Бірер жыл бұрын «Жас қалам – жаңа роман» жобасы аясында үш бірдей романның дүниеге келгенін оқырман қауым жақсы біледі. Көпшілік Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» және Әлібек Байболдың «Мұтылған» романдарын жылы қабыл алды. Аталған туындылар тақырыбы, тілі және көркемдік ізденісі тұрғысынан ерекшеленіп, қазіргі қазақ прозасына тың серпін берді. Біз үш жазушымен сұхбаттасып, шығармалардың қалай дүниеге келгенін, оқырман тарапынан қандай пікірлер айтылғанын және қазір не жазып жүргендерін сұрап білдік.
Қанат Әбілқайыр: Аға буын өкілдері «бізден кейін әдебиет болмайды» дейді
– «Ағыраптағы аты жоқ адам» романын өте қысқа мерзімде жазып шығыпсыз. Осы жоба болмағанда бұл роман жазылмас па еді?
– Романның идеясы көптен бері көңілімде жүрген. Жоба маған нақты мерзім мен тәртіп берді. Шынын айтсам, бұл шығарманың жазылуына 3-4 жыл бойы ішімде пісіп-жетілген ойлар себеп болды. Арнайы кітапханаға барып, көп ізденіп, зерттеу жұмыстарын жүргіздім, тіпті жындыханаға барып, 32 науқаспен әңгімелестім. Сол ізденістердің нәтижесінде роман дүниеге келді. Егер жоба болмағанда, бұл шығарма тағы да біраз уақытқа шегеріліп кетуі әбден мүмкін еді.
– Романды көпшілік жақсы қабылдаған сияқты. Қандай пікірлер айтылды?
– Иә, оқырмандар өте жақсы қабылдады. Тіпті кітапты оқып отырып жылаған адамдарды өз көзіммен көрдім. Қазір бұл роман көп ой тудырған, резонансқа ие болған шығармалардың бірі деуге болады. Осы роман жарық көргеннен кейін жазылған мақалалар мен посттарды жинап жүрмін – егер соларды кітапқа енгізсек, тағы екі есе қалың болар еді. Сыншылар да өткір, шынайы роман деп бағалады. Әрине, кейбіреулер тым ауыр деп қабылдады, бірақ бұл – өмірдің шындығы.

– Осы сәтті белестен кейін тағы бір тың дүние бастай алдыңыз ба? Жалпы, бір шығарманың ізін суытпай келесіге кірісу дегенге қалай қарайсыз?
– Әзірге жаңа шығарма жазып жатырмын деп айта алмаймын. Дегенмен, идея іздеп, образдар жинап, түртіп жүретін әдетіміз бар. Шығарманы бірден жазуға отыру – үлкен жауапкершілік. Халық күтіп отыр екен деп, тез арада жаза салу табиғатымда жоқ. Жаңа дүниеге асықпай дайындалғанды дұрыс көремін.
– Қазіргі қазақ прозасының үдерісіне қандай баға бересіз?
– Кейбір аға буын өкілдері «бізден кейін әдебиет болмайды» деп айтып жатады, оны өзім де естідім. Меніңше, қазіргі проза жаман емес – жақсы шығармалар шығып жатыр. Әдебиет – кемелденетін құбылыс, оған уақыт керек. Егер мектептегідей баға қоятын болсақ, қазіргі прозамызға 3,5 деген баға берер едім. Яғни жақсы бағытта дамып келе жатыр, бірақ 4-5 алатындай деңгейге жету үшін көп ізденіс қажет. Ізденіс жағы ақсап тұр.
– Келесі туындыңыз кім туралы, не туралы болуы мүмкін?
– Әзірге нақты айта алмаймын. Зерттеп жүрген бірнеше тақырыбым бар, бірақ қайсысы «оң жамбасыма» келіп қонатынын өзім де білмеймін. Әлі жазылмаған дүниені алдын ала айтқым келмейді.
Мақсат Мәлік: Идея мен формаға көбірек мән беремін
– «Абыл мен Қабыл» романының идеясы қашан келді? Жобаға дейін оны жазуды бастап қойып па едіңіз, әлде жоба аясында кірістіңіз бе?
