• Кіру
«Жазушы» әдеби порталы
  • Әдебиет әлемі
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Дайджест
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
    • Сұхбат
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
«Жазушы» әдеби порталы
  • Әдебиет әлемі
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Дайджест
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
    • Сұхбат
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
«Жазушы» әдеби порталы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қанат Әбілқайыр. Аққорадағы жаңғырық (новелла)

29.07.2025
- Проза
Оқу уақыты: ~ 6 минут
A A
Қанат Әбілқайыр

– Ана қатының долдана бастады ма? – деді амандық-саулықтан соң Ісләм қарт көзіне қарай түсіңкіреп кеткен қалпағын қолындағы қамшысымен көтеріп қойып.

– Әзірге тыныш. Сенің Итжеккенің ше? Сиырын іздеуге шыға қойған жоқ па? – деді Төлеш ақсақал селдір сақалын сипап.

– Ай арасы боп қалды. Бұғы мейір шөбін таңдайына салып, ауыз шайқауға түссе, Итжеккен де сиырын жоқтай бастар.

– Ай, Құдай-ай, ана қатынды тезірек ит-құс жеп, құлағымыз тынышталса жақсы болар еді.

– Айтпаңыз, Төке! Күн бұзылмай тұрып ішіп-жемді жеткізіп алайын деп ауылға түсіп барамын.

Екі шалдың әңгімесінен түкті ұқпадым. Таудың басындағы тағы тірліктің тізгініне жармасқан адамдардың тілін түсіну оңай шаруа емес екенін кеше-ақ сезгенмін.

Төлеш ақсақалды Алматыдан арнайы іздеп келген едім. Бұл жай келіс емес. Осы тоқсаннан асқан қырсық шал менің Қайырқұл бабамды көзімен көріпті. Қайырқұлдың Қытайға ауған елді қалай аман сақтап қалғаны, Қожабек атамның көшпелі алтынды көріп байығаны секілді талай әңгімені айтады деген үлкендер. Сол ескі әңгімелердің бәрін бұ шал о дүниеге аттанбай тұрып қағазға жазып алайын деген есек дәмемен төрт жүз шақырым жолды артта қалдырып, жеткен едім, кеше!

Төлеш ақсақал бұл келісімді жақтыра қойған жоқ. Немересі бір қойды бата сұрамаққа үйге сүйрей кіріп еді, сұқ саусағын өңменіме қадап тұрып: «Мынау, жамбас жейтіндей құдаң ба еді?» деп күңк етті.

– Ой, Тәке! Атам алжып қалды. Ниет жасап қойсаңыз, – деді немере бала беті қызарып.

– Ой, атаңның көрі… Сөз ұқпайтын неме…, – деп шал орнынан жүрелеп барып әрең түрегелді де, босағада тұрған қамшысын қолына іліп алды.

Немере бала лып етіп сыртқа шыға жөнелді.

Мен кетпекке ыңғайлана беріп едім, қырсық шал: «Сен шырақ, алыстан кепсің! «Жазушы, жазушы» дегенге марқұм Тәтемнен (бабамды Тәте дейді екен) өзіне ұқсаған бір ұл туған екен деп жүрегім жібіп еді. Соқа басың сопайып, жетіпсің ғой мұнда. Бүгін әруақ ырзалығы үшін осы шаңғарақтан бұйырған дәміңді жейсің. Ертең қайда кетсең, сонда кет. Қайыра көзіме көрінбе!», деді түтігіп.

Қырсық шалға қай қылығым жақпағанын ұқпай екі оттың ортасында қалдым. Енді бабам жайлы әңгімені былай қойып, жай тілдесудің өзі мұң екенін аңғарып тұрмын. Әруақтың аты ауызға ілінген соң ғана бір күн аялдау қажет деп ойладым.

Бекер-ақ қалған екенмін. Бүгін қалаға жүретін машина табылмай тағы бір күн осында түнейтін болдым. Осында дегенім – Аққора. Біздің ауылдың малшылары жайлайтын Күркілдек маңындағы бұ Аққораға менің тұңғыш келуім. Таудың беткейі қалың қарағай екен. Күздің келгенін білдіріп суық жел үдеп соғып тұр. Не оқитын кітап, не сөйлесер адам табылмаған соң, су жағалап біраз жүрдім. Қалың қарағайға қараймын. Қараймын да өлең жазғым келеді. Бірақ, не жаза қоярсың? Сұлулығын айтарсың! Маған дейін мың рет айтылған, жазылған табиғат сұлулығын Ілияс пен Мұқаңнан асыра алмасымды білемін. Ендеше, өлең жазып не керек?

