Шөлге айналған жанымды көлге бояп,
Сен мені оят.
Сен мені оят –
Гүлдерді «сәждеге» жық,
Оқы да желден «аят».
Жел тербеген гүлдердің қауашағы,
Әппақ-әппақ күлте үзсе жарасады.
Ұшсын олар киелі жазбалар боп,
Жерге түскен,
Түспеген, немесе, әлі.

Гүлден де әсем ерніңді үлбіретіп,
Бір жыр оқып бер, мейлі, бір жыр оқып.
Күлтелерге көміліп оянайын,
Көз орнында қос тамшы дір-дір-р етіп.
Жетсін, мейлі, сенен де бұрын өлім,
Сен мені оят!
Мен сөзсіз тірілемін!
Баяу қалқып киелі жазбалардың,
Жүрегіме кеп қонсын бірі менің.
Жай қонбасын,
Қонсын ол өлең болып,
Өлең болып төгіліп, кемерленіп,
Ар,
Әдеп,
Рух,
Мейірім,
Махаббатты,
Оятайын,
Қалмаса егер де өліп?!

…Мен де желге тербеліп бас ұрған күн,
Әппақ-әппақ күлтедей шашылған күн,
Қонайын кеп киелі жазбалар боп,
Жүрегіне келешек ғасырлардың.
Шөлге айналған жанымды көлге бояп,
Сен мені оят!
* * *
«Сағынған жоқпын!» – дедің сен,
«Сағынған жоқпын!» – деп мен де,
Жүректен туған өміршең,
Сезімді көмдік өткенге.
Білмеймін, қалқам, нені аңсап,
Жасырдың менен жүзіңді?
«Сағынған жоқпын!» – деп ән сап,
Жапырақтар да үзілді.

Екеуміз жүрген бақтарға,
Әлдебір суық қол төніп,
От қойды жапырақтарға,
Біз неге кеттік өртеніп?..
* * *
Ең соңғы жасы – ең шерлі жасы,
Дір етті – кетті көз қарып.
Алып бір таудың теңселді басы,
Табаным асты қозғалып.
Екеуден-екеу ылдида қалып,
Қарсы алдық зауал шақты бұл.
Басынан таудың құлдилап ағып,
Тас құлап келе жатты бір.
Бар еді жойқын бұла күш онда,
Жаңғыра берді, ой-хой, көк.
Кеудеме сол тас құлады сонда,
Жолындағысын жайпай кеп.
Шашылып түстім… сынықтарымды,
Жинауға барар қайтсе қол?
Айтайын сонда шын ұққанымды:
Тас емес екен сөйтсем ол.

Тасқын да тасқын, тасқындап ағып,
Құлапты жасы…
Білерім:
Бір тамшы жастың астыңда қалып,
Езіліп кетті жүрегім.
АРҚАН
«…Бердібек ағамыз ойда жоқта опат болды. Оны қала сыртындағы саяжайында асылып тұрған жерінде арқаннан суырып алды. Бұл, әрине, жұмбақ жағдай. Бірақ түсінетін адам үшін жұмбақ түгі де жоқ! Ол кек…»
Қадыр Мырза Әли, «Иірім»

Ол туғанда мойнында арқан болған –
Көрінбейтін…
Елім дейтін қайран ер, жерім дейтін,
Империяға кекті еді әуел бастан,
Ит етінен жек көрді оның кейпін.
Аштықта өліп қырылды қанша қазақ,
Қастық көріп қырылды қанша қазақ,
Қанша қазақ туралды қан қасапта –
Оның жанын кемірді соншама азап.
Мың күн тынып жүрді де,
Бір күн тұрып,
Айтпақ еді дүниені сілкіндіріп,
Ол туғанда мойнына түскен арқан,
Қылғындырып тастады,
Қылғындырып!
«Айтам!» – деді,
Ақыры тапты амалын:
Серік етті қаламын, ақ парағын.
Еркіндігін,
Келешек,
Бақ-таланын –
Озбыр билік аяусыз таптағанын,
Жазған сайын мұңына қосылды мұң,
Қылғындырды тағы арқан –
Өшірді үнін.
Жарылды атом…
Желтоқсан қанға бөкті…
Шекті сонда азаптың не сұмдығын.
Тәтті елес боп алдынан мұнартар көп,
Ойлап еді азат күн қуантар деп.
Енді айтам ба дегенде, сол бір арқан,
Қия салды өмірін шын арқан боп…
* * *
Кешігіп жүрем ылғи мен,
Биік тауды асам, жүруге арланып ылдимен.
Қырандар ұшқан қия шыңдарды бетке алам,
Бірге ұшқым келмей қырғимен.

