Жазушы Дебора Леви 1959 жылы 6 тамызда қазіргі Оңтүстік Африка Республикасының Йоханнесбург қаласында туған. Ол кезде аталған ел Оңтүстік Африка Одағының бір бөлшегі ретінде Британия империясына қарайтын. Яғни, Леви туғаннан Британия азаматы саналады. Оның 9 жасында, 1968 жылы отбасы Англияға қоныс аударды. ОАР тәуелсіздік алғанымен, Англияға көшіп кеткен Дебора Британия азаматы болып қала берді.
Қаламгер 16 прозалық кітаптың, 20 шақты пьесаның, 1 жыр жинағының авторы. Туындылары 2012 жылы Букер сыйлығының қысқа тізіміне, 2019 жылы ұзын тізіміне енген. Бұл мақаламызда оқырмандарға сөз зергерінің «Білгім келмейтін жәйттар» («Things I Don’t Want to Know») атты автобиографиялық шығармасын таныстырмақпыз.
Әдебиетсүйер қауымға 2013 жылы жол тартқан кітап өте әсерлі. Онда Оңтүстік Африка Республикасындағы апартеид, яғни, нәсілдік бөліну, нәсілдік қудалау дәуірі бейнеленеді. Шығарма мазмұны бойынша, 1964 жылы Дебораның 5 жасында Йоханнесбургте қар жауады. Тіпті, қыс мезгілінің өзінде бұл Африкада өте сирек кездесетін табиғат құбылысы еді. Кішкентай қыз мәз-мейрам болып, әкесі Норман Левимен далаға шығып, екеуі үлкен аққала жасайды. Зімбірдің кесілген дөңгелек бөліктерін екі көзі қылып орнатады және ағаш бұтақшасын иіп, күлімсіреп тұрған ернін істейді. Балақай мұндай алып ойыншықты өз қолымен жасағанына шаттанып, қуанышы қойнына сыймайды. Алайда онысы ұзаққа созылмайды. Түнде полицейлер келіп, әкесін ұстап әкетеді. Ұзақ мерзімге қамаларын түсінген ол ішкі алай-дүлей күйін білдірмеу үшін 1 жастағы ұлын көтеріп тұрған әйелі мен 5 жастағы қызына зорлана жымиып қарап, кете барады. «Бәрі жақсы болады, уайымдамаңдар» деп отбасына дем беруге талпынған түрі болатын. «Таңертең аққала еріп кетті. Дәл әкем сияқты ғайып болды» («In the morning the snowman had melted. It had disappeared just like Dad») деп жазады Леви. Аққаланың еріп, суға айналып, жерге сіңіп, ізім-ғайым жоғалғанын әкесінің ұсталып кетуімен әсерлі байланыстырып, сәтті параллелизм жасаған.
Ғалым Норман Леви Африка Ұлттық Конгресінің мүшесі еді. Ол ақ нәсілділер мен қара нәсілділерді бөліп-жарып, расизм бағытын ұстанған билікке қарсы шыққан. Ұлттар мен нәсілдердің теңдігі үшін күрескен. Түн ішінде жендеттер келіп, қамауға алған себебі сол болатын. Бұл ретте айта кетуіміз керек дүние – Левилер отбасы ақ нәсілділер болатын. Яғни, олар ешқандай алалау, қиянат, шеттету көрген жоқ. Ақ нәсілді болғандықтан, тыныш әрі бақуатты өмір сүруге толықтай мүмкіндігі бар еді. Бірақ Норман қарақан басының бақытын қанағат тұтып, өзгелердің сорына көз жұмып қарап отыра алмады. Қара нәсілділердің де бостандығы үшін, жалпы адам құқығын қорғау үшін күрес жолын таңдады.
