Е-ей!
Тәңірберген Молдабай,
Малға жарлы болса да,
Айтар сөзге – тілге бай…
Бала кезімнен тындаған әнім. Бұл әнді біздің Ілгерібас ауылында Алдаберген есімді ерен әнші құйқылжытушы еді. Нағыз сайын даланың бұлғақтаған серісі. Бір өзі – бір филармония! Домбыра мен сырнайдың ортасында емін-еркін жортақтады. «Молдабайдың әнін», «Ағаш аяқты», Сауытбектің «Ақбөпесін» айтқанда жұртты бір күлдіріп, бір жылататын-ды.
Арқаның асқақ та терең толғанысты әндерін кең толғап, шолтаңдаған өресіз әндерді менсінбейтін тәкаппар мінезді тағы бір ерен әнші Әбдірахман Алдабергенді дәйім көкке көтере қолпаштап: «Әншімін десең, «Молдабайдың әніне» бас! Мұндай жойқын әнді айтатын әнші қайда бүгінде? Оны сен, сен ғана жеріне жеткізіп шырқайсың, Алдеке!» – деп масаттанып, осы әнге еш нәрсені теңгермей, күпілдеп, қайрап отыратын-ды.

Біз, әрине, баламыз… Алдабергеннің өнеріне мәз-мейрам болған үлкендердің: «Артист… Артист қой!» – деген сөздеріне таңғалатынбыз. Біздің ауылға аудан орталығы Байқадамнан Қабыл Ажақаев дейтін ақжарқын, серілеу кісі уәкіл боп жиі келетін. Қабылдың домбыра шертісіне тәнті болған жандар оны «Тірі Тәттімбет» дейтін-ді. Бұл бір мейлінше сыпа, қыз мінезді ізетті жан ән де салатын-ды. Қабылдың да ең сүйікті әні «Молдабайдың әні» еді. Оны қыздырмалап айтқызатын да әлгі Алдабергеннің өзі. Сөйтіп, ауылымыз Алдаберген мен Қабылдың «Молдабайын» тамашалап: «Пәлі, осылай шырқа!» – деп екі таудың арасын жаңғыртып, дүрілдеп жататын-ды. «Молдабайдың әні» сол күндерден бастап зердемде қалып қойыпты…
* * *
1959 жыл. Күз айы. Мен «Қазақстан пионері» газетінде әдебиет және өнер бөлімін басқарамын. Газеттің беделді авторларының бірі – академик Ахмет Жұбанов. Ол кісі мектеп оқушыларына арнап сал-серілер мен күйшілер жайында шағын-шағын мақалалар жариялатып жүрді. Мен Ахаңмен тез шүйіркелесіп, етене араласып кеттім. Ақаң бір жолы емен-жарқын әңгімелесіп, өзінің ақтөбелік екенін айтты. Ол жердегі әнші-күйшілерді сөз қылып, былай деді: «Солардың ішінде Молдабай әншінің жөні бөлек. Дала рыцары! Дара тұлға! Сал-серілердің бізге жеткен көзі. Сонау Арқадағы жонглер әнші, циркач – Кемпірбай, Балуан Шолақ, Берікбол, Тайжан, Шашубай секілді әр қырынан жарқылдаған алапат жан. Дала артисі! Мұндай адамдар өмірге бір-ақ рет келеді.
Сол Молдабай мейлінше қолы ашық, береген, «Таңғы ас – Тәңірден» деп дүниенің алды-арты, бар-жоғына қарамайтын мәрт мінезді жан екен. Мал-дүние жимаған. Бар байлығы – ән! Үш жүзді әнмен қырған бай баласы Біржан сал «Ахау, ари-айдай» дейтін әнінде:
Өмірің көрген түстей өтер-кетер,
Кімдерге мирас болмақ жиған малың? – десе,
Молдабайдың замандасы Шашубай:
Күніне жүзді беріп, мыңды алсам да,
Қалтамның түбі тесік, байымаймын, – демей ме?
Молдабай да нағыз ақынша өмір сүрді. Кербез кедей! Шаруаға қырсыз. Күйбең тірлікке қолы бармаған. Бар өмірі ат үстінде, той-думан, ойын-сауық, дуылдасқан халық ортасында, аққулы көлдер мен сырнайлы өзендердің жағасында, жасыл жайлау төрінде өткен. Құс салып, ит жүгірткен. Табиғаттың еркебұланы екен сол Молдабай! Жарықтық біздің мына заманды көрді. Жиырмасыншы жылдары ел ашаршылықтан қатты күйзелді. Сол ауыр күндерде кешегі бір кездерде шалқып жүрген Молдабай күрт еңсесі түсіп, қабағы ашылмай қойыпты. Өз жері Мәртөктің төңірегін орыстар мен хохолдар түгел иемденген, жергілікті елдің тынысы тарылады. Арақ-шараптың не екенін білмейтін пәк сезімді бейкүнә жұрт бұл сұмдыққа да бой алдырып қалған кез.
Жастар жағы, қыз-жігіт олардың өрескел әдетіне ойыса береді. Сонда бала кезінен дін исламның қасиетті пәлсапасына жетік Молдабай отырыс-жиындарда үнінен күрсініс лебі шығып:
Заман азғанда жақсы кісі қалада болады,
Жақсы ат доғада болады,
Тайынша менен танаға жүк артылар дер еді,
Қарап түрған жігітке қыз артылар дер еді,
Мөңке би айтты дер еді,
Мөңке би айтқан келеді! – дейтін сөзді айтып мұңға батады екен, Құдайсыз атеистерден иманы үйірілген. Осыны ішіңнен біл де қой, шырағым. Ел ішінде Молдабай жайлы қыруар әңгіме бар. Сол тарих тірілсе, жүмыс шаш етектен, уақытқа зармын… Молдабайды жаза алмай жүрмін».
* * *
1965 жыл. Қыркүйек айы. Бүл кезде мен Қазақ радиосының музыка редакциясында істеймін. Бір күні бас редактордың тапсырмасымен композитор Евгений Григорьевич Брусиловскийдің алпыс жасқа толуына орай «Қыз Жібек» операсының жазылу тарихын қағазға түсірдім. Қазақтың әншілік өнерін жете зерттеп, зерделеген ғұлама жан: «Сал-серілер өнері – халықтың биік мәдениеті», – деп, мысалы, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Җарылғапберді секілді ән сұңқарларының дауыс ауқымына қызықты. «Олардың үні тынық ауада жеті-он шақырымнан естілген», деді. Сондай әншінің бірі деп Молдабайды айтты. Мен бұл сөзге елең ете түстім де: «Молдабайды көре алдыңыз ба?» – дедім.
Брусиловский үнсіз басын шайқады. Сәл ойланып отырды да: «Мына бір жай еш уақытта ұмытылмайды, – деді, – 1935 жылы наурыз айында сол кездегі нарком Темірбек Жүргенов мені Ақтөбеге командировкаға жіберді. Онда Ресейден келген бір артистер труппасы концерт беріп жүр екен. Солармен мәміле түзіп, Алматыға әкелуім керек. Негізгі тапсырма – осы. Және тағы бір тапсырғаны – осы елдің ескілікті әндерін, соның ішінде Молдабайдың әндерін нотаға түсіруді нықтап, түсін суытып отырып айтты. Мен бұл кісінің мінезін білетін едім. Тура сөзді адам. Екі сөйлемейді. Айтты – бітті, қалайда орындалуы тиіс. Шатақтығы да бір басына жетеді. Ішімнен жүрексіндім де. Амал не, Ақтөбеге кете бардым. Ақтөбеде вокзалдың қонақүйіне орналастым. Вокзалда, одан қүжынай жатқан базарларда талай адамдармен жүздестім. Базарда Молдабайдың әндерін салған бір сайқымазақ адамды кездестірдім. Алғашында қуандым. Бірақ, өзі сөзге қонақ бермейтін есерлеу пенде екен, жынымды келтірді, одан жарытып еш нәрсе жаза алмай, Жүргеновтің сұсы зәремді алып, іштей тындым. Бір жақсысы, Ресей артистерімен жүздесіп, оларды Алматыға келетін етіп келістім.
