Атақты Алау (Хұлағу) ханның ұрпағы Асб жазықсыздан жазықсыз Үрімжі түрмесінде отыр. Қытай полициясымен ерегесіп қалып, ерегесте есесі кеткендер оны жалалап жарға жыққан еді. Бұл жәйлы әңгімені камерада бірге отырғандардың ішінде көңіліне жаққан жалғыз қазаққа айтатын. Оның паспортында ұлты – парсы деп жазылып тұр. Азаматтығы – Канада, тұрғылықты қаласы – Ванкувер. Туған жылы – 1976 жыл. Туған жері ретінде Иран көрсетіліп тұр. «Алғашқы паспортымда олай көрсетілмеген» дейді. Дәл осындай ақпараты ұқсас паспорт оның екі жас үлкен ағасында да бар. Асбтың әйелі де парсы. Камерада бірге отырған қазақ түрмелесі одан таңданып сұрайды:
– Канададан парсы қызын қалай тауып жүрсің? Әлде Канадада біздегі оралмандар сияқты көшіп барып жатқан парсылар ма бір-бірін жан тартып үйленіп жатқан.
– Жоқ, оған ұқсамайды. Олар әбден жерлік болып кеткен. 1979 жылдың басындағы Ислам төңкерісінде Ирандағы ақсүйектердің бәрі Канадаға көшіп кеткен. Қазірдің өзінде Канадада 350 мыңдай, АҚШ-та соның жартысындай парсы тұрады. Менің әйелімнің туған әпекесі, қайынбикем Канада парламентінде спикердің орынбасары және «Әлемдік кісілік құқықтарды қорғау комитетінің Канада штабының» басшысы.
Қазақ түрмелесі қатты таңғалды.
– А-а-а, солай ма?
Камерада жатқалы ұйғыр тілін меңгеріп алған ол қазақпен ұйғырша сөйлесіп шер тарқатысады. Ұйғыр тілі – Үрімжі түрмесіне қамалған шетелдіктер мен жергілікті ұлттардың ортақ қарым-қатынас тіліне айналған. Олардың қытайшаны игеруі қиын. Асб түрмеде тізесін жазып үнсіз отыр.
– Айтпақшы, кішкене күніңде жетім қалған болсаң, өзіңнің Хұлағу ханның ұрпағы екеніңді қайдан білдің?
Асб иегінде өсе бастаған сақалын аз-кем тырнап-тырнап алды да:
– 1979 жылдың аяғында Совет одағы Ауғанстанға басып кірді ғой. Сол кезде дүниенің жер-жерінен жаралыларды құтқаруға еріктілер келеді. Әке-шешем сол уақытта Тегерандағы ақ халатты шипагерлер екен. Екі баласын көтеріп алып осы еріктілердің қатарына қосылған. Бір жерде 70 жаралы адам шығып, ол кісілер соларды құтқарып жатқан кезде, белгісіз бір топ келіп бәрін қырып кеткен. Осы қырғындаушылардың кім екені әлі күнге дейін жұмбақ. Таба алмадым. Иранда қандай туыстарым барын да білмеймін. Бірақ ата-анам мені асырап аларда берілген жетім балалардың архив қағазында менің тегім туралы мәліметтер мөлдіреп тұр. Жетім балаларды асырауға берерде ағам екеуміз туралы мынадай ұқтыру жасалыпты: «Бұл ағалы-інілі екі бала ақсүйектердің тұқымы. Ата-анасы Иранды билеген Елхандар династиясындағы Хұлағу, Абақ, Тоқетер хандардың ұрпақтары саналады. Екеуі де Шыңғысид. Сондықтан әлемге әйгілі ақсүйектердің тұқымын бөліп-жармай, екі баланы бірдей асырап алатын ата-ана болса».
Неше жүздеген жетім балалар туралы хабарландыру дүниежүзінің мейірбандарына таралғанда, қазіргі ата-анамның өздерінде бала жоқ болған соң, ағам екеуімізді бірдей асырап алғаны содан екен.
– Түрмеге алғаш келгеніңде тікұшақ апатынан зардап шеккеніңді айтып беріп ең. Содан қалай қирадың?
– Тікұшақ емес қой.
– Енді?
– Спорт машинасы. Екі жігіт отырғанбыз. Сағатына 240-пен қатты келе жатып шыркөбелек айналып барып апатқа ұшырадық. Шегеруге, бұлтаруға болмай қалды.
