Мұхтар Әуезовтің рухына арналады
Өңі жүдеу күз қарашаны белуарлап қалған. Ұшар басы жалаңаштанып, қаудырлаған жапырағын төккен қарағаштар сұрықсыз көкмұнар аспанға алақан жайғандай. Іркіттей қойыртпақталған көкірің бұлттар қақшиған қаланың мысын басып, бозартып алған. Иінімен дем пісіп, жолаушыларды артқан жүрдек пойыз А. қаласынан А. қаласына аттанбақ болып ышқырынғанда, табалдырыққа табан тіредім. Купе ішіндегі екі қыз бала, бір жігіт ағасы болмашы бас изесіп қана көрісті. Жүйткіген поезд А. қаласының паң сәулетін лезде артқа тастап, сары маң даланың омырауына лап қойған.
Селкілдегені секемсіз үйдің тымырсығындай тыныштық орнаған таңғы жарықпен көз аштым. Купелестерім шырт ұйқыда. Көзімді ұқалай терезені шолғанымда, жүдеу күздің жұпыны даласы есінеп жатыр екен. Қою кофенің ащы иісі мұрнымды қытықтады, кеңсірім кепкен екен. Ресторанға бет алдым.
Оразасын ашып бес-алты қарайған бастан өңге самсаған жарығы мол рестораннан бейбіт әуен лағып жатты. Елпілдеп жеткен даяшыға тапсырыс бердім де, қолыма қыса келген айфонымды үстелге қойдым. Мағынасыз жанарымды қарсы алдымда терезеден көз алмай баққан ер адамға аудардым да, лезде қапсырма беттегі оның көлеңкесімен тұтасқан бейнесіне көзім түсті. Оның арғы жағында… терезенің сыртында жасыл шықтай тұнып алғаусыз мөлдір әлем жатты. Мен кірпігімді қағып жіберіп, тағы үңілдім. Сенсорлық тұп тұйнақтай мөлдірлік пен лездік. Поезд терезесіне сенсорлық экран орнатқан болар, жасыл жайраңдаған қыраттар, тізқатар еменнің саптары мен қарағайлардың қатары, қан майдандай лақылдап тербелген жауқазындар… терезені үйкеп, олай да бұлай қозғадым. Айфонымды лекіткендей. Мынау рас па деп қарсы алдымдағы жолаушыға баққанымда, маңдайындағы жазық кеңістіктен ұшқын лап етіп жанарымды қарыды. Талып қала жаздадым. Қарсы алдымда төбе басын отап кеткен ормандай таз, екі самайындағы әдемі әдіптелген бұйра қоңыр шаш, көзі дөңгелек қара, ерні жуандау, жарқын аққұба жүзі әжімнен ада келбетті кісі отырды. Әлдеқайда, әлдебір кітапта, әлде сахнада кездестіргендей жүзі таныс еді. Есімді жиғанымда, даяшының қоңыр кофені қойып кеткенін аңдадым. Буы тік ұшқан кофені аузыма алып бара бергенім сол еді, кенет ресторанға гитарасын дыздықтатып ұзынтұра жігіт кіріп келді. Ерніммен өбіспекке бейіл кофеге тілімді күйдіріп алдым.
– Астымда бар пырағым, еш жерде жоқ тұрағым. Кең көсілген көмеймен, жанның дертін табамын. Зулайды өмір зулайды. Амалсыздық қинайды. Әй, жолаушы, жомарт бол, қарын қамы қинайды. Жеңіл әуенге салып, жүзі күлімдеген жігіт қыз-келіншекке келгенде қас-қабағын көтеріп, көңілдендіріп қояды. Ышқырына байлаған пакетін әркімге ұсынып гитаршы жігіт шырқап шығып кетті.
Жылдың қай мезгілі еді деп басымды қатырдым. Қоңыр кофенің күңірсік иісі кешегі күнгіні, жалпы алдыңғы өткен күндерді ұмыттырып жіберді. Тіпті, қайда бара жатқанымды да есімнен шығардым. Мағынасыз қарсы алдымдағы жолаушыға бажайлай қарадым. Сөз сөйлемекке дайындалған кісіше астыңғы ернін үстіңгісімен қапсырып, болмашы сүйкеп алды. Екі қолын қапсыра айқастырып, басындағы ойын екі көзі түгендемекке кіріскендей бадалып отыр.