Көп ұзамай Алматыға қайта оралдым. Темірбек Жүргеновке бірден жолығуға дәтім бармады. «Молдабайдың әні» жөнінде не деуім керек? Қорықтым. «Қыз Жібек» операсын жазып жүргенде Жібектің негізгі ариясын таба алмай, әр нәрсені шатпырақтап дал болғаным… Сол шимайымды қадала тыңдаған Жүргеновтің: «Собери свои шмотки, убирайся свой Ленинград! Это не ария Жибека! Бездарь!» – деген зіркілі есімде. «Молдабайдың әні» маған тағы бір сор болатын шығар», – деп құтым қашты. Мұндай тығырықтан мені кім шығарады? Ойлап-ойлап: «Аһа, Ахмет Қуанович бар ғой!» – деп жүрегім лүп ете қалды. Бірақ бұл уақытта мен ол кісінің уысынан шығып кетіп едім. Ол басқарып отырған музыка техникумының фольклорлық кабинетінің жұмысын қойып, осы Темірбек Жүргеновтің бұйрығымен опера театрына ауысып, «Қыз Жібек» операсын сахнаға сәтті шығарып, иә, қазақтың тұңғыш ұлттық операсын жасаған композитор ретінде көңілім өсіп, дүрдиіп жүрген шағым еді. «Адам – жылқы мінезді» деп қазақтар дұрыс айтады. Жұбанов, әлбетте, мені өзінің қарауынан басқа қызметке жібергісі келмеді. Менің біліміме, қабілетіме, іскерлігіме сенгені. Мен оны, әрине, іштей жақсы түсінем. Дегенмен, екеуміздің арамыздан шайтан жүгіріп өтті. Қанша пендешілік ойға берілсем де, бұл бір жаратылысынан аса мәдениетті интеллигент жан өзінің бекзаттық қалпынан, кішіпейілдігінен жазған жоқ. Ішіне кек сақтамады да. Сонысы үшін мен де оны жаманшылыққа қимай, арақатынасымызда ізет жолынан таймай, ретті жерінде қолдап қойып, сыйлап жүрдім. Сол Ахмет Қуанович! Ахмет Жұбановпен ақылдасуыма тура келді. Солай еттім. Қадірлі Ахмет Қуанович бар жайды түсінді де, өзінің жібектей сызылған әдепті қалпымен езу тартып: «Оған саспаңыз, Евгений Григорьевич, өзіміздің Әли бар… Кәдімгі Әли Құрманов! Солқылдаған бозбала кезінде Молдабайдың соңына еріп, шәкірті боп, біз білетін әйгілі әнін және басқа да әндерін алып қалған жалғыз әнші. Одан асқан әнші жоқ. Осы Әлиден түсіріңіз «Молдабайдың әнін», – деді.
Соның ертеңінде мен көмекші режиссерімді жіберіп, Әли Құрмановты тапқызып, театрға шақырып алдым. Әлидің қолында домбырасы… Жүрісі баяу, көңілі сынық, бойы шау тартып, науқастанып жүр екен. Қан қысымы жоғары көрінеді. Оның момақан жүзіне есіркей қарап, мен оған Жұбановтың «Молдабайдың көзі!» деп мақтаған қолпаш сөздерін айттым. «Молдабайдың әнін Сіздің үніңізден нотаға түсіруім керек», – дедім. Ол үнсіз бас изеді де, менің сөзім жүрегіне жылы тиді ме, көңілі босады. Іштей есіркедім. Мен қазақтың қаймақ құйған балдай тәтті қоңыр төбел шайын Ахмет Қуанович пен оның кемеңгер ағасы Құдайбергеннің үйінде талай рет рахаттана ішіп, соған әбден үйренгем-ді. Асылы, батыс қазақтары шайды қаймақпен, түйенің сүтімен әдемі баптайды. Оны да біліп қалғам-ды. Мына Әли болса сол жақтың адамы. Соны ойладым да секретарь қызға шай қойғыздым… Өрік, мейізі, мәмпәсиі бар… Жұпар иісі бұрқыраған үнді шайы! Әли екеуміз ежелгі етене жандай жайбарақат отырып шай іштік. Әлидің бірте-бірте реңі кіріп, бозарған жүзіне қан жүгірді. Өзін еркін үстады. Бір сәт ойлана қалды да, домбырасының құлақкүйін ұзақ келтіріп, бетін терезе жаққа бұрып, бұл жерде өзінен басқа жан жоқтай бірден «Молдабайдың әнін» төгілдірді-ай кеп. Мен қазақтың талай әншілерін білем. Кейбірінен ән жазып та үлгерген едім. Солардың әрқайсысы – мен үшін бір-бір феномен! Домбырамен шырқайтын әншілердің ішінде небір қызуқанды кереметтердің тоғыз перне бойында он саусағының қалай билеп, өзіне сұқтандырып қойғанын талай рет көргем-ді. Ал Әлидің сілтесі солардың ешқайсысына үқсамайды. Виртуоз! Әлидің диапазонына таңғалып, Молдабайдың үнінің қандай деңгейде екенін анық елестеттім. Өте биік, кең диапазон! Әли алабұрта толқып: «Молдабайдың даусы жеті-сегіз шақырымнан естілген. Біздің батыс әншілерінің пірі Мүхит салдың өзі: «Біздің әнге ендігі ие – Молдабай мен Қызыл әнші», – деген. Қызыл әнші Ақтөбенің Ойыл жағынан. Молдабаймен замандас. Жиырмасыншы жылдың бас кезіндегі ашаршылықта өлді. Солай… Молдабай біз үшін үніміз жетпейтін асқар шың болса, біз соның қоңырқай ғана етегіміз», – деді көзі жасаурап.
Әли Молдабайға осылайша табынды. Мен де оған сүйсіне қарадым. Сол күні Әли маған «Молдабайдың әнін» жалындата лапылдатып, тиянақты етіп жаздырды. Осы жолғы тірлігіме көңілім көншіді. Қобалжуым басылды. «Уһ!» – дедім.

Бір аптадан кейін «Молдабайдың әнінің» нотасын Темірбек Жүргеновке әкеліп көрсетіп, кабинетіндегі рояльда ойнап бергенімде, ол кісі оған балаша қуанды. Мен пианиспін ғой. Қүн көру үшін ана бір жылдары Ленинград киностудиясында дыбыссыз мылқау фильмдердің қым-қиғаш эпизодтарын рояльмен сүйемелдеп, мына он саусақты Әли Құрмановтың саусағындай сусылдатып баққам-ды. «Молдабайдың әні» – виртуоздық шеберлікті керек ететін, оқыс нюанстарына қиял жетпейтін, өте қиын, адам сезімін әлекке түсіретін сондай күрделі, ағылып жатқан бір экспресс сияқты ғажап дүние. Әли Құрмановқа мың да бір рахмет! Ол – тірі Молдабай!
Кейін Әли Құрманов екеуміз дос боп кеттік. Денсаулығы да ептеп түзелді. Жиі жүздестік. Бұл бір сері көңілді жанның басқа да өнері бар екен, өзі бармағы былқылдаған шебер, ұста, зергер боп шықты. Мен өзімнің «Ер Тарғын» атты операмның бірінші қойылымынан кейін декорацияға қайта көңіл бөлдім. Опера кейіпкерлерінің сауыт-сайманы, киім-кешегі, костюмдерін, көксауыр етіктерін Әли көрсеткен кейбір үлгілерімен тіктіруді жөн көріп, суретші мен режиссердің зердесіне тықақтап құйып жүрдім. Солай жасаттым да.
