Біз әрдайым жазушы шығармашылығынан астар іздеп жатамыз. Ол заңды да. Қалам құдіретін сезінген қаламгердің болмысында әлдеқандай бір тылсым жасырынған сияқтанып тұрады. Төмендегі шағын шолуымызда жұртшылық сүйсіне оқыған туындылар әкелген жазушылардың өміріндегі бұралаң-бұлтарыстар мен сүйікті әдеттері туралы сөз қозғамақпыз.

Ғажап романдарымен көпшілікті тәнті еткен қаламгер Эрнест Хемингуэй бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеген. Өзі алкогольге де жиі ыңғай танытып тұрса керек. Парижді қатты жақсы көріп, сол шаһарда ұзақ уақыт өмір сүрген. Испания мен Кубаны да жақсы көрген және аталған елдерге жиі сапарлаған. Африканың сафариіне де аяқ басқан. Төрт рет үйленіп, екі рет әуе апатына ұшырады. 1959 жылы Айдахо штатындағы Кетчумеден үй сатып алып, 1961 жылы көз жұмды. Хемингуэйдің өз-өзін өлтіргенін қазір жұрттың бәрі біледі. Неге ондай қадамға барғаны әлі де жұмбақ. Кей деректерде мұндай ауытқушылық оның генінде бар екен деп айтылады.

Флоридада өмірге келген Марк Твен тек жазушы ретінде емес, алтын іздеуші, журналист және белгілі дәріс беруші ретінде де танылды. Ол соғысқа қатысып, Конфедераттар милициясының тобын ұйымдастырды. Ол ғылымды қатты бағалап, әуестенген. Томас Эдисонмен кездесіп, Никола Тесламен дос болған. Марк Твен Галлея кометасының жерге жақындайтынын алдын ала болжаған. Сол комета жерге таяп келген күннің ертеңіне жүрек талмасынан қайтыс болған.

Эдгар Аллан По жиі қаржылық қиындыққа ұшырап, бар өмірін күреспен өткізген. Оның өмірі де, өлімі де құпияға толы. Соңғы күндерін қалай өткізгені де белгісіздеу. Ал бала кезінде математиканы зираттарды аралап жүріп оқыған деген дерек бар. Кім білген… рас шығар.

Ал Джек Лондон болса жазушылық жолда жүріп миллион доллар табыс тапқан тұңғыш жазушы ретінде тарихта қалды. Николай Гоголь қолөнерді қатты жақсы көріпті. Тіпті түрлі киімдер мен жейделерді де тіккен көрінеді. Тағы бір қызығы – бүкіл туындысын отырмастан, тұрған күйі жазады екен. Қазақ жазушыларында да мұндай мысал бар. Бірде жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек мақаланы да, әдеби туындыны да әрдайым тікесінен тік тұрып жазатынын айтқан еді. Ал түрлі естелік пен мемуарлардан Қадыр Мырза Әли мен Дүкенбай Досжанның шалқайып жатып жазатынын да білеміз.

Франц Кафканың өмірін де сәтті өрілді деуге келмейді. Көзі тірісінде небәрі бірер шығармасын ғана жариялай алды. Бірақ өлер сәтінде ол досын шақырып алып, туындыларының көзін жоюды тапсырады. Досы оның сөзіне келісіп, мақұлдайды. Бірақ Кафка көз жұмғаннан кейін барлығын керағар істейді. Нәтижесінде Кафка есімі әлемдік әдебиетте жарқ ете қалды. Бұл туралы біз арнайы мақала да жариялаған болатынбыз.
Жалпы, жазушылардың дер кезінде бағаланбауы – жиі болып тұратын құбылыс. Қазақ әдебиетінде де бағаланбаған немесе өз бағасын кеш алған қаламгерлер жетерлік. Таяуда ғана жазушы Төлен Әбдік «Қаламгер ұстаханасы» атты арнайы кеште Дулат Исабеков шығармаларының бұрын жеткілікті деңгейде мойындалмағанын айтқан еді.

