«Философиялық астарлы новелла / саяси метафоралық хикая»
«Әркім өзі сенген идеология мен құндылықтар үшін өмір сүріп, сол идеология мен құндылықтар үшін жан бере алады». Виктор Франкл
Күміс бұлт көкжиектегі алып нұрдың бетін көлегейлеп, онсыз да сұр реңге бөленіп тұрған мынау қаланы тым ақ салқын түске бояп жіберді. Қызыл империя заманынан қалған ескі ғимараттар уақыттан жеңіліп, мүжілген тас қабырғаларымен көше бойында қаз-қатар тізіліп тұр. Бейне бір мүгедек болған адамдай-ақ, сыртынан қарасаң, бір кездері мықты айбарлы болғанын сезесің, ал қазір – тұрапаты қашқан, жүдеңкі көрінеді.
Қаланың қалтарыс тұсында, қоңыр қабырғалары жаңбыр мен желдің әуенін сан жылдар бойы үнсіз тыңдап келген ескі ғимарат бар-тұғын. Қас қарайғанда бұл маңды бозғылт тұман басып, көше шамдары баяу соққан желмен діріл қағатын, ал сыз тартқан асфальт үстінде жаңбыр тамшылары күміс теңгедей шашылып, үнсіз сіңіп, белгісіздікке жұтылатын еді. Сол беймәлім мекенде – жарығы әлсін-әлсін жымыңдаған Халықаралық радио станциясы орналасқан. Қала шуылынан оқшау, тыныштыққа тұнған осы орыннан бүгін Тұран әлемге хабар таратады.
Дүниежүзі халықтары! – деп бастады Тұран алғашқы сөзін. Оның дағдылы ғадеті осы болатын. Әрине, бұл хабар Жаһан жұртшылығына тарайтындықтан, осылай деуі де орынды еді.
– Сендерге соғыс керек емес. Ешқашан бір-бірлеріңе өшпенділікпен қарамаңдар! Соғыс – тек әлемдегі ақша қожайындарына ғана керек! Біз олардың мүддесі үшін жастарымызды және өзіміз өмір сүріп отырған әлемді құрбан етпейік!
Соғыс – сұраныс тудырады. Сұраныс болмаса, қару өндірісі тоқтайды. Бұл кімдерге зиян? Әрине, бұл – қару-жарақ өндіретін ірі компаниялар мен оларды қолдайтын саясаткерлерге және көлеңкелі қаржы құрылымдарына шығын әкеледі. Сондықтан, сондықтан да олар соғысты ешқашан тоқтатқысы келмейді!
Бауыры жазылған тұлпардай-ақ, осы тұста Тұран қызына сөйлеп кетті.
– Соғыс – тағы да айтамын, бұл – қаржылық элиталардың ең қуатты қаруы. Не үшін? Өйткені олар соғыстар арқылы басқа елдерді экономикалық тәуелділікке түсіреді. Қалай дейсіңдер ме?
Мысалы: «Бейбітшілік сақшысы» аталатын мемлекет «Қара алтын өлкесіне демократия орнатамыз» деп басып кірді. Нәтижесінде не болды? Жарты миллионнан астам бейбіт тұрғын қаза тапты (бейресми деректерде – бұдан да көп). Миллиондаған адам босқын болып кетті. Елдің басқару жүйесі жойылды. Көне өркениеттердің елінде көптеген музейлер тоналды, тарихи ескерткіштер қирады. Ұлттық мәдениет өз өзегін жоғалтып алды да, бүгінде тұрақсыз, қауіпті елге айналды.
Қандай орны толмас өкініш, қандай дұшпаныңа да тілемес қасірет!
Теңгедей бұлттан тегеурінді шоғыр түзген аспан құбылысы осы тұста, бейне бір ғасырлар бойы іште буылған кекті төгіп жібергендей-ақ қаһарлана күркіреп, көкжиекте алмас қылышын ары-бері ойнатты да, бір кезде, қатты жылаудан қалжыраған сәби секілді, қайта сабасына түсіп, жаңбыр үні сіркіреп аққан көз жасынан жай ғана себезгіге ұласты. Аспан, анда-санда күрсініп қойғаны болмаса, бағанағыдай адуынды еместұғын.