Мен қандай шығарма жазсам да, ол қазақы рухпен шықты. Мұны мақтаныш десеңіз де, суреткерлік тәкаппарлық десеңіз де – шындығы осы! Мені осындай деңгейге жеткізген – қазақтың мына сөз етіп отырған Әли Құрманов сияқты жүрегінде ұлттық сезімі, халықтан алған тәрбиесі мол адамдар. Қазақтың кәусар колоритін осылар берді…»
Ал бір күндері Брусиловскийдің осы әңгімесін мен композитор Сыдық Мұхамеджановқа айттым. Сыдық ірі әншілердің ішінде Қуан Лекерев пен Әли Құрмановты ерекше жақсы көретін-ді. Қуанның үнін аққу әуезіне теңейтін-ді «Біржан салдың «Мақпалын» Қуаннан басқа ешбір әнші мөлдірете алған жоқ», – деп… Әли Құрманов жөнінде: «Бір әншінің болмысында осыншама дархан мүмкіндіктің болуы – Тәңір сыйы», – дейтін-ді. Кез келген жанға мадақ сөз айтпайтын кер мінез Сыдық сәл күлімсіреп, сөз бастады: «Тоқтай тұр, Илья, көкейімде жүрген бір сөздің ретін келтірдің. Сен менен ылғи «Ғасырлар үні» ораториясын қалай жазғанымды тәптіштеп сұрай бересің. Сол беймаза тірлігіңді теріс көрмесем де бір жолы саған «Прокурорсың. Енді жөнді-жөнсіз мазалай берме» дедім. Екеуміз ішегіміз түйілгенше күлдік. Сен ол ораторияның біраз сырын білесің. Бірақ, бүгіп қалған бір жай, ол Әлидің ентелете, екпіндете соғатын «Молдабайы» бар емес пе? Оратория тақырыбына ән-күй іздеп жүрген кезім. Өзіңе аян, мен кез келген жанмен пікір бөлісіп, сырласа бермеймін. Жұрт осы мінезімді ұнатпайды. Мейлі, дей берсін. Бір әріптес інілерім кейбір шығармаларымды ақылға салғанымда маған дәріс оқып, өзімді жолдан тайдырып жібере жаздады. Сондықтан көбіне «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!» деп өзіммен-өзім боп, іштей түйіліп, өз жүрегімнің әмірін ғана тыңдаймын. Түптеп келгенде өз идеям, өз ойым, өз мақсатымды алып шығам. Иә, оратория жазатынымды ешкім білген де жоқ. Менде дос көп емес. Көп болуы да мүмкін емес. Өмір бәрін-бәрін өзі реттейді. Бір кезде қолтыққа кіріп, жалпылдаған жылпостардың талайы жөніне қалды. Жаныма жақын досым – композитор Қапан Мусин ғана. Қапаш! Кристалл! Сәби көңілді әулие пенде. Ана бір жылдары Зощенко, Ахматова, Мураделилер космополит атанып, партияның қаһарына іліккенде қазақтың ұлттық композиторларының арасында түңғыш рет симфония жазған осы Қапан Мусин жазықсыздан-жазықсыз біраз қаққыны көріп, жұмыссыз қалып, шығармалары еш жерде орындалмай, тыйым салынып, ары аяққа басылып, көрешекті көрген жан еді. Содан болу керек, ол да менен басқа ешкіммен тіс жарып, тіл қатыса бермейді. Маған сенеді. Мен де Қапанмен ғана пікірлесем. Өзіңе аян, ол консерваторияда инструментовкадан дәріс береді. Және фольклорлық кабинетті басқарады. Кабинетте жылдар бойы жинақталып, магнитофонға жазылған ән-күйлер жетіп артылады. Сол қазынаға қызығып, Қапанға келдім. Қелсем Қапан екі езуі екі құлағында, шалқып, есіліп жатқан бір әнге мәз, мүлде еліріп отыр. «Молдабайдың әні!» Сол сәтте жүрегім лүп ете түсті. Ораторияның бір бөлімі жеңіс салтанаты, халық шаттығы еді. Дәл осы бөлімге «Молдабайдың әнін» төге салсам!» деп бірден есім шықты.
Заматта Мұқан Төлебаевтың «Қоммунизм оттары» кантатасында асып-тасып шалқитын Иса «Желдірмесінің» жөңкіліп бара жатқан дүбірі елестеп өтті. «Молдабайдың әнін» орындаған Әли… Құрманов! Не деген отты сезім иесі?! Мен Қапанға: «Бұл әннің нотасы бар ма?» – дедім. Қапан маған күлімсірей қарап, ыржиып, үш саусағын сытырлатты. Ақша сұрағаны. Мен: «Болады», – деп қауқалақтадым. Қапан маған «Молдабайдың әнінің» нотасын берді.
Ораторияда Ұлы Отан соғысы суреттелетін бөлімнен кейінгі «Еңбек мерекесі» деп аталатын осы бөлімде Ұлы Жеңістің дүбірлі күйін «Молдабайдың әнімен» биік экстазға шығаратыныма кәміл сендім. Құдіреті зор хор үні солисті қолдағанда сахнаны солқылдататын көріністі көре бастадым. Мен «Молдабайдың әніне» құлай берілдім. Іштей «Іске сәт!» деп бекіндім де оратория либреттосын жазып жүрген ақын досым Қуандық Шаңғытбаевқа осы ойымды білдірдім. Қуандық әуелі өзінің аңқылдаған жайсаң мінезді, ілкімді қалпымен «Здорово! Здорово!» – дей берді. Мен оған рояльда «Молдабайдың әнін» қайта-қайта ойнадым. Ол мәз… «Өзімнің Ақтөбемнің Молдабайы!» – деп жер-көкке сыймай мақтанды. Ал ертеңінде… Қуандық маған көңілсіз күйде жолықты. Біраз үнсіз тұнжырап: «Болмайды… қыс құйрығыңды!» – деді. Мен аңырып, оған тесіле қарап қалыппын. Ол қалтасынан төрт бүктелген екі бет қағазды алды да: «Оқы», – деді. Мен үндемей қағазға үңілдім. Қуандық: «Не ұқтың?» – деді. Мен қағаздағы өлеңге қараған күйі түкке түсінбей меңірейіп тұра бердім. Қуандық шекесі тырысып, өлең сөзінің орта тұсын саусағының ұшымен көрсетіп:
Аққу құстай шалықта,
Жақсы менен жаманды,
Қаусырма жақ, қызыл тіл,
Көп ішінде анықта.
Алтын қалпақ, жез телпек
Хандар киер көзіне.
Кімдер әуес болмаған
Молдабайдың сөзіне?! деп саңқылдатып оқыды. Сөйтті де мұртын мазасыздана сипап:
Алтын қалпақ, жез телпек
Хандар киер көзіне! – дейсің, ә, Мүхамеджанов жолдас, хандарды мақтап. Болмайды. Өздеріңнің іштеріңде өзің сескеніп айта беретін бір-екі әріптес інің бар. Біреуі – өз мансабы үшін әкесін де сатып жіберетін карьерист, екіншісі – ешкімге еш нәрсені қимайтын іші тар ит. ЦҚ-ға домалақ арыз жазғыш деп естимін, біреулердің қолымен. Молдабайдың осы әнінің жылдар бойы айтылмай жатуының бір себебі – осылайша хандарды ардақтауында болар, бәлкім. Әлде молдалығы… Білмеймін, Сыдық, көңіліме осындай күдік ұялады, хандардың алтын қалпақ, жез телпегін мақтаған Молдабайдың осы әнін қозғамашы. Мұндай шалқымалы әндер қазақта бар ғой… Бар. Және өзің енді ғана Композиторлар одағының председателі болып бекідің. Осы қызметті саған қимайтындар да баршылық», – деді менің ойымда жоқ қайдағы бір қауіп-қатерлерді сүмірейтіп.
Мен біраз іштей булығып, пендеміз ғой, Қуандықтың осы сөзінен аса алмадым. «Молдабайдың әні» мені әм табындырып, әм торықтырып, ораторияға өстіп кірмей қалды. Мен осыдан кейін ешқандай бөгде ән іздегем жоқ. Мені жек көретіндер кекетіп «Бетховен» дейді. Ал мен бұл сөзді пысқырмаймын да. Сыртымды бермеймін. Оратория мені шабыт отына салды. Өзімді-өзім қайрай түсіп, Бетховенше сілкініп, ораторияның сол шуақты, сәулелі бөлімін өз мелодияммен жарқылдатып, нағыз бейбіт күннің салтанаты етіп жазып шықтым. Осы бөлімге Қапан Мусин қатты қызықты. Кісіге тек болсын дейтін ғазиз досым: «Сенің осы ораторияңдағы келесі бөлімің – «Отанға гимн» енді дәл осы «Еңбек мерекесі» бөлімінің қуатымен ол да осылайша дүбірлеуі тиіс, – деді. – Мұны мен саған тегін айтып отырғам жоқ, Молдабайдың экспресстей заулаған мелодиясы маған осындай құштар сезімнің лебін берген сияқты. Мен содан суынғам жоқ. Сол қызулы қалпыммен жаздым. Оратория гимндік әнмен, асқақ патетикамен бітті». Сыдық Мұхамеджановтың «Молдабайдың әніне» байланысты осы бір естелігі тәрізді әңгімелер көп-ақ. Соның бәрін жылдар бойы мысқалдап жинап, біздің заманымызда әні ұмытылмаса да өзі елеусіз, ескерусіз қалған бейкүнә жан Молдабайдың тағдырын ойлаумен болдым.
Жылдар өтіп жатты.
