Аспалы шамы әйнекке шағылысқан даңғарадай дәу үйдің тыныштығы кеткелі қашан. Жылы жымиып жүретін Жанияның кейінгі кезде қабағы қатулы. Анасының жалғыз тұрып жатқанын Абзал бұрын тиіп-қашып құлаққағыс қылып жүрсе, кейінгі кезде бұл тақырыпты күнде қаузайтын болып алған. Жания қанша жерден елемеген түр танытса да күйеуі айтуын азайтатын емес. Әдетте алдындағы асқа да қарамай, жауырыны орындыққа желімденген күйі көзі телефонға телміретін де отыратын. Осы жолы таңғы ас үстінде қабағы қатуланып, құс алатын бүркіттей қомданып алды да сөз бастады:
– Анамды айтам. Жалғыз өзі айдалада жатыр. Ешкімі жоқтай. Осылай өліп кетсе не болады?
– Сонымен? – деді Жания әңгіменің ауанын аса жаратпай.
– Не сонымен?
– Айдала емес, осы қаланың ішінде ғой. Жатса өзінің шалымен тұрған шағын үйінде жатыр. Мынандай үлкен үйде ол кісі ары-бері жүріп шаршап қалмай ма? Оны үйде алып жүретін адам да жоқ қой. Мен болсам таңнан кешке дейін жұмыстамын. Сенің шешең үшін жұмысымды тастамайтын шығармын енді! – деді Жания жиырыла түсіп.
– Сонда осындай кең сарайдай үйге менің жалғыз анам сыймайды дегің келе ме?
– Жалғыз ұл болсаң бір жөн. Анаңның басқа да балалары бар ғой, алсын ана ағаларың!
– Шаңырақтың кенжесі мен! Шешем менің қолымда тұру керек, ұқтың ба? – деді Абзал көзін адырайтып.
– Алдыңда білдей екі ағаң бар. Анау қаланың қызын алған ағаң шешесінің бар екенін біле ме екен өзі? Жоқ әлде Даянаның шешесімен тұрамын деп өз анасын ұмытты ма? Қалалық жеңгеңнің өзін бес жылда бір көреміз. Үйінен шәй ішпек тұрмақ, сыртынан сығалап та көрмедік. Ана ағаң ешқайсымызды есігінен қарата алмай отырғанда апамды қолына алушы ма еді, мен де қызықпын. Шешеңнің өлгеніне келсе қуанатын шығармыз.
– Аузыңа келгенін құса берме, болды!
– Жоқ, деймін да, неге біз? Анаңның маған жасағандарын өз көзіңмен көрдің, жазықсыз қанша жылатқанын білесің, енді осы үйге алып келемін деуге қалай аузың барады? Соның тікенектей тілі үшін сенен талай таяқ жегенімді ұмытты деймісің? Жоқ, кешіріп қой, мен шешеңе қарай алмайды екенмін. Мені саған ұрғызып қойып, рахаттанып, бір жерінің қышуы қанып жатқанын ойласам…
– Тарт тіліңді! Әйтпесе…
– Не, әйтпесе? Не келеді қолыңнан?
Әйеліне қазір қол көтерсе, тұрмыстағы бүкіл тіршілік оның томсаруының тоңы жібігенше өзіне қалатынын ойлады да Абзал жұдырығына жиналған бар ашуды Жанияның артында ашық тұрған есіктен бір-ақ алды. Тарс еткен дыбыстан селк етіп, бірден есін жиып алған Жания, ерегесе берсе Абзалдың ештеңеге қарамай анасын осында алып келе салатынын білді. Арбаудан басқа амалы қалмады.
– Ол кісіге кезінде ешкім жақпады. Абысыным екеуміз отырсақ опақ, тұрсақ сопақ бола бердік. Қазір шешеңе Шынардың да қарағысы келмейді, білемін. Шешеңнің Даянаға ғана сөзі өтпеді. Өйткені ол қаланың қызы. Онымен бірге бір күн де тұрған жоқ. Оның үстіне, оған сөйлесе ана жақтан шешесі шауып келеді. Ағаң ақырында соның үйіне барып кіріп алды, болды.