Әкесі айдалып кеткеннен кейін Дебораның сарыла күткен сағынышқа толы күндері басталады. Бұрын үлкендердің өзара әңгімесінен полиция қызметкерлері апартеидке қарсы шыққандарды ұстап әкетіп, абақтыда азаптайтыны туралы талай естіген-ді. Енді асқар тауын ойлап, жаны ауырады. Барби қуыршағымен ойнап отырған ол өзі де сондай қуыршақ болуды армандайды. Сондай пластиктен жасалған затқа айналса, сезім, жүрек дегеннің не екенін білмес еді. «Әкемді полицей ағайлар ұрып-соғып, қинап жатыр ма» деп уайымдамас еді. Бұл нәрселерді жазу арқылы қаламгер ата-анасы қамауға алынған балалардың қалай қасірет шегетінін қапысыз танытады. Жендеттер отбасының көзінше әкесін ұстап алып кету арқылы балаға қандай психологиялық соққы жасайтынын жеткізеді.
Апартеид заңы бойынша, ақ нәсілділер қалада, яғни, өркениет орталығында тұратын. Ал қара нәсілділерге шаһар аумағына рұқсатсыз кіруге тыйым салынатын. Олар қала сыртындағы аудандарда, ауылдарда өмір сүретін. Левилер үйінде Мариа (шын есімі – Зама) деген қара нәсілді үй қызметшісі бар еді. Оның Деборамен жасты Тандиве деген қызы болды. Зәңгілерге шаһарда тұруға рұқсат берілмегендіктен, Мариа перзентін анда-санда көретін. Яғни, Левилер шаңырағында үй қызметшісі болып, бірге тұрады, ақша табады. Ал қызын алып келейін десе, рұқсат жоқ. Сол себепті, Тандивені демалыс күндерінде ғана көріп, ішқұса болып жүретін. Бұл – апартеидтің, тіпті, ана мен баланы айырған қатігез көрінісі.

Нәсілдік алалауға көнбегендерді полиция аямайтын. 1960 жылы 21 наурызда қанды оқиға болған. Шарпевиль қаласында 5 000-дай адам апартеидке қарсы бейбіт шеруге шығып, оларға тәртіп сақшылары оқ жаудырған. 91 кісі қаза тауып, 238 азамат жараланған күн кейін Шарпевиль қырғыны аталып кетіпті. Бұл жөнінде де Дебора ересектерден талай естіпті. Үлкендердің «Сол кезде көшеде қан судай ақты» дегені санасында сақталыпты. Полицейлер ер, әйел, қария, бала демей көрінгенді ата бергені кішкентай қызды шошытып, жанын қатты түршіктергенге ұқсайды.
Оңтүстік Африканың Дурбан деген қаласында Дебораның Дори есімді кіндік шешесі тұратын. Анасы қызды Дурбанға діни оқуға жібереді. Ол кіндік шешесінің үйінде жатып оқитын болады. Жаңа тұрғынжайына келгенде, қыз үйде Билли Бой деген тотықұс бар екенін көреді. Ұдайы торда қамалып тұратын, еркін ұша алмайтын құс түрмедегі әкесін есіне түсіреді. «Әкем де өстіп қапаста отырған шығар» деп қамығады ол. Сонымен қатар Дурбанда да нәсілшілдіктің небір түрлері мен ақылға қонымсыз шектеулеріне куә болады. Мәселен, бірде кіндік шешесімен мұхит жағасына барғанда, тақтайшада «Бұл жағажайда тек ақнәсілділердің шомылуына рұқсат» деген жазуды көреді. Сонда Дори ханым Дебораға адам үшін акуладан да қауіпті таспалы құрт (ленточный червь) деген жәндік туралы айтып береді. Бұл құрт ағзаға түссе, кісіні іштен кеміріп, жеп қояды екен. Сондықтан кіндік шешесі «Шикі ет жегенді жақсы көретін әр адам оның өзін таспалы құрт жейтінін де білуі керек» («Any human being who likes to eat raw meat should know that a tapeworm would like to eat them») деп ескертеді. Яғни, аталған жәндік дұрыс піспеген шикі етті жегеннен түсетінін түсіндіреді. Біздің ойымызша, автор туындысында бұл құрт туралы тектен-текке жазбаған. Ол ақ нәсілділерді осы таспалы құртқа теңеп отыр. Адамның асқазанына түскен соң, ағзаны іштен жейтін құрт сияқты, ақ нәсілділер де Оңтүстік Африка елін жаулап алып, іштен кеміріп жатыр. Қаламгердің басқыншыларды сипаттауда қолданған метафорасы ғажап.