* * *
1992 жылы қыркүйек айында Тама Есет батыр Көкіұлының Ақтөбеде өтетін 325 жылдық тойына келдім. Мүнда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, белгілі ғалым, неміс тілінің маманы Мұхтар Арыновпен естен кетпес сұхбатты күндерім болды. Екеуміз дос едік. Мұхтар маған бұл елдің арғы-бергі тарихынан беймәлім сырлар шертті. Сол әңгімелерінің бірі Молдабай жайында еді. Молдабай жөнінде бізге белгісіз деректерді білетін және ол жайында дастан жазған Сейітқали Жанғалиев есімді қарияны атап өтті. Ол кісі Мәртөкте тұрады екен. Мен бұл ақсақалға тойдың ду-дуымен сол жолы жолыға алмадым. Кейін Ақтөбеге бір-екі рет келдім, онда да бір көлденең жұмыстардан қолым тимей, Сейітқали ақсақалмен кездесудің сәті түспеді.
2000 жылдың қыркүйек айында мен Атырауға қоныс аудардым. Батыс әндерінің табиғатына дендеп ене бастадым. Небір тосын есім, тосын тарихқа кез болдым. Молдабайдың серілік өмірі де жүрегімді тәтті түстей тербеді де жүрді.
2001 жылдың маусым айында біз отбасымызбен Ақтөбеге келіп, көңілдес жандармен дидарласып, Қобдадағы Асан Қайғының баласы Абат батырдың кесенесіне тағзым етіп, қаладағы музейді көрдік. Экспонаттары ықылым заманнан сыр қозғаған өлкелік музейде Молдабай жайында көзіме ешқандай дерек ілінген жоқ.
Мен университет ректоры Кенжеғали Кенжебаевқа Молдабай туралы ана жылдары Мұхтар Арыновтан естіген және өзім бұрыннан көкейге түйіп, зерделеп жүрген жайларды сөз еттім. Кенжеғали: «Бұл бір керемет тұлға ғой, біздің заманымызда қалай ұмытылған, ә? Ақтөбе елінің ірі әншісі деңіз. Құбылмалы қоғамның елеусіз бір пендесі болған да қалған. Неге солай болған? Бүған тарих сөзі ғана жауап береді. Молдабайды зерттеумен айналысайық», – деп менің бұл уәжіме ерекше мән беріп, қолдай кетті.
Кезінде Молдабай Теке, Ойылдағы, Көкжар, Гурьев, Астрахань, Саратов, Самара, Қостанай, тағы басқа да жерлердегі жәрмеңкелерді әнмен дүрілдеткен. Оның серілік тобында жиырма-жиырма бес жігіт дүрі – әнші, күйші, балуан, атбегі, қүсбегілер, иә, өңшең дала рыцарьлары жүрген жерін әнге бөлеген. Білікті жандардың сөзіне қарағанда, Молдабайдың көп әңгімесі Орынбор жағында көрінеді. Ол өзімен рулас атақты эпик жырау, сұңғыла әнші Әкімгерей екеуі Орынбордың жәрмеңке туын көтергені – ел ішінде сел-сел аңыз. Екеуін «Орынбордың қос босағасы» дейді. Молдабайды Орынбор төңірегінен сұрастырып, білуді жөн көрдім. Бар ықыласым Орынборға ауды да тұрды. Ол Ақтөбеге іргелес. Онда қазақтар көп. Соны ойладым. Кенжеғали – нақты іске шешімді, кесіп сөйлейтін алғыр азамат. Ол қолма-қол Мәртөкке телефон соғып, аудан әкімі Серік Ботағаринмен, оның орынбасары Жақсат Қарлығашевпен сөйлесіп, Орынбор жағына баратынымызды айтты.
Бір-екі күннен кейін Кенжеғали өзінің проректоры Халел Құсайыновты қосып, жарамды машинамен бәрімізді (жүбайым – Тиыш, немерем – кішкентай Әйгерім) Орынбордың Ақбұлақ ауданына шығарып салды. Сол күні біз Ақбұлақ ауданында Тама руының Аташал, Дәулеткелді бұтағынан тарайтын көнекөздермен жүздестік. Олардың бәрі: «Сөз білетін қариялар таусылды. Мына қасымыздағы Қуандық ауданында да сондай. Орынборда кімдер бар, одан хабарымыз жоқ. Орыстардың ортасында отырмыз», – деді. Біз дағдардық. Амал не, әбден орыс қолды боп қалған ағайындардан Молдабай хақында қаламыма еш нәрсе ілікпеді. Орынбордың өзіне барсам да осындай жағдайға тап болармын деп қобалжыдым. Уақытым да тар еді. Кежегем кейін тартты. Орынборға бара алмадым. Кештетіп Мәртөкке қайта оралдық. Бұл жерде Молдабаймен аталас Сейітқали Жанғалиевтің ұлы Мәліктің үйіне түстік.
Мәлік маған әкесінің қолжазбаларын, шежіресін, кітабын берді. Сол жолы Серік Ботағарин, Жақсат Қарлығашевпен әрі-бері ақылдасып, Молдабайды зерттеуге мәміле түздік. Олар бұл істі аудандық кітапхананың білікті қызметкері Елена Брониславовна Ониськоваға тапсырды.
Келесі жылы жазда мен тағы да Ақтөбеге келдім. Көкейімде – Молдабай! Сол сапарымда Ақтөбе теледидарынан Молдабай жайында бір қызықты хабарды көрдім. Хабарды орыс тілінде Елена Ониськова жүргізді. Мәртөк жерінің сұлу табиғаты – көгілдір таулары, шоқ-шоқ тоғайы, жыландай ирелеңдеп, сылаң қаққан жіңішке өзені, ашық аспанда қалқыған ақша бұлттары көздің жауын алды. Елена мен оқушы жастарға: «Осы жерлерде сонау ақша бұлтқа әнін жеткізген Молдабай өмір сүрді. Әне, Күшікбай суының жағасы… Қойбас тауы… Оның етегіне көз салыңыз, кең алаңда ескі бейіттер… Әне, Бестеңге жотасы. Соның биігіне шығып, таң азанмен, не болмаса маужыр кеште шырқағанда, Молдабайдың даусын төңіректегі елдің бәрі жеті-сегіз шақырымнан естиді екен», – деп әңгіме айтып, бәрі-бәрін қолымен нұсқап көрсетіп тұрған бір жылы жүзді, байсалды ақсақалдың сөзін тыңдап, іздеген жоғым табылғандай іштей шалқыдым дейсіз. Енді осы ақсақалды көргім келді…
2003 жылдың қазан айы. Тағы да Ақтөбедемін. Мұнда мен Ақтөбенің арғы-бергі тарихын жақсы білетін ғалым, бұрын көп жыл облыстық мәдениет бөлімін басқарған, бүгінде өлкелік музей директоры Еркін Құрманбековті, филармония әншісі Қоянбек Тобағыбыловты алып, Мәртөкке жол тарттым. Мәртөкте Молдабайға ерекше ықыласты Жақсат Қарлығашевпен жолықтық. Бұл кезде ол аудан әкімшілігінен ауысып, аудандық емхананың бас дәрігері болыпты. Жақсат арқылы Елена Ониськовамен жүздестік. Елена бізге Молдабайдың аталасы – теледидарда әнші атасы жөнінде сыр қозғаған Рахымжан Қазиев ақсақалды тауып берді. Таныстық. Рахымжан бауырмал жан екен, біздің келгенімізге толқи сүйініп: – Кезінде Қази атам өзімізбен аталас Пахриден хазіреттің мешітінде балаларды ескіше оқытты. Көкірегі ояу жан. Молдабайдың көзін көрді. Одан жиырма жеті жас кіші. Қонысы бірге болды. Өзі мейлінше пәк, таза, ғұлама кісі еді. Молдабайдың бар әңгімесін осы Қази атамнан алдым. Ал оны бізден сүраған кім бар? Молдабай көрінер көзге іздеусіз, ескерусіз қалды. Келгендерің жақсы болды, шырақтарым, өткен жолы мына Елена сәлемдеріңді жеткізді. Молдабайды зерттеп жүр екенсіңдер, соған қуанып, «Иә, Құдай… Иә, аруақ, бар екенсің ғой, Молдабай атамның да күні туды де» деп көзіме жас алдым. Жасым жетпіс бесте. Жас кезімде педучилищеде оқыдым, бір жыл ғана. Шамалы уақыт мектепте істедім. Одан колхоз, совхозда есепші… Сонан соң 1989 жылға дейін шофер болдым. Қай жұмыста жүрсем де қария сөзді кісілерге жанасып, мысалы, өзімізбен аталас Сейітқали ақсақалдан көп сыр тартып қалдық. Ол кісі Молдабайды өз әкесі Жанғалидың, көсем сөзді шежіре атасы – Шыңқай ақсақалдың әңгімесімен тірілтетін еді. Оны да көп естідік. Өмір оңай емес екен, қу тірлік, бітпейтін күйбең, егде тартқан жас мынау, кей жайлар ұмытылды да. Бірақ көкірегімде әлі де біраз хикая бар Молдабай жайында. Есімде не бар, сендерге бәрін-бәрін беремін, Молдабай атам тірілсін! – деді.
