Маусым айының соңында «ӨзгеEpic» креатив хабтың ұйымдастыруымен Орал қаласында бір апталық шығармашылық курс жүргіздім. Ең әуелі түрлі мамандықтар бойынша дәріс оқитын менторлар сабақ алуға келген топтың алдына шығып, бір аптада не айтып, не талқылап, талаптылары қандай нәтижеге жететіні туралы қысқаша баяндады. Сөйтіп, біздің курсқа әдебиетке әуес он адам жазылды. Негізгі мақсат – көркем шығарма жазу, соның ішінде әңгіме, эссе жазудың негізгі, қарапайым тәсілдерін білу, сюжет құру. Сонымен бастап кеттік.
Таныстықтан басталып, әрқайсысы ойында жүрген, жазғысы келген оқиғаларын әңгімеледі. Соның ішінен саралап біреуіне тоқталып, көркем шығарма деңгейіне көтеруге тырыстық. Кейіпкерлердің өмірбаянын, мінезін, қажеттілігін, кедергісін қағазға тіздік. Содан ары сюжет, мазмұн.
Бір айта кетерлігі, топ – тек жастар емес, жазуға қызығушылығы бар жастағы түрлі мамандық иелері. Былайша айтқанда өмір көрген, ортасы қалыптасқан, тісқаққандар. Бұл әрине, бізге де жеңілірек болды. Кейіпкерлерді түрлі қиындықтарға жолықтырып, әбден әуре-сарсаңға салу, олардың жан дүниесіне үңілу аса қиын болмады. Бір топ мүшесі автобуспен үйіне қайтып бара жатып өзінің кейіпкерлері туралы терең толғанып кетсе керек, «көзімнен жас төгіліп келе жатыр екен» дейді. «Апай, бәрі дұрыс па?» деп бір жас бала сұрап жатыр, ойбай-ау, ойдан оқиға құрап алып жынды кісі құсап неге жылап отырғаным не болды, деп ұялып қалдым» дейді. Мұндай қызықты жайлар көп болды. Өзімізге де ой салар жайларды түртіп алдық. «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз ескірмек емес, облыс, аудан, ауылдарда небір таланттар, жазылар тірі оқиғалар аз емес. Қайнардың көзін ашып, бағыт-бағдар берер бағдарламалар керек-ақ. «ӨзгеEpic» сол керектің үстінен дөп түскен деп ойлаймын. Аталған курсымыздың арқасында қағазға түскен шығармалардың бірі Хали Арыстанның “Күн сәулесі” әңгімесін ұсынып отырмыз.
Халид Оралда мәдениет саласында қызмет етеді. Әлем әдебиетін, қазақ әдебиетін дендеп оқыған, жазуы да тосын, өзгеше ойлайтын ойлы азамат екен. Өз атынан сәл өзгешелеу етіп, Хали Арыстан деген қалам ат қолдандық. Алдағы шығармашылық жолына зор табыс тілеймін!
Ұларбек Нұрғалымұлы
Күн сәулесі
Жарық жоқ. Ескі жатақхананың бір бөлмесінде түн мен үнсіздік қатар тұнған. Терезе әйнегінің саңылауынан сыз кіреді. Қабырғалар көгерген, төбеде жалаңаш сымдар салбырап тұр. Бөлменің ортасында қара кілем – уақыт пен тұрмыстың ізіне толы, шаңы басқан, шеттері ұйпаланып кеткен. Сол кілемнің үстінде әйел жатыр.
Ол ес-түссіз. Бетінде өмірдің бүкіл ауыртпалығы көрініп тұр: сәл ісінген көз, солғын тартқан тері, қозғалыссыз иек. Аузына екі күн бойы дәм тимеген. Тек үстел үстінде қалған су толы әйнек ыдыс –тіршіліктің соңғы нышаны.
Бөлменің бұрышында үш жасар бала отыр. Ештеңе демейді. Қараңғыға үйреніп кеткен көзімен анасын аңдып қарап отыр. Бала әлі кішкентай – өмірді сөзбен емес, түйсікпен сезінеді. Анасының үнсіздігі, қозғалыссыз денесі, оның жанын мазалайды. Бірақ ол қорыққанын жасырады. Үнсіздікпен сөйлейді.
Кейде бала еденге жатып, анасының қолын ұстап көреді. Кейде үстелге барып, суды анасына апарып береді. Ол судың анасы үшін маңызды екенін біледі. Себебі бұған дейін солай көрген.
Олар бұл қалада екеу-ақ. Туыстары хабарсыз кеткен. Жақындары жоқ. Анасы бірдеңе айтқанда, әрқашан: «Бізге ешкім керек емес, ботам. Екеуміз жетеміз», дейтін. Сол сөз қазір бос кеңістікте жаңғырып тұрғандай. Бірақ қазір анасы үндемейді.
Кішкентай бала қабырғаны сипап жүріп, қасына қайта оралады. Үйреншікті орын – анасының жылы денесі. Бірақ қазір ол да салқындап бара жатыр. Бала оны білмейді. Тек жүрегімен сезеді.
Бөлме тыныш. Өте тыныш. Сыртта күн батып бара жатыр. Ал бұл бөлмеде тек екеу – ана мен бала. Бір-біріне қажет жалғыз тірі жандар. Бала тағы да анасына қарады. Күн сәулесі терезеден кіріп, бөлменің еденін жалап жатыр. Әлсіз, сарғыш жарық. Бірақ бала үшін ол сәуле – үміттің соңғы жібі еді. Күн біраздан соң батады. Ол оны сезеді. Уақыт шектеулі. Кішкентай жүрек асығады.