– Оларды қозғай бергеннен түк шықпайды. Мамамды қолымызға алуымыз керек, бітті, – деді Абзал әңгіменің нүктесін қойдым деп ойлап.
– Бәрін қойшы, апам әлі тың ғой. Құдайға шүкір, өзі жүріп, тұра алады. Тамағын апарып беріп тұрамыз. Үйін клининг жалдап, бірдеңе қылып жинап берерміз. Уайымдайтын ештеңе де жоқ! Тыңдашы, Абзал. Мұның ең жақсы шешімі – пансионат! Қазір не көп қарттарға қарайтын пансионат көп. Кеше ғана жұмыстағы бір әріптесіммен сөйлескенмін. Оның де енесі осындай қыңыр кісі болған, ал күйеуі үйінің жалғызы. Сөйтіп олар аналарын әлгі пансионатқа апарып орналастырыпты. Жап-жақсы дейді. Қайта ол жақта уақытылы тамақтанып, ем-домын алып, жаттығуын жасап жақсы болып қалыпты. Апам да айдалада жалғыз жатқанша өзі қатарлас қарттармен шай ішіп, шүйіркелессін. Арасында хабар алып тұрамыз. Керек-жарағын апарып береміз. Мұнда келіп менімен аңдысқанша, сол жақта жатқаны жақсы емес пе?! Келсе қарап отыра алмайтыны анық қой! Күнде ұрыс шығарып айрандай ұйып отырған отбасымыздың ойранын шығарады. Тек, бір мәселе! Ай сайын төлейтін ақысы бес жүз мың екен. Оны да шешуге болады. Үш отбасыға бөлеміз, өзінің зейнетақысын қосамыз, болды! Құжат жағын өзім-ақ реттеймін.
Бір есептен Жанияның айтқандарының барлығы ақылға қонымды сияқты. Абзал қапелімде сөз таба алмай, темекісін тістеп сыртқа шығып кетті. Көрген кезде қал-жағдай сұрасқаны болмаса, ақылдасатын ағаларымен ара-қатынастары үйленгелі үзілген. Сыртта көп сенделіп, әйелінің сөздерін санасында сапыра-сапыра сол ойға өзін көндіріп үйге кірді.
Жапырағы шала түсіп селдіреген талдар арасынан екі қабат үй көрінеді. Дала талаураған. Ауа көгілдір тартады. Әйелінің сөзіне уәж таппағандықтан жүрегі қысылды ма, әйтеуір, Марат түн ішінде тар бөлменің тымырсық ауасынан тынысы тарылып терезені ашып тастады. Баж-баж етіп түн тыныштығын бұзған дауыс далаға жаңғырып жатты:
– Неге біз қарауымыз керек? Қарасын басқалар!
– Ол менің де анам ғой!
– Анаң не істеді, айтшы! Біз үшін бірдеңе істеді ме? Балаларды күтушіге ақша беріп бақтырдым. Үйді менің анамның арқасында алдық. Көмек керек болса басқа қаладан екі өкпесін қолына ұстап жүгіріп келетін де сол анам. Бір қалада тұрып, шешең кезінде жанының тыныштығын ойлағаннан басқаға басын қатырған емес! Әкең болса шешеңнің сөзінен аса алмай-ақ кетті, марқұм. Көмек сұрай қалсаң шешеңнің айтатыны: «Уақытында бізге ешкім болысқан жоқ. Қалаға бір сөмкемен келгенбіз. Тамақты жерге газет жайып жегенбіз. Сөйтіп жүріп жетілгенбіз. Жұмысты да істедік, баланы да бақтық, бәріне де үлгердік. Қазіргі жастар қиындыққа шыдамайды. Қит етсе көмек сұрап жылап шыға келеді». Айтатыны тек осы болатын ғой! Өтірік деші? Енді келіп шешеңе біз қарауымыз керек екен. Балаларымды өзім әрең өсіріп, есімді енді жиғанда кемпірге байланып отыратын жайым жоқ. Алып келмейсің мұнда! Қарасын ана, аға-інілерің.