Біз осылайша бас қостық та жолға шықтық. Жол бойы мен Рахымжанның әңгімесін диктофонға жаздым. Хохолдар отырған Полтавка ауылынан өтіп, Күшікбай суының бойы – Қойбас тауының етегі Құрманалы тоғайындағы кең алаңдағы ескі қорымға тоқтап, Молдабайдың жермен-жексен болған, бір кезде көксұр тастармен қоршалған бейітіне дүға оқыдық. Одан шығысқа қарай әудем жерде Молдабай әулеті жатқан бейіттердің ішінде оның немересі Есенаманның басына да тағзым еттік. Содан кейін сол шығыс жақты бетке алып, Бөрлі өзенінің бойындағы Бөрлі ауылына (Студенческое) келдік. Мұнда Рахымжанның айтуымен Елена Ониськова сексенді алқымдаған Әсия есімді апайдан Молдабайдың қыруар хикаясын алыпты.
Әсия апай мен Рахымжан аталас. Екеуі де Молдабайдың жақыны. Бұл бір ғазиз жандар көп уақыт бойы бір-бірімен кездесе алмапты. Өткен-кеткен жайларды естеріне түсірді. Екеуі бір күліп, бір жылап отырып Молдабайдың зәузатын, арғы аталарын, балаларын, оның Кердері Алтын қызбен айтысын, Орынбор жәрмеңкесіндегі серілік жүрістерін сөз етті. Рахымжанның қолында – шежіре дәптер… Елена Ониськованың қолында Молдабайды білетін біраз беймәлім жандардың және осы екі есті кісінің дерегі, Орал, Орынбор жаққа арнайы барғанда тапқан материалдар негізінде жазылған зерттеуі бар.
Молдабай!
Бөрлі өзенінің жағасы. Бөрлі ауылы. Әсия апаның үйі. Мен ұмсындырған әңгіменің тиегі ағытылса екен деген ниетпен қасымдағы әнші-шәкіртім Қоянбекке ым қақтым. Ол бірден түсінді де, бұған дейін өзім әр ньюансын жөндеп, үйреткен «Молдабайдың әнін» аңқылдата бастады. Әсия мен Рахымжанға көзімнің астымен қарап қоям. Көздері ойға тұнған. Қай-қайдағы жайлар естеріне түсті ме, көңілдері босады. Ән орындалып біткенде екеуі іштей күрсінді.
Еркін маған сыбырлап:
– Әңгіме енді жөн-жөнімен айтылатын шығар. Мына екі кісі қатты толқыды, – деді қолындағы видеокамерасын іске қосып.
Іле Рахымжан сөз бастады:
– Молдабай – қын түбінде жатқан қылыш. Қешегі бір күндерде өмірдің қандай тәлкегін көрсек те, күндердің күнінде ән дүлдүлі Молдабай атамыздың қынаптан шығарған қылыш сияқты жарқ ете қалатын сәтін, әрине, жылдар бойы зарыға күттік. Мына Елена маған жолыққанда мен есімдегінің бәрін жіпке тізгендей етіп айтып бердім. Бұл қыз сіздердің мәмілелеріңіз бойынша аудан әкімшілігінің көмегімен біраз жерге барып, зерттеу жүргізіпті. Соған ішім жылыды. Елена, сол ісіңді өзің айтшы…
Елена:
– Нам представилась возможность поработать в Госархиве Оренбургской области, Госархиве Актюбинской области, Областной универсальной научной библиотеке имени Баишева города Актюбе, Областной научной библиотеке имени Крупской города Оренбурга, Областной юношеской библиотеке имени С. Жиенбаева города Актюбе, краеведческом музее городов Оренбурга, Актюбе, села Мартук, Мартукской районной библиотеке. Все это проходило в рамках культурного сотрудничества между Актюбинской и Оренбургской областями. Собранные свидетельства и материалы по значимости и смысловой нагрузке можно разделить на фактологические и исторические свидетельства, где источником материала явились встречи и беседы со старожилами из рода Тама. Появлению самородка Молдабая спасобствовала та среда, в которой он рос и развивался. Когда родился Молдабай, никакого Мартукского района еще не было. Была Бурлинская волость. Третий аул этой волости находился в живописном месте, среди высоких гор, и тонул в вишневых садах.
Әсия: – Біздің ел, негізі, оралдық қой. Солай деп үлкендер айтатын-ды.
Рахымжан: – Рас, біз мүнда Оралдың Теке қолтығы деген жерінен қоныс аударыппыз. Ол кез – Әбілқайыр ханның, ұлы тархан атамыз Есет батырдың заманы.
Әсия: – Ол жақта жеріміз тарылыпты дейді.
Рахымжан: – Солай. Жан-жағынан қусырылыпты. Малдың жайы да болмапты. Содан болу керек, аталарымыз Есет батырды сағаттап, сол жарықтықты арқа тұтып, осы жерлерді алыпты. Бұл, жолда көрдіңдер ғой, нағыз жер жаннаты!
Елена: – Местность действительно была привлекательной. Самое привлекательное – это, конечно, горы: Каратау и Койбас. Ну, хотя бы потому, что их сразу видно. Со всех сторон. Чего там только не было тогда: и звери, и птицы, и обилие душистых ягод в лощинах… А еще у аула речка протекала, Кучукбай называлась. Не- большая такая речушка, в которую притоки Ащисай и Макпалсай вливаются, а сама она впадает в реку Борте. Да, эту речку жители очень любили и берегли. Вода чистая, хрустальная, родниковая ведь, берет начало близ села Полтавки.
Җақсат: – Бұл өңір ертеде ырғалған қалың орман, сыңсыған тоғай екен.
Рахымжан: – Молдабай осы маңда құс салып, аң аулаған. Елдің де, жердің де еркесі – ол!
Еркін: – Ресейден келген келімсектер осы жердің бәрін иемденді…
Рахымжан: – Оның несін айтасың, есіктен келіп, «төр менікі» деді пәтшағарлар! Полтавкада әлі күнге дейін хохолдар отыр. Украиндарды біздің ел осылай атайды. Оларды да қойдай иіріп, бізге жіберіп отырған о бастағы империялық саясаттың біздің заманымыздағы жалғасқан ісі ғой. Былай қарасақ, өзіміз сияқты халық. Пенде. Олар арбасын сүйретіп, жаяу-жалпылы, шаршап-шалдығып, арып-ашып, азып-тозып, сығанша шұбырып келгенде «Кім шақырды сендерді? Бұл – біздің өз жеріміз!» деп айтуға шарасыз боп қалған ата-бабаларымыз амалсыздан көніп, тіпті оларға ас-ауқат, киім-кешек берген… Қарағаннан тоқып, балшықпен ұрып, шеден ғып… «дрездянка» дейді… шымнан қалап, төбесін қара бидай сабанымен жауып, үй де салып беріпті. Сол Полтавка, Андреевка, Покровка, Красноярка – осының бәрінде келімсек қарашекпендер. Олар – Самара, Полтава, Веница хохолдары.
Жақсат: – Краснояркада Медведьевтер, Казаковтар дейтін алпауыт орыстар тұрды. Олар Молдабайдың аталарымен жер үшін қырқысты. Шабындықтарын шауып алды. Егіндеріне түскен малдарын қайтармады. Оязной бастықтар осыларды жақтады. Анау Андреевка… Оның байырғы аты – Қызылжар, оңтүстігі – орыстар, қалғаны – хохолдар. Орыстар мен хохолдар бірін-бірі менсінбеді, жек көрді. Хохолдар орыстарды мәскеулік болғаны үшін «Москали» деп қағытып, қыздарын қызғыштай қорып, олардың жігіттеріне бермеді, бірақ өздері орыс қыздарына көп үйленді. Орыстар болса, хохолдарды «Қацаптар» деп мүйіздеді. Екі жағы да біріне-бірі беріспеді. Екі жағы да қазақтарға сор болды. Шевченко деревнясын алыңыз, мұнда келген хохолдардың қолдарында Тарас Шевченконың «Кобзарь» деген кітабы бар екен. Сол себепті оны олар «Шевченко» деп атаған. Бұл жер – Молдабайдың аталары жайлаған Белқайың! Терек, қайың, қарағай, шырша… бұлбұлы сайраған қара орман. Сыңсыған қалың жыныс. Кезінде ырғалып жатқан осы бір үстіртте де Молдабайдың сері тобы ән шырқап, аң қағып, қызды ауылды, қымызды ауылды дүрілдетіп жүріпті. Осы жерлерде туған бір әнін мына Елена біледі.