Сол сәтте ол орнынан сүйретіле көтерілді. Сол жақ қолы әлсіз, иілмейді – туғаннан солай. Анасы оны кемшілікке санамаған. «Сенің қолың ерекше, ботам. Ол саған ғана тән,» дейтін. Енді сол «ерекше» қолмен ол анасын сүйреуге тырысты. Қиналды. Денесі кішкентай, күші жоқ. Бірақ бала бойында бір ғана күш қалды –анасына деген махаббат.
Ол анасын кілемнің үстімен жарыққа қарай сүйреп бара жатты. Сүйреткен сайын демі үзіледі, көзіне жас толады. Бірақ тоқтамайды. Тер төгілді, жүрегі дүрс-дүрс соқты. Ол білмейді, бірақ сезеді: бұл жарық анасы үшін маңызды. Бәлкім, оянады. Бәлкім, жылынып қалар.
Бір сәтте, бар күшімен сүйрей бергенде, денесі теңселіп кетті. Жанында тұрған үстелге сүйенбек болған. Бірақ әлсіз қолы үстелді ұстай алмай, ыдыс құлап түсті. Шыны ыдыс еденге барып сарт етіп жарылды. Суға бірге – баланың жүрегі де шашылып түскендей.
Ол жалт қарады. Анасы қозғалған жоқ. Тек бөлмені толтырған үнсіздік ішіндегі үрейді күшейтіп жіберді. Бала шошып қалды. «Анам ұрыса ма?» деген сұрақ жүрегін тіліп өтті. Бала бұл сәтке дейін шыны ыдыс –тіршілік белгісі деп ойлаған. Ал енді ол да жоқ.
Ол сынған әйнектің қасына еңбектеп барып, суды ұстап көрді. Алақанына тиген салқын тамшылардан селк етіп, шегініп кетті. Анасынан кешірім сұрағысы келді. Айтқысы келді: «Мен сындырып қойдым, кешірші…». Бірақ анасы үнсіз. Үнсіздік – жауапсыз сұрақ сияқты.
Осы сәтте күн сәулесі де еденнен жоғала бастады. Жарық сырғып, қабырғаға көтеріле түсіп, ақырында бөлмені тастап шықты. Терезеде соңғы қызғылт шеп – күннің қоштасуы. Бала оған ұзақ қарады. Жүгіріп барып, ұстап қалғысы келді. Бірақ кеш еді. Сәуле кетіп қалды. Анасын көрмей кетті.
Сол сәтте бала ішінен бірдеңе үзіліп түсті. Бұл – алғаш рет сезінген өмірдің әділетсіздігі еді. Алғаш рет үміттенген нәрсенің орындалмайтынын сезді. Бірақ ол бұл сезімді сөзбен жеткізе алмайды. Үш жасар жүрек – тек түйсікпен өмір сүреді. Ол тек ауырсынды. Тек үнсіз жылады.
Бала келіп, анасының жанына қайта жатты. Қолын созып, әлсіз қолын тағы да ұстады. Қатты емес – жәй, нәзік, ұрып алмайын дегендей. Енді ұрыспайтынын сезсе де, іштей әлі де кешірім сұраған күйі.
Терезеде жарық жоқ. Үстелде су жоқ. Бөлмеде дыбыс жоқ. Бірақ баланың ішіндегі сезім – әлі тірі. Ол – сөнбейтін, бүлінбейтін жалғыз нәрсе. Анаға деген баланың соңғы әрі мәңгі махаббаты.
Ол сол махаббатпен көзі ілініп, құшағында анасының салқын қолын ұстап ұйықтап кетті. Сол сәт – өмірдің ең үнсіз, бірақ ең қатты айғайы еді.
Сол кезде…
Жатақхананың тар дәлізінде екі көрші әйел күңгірт жарық астында сыбырлап сөйлесіп тұрды.
– Ана балақай қайтеді екен?.. – деді бірі.
– Үн жоқ. Екі күн болды, еш дыбыс естілмейді.
– Әйелі тым тұйық еді. Бірақ баласын жақсы көретіні көрініп тұратын.
– Екеуі ғана тұрады. Жарты нан болса да, бөлісіп жейтін.
Бір сәтке екеуі де үнсіз қалды. Терезеден ішке үңілді.
– Бала болса да… сезеді ғой, – деді екіншісі ақырын.
– Иә… анасы өлсе де, жарыққа сүйреп апарар. Үміттенеді. Баланың жүрегінде соңғы сәуле қалады.
Күн сәулесі түскен сәтте…
Бала терезеден түскен сарғыш сәулеге ұзақ қарады. Ол сәуленің өзі үшін ғана емес, анасы үшін де маңызды екенін сезді. Анасын жарыққа бұрып сүйреді. Жұлқыған жоқ. Тек бетіне жарық түссін деді. Қолымен маңдайын сипады.
– Мам… тұршы… жарық келді…
Сәуле анасын жылытар ма еді?
Сәуле оятып жібере ме екен?
Ол үнсіз жылады. Күн соңғы рет анасын сүйсін дегендей, бетіне түсті. Бірақ анасы қозғалған жоқ.
Бала жылап отырып, анасын құшағына басты. Сол сәт – үнсіздік ішінде ең қатты естілген айғай еді. Бұл – махаббаттың соңғы күбірі.







