• Кіру
«Жазушы» әдеби порталы
  • Әдебиет әлемі
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Дайджест
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
    • Сұхбат
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
«Жазушы» әдеби порталы
  • Әдебиет әлемі
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Дайджест
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
    • Сұхбат
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
«Жазушы» әдеби порталы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Дәурен Қуат. Киімшең бала (хикаят)

Дәурен Қуат. Киімшең бала (хикаят)

19.08.2025
- Проза
Оқу уақыты: ~ 32 минут
A A
Дәурен Қуат

1

Ескермес ауыл бастығы болған күннің ертеңінде: «Ауылдың сыртын торып, ішін жайлаған ұры-қарыға қарсы майдан ашамын», депті. Ескерместің әлгі сөзін естіп ел іші елеңдеп-ақ қалды. Сиырын жоғалтқан, танасын ұрлатқан, таңы атқанымен, тауығы шақырмай қалған момындар ауыл басшысы сұйық жүрісті сұғанақтардың жолын кесетін болды деп қуанған. Басшының кеңсесіне «бәрекелді» айтып кіріп-шыққан шал-шауқандар да: «Ескермес баланың беті қатты, ашуы алқымына тығылып әрең отыр, ұрыларды шетінен ұстатып қоя береді-ау», десіп жүрді. Расында, көп ұзамай біздің ауылда ала қолды адамдарға қарсы науқан басталды да кетті.

Ескермес алдымен есігін қара құлып күзеткен мәдениет үйінің ішін тазалатты. Иегіне селдір сақал біткен ноғай әжеміз бар еді ауылда, сол әжеміз бізді, балаларды «клубтан кино көресіңдер» деп жинап алды да, тазалық жұмысына салды. Мәдениет үйінің аты – мәдениет үйі емес пе, қалың драп перделер тұтылған терезелерге өрмекшілердің өрмек құрғаны болмаса, былайынша таза екен. Еденде біреудің асқазанынан жидіп түскен құсықтың жалқаяғы жатқан, оны ноғай әжеміз: «К шорту, Илебай! Хараммы», деді де өзі жуып тастады. Бізді маңына жолатқан жоқ.

– Ал енді мыналарды сендер тазалап, кетіресіңдер, – деп қолымызға бір-бірден сулы шүберек ұстатқан ноғай кемпір орындықтардың арқалығына ақ бормен жазылған қыңыр-қисық әріптерді көрсетті. «Д+Ж». «Е+Н». «Ә+Г». «Р+Б».

Мәдениет үйі өрмекшінің торынан, әріптердің «қосындыларынан», сосын әрине Ілебай тастап кеткен әнебір жаман нәрседен арылып болған соң, біз ноғай кемпірді айналдыра бастадық:

– Апа, кино көрмейміз бе?

– Илебай болмаса, мен кәйтіп көрсетемін киноны?

– Ілебай қайда?

– Илебай қайда болушы еді, жатқан шығар бір жерде аузы-басын ит жалап.

Осы кезде «көрсетермін оған жатқанды» деп, Ескермес бастық клубқа кіріп келді.  Ескермес ықшам, таза киінетін. Үстінде – кәшімір қара пальто, аяғында өкшесі биік, тұмсығы үшкір былғары етік. Пальтосының етегінен шығып тұрған балағының қыры қылыштың жүзіндей. Шалбардың балағын екі орап етіктің қонышына тыға салатындардан Ескермес қашанда ерекше. Сұйық қоңыр шашын шекелете қайырып қоятыны да ешкімге ұқсамайтын. Қойы қоралас, түтіні аралас ауылда туып-өскенімен, Ескермес бізге бөтен бір жақтан келген жат адамдай сезілетін.

Қашан көрсең де етігінің сүйір тұмсығын жарыстырып, жылдам жүретін Ескермес біздің жамырай берген сәлемімізді жартылай қабылдап, мәдениет үйінің сахнасына секіріп бір-ақ шықты.

– Әй, балалар, жақын келіңдерші, бері, мұнда келіңдер!

Ескермес ешкім білмейтін бір сиқырдың түрін көрсететіндей немесе еңіретіп тұрып ән салып жіберетіндей, ентелеп сахнаның алдына жетіп бардық. Бұл – ауыл балаларын ауылдағы басшы адамның алғаш рет елеп-ескеруі еді. Соған кәдімгідей дүрдиіп, ересектене қалдық. Бұрын бізді кім ескеріп, кім маңына жолатты ғой дейсіз? Кеңсенің қасынан, үлкендер бас қоса қалған жиын үстінен бала көрсе бітті, «әй, ары жүріңдер, аулаққа барып ойнаңдар» деп, түртпекке салатынның бірі осы Ескермес емес пе еді? «Кеңседе айтылған сөз қатын-баланың құлағына тимесін, кеңседегі сөзді үйдегі қатының мен балаң естісе бітті, жер-әлемге тарап кетеді», деп бұйрық шығарған да осы Ескермес еді ғой. Бұйрық болғанда, ауызша бұйрық, әрине. Қағазға қате сөздің түспеуін жақсы білетін, хатқа жүйрік Ескермес ел басқару ісінде де өзгеше шалт қимылдайтын адам екен – ол бізге төтенше тапсырма берді.

– Ауылымызды ұрылар торып жүр, – деді Ескермес аға. – Ұрыларға жағаттас жансыздар ел ішінен де табылуы мүмкін. Сендер сол ұрыларды ұстап, ерлік жасауға тиіссіңдер. Тап сендердің жастарыңда Павлик Морозов деген бала не істеді? Қоғам мүлкіне зиян келтірген әкесінің қылмысын әшкерелеп, батыр бала атанды. Сендерге де батыр бала атанудың мүмкіндігі туып тұр. Іске сәт, қырандарым! – Осыны айтып аз-кем үнсіз тұрды да, Ескермес бастық: – Балалар, бүгіннен бастап сендер мен үшін жан қимас жақын дос есебінде боласыңдар! Сондықтан достарым дейінші. Достарым, менің бұл тапсырмамды ешкім, әсіресе әке-шешелерің білмеуі керек. Сендердің барлау қызметтеріңнен ауылдағы тракторшы да, қойшы мен сиыршы да, сауыншы да хабарсыз болуға тиіс. Ал кім де кім біздің құпиямызды ашып қойса, оны дереу қатарымыздан шығарамыз. Сол үшін орталарыңнан командир сайлап алғандарың жөн, – деп сахнаның алдында үйіріліп тұрған бізді көзімен жағалата шолып өтті. – Кім командир болсын? Кімді сайлайсыңдар? Кімге бағынасыңдар? – Ескермес мәселеге төтесінен көшті.

«Мәселені қабырғасынан қоятын басшы» деген сөз сол жылдары газеттердің бетінен ел аузына көшіп, сәнге айналған. Әлгі сөз қаратылып айтылған адам біздің заманымызда «іскер басшы» атанатын. Ескермес ағамыз да іскер басшы, әне, ол да мәселені қабырғасынан қойып, төбемізден төне қарап тұр.

Топты жарып, топ баланың ішінен командир болып сайлану үлкен мәртебе ғой, шіркін, бірақ менің оған қарымым жетпейді. Әлжуазбын. Көшеге шығып көп ойнамаймын. Асық атып, ләңгі теппеймін. Өзім құралпы балалармен қарым-қатынасым да шамалы. Мұндай бала қол басқарып, ұры ұстау былай тұрсын, түнде тұрып мал қораның есігі ашық қалған жоқ па екен – соны қорықпай барып байқастап келе алса, абырой. Абырой әрі ерлік!.. Ал ұрыңыз сол мал қораның ішінде, қай қойды көтеріп әкетсем екен деп немесе қай сиырдың бұйдасын жеңіме орап, жетектей жөнелсем екен деп отырса, сұмдық қой! Жоқ, менен командир шықпайды! Командирің не, былтыр осы ауылдың балалары «төменгі жақ» – «жоғары жақ» болып бөлініп, «соғыс ойынын» ойнаймыз дегенде мені төменгі жақтың төбелесқұмарлары топқа қоспай қойған. Сондағы сылтаулары – мен көше балаларына көп жуымайды екенмін, оқуда озат екенмін, мектеп белсендісі екенмін, балалар ұрланып бас қосатын кешкі, түнгі отырыстарға бармайды екенмін, тағысын тағылар. Төмен жақ пен жоғары жақтың «соғысына» қатысуға жарамай қалғаныма ызаланған бетімде турникке секіргенмін. Турникке 20-30 рет тартылып түсе салысымен, шынжыр табанды трактордың дискісінен жасап алған «штангамды» жата қалып көтердім. Жаңағы жаттығулардан кейін бойыма тың күш, тасқындап қуат құйылғандай болған соң, флягын сүйретпеге салып тұмадан су алуға бара жатқан момын, жуас Бейбіт деген балаға барып қарадай ұрынғаным.

– Бейбіт, – дедім тісімді тісіме баса шықырлатып, өңімді барынша суытып, – ендігәрі мына тұма бастуға келіп су алушы болма!

– Неге? – деп сұрады Бейбіт сәл күлімсіреп. Момақан жүзінде қорқып тартынудан бұрын таңғалу басым. Жын ұрғандай жетіп келіп, табан астында тап берген менің мына қылығымды таң-тамаша көріп, қызықтап та тұрған сияқты. Жымың-жымың етеді. «Жымыңдағанды көрсетейін мен бұған». Жұдырығымды түйіп, Бейбіттің жақ сүйегінен қойып кеп қалдым. Момын бала қарсы қол көтермеді. Жағын уқалап, көзі жасаурап аз тұрды да, «Сенің мұндайың жоқ еді ғой, саған не болған? Осы бастаудан су алмай-ақ қойдым, бастаудың бар суын сен іш», деді де, бұрылып жүріп кетті.

Менің ішімнен бірдеңе үзіліп түскендей болды. Бейбітке жаным ашыды. Осы Бейбіт қандай момын, жуас болса да оған ешкім зәбір көрсетпейтін. Тентексүрей, әркімге бір ұрынып қағынып жүретін балалар да Бейбіттің қасында бейбіт бала кейпіне енетін. Бейбітті сыйлайтын. Мен болсам, сол Бейбіттің жағынан жанып қоя бердім. Мен тегі тентек бала бола қоймаспын. Тентектің тепкісіне түскен бала оның қарасы көрінген жерден тұра қашады. Бейбіт менен қорқып, тайқып кеткен жоқ, мені ұялтып кетті. Сотқар, сотанақ бала ұялмайтын да шығар. Тентек баланың ешкімге жаны да ашымайды. Жақындағы тұма бастаудан емес, алыстағы бұлақтан су алу үшін ауыр флягін сүйретпесіне салып ап, сайды құлдилап бара жатқан Бейбіттің соңынан қарап тұрып мен, «байқұс бала әбден діңкелейтін болды-ау» дедім. Көз ұшында бұлдырап, Бейбіттің қалт-құлт еткен кішкентай бейнесі сайдағы қойтастардың қолтығына сіңіп кеткенше, тұрған орнымнан табан аудармаған мен үйге келіп шағын кітапханама үңілдім.

«Том Сойер». Мен енді бұл кітапты оқымайтын шығармын. Том Сойер – мен еліктейтін кейіпкер емес. Мен ешуақытта алтын қазына іздеп аласұратын бала бола алмаймын. Мен өгей шешемнің әмірінен қия басып көрмегенмін, айқайын көшеге де естіртпеймін. Том Сойер әжесін алдап кете береді. Қиялшыл Том еркіндігіне қылдай тұсау түссе, үзіп тастайды да, еркінше сайран салады. Өзі барып тұрған бұзық бала.

«Құм жағалауының капитандары». Жоқ, бұл кітаптың да бетін парақтауға бұдан былай көңілім ауа қоймас… «Құм жағалауының капитандары» – шетінен сойқан балалар. Тынбай ұрлық жасайды. Түн кезеді. Пышақ ұстап жүреді. Пышақты қарсы келген адамға тайсалмай жұмсауға да дайын. Үй-күйсіз, қаңғыбас жүгермектер жасы әлі балиғатқа тола қоймаған қыздардың қойнына қол салады. Романның осы бір тұсы еліктіріп тартса да, мен оны бұрынғыдай қайталап оқуға құлықсызбын.

