Оның тәні тек аяқтан тұратын, беті де аяққа ұқсайтын, қолы да аяқ сияқты, тіпті мойны аяқтың балтыры іспетті қаздиған. Жолдан өтіп бара жатқанда бір жағына ығысып, қисая біткен аяқ іспетті сезінетін. Ол күні бойы тек аяқ туралы ойлайтын, терезеге шығып алып өтіп бара жатқан адамдардың аяғына көз алмай қарайтын еді. Ал терезеде тәндері жоқ тек аяқтары бар адамдар шеруі жалғасып жататын еді. Бәрінде тек аяқ бар, бірақ олардың аяғы Сүйріктікінен ерекше. Себебі олар түзу басады, ақсаңдамайды, әдемі аяқ киім киіп алып, сарбаздар сияқты табанын сарт-сұрт қағып, нық жүреді. Өзі қатарлас қыздар әдемі аяқтарын көрсету үшін желбірек қысқа белдемше киеді, белін таңып байлайтын тобығына түскен көйлек, аяқтың мүсінін айқындайтын жабысқақ джинс.
Сүйрік пердені жаба сала бір жағына қисая басып, қараңғы бөлмедегі шифоньердің астынан анасының жалғыз биік өкше туфлиін іздейді. Туфли мүлдем киілмей шаң басып жататын, себебі оны киюге себеп те жоқ. Анасы күн ұзаққа мектепте еден жуады, кешке бес баласына тамағын береді де ұйықтайды. Бұл үйде меңіреу тыныштық орнағалы қай заман, тіпті ескі теледидарды да ешкім қоспайды. Ол да жарты жылдап осы үйдің тұрғындары сияқты үнсіз тұра береді, шаңы да сирек сүртіледі. Дәл солай шифоньердің еденінен шаң бұрқып тұр. Сүйрік ескі, тұмсығы майысқан туфлиді алып бірінші оң аяғына, сосын тырысып-тырмысып сол аяғына тартып киеді. Орнынан тәлтіректеп әзер тұрады да бір аяғы жерге тимейтін орындықтай сол жағына қарай қисая қалады. Ол сол жағына ауыр тартып қисайған күйі айнаға қарап тұрып, көзін аяғынан алмай айнала береді. Сосын айнаға таяп келіп, бетіне қарайды. Үнемі бір нүктеге емес, екі нүктеге қарап тұратын үмітсіз көзіне, ұсақ түйіншек болып іркіліп тұратын терісіне, бір жағына қайыра қиған келте шашы мен кекіліне әлсіз көз тастайды. 2007 жылы қыста әкесі арақтан қайтыс болғанда іштей бір жеңілдік сезгені есіне оралады. Енді бұл үйде есепсіз тыныштық орнайды, ешкім бейберекет мазаны алмайды, тыныш ұйықтап, тыныш тамақ ішудің өзі неге тұрады?
Әкесі ұзақ жылдар ауылда электрик болды, бірақ ебін тауып ішетін. Мектептің пешін жағатын еркекпен де, бір үй кейін тұратын қызының сыныптасының әкесімен де, ауданға барғанда да дос-жаран тауып, үйіне теңселіп оралатын. 2006 жылдың күзінде қызының сол жақ аяғына операция жасауға бөлінген ақшаға Бекен тоқтамай ішті. Одан ақшаның жөнін сұрап, қызына араша түскен ешкім болған жоқ. Сүйріктің анасы күн ұзаққа мектепте еден жуып, асханада бәліш пісіретін апаймен қолы қалт етсе, тоқтаусыз әңгіме айтып, жұмыстан кейін де асханада отырып, шай ішетін. Үйіне келгенде есіктің кіреберісінде сұлап жататын күйеуіне міз бақпай қарайтын да, қонақ бөлмедегі диванда ұйықтап қалатын. Сүйрік он минуттық жердегі мектепке сол жағына қисая құлап, кеш жететін. Кейде сыныптас қыздарымен қатар баратын, олар бір-бірімен қолтықтасып, баяу жүріп бара жатқанда Сүйрікті ешкім қатарына қосқысы келмейтін. Себебі сол жағына ауыр тартып, қыздардың қолына салмақ түсіретін еді. Сондықтан ол көбіне артта таяқ тастам жерде үнсіз ақсаңдап келе жатып, қыздардың аяғына көз алмай қарайтын.
Мектепте мұғалімдер де оған жылы қабақ танытқан емес. Дене шынықтыру сабағында қатардың ең соңында тұратын, балалармен бірге жарысып доп ойнағысы келсе де, дене шынықтыру мұғалімі оған: «Сен отыра тұр» дейтін. Болмаса, команда болып жарысқа түссе, Сүйрікті ешкім өз командасына қосқысы келмейтін. «Қоссақ, жеңілеміз ғой» деп айғайлайтын командир болған Серік есімді сыныптасы. Математикада есепті шеше алмай, тақтаға ұзақ телміріп тұрғаны үшін мұғалім басынан талай нұқып та қалған, ал оның мұғалімнің ұрғанынан қарағанда аяғын ұзақ басып, тұрып қалғаны көбірек жанына бататын еді. Тезірек орнына отырып, аяғын алға қарай жазып жіберіп, бой сергіткісі келетін. Іштегі сыныптастарының алдындағы өртенген ұятпен арпалысып жатқан толқындай сезімдерімен кейінірек есептесе жатар. Әкесі қайтыс болғаннан кейін де оның өмірінде еш өзгеріс болған жоқ, ол бәз-баяғыдай аяғын сүйрете басып, мектепке келіп жүрді. Тіпті сыныптастары да оған әсіре жаны аши қоймайды, тек бір-екі қыз ғана жанынан сұлық өтіп бара жатып, әкесіне көңіл айтқан. Ол енді әр кеш сайын шифоньердің астындағы анасының туфлиін тауып алып, киюді әдетке айналдырды. Кейде ілбіп басып қонақ үйге шығып, әрлі-берлі ақсаңдап басып, жүретін еді. Бауырлары сабақтан келгенге дейін туфлиді аяғынан шешпей, қараңғы бөлмедегі диванда ұзақ отыра беретін.
Бүгін Сүйрік терезеге таяп келді. Тағы да күз келген, далада сұп-сұр тұман тұнып тұр. Кенет оған қарсы беттегі тал бұталарының арасынан шатынан кесілген қан-жоса болған аяқтар келе жатқандай көрінді. Енді аяқтар Сүйрікке бұрынғыдай адамның ең әдемі мүшесі болып көрінген жоқ. Бар әлем бір жағына қисая бітіп, тоқтаусыз сарқырамаға құлап жатқан тұста, тұман арасынан арындап аққан суда қауқарсыз аяқтар жүзіп бара жатты.