Бұл – жазушы Бейбіт Сарыбайдың жаңа кітабы. Роман деп айдар тағылған туынды бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың жарқ еткен жасын ғұмырын арқау еткен. Автордың айтуынша, шығармада Бекзаттың чемпион болғанға дейінгі өмірі, балалық және жастық шағы, арман-мұраты суреттелген.

«Жас бала туғанда анасы жөргекке орайды. Ол өсіп, азамат болса, елін сүйсе, жұртына адал қызмет етсе – халық ондай ұлды Жүрегіне орайды. Біз Бекзатты сондай, халқының жүрегіне оранған ұл деп білеміз. Ал Бейбітті бұрын мықты сатирик ретінде танитынбыз. Енді спорт тақырыбында көркем дүние жазғанын көріп, қуанып отырмыз. Авторға шығармашылық табыс тілеймін», деді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жүрекжарды лебізін жеткізіп.
Таныстырылым шарасында ақын Бауыржан Бабажанұлы, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, жазушы Қанат Әбілқайыр, кітаптың редакторы Баян Хасанова және «Beles» құрылыс компаниясының басшысы, осы туындының жазылуына мұрындық болған Махат Төрәлі пікір білдіріп, туынды жайындағы көзқарастарын жеткізді.
«Шығарманы жазуға отырмас бұрын деректер жинадым, түрлі кітаптарды да оқып шықтым. Жалпы, осыған дейін Бекзат тұлғасы туралы екі кітап жарық көрген екен. Оларды өте жақсы жазылған деп айтуға болады. Алайда ол дүниелер негізінен ақпараттық деректерге құрылыпты. Мен Бекзаттың өмірін жәй ғана баяндап қоймай, оған сезім қосқым, жан бітіргім келді. Сол мақсат жолында тәуекел етіп Түркістанға барып, Сырлыкүл апамыздың шаңырағында жата-жастана әңгімелестік. Ол кісі Бекзаттың болмысы туралы кеңінен әңгімеледі. Бекзаттың ағалары мен жеңгелерінен де, достарынан да көп нәрсені сұрадық. Ертесіне Бекзаттың қабірінің басына барып, тәу етіп, құран оқыдық. Бекзат туралы дерек жинау барысында түсінгенім – Бекзат тек спортшы емес, сан-салалы, әмбебап тұлға екен. Біз білетін оның боксшылығы – Бекзаттың небәрі бір қыры ғана. Сіздерге бір қызық нәрсені айтайын, Бекзат шын мәнінде ақын болған», дейді автор Бейбіт Сарыбай.

Автор кітаптың сигналдық данасын Бекзаттың анасы Сырлыкүл апамызға оқытып алғанын, сосын ғана жалпы көпшілік назарына ұсынып отырғанын да жеткізді. Жазушының айтуынша, кітап Сырлыкүл апайға өте қатты ұнаған.
Жиын соңында кітаптың тұсауы ресми түрде кесіліп, оқырмандарға ұсынылды.