«Менің атым – Қожа». Жер әлемді шулатқан сотанақ Қожадан да көңілім қалып тұр. Себебі бұлардың бәрі – сотқар, ортақ тәрбиеден тыс өмір сүруге бейім, бірнәрсені бүлдірмесе жүре алмайтын, екі иығын жұлып жеген балалар. Сонда деймін-ау, жазушылар неге осындай балалардың мінез-құлқын үлгі етіп, кейіпкер етіп сомдайды? Неге әлгіндей кейіпкерлерді елдің бәрі естанды күйде жақсы көріп, сүйеді? Неге жазушылар тек жүріп, тентектік іс жасамайтын баланы бас қаһарман етіп әспеттемейді? Неге? Көшедегі содыр-сойқан бала мен кітаптағы көлденең оқиғалардың ортасынан табыла беретін баланың арасында сонда, қандай парық бар? Әлде бәріміз қалыпқа сыймай қаны тасып жүретін адамнан бірдеңе күтеміз бе? Білмедім.

Ал сөредегі мына кітаптың мүлде көзін құртқаным абзал шығар. Джером Сэлинджер. «Қара бидай алқабындағы шыңырау». Романдағы өң мен түстің арасында сандалған кейіпкерді жарыместер жақын тұтпаса, бізге ол түсініксіз біреу.

Әйтсе де, менің ішімде маздап, үнемі маза таптырмайтын ой тағы да құрсауына алды: қайтсем де көшеге шығуым керек!

2

Сахнада – Ескермес, Ескерместің алдында қораланып біз тұрмыз.

– Қане, атаңдар, командир кім болады? Кімді орталарыңнан командир сайлайсыңдар? – деп қадалып сұрады ауыл басшысы. Менімен шамасы қарайлас балалардың малақайлары көздеріне түсіп, милықтарына батып кеткен. Ал өжет туған әрі қатарындағы біз сияқты қара сирақтардан күші басымдар түгел командирліктен дәмелі болса керек, бір-біріне ұрлана қарап қойып олар да үнсіз тұр.

Біздің созылып бара жатқан үнсіздігімізді бұзып:

– Әй, сайыпқырандарым-ай! – деді Ескермес. – Осы жиындағы қай-қайсың да ұры ұстау операциясында командир болғыларың келеді-ау, ә? Бұларың дұрыс. Өте дұрыс! Әйтсе де орталарыңда бір басшының болғаны жөн. Оны мен Ерғанат деймін. Бүгіннен бастап командирлерің Ерғанат болсын.

Бәріміз ортамызда жүрген қысық көз шой қара баланы жаңа көргендей оған мойнымызды созып, қызыға әрі қызғана қарап қалыппыз. Ескермеспен алдын ала келісіп алған ба, әлде командир осылай істеуі керек деп табан астында қабылдаған шешімі ме екен, «бүгіннен бастап командирлерің Ерғанат болсын» дегенді ести салысымен ол оң қолын шекесіне қойып, иығын тіктеп, аяқтарын қайшылап, кәдімгі әскери адамша ширақ адымдап шетке шықты да:

– Отряд, сапқа тұр! – деп әмір бере саңқ етті.

Біз бойымызды жарыстырып сапқа тұрған болдық.

– Сап түзе!

Біз өзіміше сап түзедік.

Қолының қырын шекесіне жапсырған Ерғанат Ескерместің алдына барып шаншылып тұра қалды.

– Жолдас бастық! Ұры ұстау операциясына қатысатын балалардан құрылған отряд сап түзеп тұр. Не бұйырасыз?

– Бұйрық: жем-шөп қорына қол сұғып жүрген ұрыларды шетінен ұстап әшкерелеңдер! – деді Ескермес те қолын маңдай тұсына көтеріп.

– Бұйрығыңыз орындалады!

– Еркін тұрыңдар! – деді Ескермес.

– Еркін тұрыңдар! – деп қайталады Ерғанат та.

Ескермес жоғарыдағы айтқандарын қайта бір пысықтап алғысы келді ме екен:

– Тапсырма түсінікті ғой? – деп сұрады.

– Түсінікті! – деп жамырадық біз.

Түнде жортып, түнге оранған түнтұяқ адамдардың ұрлық қылатын ауылы басқа ауыл емес, біздің ауыл болғанына дәл сол сәтте іштей қуанбаған бала қалмаған шығар. Ұрылар біздің өмірімізге өзгеріс әкелді. Енді біз – сақшылармыз, барлаушы-жауынгерлерміз. Бұл – бір есептен ойын, қызық ойын. Ешкім ешкімге әлімжеттік жасап, намысқа тимейтін, зорлықшыл бала әлжуаз баланы ұрып-соғып жылатпайтын әділет шеңберіндегі ойын. Өйткені басшымыз бар. Басшымыз – Ерғанат. Ерғанат барлау ісінде бір-бірімізге тірек болуымыз керек екенін, барлаушылардың бауырмашыл болуы керек екенін Ескерместің алдынан шыққан жеке жиынымызда қатаң түрде ескерткен еді.

Ерғанат – бір үйдің үлкені. Үйелмелі-сүйелмелі үш інісі, пошта қызметінде шал-кемпірге зейнетақы тарататын шешесі бар.

Ерғанат – әкесіз жетім. Інілері де әкесіз… «Бұ балалар әкесіз емес, әкесіз бала жарық дүниеге қалай келеді?» дейтін үлкендер жағы. Бірақ әлгі сөзді дабырламай ақырын айтатын.

Әкесіз өскендіктен бе, Ерғанат інілеріне өте қамқор еді. Әке орнына – әке. Інілеріне үйдің шаруасын тапсырып, оқу үлгерімдерін де қадағалап, тәртіптерін де бағып, тіпті киген киім, ішкен ас-ауқаттарына дейін мән беріп жүреді. «Тамақты асап-асап жеңдер, қарулы боласыңдар», деп отырады ол інілеріне. «Киімдеріңді ұқыптап, таза киіңдер, жыртып алмаңдар. Жалғыз шешеміздің табысы неге жетеді?» дейді жанашыр, қамқор үнмен.

Өзі қайратты, өжет бала. Қиянат көрсе, кімнің де болсын жағасынан ала түсетін жасын мінезі бар. Спортпен шұғылданады. Күнде таң бозынан тұра салып тауды бетке алып жүгіріп бара жатқанын көреміз. Бетіне қабыршық мұз қатқан тау бұлағына белуарынан шешініп тастап жуынады. Інілерін де ізінен қалдырмай жаттықтырады. Әскерге аттанар алдында қағынып әркімге бір тиісіп, ауыл ішінің берекесін қашырған әумесерлердің бір-екеуін осыдан жыл жарым бұрын бөріктіре сабағалы бері оның беделі арта түскен. Інілеріне «тірі жетімдер» деп тиісуден тентек балалар да тегіс тыйылды. Сол Ерғанат ұрыларды ұстау үшін жасақталған отрядтың бастығы болып, міне, әрқайсымызға жеке-жеке жауапкершілігі мол қызмет үлестіріп отыр.

Ол алдымен отрядты үш топқа бөлді. Ауылдың жоғары жағында тұратын балалар – бір топ. Ауылдың етегін ала қоныстанған үйлердің балалары – екінші топ. Мал азығы – жем-шөп, жоңышқа, сүрлем бастырылған қорықты бақылайтын және бақташылар ауылын күзететіндер – үшінші топ. Осы соңғы топтың барлау қызметіндегі жұмысы өте ауыр. Себебі ұрылар бақташылар ауылы мен қорықтың маңын торауылдап жүруі әбден мүмкін. Әр топқа Ерғанаттың әмірімен жетекші сайланды. Жетекшіге екіден орынбасар бекіді. Екі орынбасар топ жетекшісіне, топ жетекшілері Ерғанаттың өзіне бағынышты болды. Қалғанымыз – тапсырмаларды тастай етіп орындайтын қатардағы барлаушы-жауынгерлерміз.

Алайда менің ішкі менім қатардағы жауынгер бола салуға бірден келісе қоймаған. Тегі бар ғой, мен ес білгелі менімен қатар белгісіз біреу Мен болып өмір сүріп келеді. Көпшілік ішінде мен – менмін де, сәл оңаша қалсам болды, ішімдегі әлгі біреу мені жетегіне ала жөнеледі. Ол, әрине, батыл. Жолы ашық, жолы әркез алдында сайрап жатады. Оның түр-келбеті де келісті, сүйкімді. Танауы таңқиып, көзі алайған маған еш ұқсамайды. Оған, әрине, мектептегі ең әдемі қыздардың бәрі ғашық. Ол, әрине, лидер. Көшбасшы.

Көшбасшы Мен қатардағы жауынгерлікті қомсынып, көңілі көбең тартып тұрған. Соны түйсігінің терең түкпірінен түйсініп сезгендей Ерғанат менің қасыма келіп арқамнан қаққан:

– Керім, түнде көшеде жүруден қорықпа, сенен түбі мықты барлаушы шығады…

Ерғанаттың әлгі сөзі мені дүр сілкіндірген. Ішімдегі менменшіл меннің де қыбын қандырды. Мен бойымды әскери тәртіпке келтіріп тіктелдім де, қолымды шекеме қондырдым.

Құпия жиынымыз «жабық» деп жарияланған соң, баяғы момын бала Бейбіт екеуіміз бірге қайтқанбыз. Екі етек болып ешнәрсенің соңынан ентігіп жүгірмейтін, бала болып балалардың ойынына бой ұрып, елікпейтін, әркезде сабырлы әрі аңғалдау Бейбіт маған бұрылып:

– Керім, – деді күлімсіреп, – екеуіміз барлаушы-жауынгерміз. Барлаушы болып нені барлаймыз сонда, кімді аңдимыз? Әке-шешемізді ме, көршілерімізді ме? Олар ұрылар ма? Қалай ойлайсың?

Мен әншейінде иығымды Бейбіттен асырып жүремін. Бейбіттің қасында өзімді көп білетін, оқуы озат жеткіншек санаймын. Бірақ кейде Бейбіттің әлгіндей көлденең сұрағы мен тосыннан айтып салатын сөзінің ұшығына жете алмай дал ұрып қалатыным бар. Осы жолы да сондай халге тап болдым.

«Шынында, барлаушы болып мен кімнің ізіне түспекпін? Алыс қыстауда, бет қаратпайтын ақ түтек боран мен үскірік аязда ат белінен аяқ жазбай, мал соңында таң атырып, кеш батыратын әкемнің ізін бағайын ба? Аңдығанда, баққанда не табамын? Ауылбастықтың алдында төменшіктеп, ұжымның отар қойына қосымша жем-шөп сұрағанда меселі талай қайтқан әкем ұрлық қылмақ түгіл, мал азығын үнемдеп ұстап, тұтамдап жұмсап жазғытұрымға әрең жеткізетін.

Жапалақтап жауған қалың қар ойды қырға теңесе де, жылқысын қыстан тебінге салып шығатын Нұрлыбек қарттың қарасын шолып отырайын ба? Ай, жоқ, ол әрекетім де далақбайдың далақтап далада шапқанындай болары анық. Қап, бағана, құпия жиын үстінде кімді, қалай аңдитынымыздың жайын Ерғанаттан сұрап алмаған екенбіз».

– «Барлаушы болып нені барлаймыз, кімді аңдимыз?» дейсің. Соны неге Ерғанаттан сұрамадың? – деп мен Бейбітке тіктелдім.

– Ол нені білсін? – деді Бейбіт жайбарақат қана. – Ескермес ағаның сөзіне елітіп кетті, бала емес пе? Мен білсем, бұл ауылда ұры жоқ. Ол – бос сөз.

