Жетісу облысындағы Бозтоған ауылын текедей таңдап көшіп келген Құмаря шалдың бұл күндері көңілінде алаң бар. Ауылдың еш кемдігі жоқ. Малға да, егістікке де ыңғайлы түңкелі мекен. Құдай берген үш ұлдың үлкені – Мұса көрші ауылда. Ортаншысы – Еркінбек қазірше шаңырақ иесі. Кіші ұлы – Айқын әлі үйленбей жүр. Ол да үйленер. Қазірге ешкімнен кем емес. Төрт түлігі сай. Тек, әттең басқа пана құрып қалғандай тап осы үйге ұрынғанына өкінетіні бар.
Таңертеңгі шәйдан кейін шалекең қарадай отырса опақ, тұрса сопақ болып сыртқа мың кіріп, мың шықты. Бұған шәй үстінде кемпірінің «Е, алжыған шал-ау! Бір жыл бұрын шекара асып кеткендегі тапқан панаң осы болды-ау. Бала емессің, шаға емессің байқасаң нетті!» деген сөзі себеп болды. Кемпіріне қосылып балалары тіс жарып ештеңе демесе де жазғыра қарағандарының өзі шал байқұстың жанына батты.
Үй тым ескі емес, ауылдағы маңдайалды үйлердің қатарына кіреді. Қора-қопсысы да бүтін. Малға ыңғайлы болсын деп, ауылдың тау жақ іргесінен талдап алған да өзі. Қабырға көршісі Вася дейтін орыс шал болып шықты. Қытайда жүргенде орыс дегенді тек кинодан ғана көретін. Ол шақта Құмекең үшін шетел киноларындағы көк көзді, сары шаштының бәрі орыс болып есептелетін. Енді міне іргелес көрші отыр. Бастабында үрке, сосын қызықтай қараған. Сөйтсе бұлар да өздері сияқты жан екен. Көшіп келген күннің ертесінде Васяның кемпірі «ерулік» алып келді. Шал таңғалды. «Құдай-ау, адам дегеннің бәрі бірдей екен ғой» деген іштей көңілі марқайып. Кемпірдің аты Надя екен. Оны кейін білді.
Түскі шәй кезінде есікті біреу тықылдатқан. Жат жерге енді көшіп келіп отырған бұлар үрпейісе есікке қараған. Бұрын-соңды малшы қазақтың есігін кім қағып кіруші еді, тәйірі. Еркінбек барып есік ашса көк көзді, жалаңбас, шүйкедей сары кемпір тұрыпты алдында. Сосын бірдеңе деп күлімдеп тіл қатыпты. Сосын қолына бір қалта ұстатыпты да, тағы да бірдеңелерді айтып үйіне жөнеліпті. Қалта толы ас екен. Ас болғанда, екі құмыра сүт пен айран, екі банкі тұздалған қияр мен қызанақ екен. Бастабында бұған да үдірейе қараған. Аздан соң Құмекеңнің өзі бастап пышағымен банкінің қақпағын тесіп ашты. Қиярдан бірін алып алдымен иіскеп, сосн ақырын тістеп көрді. Содан кейін барып сенімдері нығая түсті, Әуелі келіні сүтпен шәйларын ағартып тынған. «Кеше көргенмін, екі бірдей сауын сиыры бар бұлардың. Сүтті көрінген» деген шал қиярды езуіне сап малтап отырып. Сосын шәй соңында айранды да түгетіп орындарынан тұрған болатын.