Ал соғыс салдарынан елдің инфрақұрылымы – жол, аурухана, мектеп, байланыс түгелдей бұзылды. Оны қалпына келтіру үшін «қайырымды» халықаралық қаржы ұйымдары мен ірі банктер жоғары пайызбен несие берді. Және олар қарыз беріп қана қойған жоқ, оған қатаң шарттар ұсынды. Олар айтты:
– Мемлекеттік компанияларды жекешелендіруің керек,
– Салық жүйесін өзгертулерің тиіс,
– Шетелдік компаниялардың нарыққа кіруіне рұқсат етесіңдер.
Бұл – көрінеудегісі ғана. Ал көмескіде ше?
Сосын не болды? Сосын ірі қаржы құрылымдары мен шетелдік инвесторлар жекешелендірілген кәсіпорындарды сатып ала бастады. Өйткені оған енді мемлекеттік жүйе иелік етпейді. Ақыр соңында, олар елдің тұтас маңызды экономикалық секторларына кіріп, мемлекеттегі ресурстар мен табысты бақылауға алды. Бір сөзбен айтқанда – экономикалық диктатура орнатты!
Ал халық ше? Олар әлі де аш-жалаңаш, кедей әрі надан қалпында өмір сүріп жатыр…
Тұран халықаралық радио хабарында осындай үндеу жасады. Оны барлық әлем халқы тыңдап еді.
Ертесі таңертең оның есігін, қос анары толықсыған, талдырмаш денелі, көгілдір көзі теңіздің тереңіндей жұмбақ , ал ашық әппақ саны мен шығыңқы бөксесі адам делебесін еріксіз қоздыратын бір сұлу бойжеткен келіп қақты.
– Сәлеметсіз бе, Тұран мырза. Сізді мазалағаным үшін кешірім сұраймын. Сізбен сөйлесе аламын ба? – деді ол.
– Иә, сәлеметсіз бе. Бұл кім, қандай мәселе бойынша?
– Сізге біздің басшылық арнайы сыйлық жіберіп еді. Соны табыстауға келіп едім, – деді әлгі бойжеткен қиыла сөйлеп. Дауысында еркелік пен адам жанын қытықтар нәзіктік те бар.
– Қандай сыйлық? – деді Тұран қызға қарап, осыны күткендей-ақ. Әлгі ару қолындағы шағын қорапшаны бірден ұстата салды.
Ол қорапшаны ашып қарағанында, ішінен AMEX банк картасы мен бір параққа жазылған хат шықты. Хатта былай делінген екен:
«Тұран мырза!
Әлемді саналы тап қоғамы басқармаса, дүниежүзі хаосқа айналады.
Сіз мұны қаламайтын боларсыз?
Осыған дәлел ретінде, Платонның: «Идеалды қоғамды тек дана, парасатты адамдар басқаруы керек» деген тұжырымын есіңізге салғымыз келеді.
Ал егер билікке тобыр келсе, яғни демагогия мен популизм арқылы қарапайым халық үстемдікке жетсе – не болмақ?
Сіз оның салдарын елестете де алмайсыз…
Өйткені ондай жағдайда әділетті заң емес, шешім – эмоцияға, кекке, ашуға сүйеніп қабылданатын еді. Иә, тобырда қуатты сезім бар. Мызғымас сенім де бар. Бірақ оларда ойланатын ақыл жоқ! Тобырда ешқашан бірлік болмайды. Жоспар да жоқ. Ал болған күннің өзінде оны орындауға тәуекел етпейді.Қауһарсыз. Тек: «Бәрін жойып, құртып, бәрін жаңадан бастаймыз!» деген ұран ғана бар. Сондықтан да тобыр ұзақ басқаруға қабілетсіз. Бір сәтте «тәртіп орнатамыз» деген басқа біреу билікке шығып, халықты тағы да құл етеді… Егер билік парасатты, білімді, жауапты адамдардың қолында болса сіз және біз өмір сүріп отырған қоғам өсіп, дамиды.
Ал егер ол тобырдың қолына түссе – сіздің де, біздің де ұрпағымыз өмір сүретін қоғам күйрейді.
Сол себепті бақылауға көнбейтін тобырдың саны азайса ресурсты тиімді бөлісу, тәртіп орнату және жүйені басқару әлдеқайда жеңілдейді.
Демек, осы тепе-теңдікті ұстап тұру үшін – аштық, соғыс, ауру қажет!
Бұл – саналы тап қоғамы үшін емес, бүкіл өркениет үшін қажет.