«Не дейді мына Бейбіт? «Ескермес ағаның сөзіне елітіп кетті, бала емес пе?» дей ме Ерғанатты? Сонда мұның өзі кім? Бала емес пе бұл?».

Сонымен, қойшы, ауыл балалары ұры ұстау науқанына шабыла кірістік. Бұрын байқамағанбыз ба, әлде мән бермедік пе, ауылдағы кейбір кісілердің жүріс-тұрысы бізді күмән-күдіктің күңгірт түкпіріне сүйреп әкеткендей болды. Мысалы, біздің көрші Ризабек… түн баласы жатпайды-ау, жатпайды. Үйіне бір кіреді, бір шығады. Мал қорасының есігіне де маза таптырмайды. Ашады, жабады. Жылы, жайлы қорадағы қойлары мен сиырларын түнімен түртіп оятып, түгендеп тұра ма, астын құрғатып, ақырына азық сала ма – түсініксіз. Айналсоқтап жарым түнге дейін қора-қопсысының маңында жүреді.

Кенет… жоқ болып кетеді. Жоқ, жоқ, жоқ… «Бұ немені жер жұтып кетті ме, қайда жоғалып кетті?» деп, бас бағып, үңіліп отырғаныңда аяқ астынан жертөлесінен шығып келе жатады. Тағы да мал қорасын жағалайды. Мал қораның жанындағы маялап үйген шөпті ашалап ақтарып, айдың жарығында балта жүзіне салып турай бастайды. «Ризабек малына шөпті турап, шайнап береді», дейтін білетіндер. Сол сөз рас екен. Түн қатып ұйқы көрмейтін көршімнің соңынан тіміскіленіп жүріп оның аса шаруақор адам екеніне әбден көзім жетті. Амал кем, әзірге ұрлығын ашып, айнала жұртқа айпарадай ете алмай келемін.

Бақиян кемпірдің де түнгі жүрісі күдік тудырады. Бәкідей бүктелген белін жаза алмайтын кемпір – екі аяқтының жорғасы. Жорғалап басады. Есіктен төрге емпеңдеп ала жөнелгенде төбесімен қарсы бөлменің қабырғасын сүзіп өтердей қайрат танытатын. Тынымсыз. Бала-шағаға қарап отырмайды – үйдегі бар шаруаны жалғыз өзі-ақ тындыра береді.

Бұл кемпір де түнді түртініп өткізеді екен. Жарықты үнемдегені ме, балалар алаңсыз ұйықтасын дегені ме – білте шамның жарығында отырып іс тігеді. Іс тігіп отырады да, жорғалап барып пештің аузын ашып, ішіндегі шоғын көсеп-көсеп жіберіп, үстіне тамызық тастайды. Жорғалап барып немерелерінің көрпесін қымтап қайтады. Өткен бір аязды түнде үйден құрым киізді ме, тері тонды ма – сүйреп шығып ерте туған бұзаулар мен қозы-лақтарды жабулап жүргенін көргенмін.

Алтыншаңырақ тауының иығына шалқып шыққан жалаңаш Айды қызыл шұнақ аяз құшағына алған… Айнала аппақ дүние әйнектей шытынап, сырт-сырт сынып түсердей сыңсып тұр. Күндізгі дүниенің келбеті түгіл түнде адамдардың болмыс бейнесі де өзгеріп кететін сияқты. Ризабек маған мына дүниедегі бар затты әлдеқандай қараңғы бір қойнауға тасып, тығып жүрген қара кісіге ұқсады да, Бақиян кемпір немерелерін дию-перілерден қорғап, кірпік ілмейтін ертегі әлеміндегі қарт әженің кейпіне енді. Өмірде де, ертегіде де әжелер әжелерге ғана ұқсайды екен ғой…

Бақиян кемпірмен іргелес жылқышы Нұрлыбек шал да – түн адамы. Ұйықтамайды. Бұлар, шамасы, түнгі аспанның астында жұмбақ тірлік кешетін сойы бөлек жандар болса керек.

Төменгі ауылдың барлаушылары бас қосқан сайын көрген-білгенімізді айтып, талқылаймыз. Кімнің жүрісі күдікті, кімнің соңына қалай түссек болады – соның жоба-жоспарын жасаймыз, өзара міндет бөлісеміз.

Біздің топтың жетекшісі Түсіпхан – маскүнем өгей әкесі тақыр басынан қамшымен тартып жіберіп тыртық қалдырып, «Жырық шеке» атанып кеткен тентексүрей, бұзық бала. Түсіпхан тек Ерғанаттан ғана жасқанатын. Ерғанат командир болғалы дымы құрып жүр, әйтпесе ол осы күнге дейін біріміздің көзімізді көгертіп, біріміздің мұрнымызды тегістеп үлгерер еді. Өзі топ ішінен топ құрып алған. Олар – Жырық шекенің қолшоқпарлары. Ұры ұстау операциясына шейін де Жырық шеке қолшоқпарларын қоқаңдатып, әлі жететін балаларға ұрынып, тиісіп, мазақ қылып, айналасын тегіс басынып алған-ды. Қазір Ерғанаттың қатаң талабына амалсыз бағынғандықтан тауы шағылып, тасы құм болған Жырық кейде жұдырығын құшырлана сүйіп отырып: «Әттең, Ерғанаттың орнына командир болып сайланғанымда, ұрылар тегіс ұсталып, сотталып та кетер еді», дейтін. Онысы рас. Командирлік мансап Жырықтың жырық маңдайына бұйырғанда ол бізді көтенге теуіп жұмсап, қайткенде біреуді ұры ғып ұстап беруге жанын салар-ды.

«Керім, сенен түбі мықты барлаушы шығады», деген Ерғанаттың сөзі есімде. Бірде мен оған Ризабек пен Бақиян кемпірдің, Бақиян кемпірдің көршісі Нұрлыбек шалдың жарым түнге дейін жамбас суытпай түн кезетін қарекеттері туралы құпия түрде баяндап беріп едім, командирім езу тартып күлді де:

– Олар сондай… ертеңгі істі ерте бастап үйренген адамдар, түнде ұйықтамайды, – деді де қойды.

Көршілерімнен көргенім жайында Жырық шекеге ештеңе демедім…

Барлаушыларынан бас-аяғы бүтін мәлімет ала алмағанына жыны ұстай ма, Жырық шеке әр түн сайын топ мүшелерін тегіс алдына келтіріп, өзінше жиналыс өткізеді. Ерғанаттан, Ескерместен естігенін айтып, естігеніне жанынан сөз қосып жанығып отырады. Ол әдетте үлкендерше, үлкендер болғанда, үлкендердің аузынан естілетін бейәдеп сөздерді әңгімесінің арасына қыстырып сөйлеуге әуес. Осы кезде менің ішімдегі Мен: «Мынау есейгенде өмірден көп таяқ жейтін адам болады», деп сыбыр ете түседі.

Қыс ортасы ауып қалған. Жырық шеке барлау қызметінен жалықты білемін, бір күні ол бізге тосын ұсыныс жасады. Алдымен қолшоқпарларына қарап ыржалақтап күліп алған Жырық:

– Керім, Бейбіт, сен екеуің қамшы саптауды білесіңдер ме? – деп сұрады. Бейбіттің әкесі өрімші кісі еді: – Мен көкемнің қамшыны қалай саптағанын талай көргенмін, – деді. Жырық бастап, қолшоқпарлары қостап, Бейбіттің сөзіне қарқылдап күліп, бір жырғап қалды.

– Сен өзің қамшы саптай аласың ба?

– Жоқ.

– Білмейсің бе?

– Білмеймін.

– Білмейсің. Өйткені сен әлі маңқасың. Бозөкпе, боқмұрынсың. – Бейбіт қызарақтап үндемеді. – Ей, боқмұрын, сенің өзі жігіт болғың келе ме?

– Келеді, әрине.

– Келсе, қамшы саптап үйрен.

– Көкемнен үйренемін ғой.

– Ха-ха-ха!

– Көкеңнен емес, бізден үйрен, ақымақ!

Менің ішім бір пәлені сезді.

– Бейбіт, – деді Жырық енді ыржалақтаған күлкісінен тыйылып. – Қазір бәріміз Сүният шалдың үйіне қарай жылжимыз. Асықпай, біртіндеп. Сосын Сүният шалдың үйін аңдимыз. Білесің ғой, ол үйге жақында келін түскен. Жап-жас, сұлу келіншек. Сүнияттың әбден сүрленіп барып үйленген баласы мен келіні кейде терезе перделерін жабуға мұршалары болмай төсекке құлайтын көрінеді. Міне, бауырым, тегін кино. Сол киноны тамашалап қайтпаймыз ба бәріміз…

Біз амалсыз келісіп, бас изедік.

Ақпан айының түнгі бір шағы. Аппақ қар астынан жаңа өмірдің лебі сезіледі. Көктем келе жатыр… Бозбаланың бойындағы қанын бұлқытып ақпанның жаяу еспе желі ұйытқиды әредік. Мынау тайпиған көне там – Сүният қарияның үйі. Біз бұғып келіп жантайып жата-жата кеткен тақиядай төбешіктен жас жұбайлардың бөлмесі анық көрінеді. Бөлменің шамы сөндірулі.

– Жас жеңгеміз шал-кемпірге кешкі асын беріп отыр, – деп сыбыр етті Жырық шеке. – Байы сұлу қатынын көзімен ішіп-жеп, қойын-қонышын ақтарып отыр. – Жырық шеке жалғыз өзі сыбырлап қана сөйлейді. – Ақ төсекке барып аунай кетуге асығулы-ау, ә, байғұстар. Мұндайда жалмауыз шал-кемпірдің араны ашылып кетеді емес пе? Тамаққа тоймайды ғой қақпастар. Нәйім-нәйім.

– Хи-хи-хи!

Біреулер тұншыға күлді.

– Әй, күлмеңдер, ана екі кәріқұлақ жеті қат жер астындағыны естиді. Жәйірбекке обал тегі. Жәйірбек ағамызды айтамын. Таң атқаннан қас қарайғанша ол да бір – ұжымның қара қасқа өгізі де бір. Жәйірбектің еркектігі кешке қарай ғана есіне түседі-ау… Аңсап-шөлдеп үйіне келсе – анау, әне, құшағы от жас жарына шал мен кемпір бай болып алған. Изеңдеп қасынан ұзамайды. Қайран Жәйірбек, ойнақтап тұрған жас жарын құмарлана құшуға да қолы жетпей, жуынып-шайынып келіп амалсыз дастархан басына малдас құрады.

«Осының бәрін айтып жатқан Жырық шеке ме?» деп күбір етті менің ішімдегі Мен. «Мынау сөзге ағып тұрған бала ғой. Мынауың бір жерден шығады түбі».

Жырық шекенің «Мың бір түн» қиссасына құлақ түріп отырғанымызда, ерлі-зайыптылардың бөлмесіндегі шам жарқ етіп жанды да, ырғатылып, толқи басқан жас әйел айна алдына келіп арқалықты орындыққа тізе бүкті. Қақпалы биік айнаның астындағы тумбочкадан тарағын алып, түн қойнауында отырған біздің көз алдымызда түннен де қара қалың шашының бұрымын тарқатып, асықпай сүзіп, тарай бастады.

Бөлмеге Жәйірбек кірген. Қаталап-ақ қалған екен сорлы… келе салып айна алдында отырған әйелінің жүзін өзіне бұрып алып ерніне қадалды дерсің. Обып барады.

– Қайтеді-ей, тегі. Қатынының ернін қандала қылып жұлып жеп, жұтып қоя ма?

– Хи-хи-хи!

– Күлмеңдер деймін сендерге!

Жәйірбек әйелінің омырауын ағытып, аймалауға асыққан. Әне, үй ішіндегі шаруаға ыңғайлап киген жас әйелдің халаты иығынан ақтарылып, солқылдаған беліне сыпырылып түсті. Жәкең жарының белінен құлаштай орап ақ төсекке қарай қисая берген еді, сол сәтте жеңгеміз сұқ саусағын ерінің ерніне тігінен кеп тартты. Жәкең алқынып барып тежелген.  Алдымен терезені қалың перде толық қымтап жапты. Сосын жалп етіп жарық сөнді.