– «Қатты жараландым» дегенсің. «Ортан жілігім үзілді» деп. Қасыңдағы адам жайлы айтпап ең.
– Ол тірі. Ол да оңбай жараланды. Оңып қайтеміз?! Қазір ол екеумізде де бәрі ойдағыдай. Көлік шегерілмей екеумізді екі жаққа лақтырып жіберді.
– Кішкентай қызыңның атын Жасмин деп қойыпсың. Мұндай есімдер жаңа заманда қазақ арасында да қойыла бастады.
– Ясмин.
– Жазғанда Жасмин деп жазасың ғой?
– Иә, мұсылман мен христианның бәріне ортақ ат болған соң қойдым.
– Неге екі дінге де жанашырсың?
– Саған айтпаған екенмін. Ата-анамыздан айырылғанда ағам 5 жаста болса да дініміз жайлы маған ештеңе айтпаған. Ол да жарытып білмеген шығар. Өгей әкем мақтанып «мен – саксонмын» деп кеудесін қағатын. Яғни, таза ағылшын. Ағылшын болған соң христиан екенін ұғып отырсың.
– Иә.
– Өгей анам – буддист. Кәріс қызы еді.
– Әкең – христиан, анаң – буддист. Өзің – мұсылман. Қызық. Таңғаларлық қой. Бір отбасында үш діннің өкілі тұрады. Сен үйде намаз оқып жатқаныңда құрметті ата-анаң қабақ шытпай ма?
– Шытпақ түгілі, қыңқылыма қық, тентектігіме тек демейтін. Өте тынышсыз бала болдым. Футбол ойнап жүріп басымды жардым ба, әйтеуір мұндай сорақылықтарым шаштан көп. Осы қылығым ата-анама тіпті ұнаған сияқты. Мен отбасымда ағамнан да ерке, тіпті күллі Канададағы ең ерке бала екенмін. Балада болуға тиісті әлемдегі барлық зат менде болды. 16 жасқа толған туған күнім еді. Әлі есімде. Сол кезде әкем мерекелік дастарқанда отырып «Балам, сен мұсылмансың. Христиан да, буддист те емессің» деп шегелеп айтып, өткен өмір тарихымды түгел ақтарғанда көзім алақтап неше аударылып, төңкерілген. Ол ағам екеумізге:
– Қай дінде қалуларың өз еріктеріңде,– деді, содан соң басымнан сипап. – Ең жақсысы мешітке жақындап ата дініңді қабылдағаның абзал.
Туа бітті христиан әкенің құлыншағымын деп ойлап жүрген мен есеңгіреп қалдым. 4-5 күн бойы өзіме келе алмай, ес-ақылым шығып, ес-ақылсыз жүрген күндерімді білсең ғой, ағатай. Сол кезде барып сонау сәби күнімдегі азанның дауысы құлағыма естіле бастады.
Көп өтпей іргедегі Жәмиа мешітіне бардым. Мешітте әдетінше имам отырады. «Имам ағай, менің түп тегім мұсылман екен. Мұсылман болғым келеді. Көмектесесіздер ме?» деп құшақтап бас салдым. Имамның да, менің де көзімнен жас ыршып кетті. Япырым-ай, Жәмия мешіті де, оның имамдарының жан әлемінің көркі де сондай сәулетті еді.
Ванкувер – Канаданың ең әдемі қаласы. Қыс болмайтын мейірімді қала. Менің жүрегім сол мейірімділікке бейімделген. Тынық мұхиттың жағасында демалып жатқан ақындай әсерлі қала болатын. Мен Гарвард университетінде экономика басқару мамандығы бойынша тәлім алғанымда осы қала туралы ойланып, табиғатын, сағыныш құсап самсып өскен жапырақтарын сағынатынмын. «Әлемдік экономика басқару сервисінде» екі жыл практикант болғаным да осы мамандығыма байланысты болды. Екі жыл бойы Киссинджердің қоластында жүріп өзіңе айтып берген Масондар жайлы шұбалаң әңгімелердің таусылып бітпейтін ұзын-ырғасы олардың жоспары қайнаған сол жерден басталған.
– Киссинджер ме?
– Иә. Білесің ғой. Айтып бердім емес пе?!
– 1973-1977 жылдары АҚШ-тың мемлекет хатшысы, сол кездегі қадірлі президент Никсонның жан құралы болған адам.