Дори ханым мен күйеуі Едуард Чарльз Уиллиямның үйінің қақпасының алдында тақтайшада «Қарулы күзет» деген жазу болыпты. Дебора мұның себебін сұрағанда, «Түнде қорықпай, тыныш ұйықтай бер. Егер қара нәсілділер шабуыл жасаса, атып тастаймыз. «Қарулы күзет» деген ескерту соны білдіреді» дейді. Жазушы көзімен көргендерін осылай бірсарынды баяндап қана отырады. Астарын түсіндірмейді, артық ештеңе айтпайды. Бірақ оның жазғандарынан өзің ой түйесің, өзің тұжырым жасайсың. Қаламгерлік шеберлік деген сол болса керек. Мысалы, ақ нәсілділер «Үйімізге зәңгілер баса-көктеп кірсе, атып тастаймыз» деп еш шімірікпей, ашық айтады. Бірақ өздері қара нәсілділердің үйі тұрмақ, жеріне, атамекеніне, Отанына рұқсатсыз кіріп, басып алғанымен шаруасы жоқ. «Бұл жерге өзім келімсекпін-ау» деген нәрсе ойына еш кіріп-шықпайды. Леви бастан өткергендерін әңгімелеу арқылы басқыншылықты мақтамен бауыздап, сөгіп отырады.
Бірде Едуард Чарльз Уиллиям шарапқа қосу үшін тоңазтқыштан мұз әкелуге Дебораны жұмсайды. Ол мұз кесектерін алып жатқанда, баяғы әкесі екеуі жасаған ақшақар және әкесі есіне түсіп кетеді. Жүрегін сағыныш пен мұң шымшып алады. Бұл кезде жасы сегізде еді. Үш жыл бұрын қамалып кеткен асқар тауы әлі оралған жоқ. Мұзды қолына алып, ұзақ тұрады. Сүйек қарыған суықтығын сезбейді. Әкесімен бірге өткізген бақытты күндерді жып-жылы естелік қылып көз алдына әкелген мұз оған ыстық көрінеді. Сөз зергері тастай суық нәрсені оттай ыстық сезіммен шендестіру арқылы алапат сағынышты танытатындай.
Кіндік шешесінің үйінде Джосеф деген үй қызметшісі болды. Ол 4 баласы, 9 немересі бар, шашына әлдеқашан қырау түскен егде жастағы кісі еді. Алайда Едуард Чарльз Уиллиям оның жасын сыйламай, «әй, бала» деп сөйлейтін. Адам құрлы көрмейтіндігі соншалық – егер орамалын немесе шұлығын әкелу қажет болса, тек «Джосеф!» деп ақырады. «Орамалымды әкел», «Шұлығымды әкел» демейді, тек атын атап, айғайлайды. Ары қарай оған не керек екенін түсініп алу малайдың міндетіндей көреді. Негізі, үй қызметшісінің жұмысы – бақты күтіп-баптау еді. Әйтсе де, қожайын оны аяқ киім тазалатуға дейін жұмсай беретін. Бұл нәрселер еуропоидтардың негроидтарға жауыңа да тілемес қорлық қарым-қатынас жасағанын көрсетеді.