«Кино» бітті.

Бұл кезде Бейбіт екеумізден басқа балалар төбешіктегі шилерді ықтап, «қамшы саптауға» кірісіп кеткен екен…

3

Біз бойжеткен қызы бар, жас келіні бар үйлерді айналшықтап, ши сындырып жүргенде, өзге топтағы жүгермектер де ұрыларды ұмытып, құшағы жылы ауыл түнінен ойынның қызық бір түрлерін тапқанға ұқсайды.

Жоғарғы ауылдың балаларынан жасақталған барлаушылардың бастығы – боқтық сөздерден боран соқтыратын бәдіктігіне байланысты «Итауыз» атанған Құмарғалидың бастап бармайтын бәлесі жоқ еді. Сол Итауыз – Құмарғали іші пысқан бір күні құзырындағы жауынгерлерін «бөтен бұзаудың енесі» деген ойын ойнауға шақырады. «Ол қандай ойын?» деп сұрағандарды Итауыз жақсылап тұрып сыбап алады да, «соны да білмейсіңдер ме?» деп, қарсы сұрақ қоя отырып, «бөтен бұзаудың» мәнісін түсіндіреді. «Бұл ойынға», дейді Итауыз, «Өте епті, айлакер әрі батыл жігіттер керек».

Өте епті, айлакер әрі батыл «жігіттерді» өз тобынан жасақтап алған Итауыз біреудің қорасында тұрған бұзауды дымын білдірмей жетектеп әкетіп, келесі біреудің қорасындағы сиырдың бауырына апарып салады екен. Ол үйдің бұзауын – мына қораға, мына қораның бұзауын – ана қораға… осылайша бұзаулардың қорасын ауыстырып, әбден сапырылыстырып болған соң Итекең шынжырлы төбеттердің бірін ойға, бірін қырға байлап бір-ақ тыным табатын көрінеді. Не сиқыры барын кім білген, Итауызға ит үрмейтін… Ит атаулы Итауыздың жетегіне ілесіп жүре беретін.

Итауыздың түнгі жорығынан кейін таңертең жоғарғы ауыл азан-қазан болады да қалады. Әйелдер сиыр саууға қораға кірсе, бұзауы енесіне жанаспайды, енесі бұзауын бауырына алмайды. Аш бұзау ембек болып ұмтылса, сиыр мүйізін шайқап, теуіп, жолатпайды. Шайқалған мүйіз шелекті іліп кетеді. Қаңғыр-күңгір, даңғұр-дүңгір. Бос шелектердің даңғырымен ілесе «қараң қалғыр», «қарасан келгір» деген қатындардың ащы дауысы да таңғы ауыл ішін аралап кетеді. Ал бұл уақытта Итауыз көрпе астында қара борбайын шапаттап, ішек-сілесі қатып үйінде жатады.

Бақташылар ауылының барлаушылары да ұры-қарының ізіне түсуден жаңылып, өзгеше өнер тауыпты.

Айғайша – арқан құлаш азаматтың ғана құшағына сыятын, омыраулы, сүйекті әйел. Ірі, балғын денесіндегі бар мүшесі қимылға билеп көз арбайтын нұрлы жүзді Айғайша «бұқа бұзаулапты» десе, «қай жерде?» деп жүгіре жөнелетін аңғал жан еді.

Кешкі сауыннан үйіне түн қараңғысында оралған ол аулада тұрған моншаның пешіне отты жағып жібереді де, әбден буланып, рахаттанып шомылады. Соңынан кір-қоңын, тіз киімдері мен омырауқабының бәрін жуып, жайып, ішкөйлекшең төсегіне барып құлайды. Тынымсыз ауыр еңбектің адамы тұяқ серіппей ұйықтайды ғой, Айғайша да алаңсыз қалың ұйқыға беріледі. Ертеңінде шойын пештің көмейіндегі оттың табы басыла қоймаған жылы моншада кеуіп, құрғаған киімдерінен қолына тигенін бойына іліп, қайқаңдап сауын басына тартқанымен, сол күні Айғайшаның жұмысы бір өнбейді-ау. Сауын сиырдың желінін жұлып алатындай жоғары-төмен жүгіретін салалы саусақтары икемге келмей, қолы қолтығына жабысып тартына береді. Балағы қара санынан қысқан тіз киімінің тігісі тақымын тілгілеп және жүргізбейді. Ет жеңді, толық әйелдің уайымы – артық салмақ, семіздік. Айғайша қара сиырдың бауырында семіріп кеткеніне қайғырып отыр. Ал ала сиырды әукесінен сипалай түскен Торғын сұлу тіз киімінің балағы тізесінде салақтап, қос анарының омырауқап ішінде ойнап қалғанын бұлаң күндердің қол бұлғап, ұзап бара жатқанынан көріп, іштей жүдеп тұр.

Ыстанының бауын сүйреткен Байгенже шал базды айналып күбірлейді:

– Әкеңнің ғана аузын… мына бір тұсында қол сұғатын ойығы бар сияқты еді… бітеліп қалған ба, бауын бұзау шайнап ұзартып жіберген бе, салақұлаш қой тіпті.

Зәпия кемпір де аң-таң:

– Келін, ине сабақтап бер, далада жаюлы тұрған жерінде сиырдың мүйізі тиген бе, дамбалымның алды жыртылып қалыпты, тігіп алайын… Ой, Алла-ай, дәл менің дамбалыма келіп сүйкенгенін қарасаңшы қарасан келгірдің!

Барлаушылар емеспіз бе, бақташылар ауылындағы қызықтың қырманын қыздырған қуларды ішіміз сезді.

Біздің заманымызда еркек, әйелдің киімі бір қолдан – Совет үкіметінің алып іс тіккіш машинасынан шығатын да, жұрт оны талғамай, таңдамай киіп жүре беретін. Сондықтан Айғайша мен Торғынның тіз киімін, омырауқабын көлемі жағынан болмаса, түр-түсінен айырып алу қиын еді. Шалдың ыстаны мен кемпірдің дамбалы да әлгіндей ұқсастықтың салдарынан ауысып кеткен. Киімдерді түнде жайма кермеден жымқырып әкетіп былықтырған – бақташылар ауылындағы біздің барлаушылар, әрине. Соның бәрін ұйымдастырып, бұйығы ауылды бүлк-бүлк күлдірген Ерғанат екенін естігенімде, менің ойыма Бейбіттің сөзі оралды – «бала емес пе?»… Ерте ес жиып, ересек секілді көрінгенімен, иә, Ерғанат та бала екен…

4

Жем-шөп қорына аяусыз қол сұғып, тауысуға таяған ұрыларды ұстауға жұмсаған жасағының ауыл ішін ала-топырға толтырғанын елден бұрын білген Ескермес бір күні бәрімізді клубқа жинап алып қатты кейіді.

– Мен сендерді қоғам мүлкін қорғауға қолұшын беретін көмекшілерім, сақшыларым болады деп жүрсем, тфу, масқара, бірің келін түскен үйді жағалап, бірің бөтен бұзауды бөтен сиырдың бауырына теліп, енді бірің әйелдердің түнде жуып жайып қойған киімдерін үптеп ұятты іс қылдыңдар ғой! – деді Ескермес. Сосын ол Ерғанатқа шүйліккен:

– Сен неге есіңді жоғалтып, мына елірмелерге еріп жүрсің? Ергенің не, ертіп, еліртіп жүрген өзің көрінесің. Анау Айғайша мен Торғынның іш киімдерін ауыстырып кигізген сен дейді білетіндер.

– Ол екеуінде көз жоқ па? Өз киімдерін өздері айыра білмей ме? – деп күңк ете қалды Итауыз.

– Үйдегілердің ұйқысын бұзбайын деп, сауыншылар жарықты жақпай таң қараңғысынан киініп, сауынға жүгіреді. Айғайша мен Торғын да қолына тигенін бойына жапсырып жүре берген де… Соны сендер білесіңдер. Білгеннен соң әйелдерді әлгіндей әлекке салып, көпке күлкі қылғансыңдар!

– Зәпия кемпір Байгенже шалдың ыстанын қайтармай қойыпты ғой, – деп жырқ-жырқ күлді Жырық шеке.

– Сен ит, аузыңды жап! – деді ауыл бастығы түтігіп. – Қыстың аяғы созылып кететін түрі бар. Ұрылар малдың жем-шөбін суыртпақтап қояр емес. Ал бұлардың отырысы – мынау, міне: ыржың-ыржың, тыржың-тыржың. Өй, өңкей көксоққан, нақұрыс!

Қараторы өңі нарт қызарып күлкіге булығып отырған Ерғанат осы сәтте бойын тез жиып, үлкендерден көргеніндей салмақтанып алды да, салқын ғана тіл қатқан.

– Бұл ауылда ұры жоқ, ағай. Сіздің ұры көріп күдіктенетініңіз – ірі-қара малдың ауызы. Қолға қарап тұрған мал қордағы жем-шөпті жемегенде қайтеді? Күнде жейді. Қорадан шығып кеткені қорықтағы шөп пен жоңышқаға қарай жүгіреді екен. Талай рет алдынан таяқтап қайырдық. Енді ұры деп соларды ұстап апарып қамамасақ, бұл ауылдан басқа ұрыны кездестірмедік.

– Сен сенімді ақтамадың, Ерғанат, – деді Ескермес. – Сондықтан сенің орныңа Түсіпхан командир болады.

– Мейліңіз, – деді Ерғанат. – Ұры ұстаймыз деп жүріп ұятқа қалмаңыздар, әйтеуір. Тағы бір ескертерім: бүгінгі балалармен ойнауға әсте болмайды!

Атүсті жиынымыз апыл-құпыл тез аяқталып, Жырық шекеге «шен» бұйырғанына іштей томсырайған көп баланың көңіліндегісін бір оңашада Ерғанатқа сұрақ қылып қойдым:

– Сен неге командирліктен лезде бас тарта салдың?

Ерғанат қабағын сәл шытып барып жауап қайырды:

– Бір жылы қыс қатты болып, жем-шөп қоры тақа таусылғанда қойлар бір-бірінің жүнін жалмап жеп, ірі қара – сиыр, торпақ қоралардың іргесін кеулеп, топырақ жалап өкіргенін көргенмін. Ескермес: «Ауылымызды торып ұрылар жүр», деген соң мал азығы ерте таусылып, мал тағы да аштан қырыла ма деп алаңдағаным рас. Сол үшін ұры-қарыны ұстап беруге де белсене кіріскенім рас. Сөйтсем, олай емес екен. Ескермес ағамыз шалағай кісі екен. Ол жем-шөптің есеппен, мөлшермен жұмсалып жатқанына қарамайды. Шетінен кертіліп, шақталып келе жатқан нұсқасына ғана қарайды. Қорыққа біреулер қол сұғып жүр деп ойлайды. Сондай күмән-күдікшілдігімен дігірлеп елдің мазасын да алып болды.

Сосын менің өзіме жеке арнағандай бір сөз айтты:

– Ендігі командирлерің – Жырық шеке. Түбі ұры ұстамай қоймассыңдар. Сен, бала, бірдеңеге ұрынып қалмай, байқап жүр.

5

…Үстіне қабаттап, үйіп киімді кие береді. Жейде, жейденің сыртынан жейде. Тағы да жейде. Костюм, костюмнің сыртынан костюм. Шалбары да қат-қабат. Соның бәрі оған елдің тартуы, елдің кигізгені. Біреулер оны әулие дейді. Біреулер жын-перінің шалығы шалған екі есті адам дейді. «Оп-оңды азамат екен, ілгеріде ескі жұрттардың бірінде түнеп оянғалы ес-түсінен айырылып, шалықтайтынды шығарыпты», десетін үлкендер жағы.