– Мамашканың басқа келіндермен мәміле таппайтынын білесің ғой – деп міңгірледі Марат.
– Сенің мамашкаң кіммен мәміле табатын адам еді? Кінәнің барлығы өзінен. Уақытында есті ене болып, тым болмаса тікенектей тілін тиып ұстаса сыйлағанды, сипағанды білмейтін ақымақ емеспіз. Сиырдың өзі сипағанды білгенде, оның қасында адамбыз ғой. Сонда да жылы сөзін аяйтын, шешең.
Шынардың қолынан жуылып жатқан кеселердің бірі жерге ұшып түсті. Бұлқан-талқан болып бұрқырағанда бәйбішесінің бет қаратпайтынын білетін Марат, тілін тістеген күйі бөлмеден безіп кетті. Бір жағы үй Шынардың атында болғандықтан да дымы құрыды. Қанша буырқанса да, әдетте Мараттан бір ауыз сөз суыра алмай, ақыры тулап-тулап басылатын-ды. Осы жолы оның барлық мінін жіпке тізіп шықты. Ми мұрағатындағы қатпарларды толық қопарды. Ашуының жалыны тыныш жатқан туысқандарын да шарпып өтті. Күйеуі көзінен таса болса да сырттай сыбап, ашуы арнасынан буырқанып тасып барып басылды.
Анау-мынауға қайыспайтын, шынашақтай шымыр Зияда кемпір сексеннен асқанда қайратының қайта бастағанын жыпылықтаған жарықты баяғыдай ұшып тұрып өшіруге шамасының келмейтінімен шамалап білді. Келіндерінен қайыр болмаған соң анда-мұнда келіп ұсақ-түйек шаруасын жасап беріп жүрген көршілерімен шүйіркелесіп күнін өткізеді. Соңғы уақытта олар да келуін сиретті. Еті қашқан қолдарында қауқар қалмаған. Тізесі екі аттаса дірілдеп салады. Кәрі ағзаның бойына қуат бітіретін ыстық ас дайындауға дәрмені жоқ. Терезенің көзіндегі кепкен шұжық пен қатқан нанды суға жібітіп асқазанын алдап, күнін күзетіп жүр. Тамағын тойдырсақ болды деп ойлайтын ұлдарының кейде алып келіп тастайтын аста-төк азығы кәдеге аспай солып, сасып қалады. Екі жасында анасынан көз жазып, өгей шешесінің қатыгездігіне қанып өскен Зияда шешей барымен бөлісуді білмей-ақ қойды. Біреуге бергенше көз алдында көгеріп жатса көңілі тоқ тұратын әдетінен арыла алмады. Жан-жағын жаман сөзбен жалмап, көрінгеннен күмәнданып отыратын күстаналығы қартайғанда күшейіп, бойын тұтас билеп алған. Марқұм шалын да сонысымен шаршатқан-ды.