Дебораның әкесі Норман шешесі Филиппаға жазған бір хатында, күн сайын сұр түсті жамылғыны жамылып ұйықтайтынын жазған болатын. Мұны қыз анасынан естіген. Дори ханымның үйіндегі тотықұс Билли Бойдың торына күн сайын түнде сұр жамылғы жабылады екен. Бұл ұқсастық та Дебораның ойына әкесін оралта береді. Сондықтан құсқа жаны ашып, бір күні торды ашып, терезеден ұшырып жібереді. «Әкем сияқты еркіндігінен айрылған тіршілік иесіне бостандық бердім» деп қуанады іштей өзі. Таңертең дастархан басында түк болмағандай, түр білдірмей отыра береді. Жылдар бойы кеудесін кернеген сағынышы жайлы жан баласына тіс жармай, ішкі мұңын жасырып келгендіктен, «Түк болмағандай, түр білдірмеуге, ішкі күйімді сыртқа шығармауға мен әбден үйренген болатынмын» деп жазады Дебора. Дегенмен, көп ұзамай оның ісі әшкере болады да, кіндік шешесі қайтадан Йоханнесбург қаласына, өз үйіне ұшаққа салып жібереді.
Бір күні әкелерінің абақтыдан босап, екі күннен соң келетіні жөнінде хабар жетеді. Оның ұсталып кеткеніне 4 жыл болған еді. Бұл кезде Дебора 9-да, ал інісі Сэм 5 жаста. Екеуі жүрегі жарылардай қатты қуанады. Келген соң, асқар тауын қалай күтіп алатыны жайында дайындала бастайы. «Сәлем, жуынатын бөлмені көрсетіп жіберейін бе?», «Сәлем, сіз үшін зымыран суретін салып қойдым», «Сәлем, менің аяғым өсті, қазір табанымның өлшемі – үш» деп қайталап, әр сөзін не деп және қалай айтатыны жөнінде әзірленеді. Уәделі күн келгенде, сыртқа шығып, көше бойында күтеді. Әр өткен көлікке елеңдеп, «Әкем осы машинадан түсер ме екен» деп алабұртады. Ал Норман үйіне жақындағанда, көліктің тоқтағанын да күтпей, есікті ашып, секіріп түседі. Отбасына құшағын айқара ашып жүгіріп, алып-ұшып жетіп, жары мен балаларын құшақтап, сүйіп, сағынған жандарымен қауышады. Перзенттерінің «әке» дегенін қанша жылдан соң, қайтадан есту; стақанды қолына ұстап, сусын ішу секілді қарапайым нәрселердің өзі шексіз бақыт екенін сезінеді сол сәтте. Ал Дебора оның қатты арықтап, әрі жүзі қуарып кеткенін байқайды. Кенет әкесі: «Аққала қайда?» деп сұрайды. 4 жыл бұрын, қамаларының алдында қызымен бірге жасаған аққаланы көргісі келеді. Бірақ ол әлдеқашан еріп кеткен еді. Аққаланың жоқтығына Норман тұнжырап, күрсінеді. Бәлкім, аққала секілді «еріп кеткен» жылдары үшін қамыққан шығар. Абақтыдан босаған соң, Норман Леви бала-шағасын алып, Англияға қоныс аударады.
Дебора Левидің «Білгім келмейтін жәйттар» («Things I Don’t Want to Know») кітабында осындай дүниелер жазылған. Шығарманың атауы менмұндалап, оқырманның назарын аударады. Себебі автор осы атау арқылы «өзім көрген қиындықтар мен сезінген шерді мүлде білмегенімде ғой» деп тұрғандай. Иә, небәрі 5 жасында әкеден тірілей айрылып, жылдар бойы сарғая күту бала жүрегі мен санасына оңайға соқпағаны анық. Ал осы кітапта баяндалған сұмдықтардың бәріне себеп болған нәрсе басқыншылық пен нәсілшілдік еді. Расизм мен шовинизмнің зардаптарын әшкерелеген жазушы халықтар арасындағы достық пен татулыққа, мейірім мен ізгілікке үндейді.