Ертесі Васяның үйіне кемпірі Бодаухан кеткен. Қолында ұйғырдың атлас орамалына түйген Алтайдың ақжарма құрт-ірімшігі мен қытайдың арзан кәмпиттері бар. Бірақ тез оралды. Ентігіп, өңі бұзылып кетіпті. Айтысында, Надямен бірге отырып шәй ішіпті. Тілдері түсініспесе де кәрі көңілдері жарасып, маңдайлары қызыл шайға шып-шып терлепті. Бодаухан Қытайда қалған көршісі Гүлжауар кемпірді есіне алып күрсініпті. Надяның да ойына әлдене келген сыңайлы, ол да ауыр күрсініпті. Әттең, екеуі осылай күрсінісіп отыра берер еді. Бұлардың шырқын қора жақтан шыққан жат дыбыс бұзыпты. Кемпірлер енді солай қарасыпты. Қараса, Вася екен. Қолына шыбық ұстап алып қораның алдын шаңдатып жүр. Шаң ішінен біздің кемпірдің көзіне салпаңқұлақ, талпақ танау жануардың бейнесі шалына кетпесі бар ма?! Сол-ақ екен «баж» етіп, жаулығының ұшымен ауызын басып, сүріне-қабына тұра қашыпты…
Ертеңінде ерініне ұшық шыққан кемпірі таңғы шәй үстінде сөйледі-ай кеп. «Е, байқұс-ай! Бір жыл бұрынын шекара асып кеткендегі тапқан үйің осы болды-ау. Бала емессің, шаға емессің байқасаң нетті!» Шал тіл қатқан жоқ. Іштей өзін кінәлап отыр. Кемпіріне қоса балалары да тіс жарып ештеңе демесе де жазғыра қарағаны жанына батты. Тек Еркінбек ғана: – Несі бар, ол да мал ғой, – деп «күңк» етті. Келіні оны бүйірден түртіп қойды. Одан кейін ешкім ештеңе деген жоқ.
Сол күні есіктен кіріп-шығып жүрып Васяның үйі жаққа кектене қарады.
– Астағфируллаһ, астағфируллаһ, – деді жағасын ұстап, – бұрын жақыннан көз тоқтатып қарап көрмеген неме еді, Жазған-ай, қайдан ғана жолықтым, – деп күрсінді тағы.
Содан соң кемпірінің айтқанына көз жеткізбек болып, Васяның қора жағына барып тың-тыңдады. Расында, қора ішінде қорсылдап-ақ жатыр екен. Шал тағы: – Астағфируллаһ, – деді, – көзім шыққыр бұрын қалай байқамағам!
Осылай таңғы жазғыру біраз күнге жалғасты. Шалдың іші удай ашып, қолды-аяққа тұрмай жүр. Тіпті түнде төсегінде жатса да құлағына мегежіннің үні келіп тұрғандай ұйықтай алмайтын болды. Бір күні тағы да дегбірсізденіп үйіне кіріп бара жатқан еді, Васяның үйі жақтағы кіші дарбазадан бір мегежіннің шыға келмесі бар ма?! Шалдың денесі түршігіп кетті. Денесі түршігіп қана қоймай, бойын түлен түртіп, ашу кернеді. Не істерін білмей күйгелектеніп жүріп табалдырықта жатқан жарты кірпішті алып мегежінге қарай жіберіп қалды. Мегежін кері қаша жөнелді. Кірпіш қиыс кетті. Қиыс кетіп барып Васяның ауласында тұрған Жигулидің алдыңғы терезесіне барып гүрп етті. Шал енді сасып қалды. Айналасына қараса ешкім көрінбеді. Барынша жылдам басып үйге кіріп жоқ болды. Келді де ештеңе білмеген адамдай төсегінде теледидар көріп жатып алды. Көңілі сәлде болса кеңіп қалған сияқты. Десе де есік тықыр етсе елең етеді. Сөйтіп жатып бұл қылығын ұмытып та кетті.
Ертесі есікті тағы біреу тықылдатты. Кемпірі кіші ұлдың машинасымен көрші ауылдағы отауына кеткен. Үйде Еркінбек пен келіні үшеуі ғана болатын. Құмекең теледидар көріп төсекте жатқан. Алақтап Еркінбекке қарады. Мінезі ауыр Еркінбек асығатын емес. Еріне есік жаққа беттеді. Шал төсегінде естіп жатыр:
– Құмаря Аллабергенұлы осында тұра ма? – дейді біреу. Ер адамның дауысы.
– Иә, – дейді ұлы саспай.
– Бері шақырып жібер. Шал шошып кетті. «Вася адам жиып келіп тұрған шығар» деп ойлады.
– Шақырып жіберетін ол сендерге бала ма? Ол менің әкем, айтатындарың болса маған айтыңдар. – дейді ұлы. Шалдың көңіліне сенім ұялай бастады. Іштей «Сабазым-ай, бұғанаң қатпай Үрімжіге кетіп едің. Өмір көрдің ғой қарғам» деді риза боп. Келіп тұрғандар тосылып қалған сияқты. Сәл үнсіздіктен кейін.
– Көршілеріңізден арыз түсті. Әкең машинаның терезесін сындырыпты, – деді әлгі ер адам. Шал сонда ғана олардың полицей екенін аңғарып, тіпті шошып кетті. Енді ұлының ауыр мінезінен алаңдай бастады.