Сіз осыны түсінесіз бе?..
Біз сізді өз қатарымызға қосқымыз келеді.
Бұл сыйлықтарды біздің достық пиғылымыздың айғағы ретінде қабыл алуыңызды сұраймыз.
Саналы Тап Кеңесі
Veritas. Ordo. Potentia.
(Ақиқат. Тәртіп. Қуат.)».
Енді барып, барлық мән-жайды терең түсінген Тұран әлгі қызға суық қарап:
– Бұл – өте құнсыз ғана емес, ешкімге де пайдасы жоқ сыйлық болды , – деді де, көзінше банк картасын сындырып, қолына ұстатты. Сосын қызды үйіне де кіргізбестен, қуып салды.
Сол түні ол қараңғы бөлмесіндегі екі адамға арналған жұмсақ төсегінде әлгі бойжеткенді көзіне елестетіп шықты. «Қандай сұлулық, шіркін!» дейді ол жұтынып. «Осы бөлмеде, классикалық әуенді қаттырақ қосып, және мынау өзі жатқан төсекте таңертеңгі сылқымды құлындай даусын шыңғыртып, әуселесін бір көрермедім-ау, шіркін! Әппақ төсін аймалап, шығыңқы бөксесін қалағанынша мыжғалап…» деп ойлады.
Ол, қиял құшағында жатып, терең ұйқыға кетіп еді.
Таңның бозамық сәулесі бетон үйдің шыны терезелерінен үздіге түсіп, кішкентай бөлмеге ұрлана көз тастайды. Кіре беріс дәлізден солға бұрылғанда – қонақ үй. Оның қақ төрінде үш сүгірет қатар ілулі тұрған болатын..Ортасында – қара матаға кестеленген, жүзі суық, көзінде мейірімнен гөрі қатыгездікке масаттанған императордың жансыз сұлбасы. Оның арт жағында – өртенген киіз үйлер мен қара қазанға тығылып, жанын сақтап қалған кішкентай бала; жан ұшыра ойға да, қырға да қашқан адамдардың бейнесі бұлдырап көрінеді. Далада лаулаған оттың жалынынан императордың жүзі анығырақ көрінгенімен, көзі – баяғы сол қалпында, қара ноқат болып қала берген. Ал сүгіреттің қатарлас оң жағында – сұсты, тік қараған қалпы аяусыз; ширатыла өрген қап-қара мұртының ұшынан будақтаған қара жалын бір құйынға айналып, ақ бас таудың басындағы балауыз шамды тұмшалап, өшіруге тырысқан бейне көрінеді. Сол ғана емес, қызыл жалаудың астында қан тамшылары сіңген архивтер мен кітаптар да бірден көзге шалынады. Оның сол жағында – көкшіл костюм киіп, оған қызыл галстук тағып, мейірлене жымиып тұрған, бірақ сол зәр күлкінің астарында жасырынған жан түршігерлік қанқұйлылық көрінетін Қасқа бас көсемнің бейнесі жане сол Портреттің шетімен айқыш-ұйқыш тартылған тікенек сым өтіп жатыр. Басына шошақ тымақ киген, қолында бесатар ұстап, астында ақ тұлпары бар, құрсауды бұзып өткісі келетіндей Түрік жігітінің түрі де темір тордың тікектертінен көмескі көрінеді. Үш сүгіретке қарама-қарсы тұста – шағын жазу үстелі мен оның қасында кітап сөресі тұр. Кітап сөресінде бірден көзге шоқтай басылып, Шоқан Уәлихановтың «Жоңғария очерктері» менмұндалап көрінеді. Сөренің оң жақ қабырғасында әлем картасы жапсырылған. Және онда ежелгі Жоңғария жері қызыл қаламмен – шығысында Тәңіртауы сілемдері Еренқабырғадан басталып, батысында Қырғыз Алатауына дейін, солтүстігінде Алтай мен Тарбағатай тауларынан, оңтүстігінде Іле Алатауы және одан әрі қырғыз жері – Ыстықкөлге дейін сызылыпты. Қонақ бөлмеден шығып, тар дәлізден оңға бұрылғанда – шағын бөлме, онда үлкен төсек қана қойылған. Бұл – Тұранның жатын бөлмесі еді.
Тұран жұмысына барғанда, өзінің жұмыстан шығарылғаны туралы бұйрықпен танысты.