Кенет өз басым бұрын-соңды көрмеген бір ғажап дүние болды. Топ қарағайдың арасындағы бір қарағайдың ұшар басына шөкім бұлт ілінді де қалды. Әлгі бұлт ұлғайып жалғыз сол қарағайды орап алды.

Жұқалау киініп келген едім, тоңа бастадым. Сонда да бұлттың тамашасына қарап тұра бердім. Сүт пісірім уақыт өтті ме, өтпеді ме, білмеймін, әлгі бұлт сейілді де жоқ болды.

Маған бұл бұлтта да, әлгі қарағайда да ерекше бір қасиет бар секілденді. Мұның жайын қанша қырсықса да шалдан сұрап білмек үшін үйге кіре бергенім сол еді, шалдың шөбересі жылап жатыр екен.

– Ата, әне, кетті, жүгірді ана тәте… Қарағайдың арасына барып тығылды.

– Қой, қоя ғой, шырағым. О қатын жүре берсін. Ешкім жоқ онда. Қарама ол жаққа.

– Жоқ, ата! Өзің қарашы. Тұр ғой, әне, – деп жылайды өксігін баса алмаған бала.

Бала көрсеткен жаққа жалт қарап едім, қалың қарағайдың арасында біреу жүгіріп бара жатқандай болды. Дереу көзілдірігімді шешіп, сүртіп жіберіп анықтап зер сала қарадым. Ешкім жоқ.

Шөбересін бауырына басқан ақсақал мен бұрын-соңды естімеген әнді айта бастады.

«…Жар-тас-қа бар-дым,

Күнде ай-қай салдым

Одан да шықты жаңғырық»…

Сөзі Абайдікі, әнін бұған дейін естіген емеспін. Шал «жаңғырық» деген сөзді нақышына келтіре жоғары дауыста айтады екен. Сол «жаңғырық» деген сөз жаңғырып тұрғандай әсер етті.

– Ата, бұл ән кімдікі?, – дедім ән аяқталған соң.

– Абайдікі де…, – деді шал «шынымен білмейсің бе?» дегендей аңтарыла қарап.

– Сөзін айтпаймын, әні…

– Е, итім біліп пе? Жаңғырық деген бір ауыз сөз ғой мені бұ әнге асық еткен!

– Ата, бағана бір қарағай көрдім, –  деп болған жайды баяндай бастадым.

– Әй, рас па, ей, айтып отырғаның? Құдайға шүкір. Тозаңданған екен ғой, жарықтық. Әй, ана немені шақыр. Ертерек тамағын ішіп, жылқыға барсын. Бүгін ана қатын да төңіректеп жүр. Ит-құс көп болады. Құлындарды қасқыр тартып кетпесін!

Менің әңгімем жайына қалды.

– Келін, мына боқмұрынның қалың киімдерін әзірле. Сосын пешке от жақ. Күн суытады. Ай арасы болды. Бүгін отызы ма, бірі ме?

– Қыркүйектің тоғызы, – дедім білгішсініп.

– Атаңның тақ басы. Бүгін – бірі. Кешелі бері өлара болды. Көктен ай көрмедім.

***

Бұ шалдың несін алдым? Мені со ғұрлы неге жақтырмайды? Үйді төңіректеген қатын кім? Кешегі Ісләм шалдың «Итжеккен де сиырын жоқтай бастар» дегені не сөз? «Бұғы ауыз шайқарға түсер» дегені не екен? «Қарағайдың тозаңданғанын» ғана ұққан сияқтымын. Қалған мың сан сауалдың жауабын таппай төрде салынған төсекте дөңбекшіп жатырмын.

Екі ауыз үйдің бір бөлмесінде немересі мен немере келіні жатады екен де, бір бөлмесінде шал мен шөбересі ұйықтайды екен. Бүгін сол салт бұзылып, немересі жылқыға кетті де, шөбересі шешесінің қойнына жатты. Шал екеуміз артық ауыз тіл қатыспай екі төсекке жантайдық.

Ананы бір, мынаны бір ойлап жатып, көзім ілініп кеткен екен: «Өлтірді, өлтірді» деген шыңғырған дауыстан шошып ояндым. «Құтқарыңдар, ойбай! Кім бар, құтқарыңдар!».

Төр бөлмеден шалдың шөбересі аталап жылай бастап еді:

– Әй, келін андағы баланың құлағын біте!, – деді Төлеш ақсақал бұйыра сөйлеп.

– Иә, Құдай, иә, Құдай, мына долы қатынның аузын тезірек жапқыза гөр, – деді сосын күбірлеп.