Біз білгелі ол – кезбе. Ауыл-ауылды аралап, ел ақтайды да жүреді. Тұрақ-жайы да беймағұлым. Ауылымыздың ортасын жарып ағатын Тастыбүйеннің шилеуітті жазығындағы сары топырақтан түйіп салған шатырсыз тоқал тамға келіп байқұс кезбе көп аял қылатын.

«Мұның кіндік кескен үйі – осы», дейді ауылымыздың ақсақалдары. Алайда ауылдағы бар үй – кезбенің үйі еді.

Үлкен-кіші оны «Топыш» дейтін. Азан шақырып қойған аты – Топбалағаз көрінеді. Есіміндегі топтанған бала қазды ниеті қарау, қыршаңқы тілді біреу кезбеге көп көрді ме екен, «Топыш» дей салыпты. Содан бері ол кәріге де, жасқа да, тіпті балаға да – Топыш.  Айы-күні былай тұрсын, Топыштың туған жылы да белгісіз еді.

– Мен білсем, бұл Топыштың жасы биыл алпыстың екісіне келді, – деп ауылымыздағы көнекөз қарияның бірі саусақтарын бүгіп жыл қайыра бастаса, оған жасы үлкеннің бірі жұлып алғандай қарсы шығар еді:

– Қой, шырағым, Топыш бәрімізден үлкен. Тоқсаннан мол асты. Алпыстың ауылы қайда – Топыш қайда? Баяғыда ел басына күн туып, жан-жақтан талауға түскенде, ақтың әскеріне де, қызылдың әскеріне де қасқайып қарсы шапқан ерлермен тізе қосқан Топыш сол уақыттарда отыздың оймауытына ер салған ердің сойынан көрінеді. Одан бері қанша су ақты? Міне, 87-жылдың пифыралы, «қаш-қаштың», «үркіндінің» заманында сойыл көтеріп солқылдаған азаматтың жасы қазір нешеде?.. Құдая тоба, сонда бұ Топыш жүзден асып кеткен бе?..

– Әкесі Дүзелбайдың байлығы аспанға айырпылан ұшыруға жететін деуші еді бұрынғылар. Мына Топыш қара жердің бетін қайыстырған малы Сәбет өкіметінің айдауында кетіп бара жатқанын көріп: «Ата-бабамның ақ-адал малына көз қырымды салып жүремін», деп, арғы бетке – Қытай бетіне ауған көшке ілеспей қалып қойыпты. Содан бері осында. Бұ Алла Тағаланың ісіне амалың кәні? Еншісіндегі елдің жә деген жігітінің қолына құрық ұстатып жылқысын бақтырған, көнек-қауға беріп малын саудырған мырза бүгінде – кезбе.

Әйтсе де, Топышты кезбесің деп кеудесінен итерген жанды көрмедік. Ол қалаған үйінің есігін шалқайта ашып кіріп барады да, сәлемін созып төрге озады. Әулеттің өткен-кеткенін түгендеп, дастарханға бата қылады. Топыш кезбенің арғы-бергіден білмейтіні кем. Әсіресе аты аталудан қалған ескіліктің адамдары жөнінде сөйлесе, жағы жабылмайтын. Қазір ғана көне дүниеден салып ұрып келе салғандай, сол көне заманның адамдарын осы жаңа көріп отырғандай хикаят, баяндар созатын кезбе Топыш бізге салқар түс көріп оянған жандай сезілетін.

Ескіліктен ескі әңгіменің тиегін ағытып, шерін тарқатқандай болып байсал тауып отырған Топыш кенеттен кеңк-кеңк күліп: «Бүгін Брежнев құрдасым мінген сәмөлеттің беліне арқан тастап ұстадым да, Аршалының шойын қара тасына байлап, жібермей қойдым. Брежневке де жан керек екен: «Топеке, қалжыңды қой, босат самолетімді, биіктен құлап өлемін» деп жалынды», дейтін. Сонан соң бауырын көтеріп жүре бастаған бала көрсе бітті, ойынға әуес үлкен аусар бала сияқты арсалаңдап, құлағын жыбырлатып, аузын қисаңдатып, қабағын қағып, көзін қылиландырып бір қызық қимылдар жасап кететін.

Топыштан жұрт тамағын аямайды. Барын алдына тосады. Ертеңінде шыт көйлек, костюм-шалбар не жағалы киім кигізіп аттандырады. Дәстүр солай. Топыш кезбе әлгі киімдерді біреу қолынан алып қоятындай жылдам киіп алуға асығатын. Жейденің сыртынан жейде. Тағы да жейде. Костюм сыртынан костюм. Шалбары да қат-қабат. Қабаттап киген киімі денесіне батпаса, кезбе оны таспадай тіліп, өрім-өрім қылады да, бәрібір үстіне жапсырады. Тастамайды, қолтығына қыстырып не қоржынына салып та жүрмейді.

Кезбе Топыш ұшынған сәбиді құшағына қысып аз отырса болды, құлан-таза айықтырып, құлдыраңдатып жіберетін.

Топыш ауырған малды да емдеуші еді. Малды емдегенде… мал дәрігерлері сияқты ине шаншып, дәрі беріп емдемейді – боқтайды. Мал иесінің ата-бабасын құлақ-шекесінен құлдилата боқтап, ішек қырындысын ақтарады да, ұстарамен тілгілеп тастаған алба-жұлба киімін сүйретіп кете барады. Ауру мал аяғынан тұрады. Сол кезбеге ілесіп біз де түнгі кезбелерге айналғанбыз. Барлаушыларды кезбенің соңына салған – Жырық шеке.

Жырық шеке Ерғанат бөлген топтардан іріктеп, он-он бес баланы ғана өзіне серік еткен-ді. Жырықтың сенімді серіктерінің арасында мен де бармын. Түсіпхан жырықтай сотқар бала қатарына тартқанына менің ішімдегі менменшіл Мен бек риза. «Керім, кері тартпа, ұмтыл, ширақ бол, пысық бол! Әлің жететін баланы төмпештеп те ал. Жырық шекенің көзіне түс. Батылдық, қатыгездік қана қара басыңа құрмет туғызады», дейді ол сыбырлап.

Командиріміз Топыш кезбенің жеті түнде желпілдеп қорық жақтан ауылға кіргенін байқап қалыпты.

«Осының жүрісі тегін емес, жын соққанның кейпіне еніп бұ кезбе талайды бүлдіріп жүр. Милицияның көзіне түспеу үшін де есалаң бола қалады екен», деген еді Жырық шеке. Командирдің аузынан әлгіндей сөзді естігелі бері біз Топыш кезбенің ізіндеміз.

Шатырсыз жүдеу там әлсіз сұрғылт сәуле себезгілеген ай жарығынан қашып, түн қараңғысына тығылғандай қарауытып қана көрінеді. Түн қойнауын шарласа, жүзі жарқыраған айбалта арқалап жүретін Топыш кезбе үйіне жаңа кірді де, төргі бөлмесіне өтті. Ізінен көлеңкедей ілескен біз ауыз үйде қалдық. Төргі бөлмеге өткен Топыш дауысына жарқын салтанатты үн қосып:

– Ассалаумағалайкүм, би ата! – деді.

– Уағалайкүмассалам!

Біз селк ете қалдық. Жетім үйде Топыштан басқа тағы біреудің болғаны ма?

– Армысыздар, жақсылар!

– Бар бол, батыреке!

– Уа, Топбалағаз мырза, төрге шық!

Біреудің туған шешесіне тура шабатын орысша боқтық сөзді қотарып тастаған Итауыз:

– Қалай көрмей, білмей жүргенбіз – мына үй толы адам екен ғой? – деді таңдайын қағып.

Қос ауыз үйдің іші самбырлаған дауыстарға толып кетті.

– Топбалағаз мырза, ел аралап көп жүресің. Қаланың тілін білесің. Мына заманның әлпеті қандай? Сөйле!

– Би ата, қаланы қаптесерлер жайлапты. Ғайса пайғамбардың заманындағыдай оба жайлай ма деп қорқамын. Келер заманның түсі суық. Үскірік боранын алдына салып айдап келеді.

– Үркер қай межеде?

– Үркер шырқап зау биікте тұр. Енді оның жерге түсуі неғайбыл.

– Үркер үріксе де арқар жусан айыр біте беруші еді?..

– Арқар жусан күлтесінен төгіліп қалыпты, би!

– Е-е, ендеше, нар қоспақтың қомы ауған екен. Дәуренің қайтып оралғанша, «Көкейкесті» күйімен күңірен де жат десейші. Топбалағаз, домбыраңды қолыңа ал. Шерлі күй «Көкейкестіні» шерт.

Дың-дың-дың. Даририра дарид-ай, дарири ра дарира!

Әу баста күй әуені адамның танау астынан ыңылдап шығатын қоңыр үніне ұқсап естілген, аздан соң балкөмей домбыраның ішегі мен пернесінен күмбірлей сөйлеп қоя берді.

– Кезбе шал домбырашы екен, – деді Итауыз, – шынымен күй шертіп отыр.

Күй қайырмасынан неше қайтып ұзақ шерленді. Күйге қосылып төргі бөлмеден жасын ішіне жұтқан өксік жалын, ах ұрған дауыстар да естілгендей болып тыным тапқан. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Бізде де қыбыр етуге дәрмен жоқ. Күй құдіреті мен анау есіктің ар жағында жауаптасқан адамдардың әлде бар, әлде жоқ ғайыптық бейнесі арбап, тіл-аузымызды байлап тастаған.

– Әке, – деді төргі бөлмедегі Топыш кенет. – Әке, ата-бабамнан қалған ақ-адал малды көздеп есен-сау жүріп жатырмын. Төрт түлігің дүркіреп қайтадан көбейіп келеді. Құла айғырдың құлыны – Арасанда, күрең айғырдың тұяғы – Баласазда. Ел ақтаған кезбе болып соларды сыртынан бағып қайтамын. Мына ауыл сенен қалған Зеңгі баба төліне ие боп отыр. Ала бас қызыл сиырларың жылда бұзаулайды.

– Қорықтағы мал отының қоры қандай?

– Жетеді. Биылғы қысқа жетіп артылады. Мен сол қорықтың астынан ұра қазып, жем мен шөпті жасырып, бастырып жүрмін. Алдағы жылы жұт болады.

– Сыртқа, – деп сыбыр етті Жырық шеке, – қыбыр-қимылыңды білдірмей сыртқа шығыңдар бәрің!

Біз бұғынып, еңбектеп, мысық табандап сыртқа шықтық та, қалың шидің арасынан тәпелтек соқпа тамға қарап отырдық. Ауыл іргесінен шет, жым-жырт мүлгіп тұратын үнсіз үйдің соқыр терезесінен балауыздың, әлде білте шамның жарығы діріл қағады. Біреу жарықты қолына ұстап қуыс бөлмені кезіп жүрген сияқты: сарғыш қызыл от бірде терезенің көзінде іркіліп, енді бірде түймедей ноқатқа айналып түнекке жұтылады.

Кешелі бері жауған қардың бетіндегі ақ ұлпа ұшқынды үйіріп жел соққан. Екпіндей соққан жел кезбе үйінің іргесіне кеп соғылды да аспанға бұрқырап, түтей көтерілді. Шатырсыз үйдің төбесінде құйындай үйірілген ақ түтек содан кейін ақ кебін жамылған аруақ бейнесінде үзіліп-үзіліп аспанға ұшты да кетті. Түнгі аспанда керуен созып құс жолы жатқан. Әлгіндегі ақ кебінді аруақ бейнелер сол құс жолының ағынына ілесіп, сіңіп жоғалды.

«Топыштың үйіндегі адамдар аруақ кейпіне еніп, аспанға ұшып кетті», деп күбірледі осындайда қасымнан табыла қоятын Мен. Мен мұны барлаушылар тобына естіртіп айттым:

– Топыштың үйіндегі адамдар аруаққа айналып, аспанға ұшып кетті.