– Мейлі, – деді ол тісін қайрап, – қолдарыңнан келгені осы болса, мұны да көріп алдым. Ол енді әлеуметтік желіде хабарлама жүргізді:
«Дүниежүзіндегі достарым! Мені тыңдаңдар!
Біз не үшін бір-бірімізді жек көруіміз керек?
Не үшін бір-бірімізден қорғанып, қару сатып алып, соғысқа дайындалуымыз керек?
Халыққа соғыс керек пе немесе бір халық көрші халыққа өзі барып шабуыл жасап жатыр ма? Жоқ! Билік бұйрық береді, ал халық тек орындаушы болып келеді.
Енді біз керісінше болайық: халық бұйрық беріп, бүкіл әлемдегі билікке айтайық:
«Біз соғыспаймыз, біз бір-бірімізді дос тұтамыз!»
Ешқашан қантөгіс болмасын! Әлем халқы – бір бауыр, бір отбасы болып өмір сүрейік!».
Бүгінде оның бұл хабарламасын әлем халқы зор ықыласпен тыңдаған болатын.
Ол кешкісін үйге қайтар жолда, ай жарығы толық түспей, күңгірт тартқан көше бойында біраз ойланып тұрып, кенеттен аспанға қарады. Ай туыпты.
– Ескі ай есіркесін, жаңа ай жарылқасын, – деді. Сосын: – Құдай! – деді бір сәт үнсіздікті бұзып.
– Біз мына әлемде басқалар сияқты түкке тұрғысыз жаратылыспыз, бірақ біз оны жоққа шығару үшін сені ойлап таптық! Сосын сенің атыңмен елдер жауладық. Қалаларды өртедік, бүлік шығардық. Бір ананың баласы басқа ананың баласын «Құдай разылығы үшін» өлтірді. Сөйтіп, барлық соғыстардың туындауына сені себепкер қылдық және сол барлық соғыстарды сенің разылығың үшін деп ақтап алдық…
Ол терең күрсінді.
– Жоқ, Құдай бұған кінәлі емес, – деді сосын. – Ол адамзаттың қалауына ешқашан араласқан емес. Және ол адамдарға қызметші болып, олардың талаптарын орындаушы да емес. Егер ол әр шешімімізге араласатын болса, біз пультпен басқарылатын робот болар едік қой, – деп ойлады. Ол, анығында, Құдайды жоққа шығарған да емес. Бірақ бірде Садег Хедаяттың мына сөзін оқығаннан кейін Құдайды тануға басқа қырынан қарай бастаған еді: «Тозақ тұрғындарының «қылмысы» – жыныстық қатынас пен ішімдік, Жұмақ тұрғындарының «сыйы» – жыныстық қатынас пен ішімдік. Келешек ұрпақ біздің надандығымызға күлетін болады».
Ол ұйықтар алдында әлеуметтік желісінде мынадай жазба қалдырды: «Әлемге ықпал етуші үш орталықтың бірі – Құдай атынан бұйрық беретін діни империя».
Ертесі күні ол қатты қағылған есіктің дауысынан оянып кетті. Асығыс-үсігіс киініп, есікті ашса – тұтастай қара костюм-шалбар киген, үстіне қара жейде, оған қара галстук таққан, аяғында қара туфли, көмірдей қара шашты, беті мен қоса, тіпті көзінің ағы мен тісі де қап-қара болған еңгезердей бір жігіт тұр екен. Ол ләм-мим демеді. Түрі тым суық еді. Тек қолындағы қорапшасын үнсіз ұстатты. Ол қорапты ашып қарағанда, ішінде бір қара қайшы мен алтын кілт жатқанын көрді. Және бұл жолы да, өткендегідей, бір парақ хат қоса жіберіліпті:
«Тұран!
Болашақта адамзат өлмейтін болады! Тіпті адамның өз жынысын таңдау еркіндігіне толық жол ашамыз. Еркек әйелге, әйел еркекке айналғысы келсе – бұл да тек тәннің ауысуы ғана болады. Яғни – сана миграциясы.
Болашақта «ұлт» деген ұғым да, «мемлекеттік шекаралар» деген түсінік те жойылады. Мүмкін, адамзат тіпті басқа планеталарда өмір сүреді.
Бірақ бұның бәрін жүзеге асыра алатын – тек біз! Біз әлемге адамдар ойламаған әділеттілікті орнатамыз!