– Құрметті аға-апалар! Назар салыңыздар! Мың емге дауа Алтай тауының тіл үйірер балы! Келісі 2 мың теңге. Таза бал. Натуральный. Бүкіл ағзаңызды тазалап, жүйкеңізді емдейді. Дастарханыңыздың берекесі. Емдік қасиеті мол. Ал, алыңыздар! Ақшаңызды аямаңыздар! Денсаулықтан неге аяйсыздар?
Даусы шаңқылдап төбе-құйқамды шымырлатқан дауыстан бұғып, терезеге тағы көз салдым. Жап-жасыл найқалып, науша наурыздың сәуірегіндей тұмса табиғат бусанып жатыр. Жан дүниемдегі хәлмен табыспай, өзінше лаққан тылсым терезеден көңілімді аулақтаттым. Әлдекім арбап, алдап соққандай лоқсыған көңілім алағызды. Салонды шаңқылымен шарлап, қарасын батырған әйелден кейін тыныштыққа байланған жаным құлазып сала берді.
– Әғузубилләһи-минаш-шәйтонир-ражим!!!
Келесі саңқыл көмейінен леген табақ ақтарылғандай жас балаң кезбенің аузынан төгіліп, ресторанның ат шаптырым кемесін кезіп кетті. Құлағымды баса беріп, көзімді жұмдым. Адам қарасы көбейген болуы керек, әр жерден саңқылды бұзып жарғысы келген дауыстар әлсіз естіліп, шарасыз аяттың соңын күтті. Жерге омақаса отыра қалған жас бала дұғасын қайырды да, кіршең қара топысын әркімнің алдына тосты. Қалтамнан табылған бірнеше жүз теңгелікті салдым да, қара домалақ баланың бойын ызбармен шолдым. Қайсыбір эмоцияңды көтере беретін көнбістігінен жаным жуасыды. Қарсы алдымдағы пленумға шығып, әлемнің пролетарийлерін шақырған кісіше ыздиған кісіден сезік те, сезім де, қыбыр еткен қобалжу да байқамай тағы терезеге үңілдім.
– Сырғалар бар, алтын сырғалар! Күміс алқалар! Ай сырға мен Күн түсті күміс білезіктер бар! Алыңыздар! Әйелдің сәні мен сымбатын құйған нағыз алтын сырғалар! Қымбат та емес, арзан да емес. Алсаңыздар, ақырзаман туғанша алқымыңыздан түспей, кейінгіге көзедей ыстық көне естелік болып қалмай, жарқырап, тұнып, жалтылдап жаныңыздан түспейтін алтындар бар, алтындар!
Төбе шаштары серейген, қақ желкеден шорт кесілген ұмар-жұмар шашты әйелдер алысып-сапырылысып әлгі сатушы әйелді алқалап ортаға салып, саудаласып кетті. Жалт-жұлт еткен қызыл, жасыл көздер неше түрлі бұйымның арбауына түсті де, қақшып алып қалтасынан сатыр-сұтыр ақшасын санап беріп жатты. Буы пәсейіп, ерніммен өбісе алмаған кофемді алғаш ұрттағанымда суып қалған еді. А. қаласынан шыққандағы сүркейлі сыз күздің қоңылтақсыған көңілімді жүдеткені аздай, көмейіме кешкі тұманмен құраласып кептелген түтіннің иісі тұнды. Ауадан ба, әлде сырттан ба желдей енген күңірсік иіс баянсыз бір мұңға шым батырып бара жатқан. Қайда, қайдан, қайдамын деген сұрақ шекемнен төнді.
– Ханымдар мен мырзалар! Бектер мен бекзадалар! Аз ғана уақытыңызды маған қисаңыздар екен. Біздің мына өмір жолымыз – үлкен ұлы миссия! Өмірді неге кешіп жүрміз? Бақытты болу үшін дерсіз. Балаларды жеткізу, оларды бақытты ету. Адамзаттың миссия осылар ғана ма? Әлде, түгесілмейтін оқу мен әлемтанудағы кезбелік пе екен? Рас, бәріміз өмірді бақытты болу үшін кешеміз. Бірақ, нақты бақытқа қалай баруды білмейміз. Ал, сіз қалай бақытты болуды білесіз бе? Ол үшін қандай кітап оқу керек?
