Мектебімізде бір оқушы қыз болды. Кескін-келбеті әлі күнге көз алдымда. Ешкіммен тіл қатыспай, ешкімге мезірет жасап, ишара да қылмай, жалғыз өзі меңірейіп жүретін де қоятын. Оның бір де бір рет күлімдегенін, әлдекімді жақын тартып, сөйлескенін көрмеппін. Қашан көрсең, томаға-тұйық қалпында, өз-өзімен бұйығы тартып, мектеп дәлізінің бір бұрышында терезеге көз салып, ойға шомып тұратынын байқайтынмын. Кейде, дәл осы ұстынына қарап, оны не мылқау, не ақыл-есі кембағал деп те ойлап қалуыңыз мүмкін еді. Алайда, оның тағдыры сіз бен біз көретін көкжиектен, біз еститін кеңістіктен тым ары, тым тереңде жатқанын мен кейін барып, білдім…
****
Мектепте «үндемес»
бір қыз жүретін,
Көзінде күн жылайтын, түн күлетін.
Еш адам ұға алмайтын оның хәлін,
Ұққаны шын мүсіркеп үлгеретін.
Жалғыз сөз айтпаса да, жан адамға,
Ол қыздың мұңын күллі ел білетін.
Жанарды жалт қаратар,
жәудір ме еді?…
Қарашығы, соншалық мөлдір-еді.
Қою қара қасында бұлт іркіліп,
Көзінде көктемге ұқсас сел жүреді.
Маңдайын сипамаған жазмышындай,
Маңдайдағы кекіл тек селдір еді.
Жалғыздықтың ұққан кім жан-жүрегін?
Анасы, жесір еді, бар білерім…
Бірге туған бауыры бар болатын,
Сол еді,
көңілінің жалғыз емі.
Бір күні сол анасы мұны тастап,
Тұрмыс құрды,
О, неткен тағдыр еді?
Інісі бірге кетті анасымен,
Секілді ғайып болған таң тілегі.
Анасы ерте кетіп, күн шығардан,
Сол таңнан оянған қыз,
үнсіз қалған,
Аспаны астаң-кестең төңкеріліп,
Жетім боп, жар астында тілсіз қалған.
«Ана» дейтін ең тәтті сөзді ұмытып,
Жапырағы жұлынып, гүлсіз қалған.
Есімде, бар болатын әжесі оның,
Дейтін ол, жалқы қызды
«Тілсіз, қарғам»
Шамшырағы бір күнде жанып, сөнген,
Көздерінен мен оның «ғаріп» көргем.
Тақсірет пен тағдырдың қас-қабағын
Қаршадай сәттерінде танып, көнген.
Ойынның баласы боп ойнамаған,
Шаттықтың шұғыласын тойламаған,
Үндемес есіміндей күбірлеген,
Жалғыздықтың мұңына қанықпын мен.
Дейтіндей, дүние, шын тасимысың?
Мұңлық қыз тағдырына бас иді шын,
Анаңның «айналайын» дегеніне,
Дүниеде қандай бақыт татиды шын?
Ең жақын екі адамың тастап кетсе,
Айтшы өзің, күлемісің,
жасимысың?
Күн сайын шырқырайтын жаны оның,
Күн сайын сыздаушы еді тәні момын.
Өмір дейтін ең ұлы ұстазының,
Күн сайын алатын ол тағылымын.
Шарқ ұрған шындығындай тағдыр анау,
Қай қолдар кесті бұлай бақ-ырымын?…
Сезініп сағыныштың ащы зарын,
Сарқып-сарқып алатын жан шуағын.
Әжесі кейде сипап арқасынан,
Сүйетін пәк көзінің тамшыларын.
Сонда ғана,
Ол үнсіз егілетін,
Тәңірінен сұрайтын тамшы бағын.
«Анам болса, қасымда,шіркін,арман?!
Арылар ма ең, дүние-ай, бар күнәңнан?»
Інім болса, қасымда, беу, дариға,
Иіскеп шығар ма ем бар құмардан…
Балалықтың несібін қайта теріп,
Алдар ма едің бір сәтке, түлкі жалған?
Өксіктей тамағында тұнып қалған,
Бақыттай мәңгі есігі құлыпталған.
Осы ма дүниенің бар қызығы?
Тар жол,
тайғақ кешумен тұйықталған?
Осы ма балалықтың бар шындығы,
Мен туғанда бармағын бүгіп қалған.
Сырласып дәл осылай тағдырымен,
Сырласып, жылдар дейтін жан мұңымен.
Қоңыр үйден шығатын мектебіне,
Үнсіз-тілсіз жүздесіп барлығымен,
Үйге қарай қайтатын содан кейін,
Жалғызаяқ жол кешіп жаңбырымен.
Шіркін-ай,
Үндемес қыз үн қататын,
Күн туса екен Жаратқан жарлығымен.
Жетімнің көзі айтатын қасіретті,
Жесірдің сөзі айтатын тақсіретті.
Үндеместің үні боп естілмейтін,
Әлдекімге кіжініп ес білмейтін.
Мен де нала құшқанмын,
Үнсіз жылап,
Құлағымда қалғандай тілсіз сұрақ.
Анасын күткен қыздың бейнесіндей,
Бауырын тосқан бейбақ жейдесіндей.
Үндемес сол бір қыздың тағдырының,
Ерте үзілген ең қымбат түймесіндей.
Жазмышыма үн қатқам,
Арзу айтып,
Сол қызға тіл бітіргей, күй кешіргей!
Ей, бейбақ, аналар-ай, ағыл-тегіл,
Түскендер аз емес қой күйге сендей.
Сәбиіңді ешқашан тастап кетпе,
Үндеместің күйреген күймесіндей.
Бақыт іздеп, баз кешіп кетсең дағы,
Ана бағы – ең ұлы үйлесім ғой.
Көз алдымда сол қыздың кескіні әлі,
Жетімдіктің бейдауа бейнесіндей.