Елена: – Среди песен певца есть лирические, посвященные богатой природе родного края, например, «Ехал я по горам, со бирал землянику», и другие. Жаль, тексты не дошли до нас полностью, люди помнят их отрывками. Эти песни особенно распевны, отличаются богатством сюжетов, образностью.
Рахымжан: – Е, ол әнді үлкендер «Тауға шықтым, жидек тердім» деп айтатын-ды. Оны да ұмытыппыз. Біз де орыс қолды боп кеттік қой, ә, дүние… Анау Полтавканы «Күшікбай» деу керек. Күшікбай – Сейітқали атамыздың әңгімесіне қарағанда, Таманың батыры! Өзі дәулетті де екен. Дәл осы жерді жайлапты. Бағана кешіп өткен өзен осы Күшікбайдың атымен аталады. Күшікбай Тама еліне күйеу Күреңбай деген кісінің Мақпал есімді сұлу қызына ғашық болады. Бірақ Мақпал Әбілқайыр ханның жақынының бір баласына атастырылған көрінеді. Күшікбай Төрелерден ықпай, тәуекелге бел байлап, Мақпалды алып қашады. Осы шатақ іс үстінде Төрелердің содырлары екі ғашықты мерт қылады. Кезінде Молдабай осы қайғылы махаббатты хикая ғып жырлапты. Оны Шыңқай ақсақал қаймағын бұзбай Сейітқалиға айтып беріпті. Ол оны дастан ғып жазды. Ол «Алтын аймақ» деген жинағына кірді. Осы шығармасына белгілі ақынымыз Қадыр Мырза Әли жақсы пікір жазғанын да оқыдық. Осы Күшікбай суын біздің Райым, Батыр, Байын, Сары аталарымыз жайлады.
Жақсат: – Күшікбай суы Құлақбайдың қырқа-жырасынан бастау алады ғой, солай емес пе, Раха?
Рахымжан: – Иә. Ол солай төмен сырғыған күйі мына іргеміздегі Бөртеге келіп құяды. Ұзындығы – отыз шақырымдай.
Жақсат: – Иә, иірім-иірім боп кете береді. Айналмасы, бұрылысы көп. Солай ирелендеп барып Жайыққа қосылады.
Еркін: – Молдабай елінің жер-суы, тау-тасы, сүлу көркі – табиғат сыйы. Сонау Арқадағы Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар ертегі дүниесіндей Қөкшеде дүниеге келіп, әнші болса, қараңыз, Молдабайдың да туған жері сондай жерұйық… Енді Молдабайдың өз өмірін айтыңыздаршы…
Рахымжан: – Мен білем, әрине, бірақ шашыратып алам ба деп қорқам. Көңілдегі көрікті ой ауыздан шықса берекесі қашады дейді, менің дерегімнің бәрін шығасын шығармай мына Елена қағазға түсірді. Жазғанының бәрін оқыдым, әлбетте, жаза басқан жерін түзеттім.
Әсия: – Бұл қыз өте ыждағатты бала екен. Менен алған әңгімесінің бәрін қаз-қалпында жазыпты.
Рахымжан: – Сөйле, Елена, поляктың әсем қызы!
Елена: – Танирберген Молдабай родился 1858 году, в Третьем ауле, Бурлинской волости Актюбинского уезда Торгайской области. Молдабай родился в год лошади, а потому любил сравнивать образно себя с иноходцем. Отец его был простым скотоводом. С малых лет Молдабай воспитывался у деда Торгая. Это был остроумный гостеприимный человек, который постоянно приглашал к себе акынов, певцов, домбристов, сам хорошо играл и пел. Так уже в раннем детстве Молдабай получал уроки мастерства от заезжих музыкантов. У мальчика с детства ярко проступала любовь к музыке, его спутницей повсюду служила домбыра. А к скотоводству, земледелию он оставался равнодушен. Молдабай жаждал петь, совершенствовался в искусстве импровизации.
Рахымжан: – Бұған менің қосарым, Молдабай жылқы жылы туғандықтан, оның есімін азан шақырып, Жылқышы деп қойған. Шын аты – Җылқышы! Ал біз оның өз әке-шешесінің атын білмейміз. Үлкендерден алып қала алмаппыз. Молдабай өзін «Торғайұлымын» дейді екен. Иә, атасы – ол! Өзінен үлкен жалғыз ағасының аты – Сандыбай. Ол атамыз жөнінде де бейхабармыз. Җылқышы ауылдағы медреседе үздік оқыпты. Атасы Торғай ақынжанды, сері көңілді, өнерді сүйген сергек сезімді жан болған соң немересіне ескі діни қиссаларды, халық әндерін айтқызып, домбыра тартуға машықтырыпты. Құран сөзіне жетік алғыр ойлы баланың өз есімі ұмытылып, ол үлкендердің еркелетуімен әуелі «Молда бала», одан біраздан кейін «Оу, бұл бала тек молда емес, бай да болсын!» десіп, ақыры ол «Молдабай» атанып кетіпті.
Еркін: – Раха, Молдабайдың зәузатын…
Рахымжан: – Молдабай – Таманың Әліпке кіретін Аташал бұтағынан. Аташалдан – Тәңірберлі (Тәңірберген), Назаралы, Көкі, Сусар. Мәртөкте осы төрт ата бар. Назаралы әулеті Бөрте бойы, Қызылсай, Құлақбай деген жерлерде. Көкі әулеті – Бөрте бойы, Қарағаш, Мәртөкте. Сусар әулеті – Елек бойы, Құмсайда. Сусар – әйелдің аты. Елге тұтқа болған соң ру иесі атанып кетіпті. Осы төрт атаның көп тарағаны – Тәңірберлі, Назаралы. Көкі онша көп емес, бытыраңқы. Әр жерде біреуі жүр. Молдабай әулетіне тура түсейін: Тәңірберліден – Батыр, Байын, Райым, Қошқар, Шуақ, Сары, Аманқұл, Жаманқұл. Осы сегіз ұл! Сарыдан – Рысымбет, Жолбарыс, Қараша. Жолбарыстан – Дос, Торғай, иә, Молдабайдың өз атасы шығады.
Әсия: – Рахымжан, оқуың аз болса да ескілікті әңгімеге жасыңнан зерек едің, айтқаныңның бәрі жөн. Молдабайдың өз кіндігінен тараған перзенттерін де айт.
Рахымжан: – Молдабайдың әйелінің аты есімде жоқ. Қым-қуыт заман көп жайды ұмыттырды. Молдабайдан – Жиеншора, одан – Есенаман. Есенаманнан – Мұрат. Жиеншора әкесі секілді дауысы биік әнші екен. Көп жасамапты. Одан туған Есенаман, ол да айтыскер, әнші, домбырашы болды. Оның жалғыз ұлы – Мұраты да ән салды, домбыра тартты. Кешегі соғыстан қайтпады. Үйленбей кетті. Молдабайдың әулеті осы Мұраттың келте ғұмырымен бітіпті солай… Тағы бір әңгімелерде Молдабай жасы елулердің шамасында Орынбордан бір сұлу келіншекті әкеліп, сонымен ғұмыр кешіпті деседі. Бұл да бір күңгірт жай…
Еркін: – Жаңа жолда Молдабайдың бейітін көрдік. Соның мән-жайын, Әсия апа, сіз біледі екенсіз…
Әсия: – Иә.