«Мына немеге кезбе шалдың шалығы тиіп кеткен жоқ па?» дегендей бетіме үңіле қарап отырған Жырық шеке:

– Қыртпашы, ей! – деді. – Ол кебінін сүйреткен аруақтар емес, ол үйіріліп соғып, аспанға көтерілген қарлы ақ боран. Білдің бе?

Аузына келген боқтық сөзді өлі, тіріге қатар жұмсайтын Итауыз «қамшысын саптай» салып Жырық шекеге қарсы сөйледі:

– Сенің шекең жырық емес, басың жарық. Жаңа ғана үй толы адамдардың дабырласып сөйлегенін ана жарғақ құлағың естіді ме? Естіді. Естісе, сол адамдар қайда кетті? Сенің жарық басыңа қарғаша саңғыды да, ешкінің сарпайындай қылжырайған көзіңнің алдында аспанға ұшты да кетті. Қиғақ-қиғақ. Білдің бе?

– Құдай жоқ, – деді Жырық. – Құдай болмаған соң аруақ та болмайды.

– Оны саған кім айтты? – деп шаншылды Итауыз.

– Ағай айтты.

– Қай ағай?

– «Физика ағай».

– «Физика ағайың» оттайды. Құдай, аруақ болмаса, ол неге Өкен шал өлгенде жаназа намазына тұрып қолын жайып, бетін сипады өткенде?

– Құдай мен аруақты қайтесіңдер, тездетіп кезбе шалдың ұрасын табайық та, – деді барлаушылардың бірі.

– О, міне, сөз!

6

Таңды шала ұйқымен атырып, сабақ аяқталғанша сабырымыз сарқылған жырық шеке Түсіпхан, итауыз Құмарғали – үшеуіміз түстен кейін Ескерместің кеңсесіне ұрланып барып бас сұқтық. Қақпан бел хатшысының қайда жүргенін кім білсін – ауыл бастығы кеңседе жалғыз екен. Есігін еппен қағып, кабинетіне кірдік.

– Иә, жігіттер, сөйлеңдер. Не айтуға келдіңдер?

Ескермес орынтағынан көтеріліп, терезесінің жиналмалы пердесін – қатпарлы жалюзиді түсірді. Бұл оның барлаушыларды құпия қабылдап отырғанын білдіретін әрекеті еді.

– Ұрыны таптық! – деді Жырық шеке шықшытының бұлшық еттерін ойнатып. Ол мұның қызбаланып, қызынып сөйлер алдындағы әдеті еді.

Ескермес елең етті:

– Кім екен?

– Кезбе Топыш шал.

Топыштың атын естігенде бетінің қызылы лап етіп алқымына жайылып, шекесіне шапқан Ескермес:

– Ей, Түсіпхан! – деді. – Сенің өзі есің түзік пе, жоқ па? Ол екі есті, ауру адам ғой. Жасы тоқсанда ма, жүзде ме – сондай… ана ғасырдан еңбектеп келіп, мына ғасырда еңкейген кәрі қақсал. Алжыған. Алжыған шал ұра қазып қайтсін?

– Өз аузынан естідік, – деп әңгімеге Итауыз араласты. – «Келер жылы жұт болады. Сол үшін қорықтың астынан ұра қазып, мал азығын жасырып, бастырып жүрмін», деп өзі айтты.

– Өзі айтты ма?

– Өзі айтты.

– Өз аузынан?..

– Басқаның аузынан Топыш сөйлей алмайды ғой. Басқалар Топыш болып сөйлей алмайды.

Итауыз ауыл бастығын қауып ала жаздап тоқтаған.

– Құмарғали, шалдың сөзін дұрыстап, таратып айтшы? – деді алқымы мен шекесінде алаулаған жалынды басқан Ескермес. – Бәлкім, оның жанында сыбайластары бар шығар? Бәлкім, жынды шалдың жыртық шапанын жамылып біреулер жүрген шығар ұрлық қылып?

– Сыбайластарын білмедік… бірақ біз ізіне түсіп барғанда үйі толы адам болды.

– Кезбе шал біреуге сәлем берді. Анау сәлемін алды.

– Сосын біз түсінбейтін бірдеңелерді айтып кетті.

Жырық шеке мен Итауыз Ескерместің алдында жарыса сөйлеген.

– А, солай ма? – деп алдына өңгеріп алған үстелін сұқ саусағымен шертіп жіберді Ескермес. – Енді түсіндім, балалар. Алдымен ешкімге білдірмей қорықтағы ұраның бетін ашамыз, сосын шетінен сыпырып отырып кезбенің сыбайластарын ұстаймыз.

7

Айналып ат шабатын ауқымды алған қорықты қорыс шұңқыр қылып тракторшы Мырзабайға Ескермес төрт-бес күн қаздырды. Мырзабай – басшы жұмыс тапсырса, түйіліп жүріп үндемей істей беретін, артық сөзге жоқ біртоға адам еді – қорықтың қойнын не үшін тракторының күрегімен қопарып шыққанын сұраған да, түсінген де жоқ. Қорықтан ұра табылмады. Бірақ Ескермес бізге: «Ұрыны қайтсеңдер де табыңдар!» деп қатаң тапсырды. Ұсталмайтын, бар-жоғы бейкүмән, Ескерместен өзге ешкімді елең еткізуден қалған ұрыны ұстаудан бұл шамада біз жалыға да бастағанбыз, алайда Жырық шеке: «Кезбе шалды бір тергеп-тексеріп көрейікші», деп өзеуреп қоймады.

– Тергеп-тексеріп көрейік дейсің бе? Мынау Жырық шекенің емес, милы, бүтін шекенің ұсынысы болды, тергесек – тергейік, – деп жанып түсті Құмарғали итауыз.

Үшеуіміз топтан бөлініп сол күні түс әлетінде Топыш шалдың тоқал тамына баса көктеп кіріп бардық. Шал нардай биік, ұзын, сүйекті ағаш төсекте өрім-өрім киіміне оранып, қобырап жатыр екен, біздің сыпайылық сақтап берген сәлемімізді алған жоқ. Келген шаруамыздың жайын шет жағалап естіртіп едік, оны да түсінбегендей сыңай танытып меңірейіп отыра берді. Біз кезек-кезек өжеңдеп, Топышқа төніп сөйлей бастадық:

– Шал, сені аңдып, ізіңнен қалмай көп жүрдік.

– Алдыңғы күні анау ауызғы бөлмеде отырып тыңдадық, үйіңде біреулер болды ғой сенің?

– Олар кімдер?

– Сен «ассаумайкум» дедің, біреу «әліксалам» деді.

– Тағы біреу сенің атыңды анық атады. Топбалағаз деді.

– Сен ұра қазып, ұрлық қылатыныңды айттың.

– Мыңғырған малдың бәрі менікі дедің.

– «Әке» дедің. Әкең де осында ма? Осы үйде тұра ма?

– Домбырамен күй шерткен кім? Сен бе? Қайда домбыраң? Бізге де өнеріңді көрсетші?

– Түнде неге айбалта арқалап жүресің? Біреуді шауып өлтірейін деп жүрсің бе? Әлде әлдекімге кеткен кегің бар ма?

– Жалған жындысың ғой деймін осы сен?

– Млиса көрсең, жынды боп қалады екенсің ғой? Білетіндер бар. Соның рас па?

Кезбенің өлген қой көзденіп қарашығын қозғамаған қалпы үндемегені, оған сұрақ қойып қожаңдағанымыз бізге ұнап қалды. Шақ-шақ етеміз әншейін. Менің ішімдегі Мен де еліріп, құтырына түскен. «Сақалынан ал, тарт, жұл!» дейді жұлқынып. Қолымның қалай барып қалғанын білмеймін, шалдың сақалына саусақтарымды салалап апарып, сүңгітіп жібердім де, уыстап ұстай алдым.

– Айт, қақпас, шыныңды!

Мен шалдың сақалынан алып, аямай, шынжаулап тартып қалғанымда, ана екеуі де естен айрылып, есіріп кетті. Ақыл-есі айнымалы адам өзіне өзі ие бола алмай, көтеріліп кетеді деуші еді ғой, біз де сол сәтте сондай күйге ұшырадық. Ертеректе, бала кезімде, деліленіп ауырған бір әйелдің еңгезердей еркектерге пышақ, айыр алып ұмтылғанын көрген едім. Біз де қазір деліміз, жындымыз. Сондағы халімді мен есейген, оқыған жылдарымда қанша саралап көрсем де ұғына алмадым. Ал мен мүлде ұғына алмаған бір оқиға біздің кезбе шалға азар беріп, азаптап, білгенімізді жасағаннан кейін болған еді. Оған, сірә, адам баласы сене қоймас… әйтсе де мен енді аяқталып келе жатқан әңгімемнің соңынан бір-ақ шығайын.

– Қол-аяғын байлап мұны ағаш төсегінің арқалығына таңып тастайық, – деді Жырық шеке. Жырық шекенің бұйрығы орындалды: шал төсекке таңылды. Ол тағы бұйырды: – Бүгінше ас-сусыз осылай жатсын, бұл кезбені іздейтін ешкім жоқ. Тергеуімізді ертең жалғастырамыз.

Ертеңінде келсек, шал таңулы күйінде бет алдындағы бір нүктеге қадалып, қалшиып қатып отыр екен.

Біз қандыбалақ қарақшыны қолға түсіргендей жаныға сауалымызды жаудырдық.

– Сен неге ел кезіп қаңғудан жалықпайсың?

– Қытайдың шпионысың ба?

– Көрген-білгеніңді Қытайға қалай жеткізіп тұрасың?

– Қандай аппаратпен жеткізесің?

– Суретке түсіресің бе?

Ауыл арасындағы майда-шүйде ұрлықты ысырып тастап біз сонда халықаралық деңгейдегі жансызды тергеуге алғандай есерлендік. Мынау – дұшпан, біз – тергеуші қызыл комиссарлармыз. Оқулықтар, кітаптар, кинолар бізді қызыл әскер, қызыл комиссар болуға тәрбиелеген. Ал кітаптар мен кинолардағы қаһармандарға еліктемейтін бала ол заманда кемде-кем еді.

Қанша сұраққа алсақ та кезбенің жақ кірісі ашылмады. Біз дағдара бастадық.

– Мұны қалай сөйлетеміз?

– Әншейінде сұңқылдап отыратын еді, үні мүлде өшіпті ғой…

Мен пальтомның жан қалтасына толтырып ши сындырып әкелгенмін.

– Мына шилерді тырнағының астынан тығып жағайық, – дедім. Жырық шеке де, Итауыз да менің бұл ұсынысыма шіміріккен жоқ:

– Әпкел бері шилеріңді, – деді қосамжарласып. Жырық шеке алдымен қимылдады. Ол ұшы үшкірленген шилердің бірнешеуін алып шалдың бас бармағынан бастап саусақтарының басына аямай сұғып-сұғып жіберді. О, сұмдық! Шал тырнағының астынан кеулеп кірген шилерді ауырсынған жоқ, бірақ кеудесіне құлап кеткен басын жұлып алып, Жырық шекеге таңқала қарады да, тіл қатты:

– Нәшәндік жолдас, сен әлі тірі ме едің?

– Маған айта ма? – деп ыржалақтады Жырық. – Нәшәндік жолдасың тірі, – деді сосын әдетінше шықшытын ойнатып, – Нәшәндік жолдас сені азапқа салады әлі.

Саусақтарынан қан сорғалаған кезбе Итауыздың да бетіне аңтарыла қарап отырып:

– Сен мына нәшәндіктің қасындағы атқосшы сақшысысың ғой? – деді. Маған да үңілді:

– Сені танымадым.

– Ол біздің қатарымызға таяуда қосылған сайыпқыран. Жас барлаушы, жауынгер. Сіріңке қайсыңда бар?

– Менде бар.