Мысалы, бір мүшесі істен шыққаны үшін бүкіл ағзаның жұмысын тоқтатып, адамды өлім халіне жеткізу қаншалықты әділетті? Жоқ! Бұл – табиғаттың әділетсіздігі. Біз бұл ағаттықты түзетеміз. Бұны ғылым жасайды! Қажет болса, істен шыққан мүшенің орнына жасандысын орнатамыз. Керек болса – жаңасын өсіреміз.
Болашақта адамның санасы мәңгілік өмір сүретін болады. Тіпті адам өзге бір болмыста дүниеге келгісі келсе – мысалы, жануар, құс немесе басқа тіршілік иесі ретінде өмір сүруді армандаса – біз оның санасын сол денеге көшіріп, бұл арманын да орындайтын боламыз! Тек бір шарт бар: адамзат бізге сенуі және бойұсынуы тиіс! Онсыз бұл жетістікке жету мүмкін емес. Сондықтан, сапалы адам нәсілі мен болашаққа лайық мұрагер қалдыру үшін – жаңа адамзат өркениетін жасап шығарамыз. Ол үшін бізге әлемге ықпал ете алатын саяси билік пен оны қаржыландыратын экономикалық ресурс қажет. Өкінішке қарай, тобыр үшін өмірдің мәні – тамақ пен инстинкт. Тамақ үшін олар кез келген шектен өтуге, тіпті өлтіруге де даяр. Олар ешқашан қатып қалған сенімдерінен бас тартпайды және эволюциялық идеяны түсінбек емес. Ендеше, біз – саналы тап қоғамы – қоғам үшін жеміс беретін ағашты, оған паразит болып өсетін арамшөптерден тазартуды өзімізге парыз деп біліп, сол жолда күресу үстіндеміз. Бұның бәрі – адамзаттың болашағы үшін. Біздің қатарымызға қосылу немесе бас тарту – бұл өз құзырыңда.
Саналы Тап Кеңесі
Veritas. Ordo. Potentia.
(Ақиқат. Тәртіп. Қуат.)».
Тұран мырыс етіп күліп жіберді де: – Жалған жанашырлық… Көкірегін керген өңкей арамзалар! – деді де, кенет қорапшаны жерге бірақ ұрды. Әлгі қара жігіт тағы да ләм-мим деместен, Тұранға ала көзімен бір қарады да, кері бұрылып, қайтып кетті. – Таңдауды беретін – Тәңір. Ал оны жасау – менің ар-ұжданымның парызы. Бірақ адамдар ешқашан менің тағдырыма үкім айтып, өз қалауын жүргізе алмайды, – деді ол.
Қаланың теріскей бетінде ағысы әлсіреген қарт өзен ағып жатыр. Оның мөлдір түсі бүгінде ғасырлар бойы жалғасқан тазалықтан айырылып, қою сұр түске айналған-ды.
Сол Өзеннің сағасына жиналған жұрт – бір-біріне жат, бірақ өздерінше таныс дос-бауыр іспетті. Олар бір-біріне жаттанды құттықтаулар айтып, шын қуанған адамның образын жасағысы келеді. Қолдарында ұлы ақынның сүгіреті бар, бірақ бұл бейне олардың жадында өмір сүрген емес. Өйткені олар ақынның сөзін ұғынып, сезінбейді, тек жатқа білетұғын. Олар ағынмен бірге жүзеді, бірақ ағынның қайдан келгені туралы ешқашан ойланған емес. Олар көп болған сайын – әлсіз бола түседі. Олар – ойланбайтын көпшіліктің мейірімсіз инстинкті. Олар – өздері қолдан пір жасап, соған табынуға үйір . Олардың жүрегі мейірімнен емес, қорқыныш пен агрессиядан тұратын. Сондықтан кез келген өзін қорғаушы басшы мен өзі маңызды сезіне алатын идеяға сеніп кете беретін еді. Олар – ойсыз көпшілік. Ойсыз көпшілік – қашанда еркіндік пен шынайылықтың мәңгілік жауы. Олардың ең үлкен трагедиясы – өз өмірінің авторы болудан қашатындығында еді. Олар сол арқылы жауапкершіліктен жалтарғысы келеді. Олар – тек ұйқыдағы көлеңкелер…
Тұран кешкісін әлеуметтік желіге шығып, тағы да әлемге үндеу жасады:
«Адамзаттың жаңа өркениетін жасағысы келетін әлемдік көлеңкелі билік күштері!