Мен мұндай бөспеліктің неге сайып түгерін іштей нұсқалап та көрдім. Бірақ, басым зеңіп алдымдағы кофені ұрттауға ғана дәтім барды.
– Ал, сіз айтыңызшы, бақытты болу үшін қандай кітапты оқу керек деп ойлайсыз?
Мынадай әлемтапырық сауалмен кез келгенді сұлатуға болады. Өңі сарғыш, орта жастағы орыс әйелі маған төніп тұр екен.
– Ондай кітапты білмейді екенмін.
– Білмесеңіз, айтайын – ол Библия.
– Сондай-ақ, Библияңызда не депті?
– Бақытты болудың барлық шарты айтылған.
– Бақытқа өзіңіз сенесіз бе?
– Неге сенбеймін? Адам өзін таныса нағыз бақыт сол.
– Өзіңізді таныған екенсіз, кім екеніңізді білдіңіз бе?
Манадан бергі көмейге кептелген күңірсік иіс көзіме үйілген тамшының дәмі екенін анық ұқтым. Мағынасыз жалтарып кофемді тағы ұрттадым.
– Құдайдың нұрымын.
– Білесіз бе, жер де жоқ, адам да жоқ. Жалпы, ешкім жоқ. – Әлгі әйелдің көз аласы үлкейіп, ойланып қалды. – Жақында ғалымдар ғалам-ғаршыны зерттеп, біздің, осы адамдардың мүлдем жоқ зат екенімізді, он сегіз мың ғаламдағы із-түссіз елес сияқты біздердің мүлдем жоқ екенімізді дәлелдеді. Орыс әйелі аз-мұз абыржып қалды да, күмілжігенін білдіртпей күлімсіреді.
– Мені іздесеңіз…
– Сізді іздесем қай жерден де табам, вы везде.
Сенсорлық жалқындықпен зулаған терезеден көлеңкемді көрдім. Қарсы алдымдағы кісінің көлеңкесі менің көлеңкемнің иығын демеді. Оның көзінен тарам-тарам жас ағып жатты. Иығы селкілдеп жыламаққа бет алды. Сол кезде, ресторанға тағы бір ыңыранған дыбыстың баса-көктеп кіргені мәлім болды. Сар желдіртіп құнан құланымен бірге шұрқырасқан бір топ жылқы үйірін бұзбай қызыл шапаққа лағып барады. Жел жүйткіп жалын тарайды жылқылардың. Ерекше айбындық, ерекше жұлқыныс сезілді. Күйші «Адайды» емес, «Сарыжайлауды» емес, саржалқын күйді әсерілеп ойнап тұрып алды. Қара шертіс емес, әуезді қоңыр күй екен. Терезенің жасыл тұнығы көзіңдегі пердені сырып тастағандай. Жаңа ғана шыққа бусанып, тұмса жердің жұпары аңқып, жасыл белден шым ақ тұман будай бұрқырап, бұлт болып самғап бара жатыр екен.
Сар желдіртіп күйін аяқтады да, қағаз қорабын әркімнің алдына тосты. Күнге күңестеніп күйген орта жастағы толықша қазақ жігіті қасыма келгенде қалтамнан екі мыңдықты тастай салған едім.
– Мынауыңыз көп қой.
– Бәлкім, жартысын аларсыз. Өзіңізге қажет болар, ағасы.