– «Абыл мен Қабыл» – сиам егізінің тағдыры туралы шығарма. Бір күннің ішіндегі оқиға арқылы солардың 33 жылдық ғұмыры қамтылады. Расында, бұл идея маған 20 жылдай бұрын келген. Нақтырақ айтсам, 2005 жылдары ой туындап, «осыны жазып көрсем, қалай болады» деп жүретінмін. Бұл тақырыпта көп іздендім. Алғаш осы атауды иеленген қос-адамнан бастап, біраз дерек жинағанмын. Тіпті «қазақ жерінде сиам егізі дүниеге келген бе?» деген сұрақ та қатты қызықтырған. Оның бір ұшығын тапқанмын да… Алайда одан бері қаншама әңгіме (негізінде, көп те емес) жазылса да, осы шығарма кейінге ысырыла берді. «Белес» компаниясы мен Жазушылар Одағының бірлескен жобасына іліккеннен кейін түбегейлі жазуға отырдым.
Шыны керек, жобаға дейін бір сөйлем де жазылмаған еді. Жазу барысында бұрын жинаған көп деректерді қолданбадым. Уақыт өтті, кейбір көзқарас ескірді, өзгерді дегендей… Кейбірінен түбегейлі бас тарттым. Сондықтан алғашқы ойластырған дүниеден басқа бағытқа бұрылып кеткен тұстары да бар. Маған ең ауыр тигені «екеуін қалай өлтіремін» деген сұрақ болды? Алғашқы нобайда «ала жіп» деген мүлде жоқ еді. Кейін осы байлам көңіліме қонды.
Шығарманың өн бойында жамандық пен жақсылықтың, ақ пен қараның тартысы жатқандай көрінгенімен, негізгі концепция мүлде басқа. Тұлғаның екі жарылу концепциясын бәріміз білеміз. Бұл үлгілер қазақ әдебиетінде де бар. Бірақ мен соған керағар, бір-біріне қосақталған, бір-бірінсіз өмір сүруі мүмкін емес екі тұлға – екі тәндегі арпалыс жайында алып шығуға тырыстым.
– Жалпы, жобаға өткеннен кейін ойыңызда пісіріп жүрген болашақ туындыларыңызды салыстырып, мынаны жазсам ба, әлде ананы жазсам ба дейтіндей таңдау болды ма? Әлде «Абыл мен Қабыл» әу бастан жоспарлаған бірегей дүниеңіз бе еді?
– Таңдау әрқашан да өз құзіретіңдегі нәрсе. Әлбетте ойда жүрген басқа да туындылар болған рас. Ол тақырыптарға кейін барғанды жөн санадым.

– Романға сыншылар қандай пікір айтты? Қарапайым оқырмандар нендей лебіз білдірді?
– Қазір романға деген көзқарас әртүрлі. Біреу оны толыққанды роман дейді, енді біреу романға келмейді деуі мүмкін. Бірақ ең бастысы – жазылған дүние жарық көрді. Сыншылар тарапынан айтылған пікірлерді тізіп шығу әдепке жатпайды, дегенмен әртүрлі көзқарастың болғанын жасырмаймын. Осы шығарманы талқылаған көптеген кездесу өтті. Әсіресе, студент-жастар көп сұрақ қойды, қызығушылық танытты. Сын да айтылды, мен оның бәрін орынды деп санаймын. Мақтағанды кім жек көрсін, десе де айтылған мақтаулардың бәрін «аванс» ретінде қабылдаймын. Өйткені шығарма мінсіз болуы шарт емес, ол мүмкін де емес.
– Қысқа уақытта роман жазып шығу қиын емес пе? Уақыт жағы аз болып қалған жоқ па?
– Бізге үш ай уақыт берілді. Өз басым сол уақыттың бәрін толыққанды тиімді пайдалана алдым деп айта алмаймын. Өйткені жеке тіршілік, жұмыс, аяқ астынан шығатын шаруалар бар – соның бәрі уақытты жеп қойды. Әйткенмен, бұл ақталу емес. Туынды дүниеге келіп, тасқа басылды, енді оның тағдыры – оқырман еншісінде.
Кейбір достарым «асығыстау тұстары бар екен» деп айтты. Мүмкін бұл пікір де орынды шығар. Айта кетерім – мен көбіне идея мен формаға көбірек мән беремін, соларды алдыңғы орынға қоямын. Бұл бір жағынан кемшілік болуы да мүмкін, бірақ шындығым осы.
