I. Құдайды еске алу
Ғиза жазығы.
Мыңжылдықтар құпиясын
ішіне бүккен Пирамидалар тізбегі.
Тәңірдің тамашасына телміре қарап,
Мәнсіздікке шырмалған қиялымнан
мағына тапқандай
үнсіз ой кешемін.
Перғауындар тәнін тербеген мекен
мәңгілік сауалдай мұнартып,
көкірегімде тұншыққан ойларға
қанат байлайды.
Ажалмен арпалыстың аяғы
баянсыздық болса да,
артыңдағы соқпақтың сөзге айналуы –
арманның ақиқатқа көшкеніндей көркем.
Мен сосын
әлдебір елеске арбалып,
жөңкілген нөпірдің соңынан еремін.
Көзімнің ұшында – Исида кескіні,
маңайымда – аруақтар шеруі,
көш басында көлбеңдейді Осирус.
Олар
ғасырлар құпиясын қызғыштай қорыған
Сфинкске қарай сап түзейді.
Осы сәт
көш ішінде ойсоқты боп адасып,
құмға сіңіп біржола жоғалатындай
беймәлім үрейге байланамын.
Ал, Пирамидалар –
шоқжұлдыздай шашырап,
тылсым бір сырды жасырып,
зеңгір көкке көз қадайды міз бақпай…
Ерінімнен төгілген дұға
шексіз далаға шашылады:
«Құдай оны ұмытқан жоқ білемін,
Құдай бізді шығармайды есінен…»

II. Мәңгілікке ынтығу
Бұл жақта уақыт баяу ағатындай…
Алып тастардың арасында тұрып,
кішкентай адамдардың үлкен сенімі
туралы ойлаймын.
Мәңгілік өмірге ынтығу –
Құдайға құштарлықтың қарапайым үлгісіндей.
Менің де Құдайға еліктегім келген…
Кеудемнен көгершіндей қалықтаған сөздер
кеңістікке шашылып,
тым ұзақ ғұмыр кешеріне сенгем.
Сол бір нәзік үміт
алданыш екенін білсем де,
жанымның жалғыз жұбанышы секілді.
Мен бәлкім сол бір үміттің
ауыр ойлардан арашалайтынына,
бақытсыздықтан қорғап қаларына иландым.
Мен солай
маңдайымдағы жазуға мағына үстегім кеп,
соңғы нүктеге дейінгі жолды үнсіз шиырлаймын.
Сағынышыма сәжде етіп,
Естеліктерімді ерінімде тербетіп,
Қос періштеме сәлем беремін кезекпен.
Құдай туралы ойларды қорқынышқа қамау –
Ізгі сезімдерді үмітсіздікке байлайды.
Мен оны қорғағым келеді,
кінәмшіл сөздерден,
сұғанақ көздерден сұқтанған.
Бұл жолда
іңкәрлік қана құтқаратындай,
мейірім ғана жылытатындай жанымды.
Тәнім – жансебіл ойлардың кебіні.
Өз Құдайым – өз жүрегімде.

III. Уақыт үрейі
Санамды жаншыған сансыз сауалдар
кеудемдегі ұлы сағынышты оятып,
өткен күндердің көмескі жолдарына бастайды.
Сәт сайын сұлаған секундтарымның
сүлдесіне сүрініп,
алға қарай аяңдаймын.
Табаным астынан қала қалқып шығатындай,
тұнжыраған кәрі тастарға тіл бітіп кетердей
кенет.
Ұзын жолдың жиегіне жайғасқан саудагерлер,
«Ескі Құдайларын» арзан бағаға сатқысы келеді.
Төрт қабырғасы төрткүл дүниеге қараған,
көне тарих куәгері
тыныштықтың тылсым әніне тербеліп,
тұңғиық ойға батады.
Етегінде құмырсқадай құжынаған халықтың
көлеңкесі күнге жұтылып,
естеліктер елеске айналады.
Иә, адамдар уақыттан,
ал уақыт Пирамидалардан қорқады.

IV. Құмдағы жазбалар
Ғасырлар ауды,
дәуірлер көшті.
Ұлы өркениеттер жоғалды.
«Құдайлар» өлді,
қалалар шөкті.
Саркофактар да тоналды.
Таулар құлады,
баулар жылады.
Ғапыл дүние дерт емді.
Қара жер үсті қанға боялды,
Ғибадатханалар өртелді.
Сезім гүлдеді,
сенім кірледі.
Алып мүсіндер қирады.
Батыр жығылды,
патша құбылды,
Салқар далаға сыймады.
Теңіз тартылды,
көлдер сарқылды,
Нілдің де суы ортайды.
Үміт жеріді,
арман кеміді,
Жұмбақ жазбалар қартайды.

Өмір аунады,
көңіл жаурады,
Сусыма уақыт сұрланды.
Заман алмасты,
жылдар жалғасты,
Пирамидалар тұр мәңгі…