Осы сәтте қасқырдың кезек-кезек ұлыған дауысы естілді.

– Ойбай, құтқарыңдар. Қасқыр, қасқыр қамап алды. Кім бар, құтқара көріңдер, – деп шырылдады әлгі ащы үн тау-тасты жаңғыртып. Әйелдің даусы айналаны күңірентіп жіберді.

Бұдан ары шыдап жату мүмкін емес еді. Атып тұрдым да далаға жүгіріп шықтым. Қалың қарағайдың арасы толған ит. Көздері жанып, жалт-жұлт етеді. Ит-құстың ортасында шырылдап бір әйел жүр.

«Құтқарыңдар, кім бар? Құтқарыңдар!». Жерді тырмалап, қарманып әлденені іздейді. Даусы сұмдық. Сай-сүйегімді сырқыратып жіберді.

Бағана үйдегі екі мылтықтың бірін шалдың немересі әкеткен еді. Екіншісін оқтап, төрге іліп жатқанын көргенмін. Сол есіме түсіп, үйге жүгіре кірдім. Мылтықты алдым да, далаға атып шықтым. Қолым қалтырап, көз алдым тұманданып барады. Бұрын-соңды мылтық ұстап көрмесем де, ана қасқырларды атпақпын. Шырылдап жәрдем сұраған әйелді құтқарып алмақпын.

Сол мезет шал қолыма жармаса кетті.

– Қой, балам, қой! О долы қатынды ит-құс жеп кетсін. Қолыңды қанға малма. Құдайдың ісіне араласпа!

Бұл сәтте байғұстың шыңғырған даусы соңғы рет шығып, жанған көздер әйелді жәукемдеп жеп жатты.

***

Менен ұйқы қашты. Аядай бөлмеде қалш-қалш етіп ары да жүрем, бері де жүрем. Бағанағы әйелді аядым. Ана бөрілердің бірін атқанымда қалғаны қашпас па еді? Әйелді құтқарып қалмас па едім? Миымда мың сауал. Бірінің жауабын таба алар емеспін.

– Жарықтық, Тәтем-ай! Жарықтық, Тәтем-ай, – деді Төлеш ақсақал күбірлеп.

– Балам, ақылға кел, – деді сосын ғана. – Сен әңгіме сұрай келген екенсің. Айтайын. Сенің мына сұрланған түрің Тәтем жарықтықты көз алдыма әкелді. Ел Қытайға қашқанда мен бес жасар бала едім. Біздің ауыл түнімен жүріп, таң ата Қасқабұлақтың қарағайына барып жасырынды. Шекара бойы толған әскер. Біз ғана емес, бүкіл ел қарағайға жасырынған екен. Қас қарая сай-саладан көш шұбырды. Орыстың әскері пулеметті құрып қойып дайын отырса керек, бір кезде шекараға жақындаған елдің топалаңын шығарып, жусатып салды.

Айнала көк түтін. Тарс-тарс атылған мылтық үні. Қатын-қалаш шулап, балалар жылай бастап еді, Тәтем ашуланып:

– Кімде кім үн шығарар болса, атып тастаймын, – деді түнеріп.

Тәтем жыласам атып жіберер деп үн шығармай булықтым да қалдым. Мен ғана емес, бүкіл баланың, қатын-қалаштың үнін Тәтем бір ауыз сөзбен тыйды.

Етекте ел қырылып жатыр. Тәтем атына қарғып мініп, қолына мылтығын алғаны сол еді, ауылдың ақсақалдары аяғына жармасты.

– Молдеке, Молдеке-ау, мына жұртты орыстың мылтығына байлап бергің келмесе, ақылға кел, – десті. Тәтем қалш-қалш етеді. Мына сен құсап ары да жүрді, бері де жүрді. Етектегі елге қол ұшын созса, мұнда біз қырыламыз. Бізге қорған болса, етектегі елден айрылады.

Тәтем жарықтық қол мерген адам еді ғой. Оғының қаңғып кеткен кезі жоқ. Сол мерген адам біз үшін жауына қарсы оқ атпады.

Шынын айтайын, бұ кезде менің бабам жайлы әңгіме тыңдауға бабым жоқ еді. Төлеш ақсақалдың бір сөзін естимін, бір сөзін естімеймін. Әйтеуір, меңіреу адам секілді отырдым да қойдым.

***

Ертесі қырсық шалдың «қой соятын едім» дегеніне де қарамай жүріп кеттім. Таң ата жапалақтап қар жауған екен, аяғыма киген жұп-жұқа топлимен артыма із тастап кете бардым. Абырой болғанда бір көлік табылды. Сол көлікпен етекке қарай құлдырай жөнелдік. Кешегі әйелді ит-құс жеген топ қарағайға үрейлене қараймын. Қарағайлы беткей түк болмағандай маужырап тұр.