– Қытайдың бірінші премьері Чжоу Эньлайға Қытайлық дамудың бүкіл экономикалық жобасын сол жасап берді. Чжоу Эньлай өлетін кезінде билікті туған балдызы Дэн Сяопинға берген.
– Туған балдызы ма?
Қазақ түрмелесі көзін бірнеше мәрте қысып-қысып жіберді.
– Дэн Сяопинның әпкесі Дэн Инчао деген кемпір болған. Чжоу Эньлайдың жары сол еді.
– Сондай керемет жерлерде істегенсің. Қытай сені түрмеге қалай тығып тастады? Қалай жалалады?
– Керімжан деген ұйғыр жігіт болды Шэньчжэньда компания ашқан. Сонымен екі-үш күн бірге жүргем. Кететін кезімде соған визиткамды қалдырып кеткем. Кейін Керімжанның үйін полицейлер тінтігенде визиткамды тауып алып, «сенімен сауда істейміз» деп мені Қытайға алдап шақырып алып, «бүлікші, қашқын ұйғырларды ұрлап шетелге өткізбек болдың» деп маған сот ашты. Ақ тайлақтай арсалаңдап тұрған мен көнем бе? Сол жерден құтылып та кететін едім. «Қытай Халық Республикалық сотын көзге ілмеген» деп, ерегескенім үшін, айып үстінде айып тағып соттап жіберді.
– Маған қызығы, әлі де басыма кірмейтіні үш діндегі адамдардың бір отбасында өмір сүруі. Әртүрлі діндегі халықтарды қойып, бір дінде бола тұра, ағымы ұқсамағаны үшін бір-бірін қанға бөктіріп жатқандар бар. Сонда қалай үш діндегі адам бір отбасында тату-тәтті, бақытты болып тұрды екен деймін. Әлемді бір отбасы деп қарайық. Сенің отбасыңды әлемнің кішірейтілген көрінісі дейін. Осы әлем жұртшылығының өздеріңнен үйреніп қаннен-қаперсіз, тату тұруына болады екен ғой.
– Білесің бе, Канадада жұма күні мешіттердегі жамағатқа поптар келіп тату-тәтті тұру, береке сақтау, адалдық пен достық туралы кеңестерін айтып кетіп жатса, сенбі күні имамдар шіркеулерге барып бауырмалдық, «адам баласының бәрін бауырым деп сүю» қажеттілігі туралы уағыздар айтып ағайын боп араласып тұрады. Осыдан кейін бізде қандай қайшылық болсын, аға?!
Қазақ түрмелесі мазасызданып әрі риза болып басын шайқай берді де Асбқа айтарын айтып салды:
– Қазақстанда да, Қытайда да қазақ болғанымыз үшін кешірім сұрайтын болдық. Қазақстанда «қазақ тілі» деп қабырғаң қарс айырылса қылмыскерсің. Қытайда мұсылман болу мың бір жапа.
Асб өзінен 6 жас үлкен ағатайын жұбатып құшақтап бауырына басты. Қазақ ағатайы сұңқылдап көзінен өте үлкен көз жасының кесектерінен бірнешеуін шығарып барып Асбтың көзіне қарағанда, ол сабырлы қалпын жазбай жай ғана:
– Өмірдің өзін шаршат!, – дегенде көзінің жасын тыйып алды.
– Қытайдағы, Қазақстандағы мың-миллион «жүрексіз өмір» кешіп жатқан бауырластарға Төленің ұлы Хұлағу ханның атынан иіліп бас иемін.
Таңырқап қараған қазаққа көз жанарын мұздата қарап сөзін жалғастырды:
– Өйткені, сендердің ата-бабаларың, өзің айтқан Керей, Қоңырат, Үйсін, Алшын тайпалары хан аталарыма адал қызмет көрсетіп Азияның аяғы жеткен жерінің барлық әділетсіз түрмелерін бұзып, қорғандарын құлатқан еді. Мен Хұлағудың өзі емеспін. Сүйегім, қаңқам – Төре болсада, мен жай ғана Хұлағудың көлеңкесімін.
Асб қамыққан қазақтың үстін өзінің жұқа қара шапанымен жаба берді.
Сол түні қазақ түсінде, үстінен қалқып ұшып өткен алып қара құстың дәл төбесін жапқан көлеңкесінен қатты қорқып әрі тебіреніп кетті де, айғайлап оянып кетті.







