта арнайы бекітілген құжатқа кіреді, ол жерде жанр-жанр бойынша бөлінген кітаптар тізімі бар. Кімнің көптен ойына алып жүрген, оқығысы келген кітабы болса осы тізімге атауын жазады. Кезекті кітапты талдар кезде алдымен ұйымдастыру тобы қай жанр оқитындарын бекітіп алады. Осыдан кейін кездейсоқ таңдау генераторымен осы жанрдағы 5 кітаптың аты белгілі болады.
Бұдан кейін чатқа осы 5 кітапты таңдау даусы қойылады. Қай шығарма ең көп дауыс жинаса, сол кітап бір ай өте ортаға салынып, талданады.
Жоғарыда айтқандай, әр айдың соңғы жексенбісі кездесетін орын алдын ала бекітіліп, сағат 15:00-17:00 аралығында клуб мүшелері жиналады. Әдетте, бұл – коворкиң орындар. Осыдан соң клуб жетекшісі алғы сөз айтып, жиынды бастайды. Бұдан кейін клуб мүшелері арасынан ерікті бір оқырман таңдалған кітапқа жасаған презентациясымен таныстырады. Ол аяқталған соң бір сағаттай уақыт кітап талқыланып, пікірлер ортаға түседі. Жиынның соңғы бөлігі клуб жетекшісі немесе ұйымдастырушы топ дайындаған куиз ойындармен аяқталады. Жеңімпаздарға және жақсы пікір иесіне арнайы сыйлықтар беріледі.
Кездесу мұнымен де бітпейді. Клуб мүшелері осы атмосферамен әрі қарай after party жасап, кафеге жол тартады. Ол жерде де ойталқы қызықты ойындар арқылы жалғасын тауып, жиын соңы мереке секілді тәмамдалады.
«Клуб бастала салысымен қатысушылар статистикасын жасадық. Сонда байқағанымыз – қай кезде болмасын жиналғандардың 80 пайызы әйел адамдар екен. Біреулер келіп, біреулер кетіп жатса да осы пропорция өзгере қоймайды. Ал клуб мүшелерінің жас мөлшері – 25 пен 40 жас аралығын қамтиды. Бәрі сан саланың мамандары. Декреттегі аналар, психологтар, коучтар, ірі компания қызметкерлері, студенттер де бар. Әрине, әркімнің талғамы әртүрлі. Дегенмен уақыт өте келе бұрын оқып көрмеген жанрдың дәмін татып, назар салмаған кітаптың парағын аша бастады. Сөйтіп, өмірге өзгеше көзқарастары қалыптасты», дейді клуб басшысы.
Айнұр айына 3-4 кітап оқиды
Университеттің 3-курсын бітірген Айнұр есімді оқырман «Өзгер» клубына өткен жылдың қараша айында қосылған. Клубқа мүше болғаннан кейін өзінің кітапты 2-3 есе жылдамырақ оқи бастағанын аңғарыпты.
«Маған осы уақытқа дейін ең ұнаған талқылау Маршалл Розенбергтің «Ненасильственное общение» кітабы болды. Оны оқыған уақытта әр адамның ойы әртүрлі бағытқа бұрылды. Біреулер кітапта жазылған принциптерді қос қолдап қолдай кетсе, басқалары бұл ойға түбегейлі қарсы тұрды. Ал үшінші жақ болса, бұл кітаптағы принциппен өмір сүре алмайтындықтарын айтқан еді», дейді.
Айнұр қазір айына 3-4 кітап оқып бітіреді екен. Көбіне философиялық кітаптарды сүйсініп оқиды.
«Өзгер» клубы айына нақтыланып таңдалған бір кітаптан бөлек, қосымша телеграм каналдарында басқа да кітаптарды тарау-тараумен бөліп оқып, онлайн талқы да өткізе береді.
Клуб мүшелері алдағы уақытта ақын-жазушылармен бірлесіп шығармашылық кештерді ұйымдастыруды да жоспарлап отырғанын айтты.