Итауыз қалтасынан шығарып сіріңкенің қорабын ұсынды. Жырық шеке қанға малынған шилердің басына от қойған. Шилер қанның күйік иісін көңірсітіп жана бастағанымен, тырнақты жарып кірген тұсына жақындағанда бықсып, өшіп қалады. Біз көп әурелендік. Өшкен шиді суырып алып жаңасын сұғамыз – бәрібір соңына дейін жанбайды. Шидің бойымен тұтанып алып зырлаған от шалдың сояудай тырнақтарының ұшына тақағанда дымы құриды. Кезбенің омырауы, қат-қабат шалбарының ауы мен тізесі шылқылдаған қанға бөкті.

– Бүгінге осы жетер, – деді Жырық шеке, – ертеңге де ермек керек, жігіттер!

 8

– Ши сұқпақ түгілі тырнақтарын көбесінен сөгіп алсаң да ит жанды кезбенің қыңқ етер түрі көрінбейді.

– Бұған бұдан басқа қандай амал бар?

– Қазыққа отырғызайық.

– Ойбай, қалай?

– Екі басы сүйір, істік темірді жерге қағамыз да, шалды сол темір істіктің үстіне тізесінен сәл бүгіп тұрғызып қоямыз. Аяғы талып отыра кеткенде, істік жамбасына қадалады.

– Керім, сенің өзі таппайтының жоқ екен. Мұны қайдан білесің?

– Кітаптан оқығанмын.

– Тұтқынды азаптаудың амал-тәсілі де жазыла ма кітапта?

– Жазылады.

– Кітап оқу керек екен, ә?

– Оқу керек.

– Маған ақыл айтатын кітап емес, нақты іске үйрететін кітап керек.

– Кітаптан бәрін табуға болады.

– Мен кітап дегенді жақсы оқитындарға ғана арналған ба десем, бізге де онымен дос болуға болады деші.

– Кітап – қашанда досың, қаласаң – қаруың.

– Бұл үйден істік темір табылар ма екен?..

– Табылмаса, қайтеміз?

– Істік темір табылмаса, бұл кезбенің қолын артына қайырып байлап, шаңырақтың анау сылағы түскен салдауырына асып тастайық. Өлмейді.

– Мұны да кітаптан оқыдың ба?

– Суреттен көрдім. Баяғыда бір қауым ел бір пайғамбардың қол-аяғын керіп, айрық ағашқа шегелеп өлтіріпті.

– Қозы-лақ, құлын-тай, гүлбәйшешек, 8 март, Аяз Ата – Ақшақар. Мен көрген суреттердегі көріністер – осылар.

– Құмар, суретте бәрі бар. Егер суретшілер көргендерін көрген қалпында қағазға көшіре берсе, қызыл, сары бояулар таусылып қалар еді.

– Неге?

– Өйткені қан көп. Тарихты оқысаң, адамзат баласы қан кешіп келеді.

– Кітап пен суретті қоя тұрыңдар. Шалды қайтеміз?

– Қолын қайырып, қолтығынан алып асамыз. Өлмейді.

– Асайықшы. Қалай болатынын көреміз сосын.

Біз қыстың қысқа күні терезесінен сығалаған алакөлеңке бөлменің есігін жабарда және бұрылып қарадық: алба-жұлба киімі аяғының басына қарай ақтарылған кезбе ұзарып, созылып кеткендей көрінді.

Үйге келсем, өгей шешем жыландай ысқырып, зәрленіп отыр екен. От жағылмапты. Үйдің ішін суық алып үлгерген.

Өгей шешемнің артынан келген соқталдай қызы бар. Аты – Гүлхан. Шешесі Гүлханның саусағын қимылдатпайтын. Ертеңгі сабақтарға әзірлігін аяқтаған Гүлхан секеңдеп көше қыдырып кетеді. Ойнайды. Шанамен сырғанақ тебеді. Ерке, шолжаң. Ер балалармен алысып-жұлысып ақ қарда аунап жатады қашан көрсең. Ол менімен де алысады. Мен өтірік жеңілген боламын. Жеңіліп жатып түйін салып, жетіліп келе жатқан омырауына, дөңгеленген бөксесіне қолымды батырып, қысып-қысып жіберемін. Гүлханға да соным ұнайды білемін, ол мені жығып алуға, жығып алып талтайып үстіме мініп алуға құмар еді. Мен де соны қалаймын. Гүлханның тақымынан ып-ыстық ағынды сеземін. Гүлхан күннен-күнге жұтынып, ажар ашқан, сүйкімді, сұлу қыз болатын…

Қызын бауырына басып отырған өгей шешем:

– Әй, сұмырай, қайда жүрсің? – деп шаңқ ете қалды. – Күнде сабақтан кешігіп келетінді шығардың ғой сен?

– Қосымша сабақ болып, артынан «Еңбек ағай» мектептің ауласындағы қарды тазалатты, тәте.

– Қайдағы қар? Қар жаумағалы қашан? Өтірікті соқпай бар, көмір әкел, от жақ. Қорадағы малдарды суарып, ақырына жем-шөбін сал. Таңертең жағатын отын-суды да үйге кіргізіп қой.

– Жарайды, тәте.

– Осының бәрін саған күнде айтып қақсап отыруым керек пе?

– Айтпасаңыз да істеймін ғой.

– Әй, сен бері келші. Не дейсің?

Мен булығып осы әзірде аузымнан шыққан сөзімді қайталадым.

– Айтпасаңыз да істеп жүрмін ғой, тәте…

Ол шапалағымен жағымнан жанып жіберуге оқталып келіп, қалшылдап тұрып-тұрып басылды. Мені көрсе, қарадай жыны қозып, ашуланып, айқайлап, тыжырынып кететіні бар өгей шешемнің.

Аузы-мұрнын күйе жалаған үйдегі қатпа пешке қанша от жақсаң да ең түпкі бөлме жылымайтын. Қабырғаларын суық сорып, зәй тартып тұрады. Өгей шешем менің төсегімді сол түкпірдегі бөлмеге салатын. Мен түні бойы тоңып, дірдектеп, 5-6 жасымда дүние салған анамды ойлап, сағынып, жылап шығамын.

«Апа-ау, сен болсаң, мен қысты күні құлқын сәріден тұрып от жақпас едім ғой».

«Апа-ау, сен болсаң, суығы қолды қаритын сүйменмен қорада қатып қалған көмірді қопарып жүрмес едім ғой».

«Апа-ау, сен болсаң, үйге кіре алмай мұрнымнан суым ағып, бүрсеңдеп далада тұрмас едім ғой».

«Апа-ау, сен болсаң, өгей шешенің шапалағы жағыма жанып-жанып тимес еді ғой».

«Апа-ау, апа-ау» деп көзімнің жасын бұлап жатып ұйықтап кетемін. Кейде өгей шешемнен қалай құтылсам екен деп құрған қилы-қилы жоспарларымның соңында шаршап, талып ұйықтаймын.

Түс көріппін. Түсімде қап-қара түнде, қап-қара таудың басындағы жар тастан құлап кетіппін деймін. Біреу ту сыртымнан итеріп жебергендей де болған, иә… Құлдилап құлап келемін. Әне-міне, қазандай қара тасқа соғылып, жұлыным үзіліп, миым шашылады екен деймін. Бірақ соғылмаймын. Құрдымға құлдилай түсемін. Көзім тарс жұмулы. Қара ұйық таусылып бітпейді. Жаным ышқынып шырқыраймын. Бір уақытта құлашымды жайсам, құлашым қанатқа айналыпты. Байқасам, енді құлап емес, ұшып келемін. Кенет қасымнан алып қара құс пайда бола кетеді. Қарасам – ол Топыш кезбе екен. Киімінің өрімі арқанша шұбатылып ол да ұшып келеді. Шұбатылған арқандар шиыршық атып, ширатылған жыландарға айналды. «Мені жыландар шағып алмас па екен» деп жанұшырамын. Сол кезде бір ұзын қарашұбар жылан тамағымның астынан оратыла кетіп, тұла бойымды тұтас орап алыпты деймін. Тұншыққан жаныма дәрмен іздеп айқайламақ боламын. Әбжыланға қарсыласпақ боламын. Ары-қарай бұлдыр-бұлдыр, шым-шытырық.

Біресе мен жыланнан қашып құтылып, тып-тынық ауада қалықтаймын. Біресе биік шыңдары күліп оянған күннің қызыл арайына боялған тауларға қарап тұрамын. «Қазір мен анамды көремін», деймін өзіме-өзім, «Қысылғанда түсімде анамды көремін. Мені жыландар буындырып өлтірмек болды ғой. Жыланнан анам құтқарады».

Түсім үзіліп қайтадан жалғасады. Таудың қабырға жолымен аяңдап Топыш келе жатыр екен деймін. Қолында бұтақтары иір-иір қисық таяқ. Үстіндегі киімі жалп-жалп етеді. Топыш қасыма жақындай түседі. Мен оның алдынан шығып сәлем бермекке ұмтыламын. Топыш…, жоқ, Топыш емес, менің апам, Топыш сияқты қабаттап қалың киім киген, бойына сыймай қалғаны өрім-өрім болып шұбатылып жер сыпырып барады. Өңі суық. «Апа-апа», деймін айқайлап. Апам бұрылмайды.

«Апа!»

Апалап жатып оянып кеттім. Қыстың ұзақ түнінің түңлігін түрген таң жарығы тарала бастапты.

9

… Бұл күні кезбенің үйіне тым кеш бардық. Жырық шекені өгей әкесі «бір шелек картоп алып шықшы» деп, жертөлеге түсіріп жіберіпті де, қамап қойыпты.

– Ол – есалаң, ауру. Әйтеуір бір себеп тауып қанымды ішеді. Өскенде өлтіріп-тірілтіп, тірілтіп-өлтіріп тепкілеймін ғой мен оны! – деді Жырық шеке.

Итауызға атасы қораның қиын ойғызыпты. «Көктем келіп қалды. Буаз қойлар бауырын ыстық жерге төсесе, қозы тастап кетеді» депті атасы.

– Атам мені жұмсай береді, қашан өледі екен қақпас? – деп боқтанды Итауыз.

Кезбе салдауырда асылып қимылсыз тұр. Біз бөлме ортасындағы діңгекке тартып байлаған арқанның ұшын шешіп, кезбені аспадан түсірдік. Оның қан қатқан омырауы, шалбарының балағы сықыр-сықыр етеді. Қан қара жылтыр әйнектей қатып қалған. Кезбе тірі.

– Осыны шешіндіріп көрейікші, – деді Итауыз.

– Расында, неге көрмеске? – деп құлшынды Жырық шеке.

Алдымен кезбені қалың шоқпыт киімінен арылтпаққа әрекеттендік. Өрім-өрім болып тілінген киім маталары бір-бірімен шатасып-матасып тұтасып кетіпті. Қол батпайды. Қабаттап киген киімінің бір қабатын сыпырып алсаң, астында тағы бір қабаты жатады. Оның астында тағы бір қабат. Тасбақаның сауыты сияқты қабаттап аршылған қатты, өрім киімдердің арасынан бүтін киімдер де кездеседі. Жағасы, жеңі, тіпті түймесіне дейін түгел. Одан ары қарай өрім-өрім маталардың қатпары. Ісіміз өнбеді.

– Мына өрімдерді тарқатқанша таң атады ғой, – деп қонышынан кездегін суырып алған Жырық шеке кезбенің киімдерін сыпырып «соя» бастаған. Сонысы бір есептен дұрыс болды, Топыштың денесін толық қылып көрсететін қат-қабат қалың киімдер едеуір жұқаланып қалды да, бүлінбеген бүтін шекпендер, омырауына нәзік кесте төккен тік жаға ақ жейделер, жібек шарқаттар шыға бастаған. Сонда аңғардық, о, ғажап! Кезбе Топыштың өңі жасарып, жігіт келбетіне өзгеріпті де, киімдері жеңілденген сайын тамағы, тіп-тік жұмыр мойыны ашылып, бет-ажары уылжи түсіпті.