Не жасаса да, қайда апарса да кемпіріне жақпаған Ақан шал ақырында «тағы» деген ат таңылған туысқандарынан да ажырап, кесір кемпірінің көлеңкесіне айналып, сол қазған орға түсіп өлді. Өгей шешесінен алған жарақаты жан-жағын жайпап, ақыр соңында өзін жалғыздыққа алып жықты. Жан адамға сенбейтін секемшілдігі келіндеріне келгенде одан сайын сірестіретін. Оның ішіндегі іріңінің ошағын олар қайдан білсін? Зәрін шашып отыратын енеден баяғыда безген. Зияданың кесірлігін ұлдары ғана көтереді, бірақ оларды шалымен қосып қаршадайынан босбелбеулікке баулығанын өзі де байқамайды. Үш ұлының өз әйелдеріне өктем сөйлеп, еркектік айбар таныта алмайтыны да содан. Өмір бақи әкесінің әлгіндей әлпетін көріп өскен баланың мінезінде қайсарлық қайдан болсын?! Онымен қоймай, сол босбелбеулікті беттеріне басып, «қатындарыңның айтқандарынан шыға алмайтын жігерсіздер» деп жазғырады. Шалын да осы қыңыр мінезіне жығып, алдымен еңсесін түсіріп, артынан нардай намысын өлтіріп, сосын сағын сындырып, түбі таптап тастаған.
Өмірдің мәнін жоғалтқан кіп-кішкентай қара кемпір бүгінде тек төсегіне қисайып, терезеге телмірумен ғана күнін өткізеді. Ойша балалық шағына орала береді. Көзін жұмса болды өкпесі өз-өзінен өрекпіп, жүрегі жиі қағып, тынысы тарыла түседі. Жартылай жамылған жеңіл көрпесін серпіп тастауға әлі келмейді. Қырымен жата бергеннен сүйегі де сырқырайды. Кірпігі айқасса болды бір-бірімен байланыссыз түстердің арасында адасып жүріп ақыры бастығырылады. Бала кезінде қыста қарға жалаңаштап шығарып аяусыз сабап, қараңғы түнде қоймаға қамап қорлаған өгей шешесінің өктем үнмен екі иығына мініп қос қолын тамағына батыра басқанынан тұншығып жатып оянып кетеді. Кей кезде көзі ілініп кетсе, әлгі өгей шешесі кеуде тұсына келіп алып кемсеңдеп кешірім сұрап тұрады. Әсілі, ана дүниеде жаны қиналып жатса керек, бірақ Зияданың бұл дүниедегі жалғыздығы мен жазылмас жан жарақатының сұрауын өліп кеткен өгей шеше қалай өтемек?
Таң ата ағайынды үшеуге қаралы хабар келді. Мейірімге бөлей алмаса да ұлдарын өлермендігімен қатарға қосқан Зияданың соңғы сөзі сыртқа шықпаған күйі үзіліп кетті. Ажал аузында жатқанда жанында кәлимасын айтқызатын бір жанның болмағаны балаларына батпайтын да сияқты. Қайта соңғы уақытта өмірлеріне салмақ болып жүрген артық адамның ақтық демінің үзілгені оларға жеңілдік алып келгендей.
Марқұмның мәйітін Абзал ұлының үйінен шығаратын болды. Жаназа дұғасы оқылды. Жиналған жұрт бет сипады. Табыт көтерген жігіттер көлікке қарай жүре бергенде кемпірдің көзінің тірісінде түрлі себептермен тіршілікке таңылып бір келуге жарамаған жұрт, қаралы хабарды естіген бойда өлімнің ұяты күшті деп алыс-жақыннан жиналып, қимастық сезімге салынғансып сұңқылдап салды. Тек қалалық құдағи мен Даяна келін ғана бөтен адамдардай қолдарын айқастырып алып, барлығын сырттай бақылап тұр. Әруақты құрметтеу түсінігі түбімен жоқ Даяна келін көзі ылғалданбаған күйі күйеуінің құлағына бірдеңе деп сыбырлады да, сүйекшілерді күтпей, баласы мен шешесін көлікке отырғызып алып кетті. Табыт салынған көлік алыстағанда, жүздерін жасанды жас жуған екі келін жиналған жамағатқа енесінің ешбір қыңыр қылығы жоқ, абзал ана болғандығын жарыса айтып жатты. Басқаны білмесе де, өлгеннің жаманы жоқ екенін білетін келіндердің әлі де бар екеніне жұрт іштей жұбанғандай болды.