Рахымжан: – Еркін, шырағым, бұл әңгімені мен бастайын Жиырма-жиырма екінші жылдары ел ашықты. Тұралады. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен бір сергелдең күндер туды ел басына. Молдабай әулеті де тарықты. Немересі Есенаман қаңғалақтап, қасында Шоқанұлы Кенжеғали деген туысы бар, өзінен кіші, екеуі далбаса боп, кәсіп іздеп, күнкөріс тауқыметімен Қызылордаға барады. Онда ұсақ-түйек бірдеңелерді айналдырып, біраз диланып, ес жияды. Сонан соң Кенжеғали екеуі, тағы бір Күлзада есімді жесір әйел бар, пойызбен елге қайтады. Пойыз үстінде Кенжеғали Күлзаданы үнатып, онымен уәде байласады. Жолда бір станцияда Кенжеғали қайнаған су әкелем деп пойыздан қалып қояды. Адамда пендешілік көп қой, қараңыз, әлгі Күлзада енді Есенаманмен көңіл қосады. Тағдыр. Кейін бүл екеуі Ақтөбеде ойда жоқта Кенжеғалимен кездеседі. Есенаман болған жайды оған ашық айтады. Кенжеғали түсінеді. Ағасына жол береді. Күлзада мінезге бай, есті әйел боп шықты. Есенаман екеуі тату-тәтті өмір сүрді. 1922 жылы, жаңа айттық, соғыста мерт болған Мұраты дүниеге келді. Молдабайдың соңғы шөбересі! Есенаман қайтыс болған соң Күлзада бір Жағалбайлы жігітіне қосылып, одан Қыдыр деген ұл туды. Тағы бір баласы бар. Осы екінші күйеуі де дүние салды. Күлзада одан кейін Қабиден дейтін кісіге тиді. Балаларын Жиеншорин деп жаздырды. Өле-өлгенше: «Молдабай атамның келінімін», – деді. Жұрт сол үшін Күлзаданы жақсы көрді. Ұмытпасам, жиырмасыншы жыл… не жиырма екі, әйтеуір, сол жылдар… Есет батырдың Бесобасында іргелес отырған елдердің бірі, иә, біреулер айтады, Кердерінің бір ауылы той жасапты. Сол тойда Молдабай күнімен-түнімен әуелете шырқапты. Келесі күні түс ауа бере басы айналып, көзі түйіліп, дүние қысқа пішкен қамзолдай дөңгелене беріпті. Жағдайының күрт төмендегенін сезіп, өзі сыпа, шыдамды жан, сыр білдірмей, Желжетпес деген атына мініп, Күшікбай суының бойындағы ауылына келеді. Атынан зорға түсіп, үйіне зорға кіреді. Денесі нығыз болса да ықшам жүретін жан сондай сылбыр. Баяу. Көңілсіз. Реңі сұп-сұр. Рухы қашқан. Жан-жағына қарайтын шамасы жоқ. Әйелінің жүрегі дір ете қалады. Молдабай әйеліне: «Су жылыт», – дейді. Әп-сәтте жылы су да дайын болады. Әйелі Молдабайды жуындырып, төсегіне жатқызады. Әйеліне: «Жұртты шақыр», – дейді. Ауыл адамдары лезде жиналады. Кіші бесін кезінде Молдабай оларға тұнжырай қарап: «Күнім еңкейіп барады. Бар өмір – көрген түс. Ә, жарық дүние… Есіл өмір… Аз күндік қонақ екенбіз… Мына бір кебежені ашындар. Онда баяғыда Орынборда айтысқан бір келіншек берген алтын шашақты ақ жібек орамал бар, шетінде алтын қарпімен жазылған Құран сөзі… Соны алыңдар… Домбырамды соған ораңдар. Қасымда жатсын жан жолдасым», – дейді. Сөйтеді де қамшының сабындай шіркін өмір, нұрлы дүние қарауытып жүре береді…
Ақын өлімі – ел қайғысы! Күңіренген ел Молдабайды мына Әсияның атасы – Ержан атамыздың қасына қояды. Екеуі алаңның ортасында бөлек жатыр. Ой, Тәңір-ай… Тәңір Молдабайды ақын ғып жаратты. Ол ақынның өмірін сүрді. Дүние есігін әнмен ашып еді, әндетіп өтті дүниеден! Ал, Әсия, ендігі сөзді сен айт!
Әсия: – Иә, әлгі сауалдарыңа жауап берейін, өз әкем – Қалижан. Атам – Ержан. Ержан Жұбаннан туады. Жұбан – Торғайдың баласы. Көріп отырсыздар, Ержан мен Молдабай – немере. Солай! Әкем Қалижан ортаның жылқысын бақты. Мен сонда он бір жастамын. Өңкей еркек балалармен ойнаймын. Нағыз еркек-шораның өзімін. Тай үйретеміз, ат жаратамыз. Шашымды желкеме түйіп алып, атқа шабам. Әкемнен бір елі қалмаймын. Шешем жалғызілікті болған соң менің ол еркелігімді жақтырмайды, жоқ жерден шатақ шығарып, маған шүйіліп кеп береді. Мен ықпаймын. Бағыну деген жоқ.
Әкем шешеме зекіп: «Менде ұл жоқ. Ұлым да, қызым да Әсия! Сен сөйлеме бұған!» – деп ұрсады. Мен әкеме арқа сүйеп, шолжыңдап солай өстім. Әкем және ауылдың басқа да адамдары Молдабай атамның әндерін жақсы білді. О, шіркін, біздің елдің жайлауының маужыр кештері!… Тау іші қоңырқай тартып, салқын самал желпиді. Күн қып-қызыл табақтай балқып, тау жотасынан жайлап аса береді. Біздің үйге іргелес көрші-қолаң малшылар, жылқышылар жиналады. Бал қымыз сапырылып, қазанда бағланның еті бүлкілдеп жатады. Әкем – төрт құбыласы сай бір пешенелі жан… Домбырасын балбырата шертіп, бір кезде қағып-қағып жіберіп, екі иығын қомданып, сілкіне қалып, екі көзі тым алысқа қадалып:
Балқан, Балқан, Балқан тау,
Басы есеннің дені сау.
Ұйықтамаса қабақ – жау,
Ішпей-жеген тамақ – жау.
Арық атқа қамшы – жау,
Жыртық үйге тамшы – жау.
Қашаған болса атың – жау,
Қарыспа болса қатын жау.
Еріншек болса ұлың – жау,
Ұрысқақ болса келін – жау.
Сүріншек болса түйең – жау,
Тебеген болса биең – жау.
Түйең менен биеңді
Алып бір кетсе жиен – жау.
Өңшең жаудың ішінде
Басым сауға, япыр-ау! – деп келетін Молдабай атамның «Бестоспа» әнін терме ғып шүбыртады.
Жұрт бастарын изеп, тебірене мүлгіп отырады. Молдабай атамның әр сөзі алтын ғой… Алтын! Қазір де ойлаймын, Молдабай ана заманның да, мына заманның да, келер заманның да адамы ма деп. Жаңағы әнді әкемнің өз аузынан үйрендім.
Рахымжан: – Мен де есімде қалған сөзін Еленаға айтып бердім. Сейітқали ақсақалдың әңгімелерінде Молдабай айтыса кетсе жеңілмейтін, беріспейтін, ой-қиялы жер мен көкті шарықтаған, ән салса даусы аспан кезген паң көкірек әнші. Өзге кереметтерге мүлде ұқсамайды.
Елена: – Да, когда Молдабай импровизировал текст песен, – здесь он был акын, собственно сочинял мелодию, – здесь он являлся композитором, сам играл эту песню на домбре, – здесь он был музыкантом и, наконец, свою песню исполнял сам, – здесь он выступал как певец. Таким образом, в отличие от профессиональных композиторов и поэтов, народный акын обладал чудесным даром сочинителя и исполнителя сразу в четырех ракурсах. Песня стала ведущим жанром в творчестве Молдабая. В зимнее время Оренбургские купцы устраивали скачки на Урале, где соревновались разные породы лошадей, так вот голос певца отражался от синевы льда и «парил» над Оренбургом словно сокол.
Осы әңгімелерге жан жүрегі елжіреген Әсия мен Рахымжан көздерінен мейір нұры төгіліп, іштей тамылжыды. Мен уақыттың біршама болғанын сездім. Мезгіл кіші бесіннен ауды. Адамды әр қилы ойға салып, өмірі естіп-білмеген хикаялар шертілді. Көңіл дітінде жүрген жайлар анықталды. Біраз сырға қанықтық. Жүруіміз де керек. Алдымызға шай да келді. Шай үстінде Қоянбек тағы да:
Е-ей, Тәңірберген Молдабай,
Малға жарлы болса да,
Айтар сөзге, тілге бай.
Сөйлер сөзге келгенде
Орынбордың аузында
Тағалаған жорғадай.
Сөйле, тілім, жалықпа,
Жалықпақ жақсы қалыпқа.
Білгеніңді айтпасаң,
Тек жатар жөнің бар ма еді,
Тегіс жайып халыққа?