Жер кезіп,
Құзғындар қонған өлекселерден мен безіп,
Айналып өтем – жеңістің мәре сызығы,
Тұрса да тартып керме жіп.
Шөл кезіп,
Ит ауыз шаймас шалшық сулардан мен безіп
Жүргенде… тойға, нән сарайларға, даңққа,
Ертерек жетіп, жылпостар кетті төрге озып.
Олардай мен де ентелеп,
Төрге озар едім – отыра алмаймын еркелеп.
Кешігіп жүрем, кешігіп жүрем ылғи мен,
Келешек, саған жетуім үшін ертерек!
* * *
Ол қарды жек көреді,
Ақ болғаны үшін емес,
Тапталғаны үшін емес табанға,
Бір құпия бар онда.
Құпиясын сен сұрама, мен айтпан,
Тілімді кес одан да.
Қар ерісе,
Артта қалса қыс-белес,
Қуады оны өңшең қызыл түсті елес.
Қай соқпақпен қай қиырға қашса да,
Құтқаратын жолдарға әлі түспеді еш.

Қуады оны,
Қуады оны ентелеп,
…Жек көреді неге ериді ерте деп…
Қар жауады.
Елестердің үстіне,
Ақ ұлпа қар жабылады көрпе боп.
Жан мен тәнін қақ бөле алмай екіге,
Отырады ескі алаңның шетіне.
Қар астынан өңшең қызыл түсті елес,
Қан түкіріп жатады оның бетіне.
Көз алдына өз қылмысы елестеп,
Тұрады өзін кеңірдектеп, өңештеп.
Одан сайын жек көреді ол қарды,
Оның түсі неге әппақ емес деп.

СЫРҒАНАҚ
Анау бала мен емес пе,
Жақын әрі неге алыс тым?
Ала таңнан қара кешке,
Сырғанаған демалыс күн.
Тақымында қара шана,
Тебінсе, ой-хой, ала қашпақ.
Қас қаққанша бала-шаға,
Оқ бойы озып барады асқақ.
Салады асқақ Көкке көзін,
Қиял шоғын өтеді үрлеп:
«Шаң қаптырып» кеткен өзін,
Күнді қуып жетемін деп…
Жеткізбеді Күн бірақ та,
Жүйрік екен шанасы оның.
Қалды бала бір қыратта,
Үнсіз жұтып нала-шерін.
Сол қиялшыл «дара батыр»,
Қош айтысқан бала күнмен.
Күндер жүйткіп бара жатыр,
Өңшең жүйрік шана мінген…
ЖАСТЫҚ
Өтпестей көріп,
Найқала
Бастық-ау,
Алға бастық кеп.
Білмесе қазақ айта ма,
Жастықтың атын жастық деп?!
Әр күні ду-ду – майхана,
Келді де кетті мас қып тек.
Білмесе қазақ айта ма,
Жастықтың атын жастық деп?!

Қайтадан оралмасына,
Кетеді көзден жас та ытқып.
Жастықты содан басыма,
Жастанып жүрмін жастық қып…
«ҚАҢТАРДАН» СОҢ…
Тынышымды алды қай дауыл ұрлап,
Қайда әлгі бейқам жатқан сәт?
Құстар келеді «ой, бауырымдап»,
«Ой, бауырымдап» жоқтау сап.
Танитындар да, танымайтын да,
Тұс-тұстан бәрі ағыла,
Көрісіп жылап көңіл айтуда,
Қаңтардың құрбандарына.
Дем емес, демім – маздаған көрік,
Салды олар мені қай отқа?
Құстармен бірге боздаған болып,
Сүйеніп тұрмын таяққа.
Жүзімді жеңмен қалқалап, досым,
Бұғынған түрім не мынау?
Қаңтардың жайын қаңтар өткесін,
Ұмытып кеткен едім-ау!
Жұбатып құстар мені өбектейді,
Аядым бәрін, аядым.
Құдай-ау, сынып неге кетпейді,
Сүйеніп тұрған таяғым?!
* * *
Жаныммен сүйем мен сені,
Менікі ғана сияқты.
Денемнің әр бір бөлшегі,
Сенікі ғана сияқты.
Жанарға кейде жас қамап,
Жылатсаң дағы сен деймін.
Бойымда сенен басқа зат,
Бар десе мүлде сенбеймін.
Ырысы,
Бағы,
Құтымен,
Соры бар және тағы да,
Анамның әппақ сүті мен
Бабамның төккен қанына,
Тәнімді илеп…
Жаншып та
Тастауға кенет бекініп,
Кілт тоқтап,
Мендей балшыққа,
Бас шайқап ұзақ отырып,
Әрлі де берлі тербеле,
Ойларға шомып не түрлі,
Ақыры Құдай кеудеме,
Жан үрлей салған секілді.
Сол жанды алған шақта да,
Қойныңа сенің кеп кірем.
Сондағы балшық тек қана,
Сенікі екен деп білем.
Мен сені сүйем, Отаным…