– «Балбырауынды» ойнашы…
– «Балбырауын» күйі Дәулеткерейдің орыстың қамалында жатқанда шығарған күйі болса керек. Орыс патшасы Дәулеткерейді күй шертесің деп бір тойға шақырыпты. Той Браун деген ақсүйектің үйінде болған. Соған қарай күй де «Бал у Брауна» деп аталған екен. Қоңыр даусы жанға жұғымтал жігіт күмбірлетіп домбыра шерін маздатты. Манағыдан кептеліп, көкірекке тұнған мұң лақылдап келіп, лықсып төгілген-ді. Неге-дүр, жайсаң қалпымның жадын қозғаған осы хәлімді түсіне алмай, қайғыға жіпсіз байланғандай мұғдарсыз күй кештім. Күй толқыны ыстық қанымды тулатып, сайын даланы қанымен суарған бағзы бабамның тарихын көз алдымнан айдап жатты. Көз қиығыммен қарсымдағы кісіге көз салғанымда өзімнің тым жүдеп, кішірейіп, қуықтай болып қуысқа тығылып отырғанымды байқадым. Әлдебір романды, әлдебір шығарманы оқығанда кешетін күйім емес пе еді? Кеңдігімен, жомарт жанымен, балауса мамық алақанымен жұбатып, құшағыңды он орайтын кеудеге бас қойғаныңда осы күйді кешпеуші ме едің? Қай роман еді?!
Алдымдағы қоңыр кофеге тамшылар толастамай тамып жатты. Кенересіне жетіп лықылдағанда баздай басылған көңілім жарқ етіп ашылғандай болды. Жанар қарыған жалқын терезенің ар жағы сайқалси арбап жадылап барады. Қарсымдағы кісі басын оқыс бұрып, оң қабағын көтерді. Дөңгелек көзінде мейірім, әр пенденің жалғызсыраған жанын жұбататын мол мейірім көлдей тұнып жатты.
Кенет тарс етіп есік ашылды да, сүреңсіз қабынған айқай ішке лап берді. Үш жас жігіт, өне бойы қап-қара, қолдарында бесатар.
– Кәне, жолаушылар, кілең қаңғыбас майлы ауыздар! Майшелпек жейтін жалмауыздар! Ақшаларыңды шығарыңдар! Бәрін үстелге қойыңдар, қане болыңдар! Кімде-кім қарсыласса атып тастаймын! Қане, бол!
Алқынып-жұлқынғандардың екпінінен үрікті ме, бәрі қалта-қонышына дейін ақтарып алдарына тастай салды. Қалтамдағы тістелген алмалы айфонды мен де тастадым. Бесатарын шошайтып, әркімге үңгіп, кіл сылдырмақ пен ақша, әшекей дүниені жиып алғасын, табалдырықтан аттамай қарылдақ дауысты біреуі айғай салды:
– Сендерден жақсылықпен ақша сұраса бермейсіңдер, тек ұрлап, қорқытып, үркітіп алу керек. Садақаға сұраса тиын да тастамайсыңдар. Күн көру оңай болып па? Өй, салдақылар, темір-терсекке алданған! Атып тастайын ба шетінен осы? Қоя, аман болыңдар, әлі де ұрлап-жырлауға керек боласыңдар! Ха-ха-ха!
Басын бұққан жұрт демін ішіне жұтып, аналардың қарасы батқасын апыл ғұпыл тарай бастады. Мен де, A. қаласына жететін уақытты білгім кеп орнымнан тұра бердім. Бірақ, аядай ақ маңдайлының ауыз ашпай-ақ менімен мұңдасқаны ыстық леп орнатыпты. Жүректегі ыстығымды суытып алғым келмей аяғымды әрең басып купедегі орныма келдім. Сонда байқадым: сырттағы маңғаз дала күздің қара ызбарын жұтып жатыр екен. Өңсіз сарғылт, қоңырқай белдер, сарышұнақ атырапқа ендей еніп, жүйткіген поезд кеңістікке сіңіп бара жатқан. Қанша отырғаным белгісіз, жолсерік «төсек-орныңызды тапсырыңыз» дегенде ояндым. Жалма-жан жүйрік тұлпар тоқтағанда секіріп түсіп, манағы ресторан есігінен ақ маңдайлы, алды кең маңғаз кісіні таусыла күттім. Ол түспеді. Перронда оны кездестіре алмадым. Көп уақытқа дейін теміржолдың бойын тінтіп, өз-өзіме сене алмадым. Өз-өзімді сендіре алмадым. Қасымда Мұхтар Омарханұлы Әуезов отырған еді.