«Бала кезімізде «Анау жазған дүниелеріміз мойындалмаса, бір қасірет болды. Егер біреу мойындап, бізді кішкене рухани көтерсе, біз әрі қарай кете берер едік» деп ойлайтынбыз. Керісінше, мақтау іздеудің керегі жоқ. Әйтпесе мақтағаннан кейін адам тоқырайды. Әлгі бір мақтау болмаса одан сайын ерегесіп адам өзімен-өзі алға жылжи береді. Өзін-өзі көрсеткісі келеді. Мысалы, Дулаттың керемет үш повесін ешкім де сол кезде керемет деп айтқан жоқ. Жай ғана жақсы деген сөздер болды, бірақ осының өзі дұрыс болған секілді. Өйткені Дулат қалып қойған болар еді, ал ол әрі қарай одан сайын ілгерілеп өсе берді. «Қарғынды» жазды, толып жатқан қаншама сатиралық дүниелері бар», деген еді Төлен Әбдік.

Ал тірісінде танымалдылықты сезініп, шығармашылықтың ләззатын тата білген жан деп Габриэль Гарсия Маркесті айтсақ болады. Иә, сәтсіздіктер бұл қаламгерді де айналып өткен жоқ. Десе де «Жүз жылдық жалғыздық» шығармасы жазушыға толағай табыс алып келді. Әйткенмен, колумбиялық жазушы осы бір туындысының экрандалуын мүмкін емес деп санаған, белгілі бір деңгейде ішкі қарсылығы да болған сияқты. Ол сондай-ақ өзінің соңғы шығармасы «Тамызда кездесерміз» романын жарияға шығаруды құп көрмеген. Бірақ жазушы көз жұмғаннан кейін бұл екі талабы да ескерусіз қалды. Бірер жыл бұрын «Netflix» сервисі «Жүз жылдық жалғыздық» сериалын (6 сериядан тұрады) көрермен назарына ұсынса, жазушының мұрагерлері «Тамызда кездесерміз» романын да басып шығарды.

Жазушылық берік жүйке мен төзімді, сонымен қатар қуатты көңіл-күйді талап етеді. Виктор Гюго баспаға қолжазбаны кешіктірмей, дер уақытында ұсыну үшін шашы мен сақалын жартылай қиып тастап, жазуға отырған. Сақал-шашы толық өсіп, қалпына келмейінше көшеге қарай аттап баспаған. Есесіне жазуын біршама еңсеріп тастайды. Ал қолжазба тәмам болып, кейін ол кітапқа айналғаннан кейін баспагерге небәрі жалғыз таңбадан тұратын («?») хат жіберген. Көп ұзатпай баспагер оған «!» деген жауап жолдапты. Бәлкім, мұны тарихтағы ең қысқа хат алмасу деп бағаласа да болғандай.

Бальзак күнін кофемен бастапты. Өмір бойы шылауына қарыз оралып, қиындықпен күн кешкен жазушы сөйтіп жүріп-ақ ғажайып туындыларын оқырманға ұсынып жатты. Жазушы қараңғылықта жазу жазғанды жақсы көреді екен. Тіпті күндіздің өзінде пердені қымтай жауып, балауыз шам жағып барып қаламын қолына алатын болған. Жаңа шығармасын жазу кезінде Бальзак та Гюго сияқты көшеге аттап шықпапты. Бір-екі ай бөлмесінде қамалып отырып, жазу жазған және әлдеқалай бір саңылаудан жарық түспеуін де қатты қадағалаған. Ол халатын киіп отырып, шамды жағып қойып күніне 18 сағат тапжылмай жұмыс істеді деген дерек бар. Жалпы, Бальзак өмірі, Бальзак шығармашылығы туралы Стефан Цвейгтің ғұмырбаяндық романында кеңінен баяндалады.