– Қазір не жазып жатырсыз? Келесі әдеби шығармаңыз қандай тақырыпта болмақ?
– Өндіріп, жатпай-тұрмай жазып жатырмын десем шындыққа жанаспайды. Дегенмен биыл бір кітап шығарсам деген жоспарым бар. Оның ішінде бір повесть және үш-төрт жаңа әңгіме болмақ.
Әлібек Байбол: Биыл бірден сегіз кітабым жарық көрді
– Шыны керек, жоба аясында оқырман назарына ұсынылған «Мұтылған» романын көпшілік күрделі екен деп жатты. Мұны әдеби эксперимент деуге келе ме?
– Тұңғыш романым – «Мұтылғанның» ойлы оқырманға жол тартуы мен үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Осы жобаның қолға алынуының өзін қазақ әдебиеті үшін айтулы оқиға деп пайымдаймын. Мұны әдебиет тарихындағы маңызды кезеңдердің жалғасы десек те қателік емес. Мысалы, Есенқұл қажы Маманұлы 1914 жылы қазақ тарихында тұңғыш романға бәйге жариялап, С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» және Т. Жомартбайдың «Қыз көрелік» романдары дүниеге келген. 2000 жылдары «Сорос-Қазақстан» қоры ұйымдастырған «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» байқауы да әдебиетке үлкен серпін берді. Сол секілді, бұл жоба да қазіргі қазақ прозасына жаңа леп әкелді деп сенемін.
Жалпы, роман жазуға дейін новелла мен әңгімеде машықтану қажет деп есептеймін. Бұл жазушыны дайындайды, тілі мен ойлауын қалыптастырады. Болашақта балаларға арналған роман жазғым келеді. Қазір соның идеясын ойластырып, пісіріп жүрмін. Әзірге бұл – іште жатқан дүние. Меніңше, роман жанры ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Қысқа мәтіндерге үйренген оқырман да бір сәтте ұзақ дүниені іздейді, себебі романнан алатын әсер – мүлдем бөлек. Роман оқығанда шөліркеген жан-дүниеңнің шөлі қанады. Ол ешбір жанрмен алмастырылмайды.
Қазір әлем жылдам өзгеріп жатыр, технократтық қоғам сезім мен жанды екінші орынға ысырып тастауда. Сондықтан әдебиетте де адам жанының қыжылын, мұңын, ішкі дауысын жеткізу маңызды. Мен құрғақ оқиға үшін жазбаймын. Әр туындымда оқырманға ой салатын идея, бір хабар жеткізгім келеді. Егер шығармада идея болмаса, оны жазудың да мәні жоқ.
«Мұтылған» романы – ұзақ жылдар бойғы ізденісімнің, қоғамдағы қордаланған мәселелерге берген азаматтық жауабымның нәтижесі. Мұтылған кейіпкері арқылы ішімде жүрген толғанысты сыртқа шығардым. Оның мазмұны да, формасы да алдын ала ойда пісіп-жетілді. Сондықтан бұл кітап – менің жүрегімнен шыққан шынайы дүние.
– Асығыстық әдебиеттің жауы екені түсінікті ғой, уақыт жағы тарлық етпеді ме?
– Уақыт ‒ Алланың еншісіндегі дүние. Біз ‒ адамзат соны орны-орнымен жұмсай білсек өзімізге де, өзгеге де пайдамыз тиеді. Уақыт жағынан тарлық көрмедім… Дегенмен, жанталасып жаздық. Дегенмен, жоғарыда айтқан жоба – бұл шығарманың жазылуына үлкен түрткі болды. Егер сол мүмкіндік болмағанда, бәлкім, романға кірісуді әлі де кейінге қалдырып жүрер ме едім.
– Романды жазу барысындағы шығармашылық лабораторияңызбен бөлісе аласыз ба? Қалай жаздыңыз? Әдетте жазу үдерісі сізде қалай жүреді?
– Мен ең алдымен болашақ шығарманың жоспарын ойша құрып аламын. Идея санамда пісіп-жетілген соң, оны қойын дәптеріме түртіп жазып қоямын. Содан кейін біраз уақыт сол жоспармен жүріп, ой елегінен өткіземін. Себебі құрылымсыз жазу қиын. Барлығы дайын болды-ау деген сәтте ғана жазуға отырамын.
