Германияның Франкфурт қаласында өтіп жатқан Frankfurter Buchmesse 2025 халықаралық кітап көрмесінде қазақ мәдениетінің жаңа жобасы – «Көшпенділер ойыны» кітабының тұсаукесері өтті.

Arman-PV баспасынан шыққан «Көшпенділер ойыны» кітабының авторы –Қымбат Караева. Жобаның идея авторы әрі жетекшісі – Arman-PV баспасының бас директоры Дидара Алина. «Кітап арқылы ұлттық ойындардың мәдени және тәрбиелік мәнін әлемдік аудиторияға ұсынуды мақсат етеміз» дейді ол.
Arman-PV – отандық баспа ісінің жаңа стандартына айналған компания. Білім және мәдени бағыттағы жобалармен қатар, баспа тарихи-танымдық еңбектерді де жүйелі түрде шығарып келеді. Баспаның ерекшелігі – дәстүр мен заманауи технологияны үйлестіріп, ұлттық мазмұнды жаңа форматта ұсынуы. «Көшпенділер ойындары» кітабы – осы бағыттың айқын мысалы: ұлттық құндылықтар мен цифрлық тәсілдердің тоғысы. Бұл еңбек – дәстүр мен инновацияның үйлесімін көрсетіп, қазақ мәдениетінің әлемге ашық екенін дәлелдеді.
Лейден университетінің (Нидерланд) мәдени зерттеулер профессоры Фредерик Янсен Қазақстанның баспа саласындағы серпінді атап өтті:
«Соңғы жылдары Қазақстанда баспа индустриясы айтарлықтай дамып келеді. Мазмұн мен дизайн сапасы халықаралық деңгейге жақындаған. Бұл – кәсібилік пен жаңа ойлау жүйесінің айғағы», дейді.

Сондай-ақ көрмеге қатысқан Германияның мәдениет коммуникациясы институтының сарапшысы Лорена Хоффманн Қазақстан павильонының деңгейін жоғары бағалады: «Біз Қазақстан павильонын көргенде, заманауи елдің мәдени бейнесін байқадық. Қазақ баспалары дәстүрге сүйене отырып, қазіргі әлемдік форматты дұрыс түсінеді. Бұл өте маңызды тенденция» дейді маман.
Биылғы Buchmesse 2025 көрмесіне 92 елден қатысушылар жиналды. Әлемнің жетекші баспалары мен әдеби агенттіктері қатысып жатқан іс-шарада жасанды интеллект пен әдебиет, webtoon индустриясы, авторлық құқық, кітаптан экранға өтетін контент тақырыптары талқылануда.
Қазақстан биыл екінші жыл қатарынан Франкфурт көрмесіне ұлттық стендпен қатысып отыр. Бұл – Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдени дипломатияны және ұлттық контент экспортын дамыту бағытындағы қолдауы нәтижесінде жүзеге асып отыр. Министрліктің қолдауымен еліміздің бірқатар жетекші баспалары өз өнімдерін халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік алды. Көрмеге Arman-PV, Мектеп, Атамұра, Алматыкітап, Step & World, Мазмұндама және басқа да баспалар қатысты.
Көрменің құрметті қонағы – Филиппин Республикасы. Олардың павильоны мен бағдарламалары көптілді әдебиет пен мәдениетаралық байланыстарды көрсетуге бағытталған.