– Кезбе Топыштың жетпіс жеті ата-бабасының аузын ұрайын, біз осы түс көріп отырған жоқпыз ба? – деп орнынан атып тұрды Итауыз. – Бағана ғана мына аспақта шал тұрған, киімдерін шетінен сыпыра бастап едік, өңі жасарып, жас жігітке, одан соң, міне, бозбалаға айналып келеді. Бұл не, сиқыр ма? Көзбояу ма?

– Бұл бала екен, – деді Жырық шеке тұншыға сөйлеп. – Кәдімгі біз секілді бала.

«Бала. Бала. Бала… Киімшең бала. Қат-қабат қалың киімнің ішінде бой жасырған бала. Әулие, әлде екі есті кезбе, диуана бейнесінде ел ақтаған бала. Жо-жоқ, мүмкін емес. Кезбені кейбіреулер жады деуші еді. Құпия кітаптардың оқуын біледі, түрлі сиқырды меңгерген дейтін. Сол сөздер ойжота айтылмаса керек. Әйтпесе қалай, ғасыр жасаған қарт құбылып жасара ала ма, көзімізді бақырайтып қойып бала бола қала ма?».

Бұдан әрі біз қорғансыз, әлсіз баланың бар киімін сыпырып алудан тартындық. Қолы бататын, қорлығы өтетін үлкендердің бірі болса, аямас па едік, бұл бала ғой. Өзіміз сияқты бала. Балаға бала әлімжеттік жасағанымен, қорламайды.

– Дуадақты білесіңдер ме? – деп күбірге жақын дауыспен күтпеген әңгіме бастады Құмарғали. – Көктемде оралып, қара күзде жылы жаққа ауатын, жым-жырт үнсіздікпен үйлесіп, сақ жүретін құс. «Дуадақты бітеудей сойып, терісін басына киген диуанаға әулиелік қасиет қонады екен», дейді атам. Мен осы кезбені дуадақ құсқа ұқсатамын. Өткен күзде қатты жел соққанда сыртынан байқағанмын: жел Топыштың алба-жұлба киімін қобыратып аспанға ұшырып әкете жаздады. Кезбе де әуеге ұмтылып, дуадақ құсша қомданғанын көрдім.

– Біз үшеуіміз ойнасақ та, шындасақ та біраз жерге бардық қой, – дедім мен. – Осымен тоқтасақ, қайтеді?

– Тоқтамаймыз, – деді Түсіпхан, – тоқтамаймыз! Бізді барлаушы қылып, ізі түгіл өзі жоқ ұрылардың соңына салған Ескермес еді ғой. Ескермеске де бір ескерту жасайтын уақыт болды.

– Қалай?

– Қайтіп?

– Соны өзім де білмеймін. Ойлансақ, бір амалын табармыз.

– Топышты қайтеміз?

– Бар киімін жиып, киіміне құндақтап, орап қояйық. Тоңып, үсіп қалмаса, болды, Топыш өлмейді. Күнде ас-суын әкеліп тұрамыз. Үшеулеп бағамыз. Бірақ Топыштың кім екенін бізден басқа тірі жан баласы білмеуі керек. Ұқтыңдар ма?

– Ұқтық.

– Түсіндік.

Үшеулеп Топышты қайта киіндірдік те, оюлы ағаш кереуеттің үстіне апарып қонжиттық. Ол салдауырдан салақтап түскенде де, ту сыртына қайрылып байланған қолы арқаннан босағанда да, қабат-қабат киімнен бойы жеңілдегенде де тіл қатпаған. Шалықтап, ауысып сөйлейтіні бар еді. Сөйлеген де жоқ. Тек біз жиналып сыртқа бет алғанда ғана бір сандырақ сөз айтты:

– Балалар, мен енді ұшамын!

10

Ертеңінде біздің ауылдың үлкендері «апыр-ай, а?» деп бас шайқап, орта жастағылардың бірі қарқылдап күліп, бірі «е, бәсе!» деп тымақты алшысынан тастап айызы қана сөйлеп, қатын-қалаш бетін шымшып бір әңгімені жарыса айтып, қатты гулескен.

Оқиға былай болады.

Елең-алаңнан ат беліне қонып, қорықтың бас-аяғын шолып қайтатын Ескермес әдеттегідей ерте оянады. Қар таңға жауып басылған сияқты: таңмен, қардың аппақ түсімен ағара бастаған айнала жаңадан жаралғандай бұйығы халде бейқам мүлгиді. Аңшылар үшін нағыз қансонар. Ескермес те осыны ойлап бөгде жүрістен қалған бөтен із жоқ па екен, болса, мезгілдің мынандай сәтінде көзге қапысыз түседі деп атына қамшы басады. Желдіртіп қорыққа барады. Қорықтың маңы жылмиып жатыр. Тыныш. Бірақ қорықты бір айналып шыққанда, бір құшақ жоңышқаның қар астынан шығып қалған сабағын анық көреді. Ілгерілеп ары қарай жүргенде және бір құшақ жоңышқа ұлпа қардың астында жатады. Ат тұяғын жебей бастырып және жүрсе, тағы сол көрініс.

«Айттым ғой», деп ат ойнатады Ескермес, «Айттым ғой, ауылда ұры бар. Міне, ізі. Мына із мені ұрының үстінен түсіреді».

Ескермеске куәлар керек. Ауылға алқын-жұлқын шауып жеткен ол активтерді сирақтарынан сүйреп оятып алады да, алдына салып қорыққа қарай айдайды.

– Менің сөзіме сенбеп едіңдер, көресіңдер қазір қызықты.

Мұның арты расында қызыққа ұласады.

Қорықтың аузынан басталған бір құшақ жоңышқаның ізі ауылға келіп тіреледі. Қансонардың қарын аршып байқаса, көне қардың бетінде шананың табан ізі қалыпты. Сол ізбен жүріп отырған Ескермес бастаған ауыл белсенділері… басқа емес, ауылбастықтың ауласына келіп кіреді ғой. Ескерместің ауласы. Мынау – көмір қорасы, анау – кебу ағаштарды жарып, жинап қойған отын қорасы. Одан арыда моншасы тұр. Шана моншаның сыртын айналып кеткен сияқты. Моншаның іргесіне қар үйіліп қалғандай… алқынып жеткен ауыл белсенділері үйілген қарды теуіп-теуіп кеп жібергенде астынан бұрқырап көк жоңышқа шыға келеді. Жарты шана жоңышқа. Жоңышқаның жаздағы жұпар иісі аңқып қоя бергенде Ескерместің қойы маңырап, сиыры мөңіреп, жылқылары шұрқырап, иті абалап төңіректі азан-қазан қылады. Апалақтап ауласына кірген көптің сәлемін еріне алған Ескерместің адам менсінбейтін қатыны қашып үйіне кіреді.

– Ал қорықтан ұрланған жоңышқаны қайтеміз, акт жазамыз ба? – дейді белсенділердің бірі.

– Жазайық, қағаз толтырайық. Осы ауылдағы ағайынның бәрін ұры көріп, алакөзденген Ескерместің өзі еді ғой. Сөйтсек, ұры өзі екен.

– Е-е, өзінің ұрлығын өзгеге жауып жүр деші бұл.

– Ағатайлар-ай, – дейді сонда Ескермес шырылдап, – ағатайлар-ай, егер ұры басы өзім болсам, мен сендерді қорыққа алып барып, шананың ізіне салып сандалтамын ба? Қорықтағы жем-шөпке сұғанақтық қылсам… шаналап емес, трактордың қорабына салып тасысам да мал азығы қолымда тұр емес пе?

Ескерместің шырылдап айтқан шын сөзіне ешкім иланбайды да иілмейді. Шұғыл түрде аудандық прокуратураға, аудан әкіміне арыз айдайды.

Айға жетпей бейшара Ескермес қызметінен босап, көшеде қалған. Соңында топ бала: «Ұры, ұры!» деп шулайды.

Шекелете қайырып қоятын әдемі қоңыр шашы жалбырап желкесіне түскен, бұл күнде ішімдікке бой алдырған Ескермес сорлы өлесі мас болғанда:

– Бүгінгі заманның балаларымен ойнауға болмайды, – дейтін былдырлап.

Айтпақшы, Ескерместің ауласынан ұзаған соң белсенділер: «Мына істі кім істесе де, оңдырмай істепті. Бетке соға істепті. Азамат екен», десіпті сылқ-сылқ күліп. Аздан соң бұл әңгіме дүйім жұртқа тарайды.

…Сабақ арасындағы үлкен үзілісте мектеп ауласында балалармен алысып, ойнап жүргенмін. Ерғанат қасына шақырып алды да:

– Сойқан екенсіңдер ғой! – деді өңін суытып.

– Ерғанат, оны істеген біз емеспіз, – деп міңгірлеген болдым мен.

– Көп сөйлеме, – деді Ерғанат, – мен бәрін білемін.

Біз бүгінгі сабақтың тез аяқталуын тағатсыздана күтіп, Топыштың үйіне асықтық. Сөмкемізде үйден үлкендерге білдірмей ала шыққан жұмсақ нанымыз, құрт-ірімшігіміз бар. Қалың шиді қалқалап, ықтап кезбенің үйіне де жеттік. Келсек, кезбе жоқ. Төрде қаңқиып ағаш төсек тұр. Жерде шұбатылып арқан жатыр. Топыштың өзі көрінбейді. Қаңғыбас кезбе ауыл арасында жүрген шығар деп тарағанбыз. Одан кейін де талай бардық, әркімнен елеусіздеу етіп сұрап та көрдік – Топыш жоқ. Ол сол қалпы жоғалды, табылмады. Топышты ауыл маңынан кездестірген жан да болмады.

– Байқұс кезбе ел ақтап жүрген шығар бір жерде, – десіп үлкендер жағы да оны көп іздемеді.

Күндер өте бұл дүниеде болмағандай, бұл ауылда тұрмағандай Топыш есімі ұмытылды. Тек біз ғана, мен, Түсіпхан, Құмарғали – үшеуіміз ғана қыстың бір кешінде болған таңғажайып көріністің сырына жете алмай, кезбенің көз алдымызда құбылған бейнесін жадымыздан өшіре алмай, оған көрсеткен зәбірімізден әлі күнге қарадай түңіліп өмір сүріп келеміз.

FacebookVKX (Twitter)WhatsAppTelegramE-mail
Алдыңғы жазба

Нұрлан Қабдай. Тәуліктің жалғыз-ақ сәтінде өмір сүру

Келесі жазба

Шерхан Талап. Пирамидаларға сапар

БөлісуБөлісуТвитергеЖолдауБөлісуЖолдау
Алдыңғы жазба

Нұрлан Қабдай. Тәуліктің жалғыз-ақ сәтінде өмір сүру

Келесі жазба

Шерхан Талап. Пирамидаларға сапар

ТАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ БОЛУЫ МҮМКІН
Сұлтан Раев: «Күн қармаған бала» менің әдебиеттегі жолымды ашып берді
Әдебиет әлемі

17.04.2026
Орхан Памуктің салған суреттері
Әдебиет әлемі

Орхан Памуктің салған суреттері

15.04.2026
Илья Жақанов. Тәңірберлі Молдабай (Эссе-элегия)
Әдебиет әлемі

Илья Жақанов. Тәңірберлі Молдабай (Эссе-элегия)

15.04.2026
Келесі жазба
Шерхан Талап. Пирамидаларға сапар

Шерхан Талап. Пирамидаларға сапар

Алпамыс Файзолла. Сарыла күткен сағыныш

Алпамыс Файзолла. Сарыла күткен сағыныш

Хали Арыстан. Күн сәулесі

Хали Арыстан. Күн сәулесі

«Жазушы» әдеби порталы

©2026 «Жазушы» порталы

  • Біз туралы
  • Редакция
  • Байланыс
Яндекс.Метрика

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Әдебиет әлемі
    • Аудиокітап
    • Киберқалам
    • Дайджест
  • Проза
  • Поэзия
  • Жаңа кітаптар
  • Көзқарас
    • Оқырман ойы
    • Сұхбат

© Жазушы порталы