Прототиптер мен сюжеттерді өмірден аламын – алыстан іздемеймін. Көргенімді, сезінгенімді, жүрегімнен өткізіп түйсінгенімді ғана көркем шығармаға енгізуге тырысамын. Жазу барысында мына жүйеге сүйенемін: алдымен бәрін түгел жазып аламын, кейін үстінен мұқият қарап шығамын, соңында қажетсіз, әлсіз тұстарын алып тастаймын. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы «Мұтылғанның өмірі» атты толғауында:
«Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым ‒ «Мұтылған», деп жазады.
Бұл ‒ қиналыстан, ішкі толғаныстан, жанның қысылғанынан шыққан сөз. Мұтылған ‒ ойшыл Шәкәрімнің бүркеншік есімі. Романымда қазіргі қазақ қоғамы туралы айтылған-ды. Сол себепті, Мұтылған деген атты, қазақ үшін таныс ұғымды тағы бір жаңғыртып, оған басқаша реңк дарытқым келді.
Мұрат деген жігітті Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа білгені үшін, ойшылдығы үшін, ұлтшылдығы үшін ел-жұрт Мұтылған деп атап кетеді. Бүкіл уақиға орталықтан шеткерідегі Т ауылында өрбиді. Романымның жанры да жаңаша ‒ метароман. Жазушы, әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы Нұржан Қуантайұлы «қазақ әдебиетіндегі тұңғыш метароман» деп баға берді. Романымды жазу барысында саналы түрде классикалық жолдан қашуға тырыстым. Себебі, біреудің сәтсіз көшірмесі я эпигоны болуды қаламадым. Ал, қалғанын оқырман қауым романнан оқып алар, спойлер керек емес, кітап сатылымда бар.

‒ Келесі туындыңыз қандай болуы мүмкін? Жалпы, қазір не жазып жүрсіз?
‒ Мен әдетте жоспарымды алдын ала айта бермеймін, бәрі орындалғаннан кейін ғана бөліскенді жөн көремін. Бірақ сұраған екенсіздер, бір жаңалығымды айтайын. Былтыр Қазақстанның жеті ірі театрында драмаларымның премьерасы өтті. Ал биыл бірден сегіз кітабым жарық көрді. Бұл – көп жылғы ізденістің, адал еңбектің, табандылық пен қажыр-қайраттың жемісі.
«KITAP» баспасынан жеті кітабым, ал бір кітабым – «Балалар кітапханасы» топтамасы аясында педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, методист-ғалым, «Әліппе» оқулығының авторы Бижан Құрманғалиқызының жетекшілігімен «Arman-PV baspasy»-нан жарық көрді. Оның атауы – «Бәйшешек». Қалған кітаптарым – «Ясыны іздеу», «Оралу», «Құбыжық. Әлем драматургиясы – I», «Туған күн. Әлем драматургиясы – II», «Сенім», «Әділ қазы», «Мұхамедсәлім Кәшімұлы шығармашылығы және XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі ағартушылық идея» (PhD доктор, әдебиеттанушы-ғалым Гүлназ Бөкенмен бірге) – аударма, драматургия, эссе, әдеби сын, әдеби портреттер, әлем халықтарының аңыз-әңгімелері, алаштану, проза, көсемсөз сияқты түрлі жанрларды қамтиды.
«Мұтылғаннан» кейін «Жат» атты жаңа романға кірістім. Қазақ «Арық сөйлеп, семіз шық» дейді ғой, сондықтан әзірге артық сөз айтпай-ақ қояйын. Алла қаласа, аяқтаған соң әлеужеліден естіп қаларсыздар.
Үш жазушының әрқайсысы – өз алдына жеке стиль, жеке әлем. Бірақ оларды біріктіретін ортақ қасиет бар: қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл қозғауы, күрделі тақырыптарды ашық айтуға деген ұмтылысы. Олардың романдары оқырманды бейжай қалдырмайды – керісінше ойландырады, толғандырады, кейде тіпті мазалайды. Бұл – нағыз дамуға құштар әдебиеттің белгісі.