Әділетті қоғам құру үшін алдымен өздерің әділетсіздіктен бас тартуларың керек емес пе?
Керісінше, әділетсіздікті қолдан ұйымдастырып, бүкіл адамзат баласын құрдымға бастаған өздеріңнің арам пиғылдарыңды «тобырдың қателігі» деп сайрағанда – сол халықты тобырға айналдырған кім деген сұраққа неге жауап бермейсіңдер?
Ақпараттық манипуляция арқылы шынайы деректі бұрмалап жеткізіп, эмоциялық әсер беретін қасақана жалған ақпаратпен халықты үрей, ашу, кінә, жек көру сияқты инстинктивті сезімдерге тәуелді етіп, сыни ойлаудан ажыратып, тобырға айналдырып жатқан кім?!
Әлеуметтік теңсіздікті қолдан жасап, сапасыз білім беру арқылы қоғамға еш ықпал ете алмайтын, өз тағдырына өзі сенбейтін, тұлғалық ойы жоқ, тек жоғарыдан бұйрық күтіп үйренген адамдарды қалыптастырған кім?!
Ойсыз ойын-сауық, арсыз трендтер мен жалған тұлғаларды насихаттап, халықтың назарын негізгі әлеуметтік, саяси, рухани мәселелерден әдейі бұрып, «тобыр мәдениетін» мақсатты түрде қалыптастырушы кім?!
Ұлт пен ұлтты, дін мен дінді, тап пен тапты бір-біріне жау ету арқылы халықты бірлікке емес, жікке бөліп, өз билігін жүргізіп отырған кім?!
Белгілі бір діни, ұлттық немесе саяси идеяны абсолют шындық етіп көрсетіп, оған келіспегендерді мақсатты түрде «жау», «сатқын», «дұшпан» деп танытып , халықты үнемі бір сыртқы жауға және ішкі дұшпанға сендіруші кім?!
Әлемде қан төгіліп, халық қырылады – бірақ қару сатушылар мен геосаяси ойыншылар пайда табады. Сөйте тұра, олар әлемге «демократия орнатқысы» келеді. Бұл әділеттілік пе?..
Бір бала туған сәтінен бастап – сапалы білімге, тегін медицинаға, әлеуметтік қамқорлыққа ие.
Ал бір бала, керісінше, туғаннан бастап – соғыс, ашаршылық, әділетсіздік пен ерте жастан ауыр еңбекке душар болады. Қайда туғаның – өмір жолыңды анықтайтын лотереяға айналған. Осы тағдырды жасаған кім?!
Халықты тобырға айналдырып, олардың болашағын қиратқандар яғни, әлемдік биліктің көлеңкелі күштері және оны жүзеге асырушы жүйе – сендерсіңдер…»
Ол бүгін түс көрді. Түсінде Жоңғариядағы үкі қазір күндіз ұшатын болыпты, өйткені ондағы аң патшасының орнына келген Шұбар жылан солай үкім шығарған екен дейді. Алтын жынысты мекен еткен аңдарды бұрын Көкжал басқарып, табиғат заңы еш бұзылыссыз жүріп, барлығы да баяшат та бақытты күн кешіпті. Бірақ бұл тыныштықты көре алмаған жат ниетті, қызғаныш көз тасадан қастық сайлап, Ұлы патшалықты аз-ақ күнде жоқ қылады. Көкжалды өлтіріп, бөлтіріктерін жер аудартып жібереді. Қазір Қаршұбар жылан, Қызыл түлкі, Қара аю үшеуі Алтын жыныс патшалығын билейді екен. Содан бері:
– үкі – түнде емес, күндіз ұшатын болыпты;
– тауық – орман әншісі болса,
– бұлбұл – тауық қорада,
– қарға – ең әсем құсқа айналыпты.
Ертесі күні Тұранға соңғы рет, тұтас 24 карат алтыннан құйылып, ішкі қабырғасы бриллианттармен өріліп, жібекпен қапталған ерекше табыт сыйлыққа келді.
Осы жолы онда ешқандай хат қоса жіберілмеген болатын.
Онысы да дұрыс болды, өйткені оны оқитын ешкім жоқ еді…