– Мен сендерге не деп тұрмын, ол сексенге келген шал, терезе шағатын бала емес. Бұл жауапқа шалдың көңілі тағы толып, көңілі орныға бастады.
– Дәлелге лақтырған сынық кірпіші бар. Ұлы мырс етті.
– Көшеде жатқан кірпішті кім ұстамайды. Қайдағы бір орыс үшін… Шалдың жүрегі зырқ етті. Бірақ, полицейлер:
– Біз тағы да тексереміз, – деді де кетіп қалды.
Есіктен кірген ұлы әкесін тағы жазғыра қарады. Болмысы біртоға, көп сөйлемейтін осы ұлының жазғыра қарағанының өзі шалды едәуір сарсаңға салатын. Бетін теріс бұрып, әдиялын қымтанып жатып қалды. Іштей тағы бұл істі кемпірінің білмегеніне қуанды.
Содан кейін полицейлер келмей кетті. Енді бұның үйі жаққа Вася түнере қарап жүретін болды. Бірақ сол қарасының өзінде бір дәрменсіздік тұратын сияқты көрінетін шалға. Енді ол тіпті басынғысы келе ме, көре қалса кеудесін көтеріп, кердең қағатын болып жүр. Бұнымен шалдың көңіліндегі алаң мен жазғыру түбегейлі айықпады. «Басқа ауылға көшіп кетсем қайтеді» деп бір ойлады. Оған жөпелдемеде үйді кім ала қойсын. Кейде санасын «Қашанғы мен көше берем?! Қайда барсаң Қорқыттың көрі әкес…» деген кек кернеді. Ақыры жабырқаған көңілін сергітіп қайтуды ойлады ма әйтеуір, туған жеріне барып қайту бекіміне келді.
– Келгенің кеше байқұс-ау, не іздейсің шошаңдап, – деп кемпірі жазғырды шәй үстінде. Оны елейтін шалекең жоқ:
– Қызымды сағындым, көріп қайтам, – деді. Кемпірі ұзатылған қызы – Сағынышты есіне алып, көзін сығымдап жылап қалды.
– Байқұс-ау, барсаң бар, – деді сосын кемсеңдеп отырып.
Қытайға кеткен шалекең көп айналған жоқ. Айналасы бір аптада қайтып келді. Сөмкесінде азын-аулақ сәлем-сауқытымен қатар ала келген бір дорба қытайдың ұнтақ қызыл бұрышы бар екен.
– Бұны не қылайын деп едің байқұс-ау, Қытайда татпайтын едің ғой, – деп кемпірі қазбалап еді, шал қысқа қайырды.
– Нең бар, қойып қой. Бұл жолы кемпірін қатулы қабағымен қорқытты. Кемпір одан кейін ештеңе деген жоқ.
Ертесі шал түн ортасында орнынан тұрды. Асықпай барып ас үйде тұрған дорба толы ұнтақ қызыл бұрышты қолына алып, есіктен шықты. Есік алдында тың тыңдап біраз тұрды да Васяның қорасына қарай жүрді. Қораның артқы жағындағы желдіктен сығаласа үш бірдей мегежін қаннен қаперсіз пысылдап жатыр. Шал қора ішіне қарай әлдебір кесекті лақтырып қалып еді, олар таңырқай қарап, еріне орындарынан тұрды. Шал енді желдіктің астыңғы тұсында тұрған мегежіндердің жем жейтін науасына қарады. Сосын қолындағы ащы ұнтақты науа ішіне аудара салды. Сәл қарап тұрып еді, мегежіндер науаға қарай жақындап келе жатты. Жоспарының орындалатынына сенген шал енді тез қарасын батырды…
Аздан соң Васяның үйі жақтан шыңғырған мегежін үні мен тасыр-тұсыр дыбыс қатар шықты. Оған Васяның жанталаса айғайлаған дауысы мен Надяның зар жылаған үні қосылды. Қолқаларына ащы бұрыш кеткен мегежіндер қораның есігін бұзып шыққан болатын. Түкке түсінбеген Вася байқұс тоқтата алмай әлек боп жүрді…
Ертесі таңертең Вася қорасында кектене күбірлеп, ауылдағы алқаш досы Коля екеуі мегежін сойып жатты. Құмар шалдың үйінің алдына полиция көлігі келіп тоқтады. Шал бұл жолы алдыға оза берген Еркінбекті кейінге жасқап, оларға қарай өзі бара жатты…