Айтарыңды анықта,
Аққу құстай шалықта.
Жақсы менен жаманды,
Қаусырма жақ, қызыл тіл,
Көп ішінде анықта.
Алтын қалпақ, жез телпек
Хандар киер көзіне.
Кімдер әуес болмаған
Молдабайдың сөзіне?
Ақ дігердей көрінбей
Үйдің сәні келмейді.
Шым ораулы болмаса
Шидің сәні келмейді.
Егескен жауын мұқатпай,
Ердің сәні келмейді.
Қара жерден қар кетпей,
Көкорай шалғын шөп өспей
Жердің сәні келмейді.
Үйрек үшып, қаз қонбай
Көлдің сәні келмейді.
Қызыл-жасыл киінбей
Қыздың сәні келмейді.
Қыз-бозбала жиылмай
Жырдың сәні келмейді.
Молдабайдың әні еді,
Осылай етiп ән салсақ,
Домбыраның сәні еді! – деп нөсерлете төгіп, арындаған екпінін зорға тоқтатты.
Арқа мен Сыр бойының, оған қоса осы заманғы эпикалық, лирикалық әндерді, мұның ішінде менің домбырамен айтылатын әндерімді сырлы сезіммен еркін шалқытатын Қоянбекке енді ғана шырқай бастаған «Молдабайдың әні» үшін дән разы болдым. Отырған жандардың көздерінде шуақты сәуле. Мен осы әннің әсерімен қатты толқыдым да:
– Молдабайдың ұмытылған тағы бір-екі әні бар, – дедім дәптеріме үңіліп. Отырғандар мені үнсіз тыңдады. Еркін мен Елена бір-біріне қарасып: – Айтыңызшы, – деді қосарлана сөйлеп. Мен: – Әнін білмеймін, – дедім, – сөзін архивтен таптым. Қырқыншы жылдардың ішінде айтуға тыйым салынған көп әндердің қатарында Молдабайдың осы екі әні тұр. Біріншісі – «Қойшының әні»:
Ауылымның ақсақалы Арыстанбай,
Екі аттың бірі озбай ма жарысқанда-ай?
Мен пәленмін, мен түген дегенменен,
Біздікі не дегенмен, дауыс қандай?
Ай-хой, үрит шек-шек-шек, дауыс қандай?!
Жылқыда екі торы ат жем жейтұғын,
Біреуі біреуінен кем жейтұғын.
Қой бағып ыстық күнде жүргенімде,
Көңілімді, қайда құрбым, демейтұғын.
Ай-хой, шек-шек-шек, демейтұғын!
Ал екіншісі – «Сусар-ай!»:
Дәйім менің мінгенім құла қасқа,
Шеңбер салдым құдыққа құламасқа.
Бірге отырған ауылың кетсе басқа,
Орамалың беріп кет жыламасқа.
А-а-а, Сусар-ай, Сусар-ай,
Сусын әкел, қыздар-ай,
Кәмпит берші, Әбила-ай,
Алып берші, Нағима-ай,
Мақұл деші, Жәмила-ай!
Жыртылмайды ақ көйлек кең болған соң,
Екі құрбы ойнайды тең болған соң.
Көңілімді саған айтпай кімге айтамын,
Көңілімде асыл құрбым сен болған сон?…
Мен екі әннің сөзін осылай оқып шықтым. Бәрі оған рахаттана бас шайқасып, қатты қызықты.
Җақсат: – Апыр-ай, ә, мына әндерді білмейміз, әрине. Елена, көшіріп алайық, – деді.
Дәптерімді Еленаға бердім.
Рахымжан: – Біз Молдабайға деген аңқылдаған ықыласымызды білдіруге қанша тырыссақ та, әрине, әлі де көңіл қалтарысында жатқан талай сөз бар. Бірте-бірте еске түсірерміз кейбіреуін. Бағзы бір әңгімелерде Молдабай – әзіл-қалжыңға шебер, ойыншыл жан… Күлдіргі істері көп, сонысымен аңызға айналған.
Еркін: – Жаңағы екі ән Молдабайдың жарқылдаған сері өмірінің бір сәулелі жағын көзге керемет елестетті. Молдабайдың айтулы шәкірті Әли Құрманов айтатын «Он алты қыз» әні мен Молдабайдың мына екі әні бір-біріне сондай үндес, ұқсас. Бір әншінің жүрек лүпілі сияқты.
Күздің сол бір тынық кешінде жолшыбай: «Молдабайдың серілік құрып, сайран салып, саялаған ағаштары, жағасына шатыр тігіп, ат жалдатқан өзендері», – деп Рахымжан ақсақал талай жерге тоқтатты. Соның бірі – Абдал өзені… Тәңірберлінің Қошқар атасы жайлаған жер. Бұл өзен Қызылжардан бастау алады, Күшікбаймен қатар ағады… Маңайы құлазып, суы тартылып қалыпты. Жағасы бір кездерде мүлгіген қара орман болыпты. Бүгінде ағаштары сиреген. Үш адамның күшағы жетпейтін бір кәрі ағаш таңғалдырды. Шамасы, бір жарым ғасырдан астам жасаған. Молдабай ат байлаған ағаш.
Қиял қозғайтын тарихи жерлер, табиғаттың тіл байлар тылсым көріністері, иә, мына кәрі ағаш… Сарша тамыз секілді тамылжыған кешкі пейзаж… Молдабайдың қиялына қанат бітірген өте көркем жер! Мен енді Рахымжан ақсақалдан ғұлама көкірек Шыңқайдың мән-жайын сұрадым. Рахымжан бірден шешіле кетті:
Егер Сейітқали сол Шыңқайдан сөз алып қалмаса, Молдабай хикаясы бүгін шертілер ме еді, шертілмес пе еді?… Шыңқай, Сейітқали, мына біз, әлбетте, Молдабай бәріміз – Тәңірберліден тараймыз. Жанғали Сейітқалиын осы кісінің бауырына салып береді. Сейітқали Шыңқайдың тәрбиесінде өседі. Сезімі сергек, ой-қиялы ұшқыр зерделі бала қария сөзді, шежіреші, әңгімешіл атасы шерткен қилы-қилы аңыздар мен тарихи оқиғаларды, өлең мен жырды көкірегіне тоқи берген. Соның әсерімен бала кезінен өлең жазған. Атасы оны ақындық өнерге машықтырған. Молдабайдың көзін көрген Шыңқай оның бар өмірін Сейітқалиға таңғажайып ертегі ғып шерткен. Келе-келе Сейітқали ақын боп шықты. Шыңқайдан естіп-білген тарих сөзін ол «Мақпалсай», «Қалмаққырған», «Тама Есет батыр», «Бөкенбай батыр», «Тәңірберлі Молдабай», «Ақлима анамыз» дастандарына өзек етті. Кердері Алтын қызбен жұмбақ айтысын, Молдабай жырлаған кейбір оқиғаларды ол өзінше жырлады. Әрине, сол Молдабайдың ізімен. Оның біразы өзінің «Алтын аймақ» атты кітабында жарияланды.
Сейітқали сері көңілді жан еді. Сонау жас кезінде сыпа, кербез, сәнқой жігіт боп елде жоқ сәнді киімдерді киді. Біз баламыз, оған қызығып, соңынан еріп, жүгіріп жүреміз. E, Сейітқали… Ол да бір қызықты тағдыр… Молдабайдың өзі… Атасы Торғай, өз ұлы Жиеншора, немересі Есенаман, шөбересі Мұрат… Міне, бір әулетте – бес әнші! Бес әнші! Мәртөкке келгенше Молдабайдың серілік өмірі, жасындай жарқылдаған жайсаң әуезі мені бірде тұңғиық ойға батырып, бірде еріксіз жымың қақтырып, елеңдетті де отырды.

Сол жолы Молдабай жөнінде «Ақтөбе» газетінде сұхбатым жарияланды. Мені сол кездегі әкім орынбасары Амангелді Қабашұлы қабылдап, мына жаңалыққа жаны қалмай қуанды:
– Ақтөбе топырағында туған Молдабайдай ұлы тұлғаны ардақтап, оның өмірі мен шығармасын жан-жақты насихаттап, арнайы қор ашып, басына кесене орнатуды қолға алуымыз керек! – деді. Мен Ақтөбеден Атырауға оралған соң сол сапарда түсірілген видеокөріністер негізінде теледидарда бір сағаттай әңгіме жүргіздім. Жұрт Молдабайдай ән еркесімен тұңғыш рет осылайша табысты.






