Жазушы, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памук әр жұма мен сенбі сайын Нью-Йорктегі Метрополитен-музейіне барып, ондағы картиналар мен өнер туындыларына зер салады. Қаламгер бұл дағдысынан ешқашан жаңылған емес. Жазушының бала кезінен сурет өнеріне айырықша іңкәрлігі болғанын, тіпті әу баста жазушы емес, даңқы жер жарған суретші боламын деп арман еткенін ескерсек, оның музейге ерекше махаббатпен тәу ете баруы – заңды дүние.

– Мен суретші болғым келді, – дейді Орхан Памук.

– Мен бұған шындап кірістім және үйде әрдайым сурет салатынмын. Күндердің бір күнінде мықты суретші боламын деп сендім. 22 жасымда кенеттен әдебиетке қызықтым да, роман жаза бастадым. Неге солай болғанын әлі күнге дейін білмеймін. Меніңше, роман жазу да кескіндеме өнері сияқты. Метрополитен музейі менің Манхэттендегі үйімнен 35 минут жерде орналасқан. Мен мұнда әр жұма мен сенбі сайын келемін. Музей кешкі 9-ға дейін жұмыс істейтіндіктен, мұнда жұмыстан кейін келу ыңғайлы. Залдарды аралап, сол бір суреттерді қайта-қайта көремін, музей атмосферасын сезінемін. Маған музейді аралап, әр алуан сезімдерді бастан кешкен ұнайды. Музей басқа әлемге, басқа өркениетке, басқа мәдениетке жанасуға мүмкіндік береді.
Мына картинада Сиявуш өзінің көрген түсі туралы айтып тұр.
Бұл – парсы эпосы «Шахнамадағы» әйгілі сахналардың бірі. Мұны ғасырлар бойы көптеген суретшілер иллюстрациялар жасады.
«Менің атым – Қырмызы» атты романымды жазғанда және жазуды жоспарлаған кезімде осы музейге келіп, осы суреттерді тамашалап жүрдім. Өйткені парсы минатюралары бұдан басқа еш жерде қойылмаған және бұл тақырыптағы кітаптар да көп емес. Шын мәнінде ол романымды мен осы суреттерге қарай отыра жазып шықтым. Ал үйге келген соң өз нұсқамды қағазға түсірдім.
2008 жылдан бастап жазушы құпия түрде кескіндемемен айналыса бастайды.
– Тіпті блакнотта арнайы күнделік жүргізуге көштім. Онда мен жазамын да, саламын да. Мұнда естеліктер сипатты нәрсе бар.
Былай айтқанда, мен осы суреттерге жасырынғанмын. Маған Нью-Йорктің қалалық пейзажы ұнайды. Мен оны бейнелей бастағанымда құдды бір көк тіреген ғимараттар мен ағаштардың арасында жүргендей иллюзия пайда болады.
Соңғы 18 жыл бойы Метрополитен-музейге келіп жүріп және оның кешкі 9-да жабылатынын біліп, ал музей күзетшілерінің «бес минуттан кейін жабыламыз» дегенін дәйім ести беріп, мен осы музейге және оның дәстүрлеріне байланып қалдым. Мен музейге әр жұма мен сенбі күндері, кешкі уақытта жалғыз келгенді жөн көремін.
Жазушының 2008-2022 жылдар аралығында салған суреттері оның таяуда жарық көрген «Алыстағы таулар туралы естеліктер. Иллюстрацияланған блакноттар» атты кітабында топтастырылған.

– 400 беттен тұратын бұл кітапта суреттер бір-бірімен де, оларды қоршаған мәтіндермен де тақырып, сезім тұрғысынан немесе жай сәйкестік арқылы байланысып жатыр. Маған қымбат сөздер мен бейнелердің өзара жалғастығы бар. Беттерде сезімдер, түстер, қорқынышты түстер, көңіл күйлер, сапарлар мен бақылаулар баяндалады, мұның бәрі түрлі түсте берілген. Иллюстрациялар жасау үшін линер, қарындаш, бор және акварельді пайдаландым. Кейде мен бетке жазып отырып, кейін салатын суретке арнайы орын қалдырамын. Кейде боялған бетпен қатар тұрған екі бетке қатар жазамын. Мәтіндер суреттерді түсіндірмейді, ал суреттер мәтіндерді иллюстрацияламайды.
Оның сурет өнеріне деген махаббаты «Менің атым – Қырмызы» романын туғызды. Шығармадағы оқиғалар 1591 жылғы османдық Стамбұл кезеңінде өрбиді. Туындыға дәстүрлі ислам суретшілері мен батыс кескіндемешілері арасындағы кикілжің арқау болған. Ал мұндағы детектив желісі оқырман ықыласын ояту мақсатында кейінірек қосылыпты. Роман әлемнің 60-тан астам тіліне аударылып, бірқатар марапаттарды жеңіп алды.