***

Сансыз сұрақтың жауабын арада біраз уақыт өтіп кеткеннен кейін әкемнен білдім. Бұл он үш жасында елден жырақтап, қалалық болып кеткен менің ғана өрем жетпейтін, ал ауыл адамдарына бәрі де белгілі, анау айтқандай жұмбағы жоқ қалыпты дүние-міс.

Бұғы күз болғанда күйекке түседі. Күйекке түспес бұрын еркек бұғылар өзара майдан ашып, ең мықтысы ғана үйірге ие болып қалады екен (Мұны Оралханның «Кербұғысынан» да оқыған секілдімін). Тілінің астына мейір шөпті басып алып, он шақты ұрғашыға жалғыз шабатын бұғы күйек қайтарғанда аузын сумен шайып тұрады-мыс («Бұғының ауыз шайқары» деген осы). «Бұғы ауыз шайқағаннан» кейін күн бір суытып жылынатын көрінеді.

Ал, енді «Итжеккеннің сиырын іздеуге шығуы» мен «Долы қатынды ит-құс жеуі» туралы жайдың тамыры өзектес екен. Бұл ескіден келе жатқан әңгіме емес, күні кеше ғана болған оқиғаға ұқсайды.

Ел Қытайға қашқанда шекара аса алмай қалып, бір бай итжеккенге айдалыпты. Итжеккеннен арып-ашып аман келіп, колхоздың сиырын баққан екен. Айдауда көрген қорлығын айта беретіндіктен ел оны «Итжеккен» деп атап кетсе керек.

Бір күні тексеру келіп, бір сиыр кем болып шығады. Итжеккен сол сиырды жаяу жалпы іздеп, Кезеңнен асыпты. Ойқарағайды көктей өтіп, Аршалыға дейін жетсе керек. Түн жарымда сол Аршалыда байғұсты қасқыр жеп, дәм-тұзы таусылыпты.

Итжеккеннің әйелі сол түні күйеуін іздеймін деп жүріп, о дағы бөрілердің жемі болған. Содан бері кілт күн суытса Аршалыда «Аухау-аухау» деп сиырын шақырған Итжеккеннің дауысы жаңғырып шығып тұрады екен.

Ал, Аққорадағы долы қатынның «шырылын естідім, өзін көрдім» деген адамдар өте сирек. Сирек болса да, Үйсінтауда ол қатынды қасқыр талап жатқанын көзбен көргендер бар екен. Ал енді, оған араша түспек болып мылтық ала жүгірген жалғыз адам мен ғанамын. Әзірге…

FacebookVKX (Twitter)WhatsAppTelegramE-mail
Алдыңғы жазба

 Маржан Ершу. Уақыт диалогы

Келесі жазба

Толқын Қабылша. «Үндемес қыз» балладасы

БөлісуБөлісуТвитергеЖолдауБөлісуЖолдау
Алдыңғы жазба

 Маржан Ершу. Уақыт диалогы

Келесі жазба

Толқын Қабылша. «Үндемес қыз» балладасы

ТАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ БОЛУЫ МҮМКІН
Дүйсенәлі Әлімақын. Кафка соты қалай аяқталды?
Әдебиет әлемі

05.08.2025
Айқын Нұрқатов. Абайдың ақындық дәстүрі
Әдебиет әлемі

Айқын Нұрқатов. Абайдың ақындық дәстүрі

04.08.2025
Ақылбек Шаяхмет. «Толстой бар, Чехов пенен Пушкин бар, Елубай жоқ, Қапан менен Серке жоқ…»
Поэзия

Ақылбек Шаяхмет. «Толстой бар, Чехов пенен Пушкин бар, Елубай жоқ, Қапан менен Серке жоқ…»

04.08.2025
Келесі жазба
Толқын Қабылша. «Үндемес қыз» балладасы

Толқын Қабылша. «Үндемес қыз» балладасы

Сағадат Ордашева. Жүрдектегі жұбату

Сағадат Ордашева. Жүрдектегі жұбату

Төлен Тілеубай: Бала жүрегіне жететін шығармалар керек

Төлен Тілеубай: Бала жүрегіне жететін шығармалар керек

«Жазушы» әдеби порталы

© Жазушы порталы

  • Біз туралы
  • Редакция
  • Байланыс

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы
  • Әдебиет әлемі
    • Сын
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Сұхбат
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
  • Дайджест

© Жазушы порталы